457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Елімізде өмір сүру шығыны ең жоғары қалалар қандай?

2025 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстан азаматтарының жан басына шаққандағы орташа шығындары 312 710 теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,4%-ға көп. Жалпы шығындардың жартысынан астамы (50,6%) азық-түлікке жұмсалады. Бұл туралы Qaz365.kz сайтына сілтеме жасап Malim.kz хабарлайды. 


Алайда аймақтар бойынша жағдай әртүрлі. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, ең жоғары шығындар Алматы қаласында тіркелген – тоқсанына жан басына шаққанда 403 990 теңге (айына шамамен 134 663 теңге). Одан кейінгі орындарда Қарағанды облысы (402 840 теңге) және Астана қаласы (401 608 теңге) тұр.

Ал ең төменгі көрсеткіштер Шымкент қаласы мен Түркістан облысында байқалады. Бұл өңірлерде шығындар тиісінше 244 310 және 219 113 теңгені құрайды, яғни айына 81 437 және 73 038 теңге шамасында.

Алматы азық-түлікке (айына 71 817 теңге) және ақылы қызметтерге (33 433 теңге) жұмсалатын қаражат бойынша көш бастап тұр. Ал азық-түлік емес тауарларға ең көп қаржы жұмсайтындар – Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары (айына 31 777 теңге).

Бұл көрсеткіш бойынша алғашқы бестікке Павлодар (30 364 теңге), Солтүстік Қазақстан (28 313 теңге), Қарағанды (27 961 теңге) және Ақмола (26 127 теңге) облыстары кірген. Алматы 6-орында (25 847 теңге), Астана – 9-орында (22 919 теңге), ал Шымкент 14-орында (18 330 теңге). Түркістан облысы бұл көрсеткіш бойынша соңғы орында – бар болғаны 12 944 теңге.

Айта кету керек, бұл сандар шын өмірдегі шынайы шығындардан әлдеқайда төмен болуы мүмкін. Әсіресе қалаларда тұратын азаматтардың нақты шығындары әлдеқайда жоғары болуы ықтимал. Себебі бұл деректер үй шаруашылықтарына жүргізілген сауалнамалар негізінде есептеліп, бүкіл халыққа ортақ көрсеткіш ретінде ұсынылады. Сондықтан бұл – «орташа температура» ғана, бірақ елдегі экономикалық жағдайдың жалпы бейнесін көрсетеді.

Фото: welcome.kaznu.kz