8 маусым күні Астана уақытымен сағат 21:55-те Алматы облысының аумағында жер сілкінісі тіркелді. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Ведомство мәліметінше, жер сілкінісінің ошағы Алматы қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 111 шақырым жерде, Қазақстан аумағында орналасқан.
Сейсмологтардың есептік деректеріне сәйкес, жер асты дүмпуінің қарқындылығы Кеген ауданындағы бірқатар елді мекенде сезілген:
Саты ауылында – 2,5 балл;
Жалағаш ауылында – 2 балл.
Қазіргі уақытта зардап шеккендер мен қираулар туралы ақпарат түскен жоқ. Жауапты қызметтер жағдайды бақылауда ұстап отыр.
Айта кетейік, Алматы өңірі сейсмикалық белсенді аймақтардың қатарына жатады. Сондықтан мамандар жер сілкінісі кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады.