457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Трамп: Украина Қырым мен НАТО-дан бас тартуға мәжбүр болады

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресейдің Украинаға қарсы соғысын тоқтататын келісімге қол жеткізуге оптимистік көзқарас танытты. Бұл туралы ол 19 тамыз, сейсенбі күні Fox News арнасының Fox & Friends бағдарламасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Malim.kz.

Алайда Ақ үй басшысы Киев Қырымды қайтару үмітінен де, НАТО-ға қосылу ниетінен де бас тартуы керек болатынын атап өтті.

"Бұл екі нұсқа да мүмкін емес," – деді ол.

Трамптың айтуынша, ол Украинаны әрдайым Ресей мен Еуропа арасындағы буфер аймақ ретінде көрген.

Қауіпсіздік кепілдіктеріне қатысты ол Еуропаның әскер жіберуге дайын екенін, бірақ АҚШ мұндай қадамға бармайтынын, дегенмен өзге көмек көрсете алатынын айтты.

"Америкалық әскердің Украинада болмайтынына кепілдік бере аласыз ба?" деген сұраққа Трамп:

"Әрине, кепілдік беремін. Сіз білесіз, мен президентпін," – деп жауап берді.

Ол уақытты босқа өткізуге ниеті жоқ екенін, басты мақсаты – соғысты аяқтау екенін айтты.

Сондай-ақ Ресей президенті Владимир Путин соғысты тоқтатуға барады деген үмітін білдірді, бірақ келісімнен бас тартуы да мүмкін екенін жоққа шығармады.

"Шынымды айтсам, бұл проблема болмайды деп ойлаймын. Путин бұл соғыстан шаршады деп ойлаймын. Бәрі де шаршады. Бірақ кім біледі," – деді Трамп.

Оның пікірінше, Путин мен Зеленский арасындағы қарым-қатынас "сәл жақсырақ" болуы мүмкін еді, әйтпесе ол олардың жеке кездесуін ұйымдастырмас еді.

"Алдағы бірнеше аптада Путиннен не күтуге болатынын көреміз... Мүмкін, ол мәміле жасағысы келмейтін шығар," – деді ол, бұл жағдайда Путин "қиын жағдайға" тап болатынын қоса айтты. "Сондай-ақ мен президент Зеленский де өзіне тиесілі қадамды жасайды деп үміттенемін. Ол да икемділік танытуы тиіс," – деді Трамп.

Сонымен қатар ол Путинмен еуропалық лидерлердің қатысуынсыз сөйлескенін, себебі телефон арқылы сөйлесу кезінде олардың қатысуы дұрыс емес деп есептейтінін айтты.

Трамптың пікірінше, Путин мен кейбір еуропалық лидерлер арасындағы қарым-қатынас аса жылы болмаған. Дегенмен, ол Fox & Friends бағдарламасында Путинмен "өте жақсы қатынастарды" сақтап қалғанын атап өтті.

Фото: Alex Brandon/AP Photo/picture alliance