Мемлекет қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасы, саяси ұстанымы мен айналасындағы ахуалға қатысты бұған дейін көп айтыла бермеген пікірлер жария болды. Бұл туралы жазушы Жүсіпбек Қорғасбек "Qasqa Jol" YouTube арнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Malim.kz.
Жазушының сөзінше, Сәрсенбайұлының өліміне қатысты қоғамда сан түрлі болжам бар. Алайда нақты сүйенетін ресми дерек – құқық қорғау органдары жүргізген тергеу материалдары ғана.
"Алтынбектің өліміне қатысты біздің қолымызда заң орындарының тергеу-тексеруінен басқа ештеңе жоқ. Бірақ ол тікелей жүйенің құрбаны дегенге келіскім келмейді. Бірақ сол жүйенің ішіндегі жекелеген адамдармен ашық жау болғанын білемін. Солардың қолынан болған қаза шығар деп ойлаймын", – деді жазушы.
Сонымен қатар ол Алтынбек Сәрсенбайұлын «оппозиционер» деп сипаттауға қарсы екенін жеткізді.
"Алтынбек Сәрсенбайұлы еш уақытта оппозиционер болған жоқ. Ол – оппозицияның адамы емес, мемлекетшіл адам. Ол мемлекетке қызмет етті. Мемлекеттік қызметте жүріп те, мемлекеттік қызметтен кеткеннен кейін де мемлекетке қызмет етті. Сендер қашан көрдіңдер, Алтынбек Сәрсенбайұлының көшеге шығып, белгілі бір топтың алдында айғайлап жүргенін? Көрген жоқсыңдар ғой. Мен де көрген жоқпын", – деді Жүсіпбек Қорғасбек.
Еске салайық, 2006 жылғы 11 ақпанда Қазақстанның саяси өміріндегі ең резонансты қылмыстардың бірі орын алды. Бұрынғы ақпарат министрі, саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы, оның оққағары Бауыржан Байбосынов және жүргізушісі Владимир Журавлев із-түссіз жоғалған еді.
Екі күннен кейін, 13 ақпанда олардың денелері Алматы облысы Талғар ауданы аумағынан табылды. Тергеу деректеріне сәйкес, марқұмдардың қолдарына кісен салынған, үшеуі де желке тұсынан атылған. Бұл іс қоғамда әлі күнге дейін түрлі сауал туғызатын қылмыстардың бірі болып қалып отыр.