М.Мағауиннің «Көк мұнар» романы туралы бірер сөз

Malim Админ

  • 12.08.2021

Жазушының атағы мен абыройы, таланты мен табиғаты, бақыты мен бағалауы жөнінен айтылып, жазылған сөздерге ештеңе қоса алмайтының өз алдына, оларға көлеңке түсіріп, бәс таластырмай, бірден бастап кетсем, оқиғалық желісі 60-шы жылдарға келетін «Көк мұнар» романы тұтастай алып қарағанда, сол уақыттардағы еліміздегі мәдени өмірдің бел ортасында жүрген оқыған жастардың тарихи тағдырларын баяндаған. Тарихи роман болмаса да бұл бүгінгі оқырман үшін тарихи жағдай. Елу жыл болды, екі ғасырға еншілес. Үлкен ауқымдағы мәдени өмірдің романдағы арқау болған саласын анықтап айтсақ: ғылым мен жазушылық жолдың қалыптасуы мен дамуын, сәйкесінше күйреу себептерін «Көк мұнар» романында уақытын өткізбей дер шағында жазған жазушы ­– өз оқырмандарының (кейіпкерлерінің) жан айқайын көркемдік ыңғайда қоғамдық мәселе етіп көтерген. Отыздағы М.Мағауиннің алғашқы романы, сондықтан да ол бірінші. Жазушының өзі де осы романы туралы үнемі айтып жүретінінің себебі аз емес. Рас, сыншылар романды жылы қабылдаған жоқ, бірақ оқырман оны түсінген еді. Себебі, соцреализмнің схематикалық талабы өз алдына, пендешілік тұрғыдан «намыстанған» сыншы-ғалымдар нақты шындықты мойындауды қорыққан сыңайлы. Өзің және сол өзің өсіп шыққан ортаң туралы романдағы сынды қабылдау оңай емес (жасандылау теориялық тіркеспен айтсақ, «Көкмұнарды» сыни реалистік роман дейміз). Ал шығармасында автор шын өмірдің әлдебір былық-шылықтарын әрлеп сырлап, көркемдік құралдардың астына жасырып немесе нұсқап, сілтеп, бейнелеп, пернелеп жатпай бетке соқса, ол енді жазаланады... «Көк мұнар» мен Едіге осы тұрғыдан қатты сынға ұшырағанына таң қалуға болмайды. Кітап ретінде «Көк мұнар», кейіпкер ретінде Едіге эпиграфтағы «Жалыннан жасқанар жан сен емес!..» Иә, Гетенің «Фаустысы» нені толғаушы еді! Ақ пен қара, махаббат пен зұлымдық, ғылым мехнаты, ақын мен мефистофель, сосын Фауст...

Автор сол жылдардағы сын туралы естелік кітабында «Көк мұнардың» тағдырын жаны түршіге еске алған. Сондықтан, айтылған, жазылған сын жеткілікті. Енді, Гоголь айтпақшы, «осыған ой жіберіп қарасақ, расында осында бірдеңе бар сияқты ғой», оқиғаның бәрі өмірде болмауы мүмкін, бірақ өмірде болған жайттар да кейде адамға тым жайдақ көрініп кететін кездері бар.

Едіге Мұратұлы ауылдан оқу-білім іздеп Алматыға келген көп қазақ баласының бірі, бірақ бірегейі болатын. Арман мен қиял өз алдына, жоспар да жойқын еді. Қыпшақ тарихына қатысты тарихи роман жазып жүреді. Аспирант. Ғылымды да қатар игереді, себебі тарихи роман жазу үшін білім керек. Және, ғылым кандидаты болмақ. Ол өзімен қатар, ғылымның әр саласынан кандидат болмақшы замандастарымен бірге жатақханада тұрады. Міне, осы кезде адами қарым-қатынастардың романдық желісі құрылады. Бұл романда оқиғалық желінің бірнеше қабаттары бар. Олар: Едіге мен профессор Әзімхан, доцент Бекен; Едіге және Кенжек, Әнуар, Мұхамед-Шәріп, Халел (Зада мен Бәтия), Бердібек; Едіге мен Гүлшат; Едіге мен Күлдәрі; Едіге және қыпшақ тарихы (Темір-Бұқа мен Назар Тағай). Бұлардың бәрі де адам және адам болған соң «адамға қатыстының бәрі де оларға тән».

Бірінші сәтсіздік, яғни тарихи қиянат. Академик Әзімхан Бекмұхамедов нағыз ғалым, ғылымға қоятын талабы да жоғары, әйтсе де доцент Бекен Тәңірбергенов сияқты плагиатордың (Едігенің сөзі) жылпылдаған мінезін «үлкенді сылайтын» қасиеті ретінде Едігеге үлгі қылатыны түсініксіз. Едіге мұрағаттан тапқан эпикалық жырды жетекшісі Бекенге ұстата салады. Бекен оны өз атынан жариялап жібереді. Ұстазы соған қуанып отыр, алайда артынан мәселенің мәнін білген соң өкінген сыңай танытады. Кісіні ренжітетін мінез. Ол сондықтан да қасіретті адам (баласы Санжардың өмірі мен тәрбиесі ненің нәтижесі?). Қанша жерден ұлы болса да мұндай ұстаздан Бекен сияқты ғалым-шәкірттер шығуы мүмкін, бірақ Едіге емес. Сөйтіп, Едігенің ғылым (ғалым) жолындағы негізгі опасыздық осылай болады.

Екінші, достар мен жолдастар – Кенжек, Әнуар, Мұхамед-Шәріп, Халел (Зада мен Бәтия), Бердібектер Едігеге әртүрлі жағдайда өзінше опасыздық жасайды. Атап айтқанда, Халел мен Бердібек. Едіге осы екеуінен «ерекше сескенетінін аңдаған». Халел тікелей жағымсыз істер жасамаса да достар деген лайықты атқа сай болмай шығады. Ол бастабында Зада есімді шет тілдер институтында оқитын жас қызбен жүріп жүреді де кейін оны тастап, аспирант Бәтияға үйленіп кетеді. Едіге үшін бірінен кейін екіншісіне оп-оңай ауытқып кету – кісілікке жат мінез саналады. Ал Бердібек кісіліктен де ары кеткен тип. Ол Гүлшатты (Едіге мен Гүлшат екеуі «ренжісіп» жүрген кезде) айналдырып, оның арын төгіп қана қоймай, соны басқаларға сыр ғып айтады. Және, ауылда некелі әйелі бар боп шығады. Тек Кенжек ғана нағыз дос болып қалады, ал Әнуар мен Мұхамед-Шәріп адамға өмір жолында кездесіп кеткен серіктес жолаушыдай ғана жолдастар екен.

Үшінші, сырттай танып, қадір тұтқан ақсақал адамы – Күлдәрі Қарсыбаев еді. Өзін «Күлән ақын» деп атайтын, «Хамса» жазып жүргенін, онысын «эпопеям» деп сөйлейтін қағаз кемірген қатпа шал Едігенің көңілін мүлде қалдырады. Екеуінің арасындағы соңғы кездесу, ақырғы әңгіме өзінің тарихи оқырмандары үшін өте ауыр диалог болғанына дау жоқ. Едіге оны ақын емес екенін бетіне айтады. «Сіз ­– ақын емессіз. Ақын емессіз. Бұл да күмәнсіз нәрсе».

Төртінші, Гүлшат екеуінің арасындағы кіршіксіз әм риясыз сезім, соның романтикалық мәнердегі баяны «Көк мұнар» романы жазылған уақыттағы оқырмандарға қалай қабылданғанын мен білмеймін, қазақ прозасында бұл бағыт мейлінше сыпайы және тәрбиелік жағы алдыңғы қатарға қойылған. Ал «Көкмұнар» романында Едіге мен Гүлшаттың бір-бірін емірене сүйіп, тәуелдік жалғауының бірінші жағында үзілді-кесілді «менікі» деп меншіктеп тілдесуі, дәстүрлі қазақ прозасының үлгісінен гөрі батыстық мелодрамалардың айқын нышандары батыл қолданылған тілдік-стилдік айшықтар олардан гөрі бүгінгі оқырман үшін ыңғайсыздық тудырмайды. Жалпы, «мен» және «біз» дейтін жалаң сөздердің қабылдану аясы кейде тым әсіреленгенін мойындау керек. Әсіресе, «Көк мұнар» жазылған уақытта «мен» дегеннен «біз» деп сөйлеу жаппай етек алған. Бұның ұлттық та, идеологиялық та, морольдық та, тәрбиелік те және тарихи да талабы күшті әрі әуелгі орынға қойылатын. Қазірде де солай «біз» деген сыпайы сөз «сыйлау» ұғымын санаға мықтап шегелеген. Айталық, Едігенің ең үлкен қателігі – «мен» деп сөйлейді. Оны Әзағаң да, Бекен де, достары да, Гүлшат та Едігеге  міні ретінде ескертеді. Ал «Көк мұнар» романы «менмендікке» мелдектеп тұр (Едігенің ойы, сөздері, диалогы арқылы романнан толып жатқан мысал айтуға болады). Демек, таяқтың екі ұшы бар болса, оның біреуі сөз жоқ авторға да өз сыбағасын ойланбай береді. Қысқарта айтқанда, «менікі» деген ұғымның дұрыс мағынасы әлі қалыптаспаған, оны қалыптастыруға қадам жасалмағы былай тұрсын, кедергілер кез келген жерден ұшырасатын уақытта Едігенің ақсақалдан, ағалардан, достардан, махаббаттан, үміттен... маңдайы тасқа соғылып, тауы шағылмағы заңдылық екенін «Көк мұнар» романы жан-жақты ашып көрсеткен дейміз. Романдағы Адам Ата аңызы, Қыпшақ тарихы, Темір-Бұқа, тың игеру, Едіге – қателіктер мен жолсыз қиянаттардың тарихи-көркем баяны. Ғылым – ұрлық пен жағымпаздыққа әбжіл шәкірттер Бекен сияқты ғалымдарды қалыптастырса, Едігеге 500 бетке жуық тарихи романының қолжазбасын «он-он бес парақтан алып, ұсақтап мұқият жыртып, қоқырсауытқа лақтырып», отқа жағып (оймен), көз көріп, құлақ естімейтін қиырға қаңғып кетуден басқа жолы жоқ екенін (эпилогына қараңыз) сонау жетпісінші жылы жазушы М.Мағауин осы романында түрлі саладағы, мемлекеттік, жүйелік бағыттағы толып жатқан беделдердің бет жүзіне қарамай бетпердесін сыпыра сынаған деп есептеуге болады.

Бесінші, бұны айтсақ, шарттылыққа алтыншы... оныншы... т.т. кетіп, сірескен статистикалық есепке ұрынамыз. Айтпағымыз, жоғарыдағылар және «Көк мұнар» романы – жастар туралы, олардың талабы мен мақсат-мұраттары жайында, жастық максимализмнің қасаң түсініктердің құрбанына айналып, тас-талқаны болуы, пендешілік пиғылдардың салдарынан тағы бір тарихи қасіреттерінің өркен жайғанын әрі құндылықтар жүйесінің баянсыздығын арқау еткен ХХ ғасырдың көркем шығармасы. Қасірет мынада: нәтиже жоқ! Бірақ, әркім әртарап жолға түсіп, тірлік кешіп жатыр, алайда үлкен ауқымдағы Едігенің мұраты өз уақыты мен өз айналасынан қолдау таппай әділетсіздік көргенімен, мүлдем жойылып кетпегеніне автор романының эпилогінде нұсқап кеткен. Салыстырудың үлгілік жағына классикалық прозадан мысал етіп бағамдағанда, есіме И.С.Тургеневтің «Дворян ұясы» романы түсті. «Көк мұнардың» жалпы оқиғалық қаңқасы «Дворян ұясынан» басқаша екені рас, әйтсе де Едіге де Лабрецкийге ұқсайды. Үлкен қала, алпауыт ел, айналасы мен қоршаған ортасының пасық пиғылдары (Паншин, Михалевич), жұбайлық жұптағы (Варвара Павловна) жеке сәтсіздік, әсіресе Лизаға Калитинаға деген махаббатының жөнсіздігін сезініп, жалғыздықта қалған ол да Едігемен ептеп рухани жағынан болсын, тарихы тұрғыдан болсын туыстас көрінеді. «Дворян ұясынның» соңғы сөзін еске түсіріңіздерші, «Көк мұнар» романында да кейіпкерлерінің кейінгі тағдырына оқырман тараптан туындайтын сұраққа жауап ретінде жазушы айтқан эпилогі онымен үндесіп жатқан жоқ па? Әлбетте, бұның субъективті пікір екеніне дауым жоқ, алайда Абай атам айтқандай «өз сөзім өзімдікі». Ал «өз сөзі жоқ» қызметші қыз Настяға таң қалмаушы ма еді Лиза Калитина. Құдай содан сақтасын!

Біз Едіге емеспіз, ондай амбициямен, бұл сөзді сәл жұмсартып, сапаландырып айтсақ, харизмамен өмір сүрсек, қай межеден табыларымызды айта алмаймыз, жалпы жобалауға болады: ілгерлеу мен әділеттің көші әлдеқайда алда болатынын.

«Көк мұнар» романы «Алсапыран» мен «Жармаққа» дейін жалғасқан шығармашылық жолдың әуелгі бұйдасы, сонымен бірге, тақырыптық, мазмұндық әрі рухани туыстықтың айқын мысалы. Бұл романдағы авторлық стиль, авторлық амбиция, авторлық мұрат кейінгі шығармаларының бәрінде де бар. «Архив шал» Күлдәрі ақын – «Архив хикаясымен», Едіге Мұратұлы, оның екіге жарылған (айналасындағы қайшылықты нәрселердің салдарынан) жан дүниесі – «Жармақпен» (Мұрат-Марат) жалғасын тапты. Мұндай мысалды, М.Мағауиннің кез келген шығармасынан көптеп келтіруге болады. Айталық, «Көк мұнар» мен «Жармақ» өзара оқиғалық тұрғыдан, кейіпкерлер жүйесі мен стиль поэтикасы, т.т. бағытында жан-жақты зерттеуді қажет ететін ғылыми жұмыс деп санаймын.  

«Көк мұнар» романы Мұхтар Мағауиннің «мені», басқаша айтсақ, күллі шығармашылық өмірбаянының бастауы, едігелік мұратының алғашқы соқпағы болатын. Нәтиже қандай болғанын тізбелесек, тым ұзаққа кетеміз, қысқа қайырсақ: «Қобыз сарыны», «Алдаспан», «Қазақ тарихының әліппесі», «Аласапыран», «Шақан Шері», «Мен» (ғұмырбаяндық роман-хамса), «Ұлтсыздану ұраны» (мақалалар), «Қыпшақ аруы», «Кесік бас – тірі тұлып», «Жармақ», «Шыңғыс хан»...

Ермек Қаныкейұлы,

«Әуезов үйі» ҒМО-ның қызметкері,

ф.ғ.к.    

Байланысты жаналықтар

ОРАЛХАНДЫ ДА, ҚҰДАЙЫҢДЫ ДА ҰМЫТҚАН ЕКЕНСІҢ... яғни, Д.Исабековты тәубаға түсіру рәсімі

02.12.2022

Қазақ әдебиетіндегі террор. Әукебаев, Момышұлы, Есенберлин... 

29.06.2022

Мұхтар Мағауин. ТОҚАЙ-ТЕМІР

08.07.2021

МҰҚАҒАЛИ МАҚАТАЕВ

09.02.2020

Мұхтар Мағауиннің жастарға хаты

03.02.2020
MalimBlocks
ОРАЛХАНДЫ ДА, ҚҰДАЙЫҢДЫ ДА ҰМЫТҚАН ЕКЕНСІҢ... яғни, Д.Исабековты тәубаға түсіру рәсімі

Республика президентінің қолынан биік марапат алып, желі көтеріліп тұрған Д.Исабеков, мына біз сияқты пендесіне көңіл бөліп, «Мұхтар Мағауиннің бүкіл позициясы маған ұнамайды» деген түйінді тақырыппен сұхбат беріпті – Nege.kz, 10.ХІ.2022. Бір заманда таныған, білген, енді көзден таса, көңілден өшкен жазарманның, тәрізі, қырық-елу жыл бойы іште булыққан жүрекжарды толғамы. Жарыққа шыққан кезде біз тарихи-танымдық «Алтын Орда» кітабын дендеп, қажетті тынысқа Эрнест Хемингуэйдің ескі жұрты – жылы теңізге бет түзеген едік. Енді міне, екі аптадан асқанда қайрылып соғуға мүмкіндік таптық. Артықша қажеттіліктен емес, әлдебір әуесқой ағайындар дүддәмалда қалмасын деп.

Қазақ әдебиетіндегі террор. Әукебаев, Момышұлы, Есенберлин... 

Әбділдә Тәжібаев еңкілдеп жылайды

Мұхтар Мағауин. ТОҚАЙ-ТЕМІР

Тарихи дәйектеме

МҰҚАҒАЛИ МАҚАТАЕВ

Мұхтар Мағауиннің жастарға хаты