Трамп Халықаралық қылмыстық соттың 4 мүшесіне санкция салды

АҚШ Халықаралық қылмыстық соттың (ХҚС) тағы төрт өкіліне санкция салады. Тиісті шешім елдің Мемлекеттік департаменті мен Қаржы министрлігінің сайттарында жарияланды, деп хабарлайды Kazinform.
Санкциялар тізімінде:
Канадалық судья Кимберли Прост;
Франциялық судья Николя Гийу;
Фиджилік ХҚС прокурорының орынбасары Нажат Шамим Хан;
Сенегалдық ХҚС прокурорының орынбасары Мандиай Нианг бар.
Мемлекеттік департамент бұл тұлғаларға санкция салынуын олардың Ауғанстандағы америкалық әскери қызметшілерді тергеу және Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуды тұтқындау туралы ордер беру шешімдерімен байланысты деп түсіндірді, сонымен қатар «Олар ХҚС-тың Израильге қарсы заңсыз әрекеттерін қолдады» деп айыптады.
— Жоғарыда аталған тұлғалардың Америка Құрама Штаттарында орналасқан немесе АҚШ азаматтарының иелігіндегі немесе бақылауындағы барлық мүлкі мен мүліктік құқықтары бұғатталған, — делінген хабарламада.
Осы жылдың басында Америка Құрама Штаттары ХҚС-тың тағы төрт судьясы мен прокурорына қарсы санкция жариялады.
БҰҰ қолдаған сот АҚШ-тың шешімін «бейтарап сот органының тәуелсіздігіне жасалған ашық шабуыл» деп айыптады.
ХҚС геноцид, соғыс қылмыстары, адамзатқа қарсы қылмыс және агрессия қылмыстары сияқты халықаралық қоғамдастықты алаңдататын аса ауыр қылмыстарды тергейді.
Фото: Human Rights Watch

Ең көп оқылған
