Украина дрондары Ресейдің ең ірі мұнай құю портын шабуылдады

Ленинград облысындағы Приморск қаласында орналасқан мұнай портына соққы беретін дрондармен шабуыл жасалды, деп хабарлайды Malim.kz DW-ге сілтеме жасап.
Аймақ губернаторы Александр Дрозденко 12 қыркүйек, жұма күні Telegram-арнасында жаппай шабуыл болғанын және облыс аумағында 30-дан астам ұшқышсыз ұшақ жойылғанын хабарлады. Оның айтуынша, бір кемеде және сорғы станциясында өрт шыққан.
«Всеволожск, Тосно, Покровское және Узмино ауылдарында, сондай-ақ Ломоносов ауданындағы елді мекендерден тыс жерлерде БПЛА-ның сынықтары мен қалдықтарының құлағаны тіркелді. Зардап шеккендер жоқ», – деді Дрозденко. Ол мұнай өнімдерінің төгілу қаупі де жоқ екенін қосты.
Дрон шабуылына байланысты Пулково әуежайында «Ковер» жоспары енгізіліп, 50-ден астам рейс кешіктірілді немесе тоқтатылды, бірнеше ұшақ қосымша аэродромдарға қонды.
Сонымен қатар Иваново, Псков, Ярославль және Калуга әуежайларының жұмысы да уақытша тоқтатылды.
РФ Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, барлығы 221 украиналық дрон шабуыл жасаған. Ведомствоның дерегінше, Ленинград облысында – 28, Брянск облысында – 85, Смоленскіде – 42, Калугада – 18, Новгородта – 14, Мәскеу және Орёл облыстарында – 9 дроннан жойылған. Сондай-ақ Белгород, Ростов, Тверь, Псков, Тула және Курск облыстары да шабуылға ұшыраған.
Приморск порты Выборг ауданында орналасқан және Балтық құбыр жүйесінің соңғы нүктесі болып саналады. Осы порт арқылы Ресей, Украинаға қарсы соғысты жалғастырып отырып, санкцияларды айналып өтіп, шикі мұнай мен дизель отынын танкерлермен экспорттайды. Оның аумағында сыйымдылығы 50 мың тоннадан 18 резервуар орналасқан. Ресейлік БАҚ-тың мәліметінше, бұл – елдің басты мұнай құю порты, жылдық жүк айналымы шамамен 58 млн тоннаны құрайды.
Фото: Imago