Мұхтар Мағауин. ТОҚАЙ-ТЕМІР

Тарихи дәйектеме

Malim Админ

  • 08.07.2021

Тоқай-Темір – Шыңғыс хан немересі. Қазақ хандарының әулет атасы.

Үлкен ұл Жошыдан туған. Анасының есімі – Қағры-қатын, бастапқыда саны мол, кейінгі сарқыты қазаққа қосылған жауынгер меркіт руынан. Құма деп айтылады, бірақ барлық деректе қатын мәртебесімен жүр, есебі, құма емес, бас бәйбішелер қатарынан. Жошының, жинақтап келгенде, отыз тоғыз ұлы болған екен. Рәшид-әд-Дин он төртін атап көрсетеді. Тоқай-Темір он үшінші болып тұр. Осыған орай, кейінгі бір тарихшылар он үшінші перзент деп санайды. Шындығында, тумыс ретімен емес. Махмұд ибн Вали – төртінші ұл деп таныған. Ал Әбілғазы-бахадұр хан бойынша – үшінші. Қайткенде, Жошының кездейсоқ қазасы кезінде ержеткен, кәмелетке толған жағдайда.

Бұдан соңғы кезеңде – Бату ханның Батыс жорығына (1236-1242 жж.) қатынасқан. Түмен бастаған ірілер қатарында емес, тәрізі, мыңған ноян дәрежесінде. Және қабілетті әскербасы ретінде көзге түссе керек. Бату мейлінше риза болып, қайтып келген соң, жеке жасақ құрып береді және билігіне Маңғышлақ, Хажы-Тарханмен қоса, Терістік Қапқаздағы Ас аймағын бұйырыпты.

Жошы ұлысындағы Сайын-Бату ханнан соңғы ең атақты тұлға – кейінде тақ иесі Берке хан болғаны белгілі. Жошы ұлдарының ішінде осы екеуіне жалғас, белгілі, беделді ханзадалар – Орда, Шәйбан, Беркешар аталады. Тоқай-Темір де осы қатарда. Әмәнда Бату ханның үлкен сенімінде және айрықша жауапты шаралардың бір жағында жүреді. Тіпті, Батыс жорығынан бұрын, 1229 жылы, Бату хан Өкетай қағанды таққа отырғызу рәсіміне үлкен ханзадалармен бірге аттанарда, ұлыс тізгінін осы сенімді ініге тапсырып кетті деген дерек бар (Т.Сұлтанов). Кейін, 1246 жылы, Күйік қағанды бекітерде Бату аяғының сырқатын сылтау етіп, Қара-Қорымға бармай қалғаны белгілі. Өзінің орнына ең атақты алты ханзаданы бағыттайды: Орда, Шәйбан, Берке, Беркешар, Таңғұт және Тоқай-Темір. Бұл – рәсім жөні десек, кейінде алмағайып, шешуші міндет артқаны бар. Күйіктен соң, Шыңғыс ханның кенжесі Төленің ұлы Мөңкені қаған сайлау – бірталай шырғалаңға түсті. Өкетай мен Шағатай әулеттерінің қарсылығын жеңу керек еді. Ресми құрылтай уақытылы жиналмай, ұзаққа созылып барады. Ақыры, Бату хан отыз мың аламанмен кемеңгер, шешімтал Беркені аттандырады. Мезгілін нақты белгілеп, сауын айтасың, бүткіл Шыңғыс хан әулетін құрылтайға шақырасың, Мөңкені қаған көтересің, келмей қалғандар Жасақ заңын бұзған қылмыскер есепті, басынан айрылуға тиіс, деген қатқыл нұсқау жасалады. Беркенің қасына, тәрізі, әскербасы ретінде жауынгер Тоқай-Темірді қосып беріпті. Ақыры, Ұлыстың тұтастығымен қатар, тыныштығы да сақталып, Мөңке биік мәртебеге жетеді (1251). Рәшид-әд-Дин бұл тайғақ істе шешуші қызмет атқарған Берке мен Тоқай-Темір жаңа қаған тарабынан айрықша сияпат көрді, деп жазады.

Батудан соңғы Берке хан заманында да Тоқай-Темір үлкен беделде болса керек. Бұрнада, хақ дінді Берке бауырдың ықпалымен, мұсылман дінін қабылдаған. Әбілғазы-бахадұр ханның айтуы солай. Ал Берке – хорезмшах Ала-ад-Дин Мұхамедтің қызы Хан-Сұлтаннан туған, бала кезінен бастап ислам жолында. Дәп осы жағдай – бір әкенің қойнынан шыққан туыстық, Тоқай-Темірдің өзінің дара бітімі ғана емес, дін-қарындас бірлік – ағайынды екеуінің риясыз жақындығын бекіте түссе керек.

Тоқай-Темірдің қалай, қай жылы дүниеден өткені туралы нақты дерек жоқ. Көзінің тірісінде бой көрсете бастаған, «Хан ұлдары» дейтін, тақ мұрагеріне жалғас мәртебеге жеткен балалары айрықша жігерлі, және алымды болыпты. Әкеге тиесілі аймақтармен қатар, Мөңке-Темір қағанның тұсында (1266-1280) қазыналы Қырымда өкім құра бастайды.

Ақыры, ХІV-ХV ғасырлар шегінде Тоқай-Темір әулеті Алтын Орда мемлекетінде алдыңғы қатарға шығады. Ұлыстағы шат-шәлекей Бұлғақ кезеңінде (1359-1380) бұл әулеттен үш кісі, қысқа болса да хандық дәрежеге жетіпті. Осы және жалғас кезеңде Орыс хан үлкен тақ иесі болады. Ақыры – бұлғақты тыйып, Алтын Орданы қайта көтерген, бірақ түптің-түбінде доғал саясатымен ұлы мемлекеттің қирап, тозуына себепкер болған Тоқтамыс. Орыс хан сияқты, бұл Тоқтамыс хан да Тоқай-Темір әулетінен.

Түптің түбінде Алтын Орда ыдырады. Бұдан соңғы кезеңде жеке хандық болып ту көтерген Қырым – Тоқай-Темір әулетінің арқасында айрықша қуатқа ие болады. Бұрнағы Ұлұғ Ұлыстың орнын басқан Қырым хандығының ең алғашқы атаулы әміршісі Қажы-Герейден (1420-1466) тартып, ең ақырғы Шағын-Герейге дейінгі (1777-1783) барлық хандар – түгелдей осы Тоқай-Темір ұрпағы.

Тек Қырым ғана емес. Тоқай-Темір әулеті Алтын Ордадан соңғы бүткіл Еуразия кеңістігінде зор, үлкенді-кішілі тағы қаншама өкімге жетіп, біздің туыстас түрік халықтары тарихында бедерлі із қалдырғанын көреміз.

Алтын Орда тағына неше келіп, неше кеткен Ұлұғ-Мұхамед хан түптің түбінде астана Сарайдан қуылған соң, Бұлғар уәлаяты, Қазан қаласын басып, жаңа, Қазан хандығын ұйыстырады. Кейінде әйгілі, сырлы, мұңды, ақыры бақытсыз Қазан ұлысы – 1437-1552 жж.

Осы, ақырында қисынсыз қазаға ұшыраған Ұлұғ-Мұхамедтің бір ұлы, анық ажалдан аулақтап, теміртек жасағымен Орыс жеріне кіреді, мұнда, Ока бойында, әуелде дербес, кейінде Русияға вассал Хан-Кермен – Қасым хандығын (1452-1678) негіздейді.

Тоқай-Темірдің тағы бір ұрпағы Махмұд хан, Алтын Орданың Батыс бөлігінде құрылған Ұлы Ноғай Ордасының билігінен шеттеген соң, Еділдің төменгі ағысы, Хажы-Тарханды алып, тарихта Астрахань хандығы аталатын жаңа бір патшалық құрады. Миләди 1460 жыл екен. Және Махмұд ханға жалғас заманда бұл ұлысты да Тоқай-Темір әулеті билейді. Арада тұтас ғасыр өткенде, 1456 жылы Астрахан хандығын Русия жаулап алғаны белгілі. Бірақ әулет тарихы үзілмепті. Соңғы хан Дәруіш-Әлі Азауға өтіп, түрік дәргейінен пана тапса, ағайындас Яр-Мұхамед сұлтан, Жан дейтін ұлымен бірге, Бұхар хандығына жетеді. Және құрметпен қарсы алыныпты. Көп ұзамай, Жан Бұхар ханы Абдолланың қызына үйленеді. Ақыры, осы тиімді некеден туған Бақи-Мұхамед, 1599 жылы, Қазақ Ордасынан жеңіліп, қирай бастаған Бұхар хандығының алтын тағын иеленеді. Бұл – біздің Тәуекел, Есім хандардың заманы. Қолма-қол, туыстас бір тұқым – екі топ арасында бітім жасалған. Бұдан бергі заманда, 1785 жылға дейін, осы Аштархан, немесе Жан әулеті Бұхар ұлысында берік билік құрады.

Түйіндеп айтқанда, қаhарлы Қырым, Еділ дарияның ұзына бойы, бүгінде үш-төрт республика сыйып отырған байтақ Орта Азия – қаншама жер, қаншама жұрттың кейінгі ғұмыр кешуі осы Тоқай-Темір әулетінің тарихы мен тағдырына тікелей байланысты.

Біз үшін ең бастысы, Тоқай-Темір – Қазақ хандарының Шыңғыс хан мен Жошы ханнан кейінгі түп атасы.

Тоқай-Темірдің бір ұлы – Ұрұңбаш (Ұрұң-Темір), оның ұлы Ашық, оның ұлы Тақтақ, оның ұлы Өз-Темір, оның ұлы Темір-Қожа, оның ұлы Бадақұл, оның ұлы Орыс хан. Орыс хан – қазақ хандарының ортақ әулет атасы. Бұл Орыс ханның жеті ұлының үлкені – Тоқтақия хан, ортаншысы – Құйұршық хан. Тоқтақия ханнан Болат, Болаттан қазақтың Керей ханы; Құйұршық ханнан Барақ туады, Барақтан – қазақтың Жәнібек ханы. Сонымен, Қазақ Ордасының туын көтерген Керей мен Жәнібек хандар – Көк Орданы билеген Орыс ханның шөберелері. Түптеп келгенде, Шыңғыс хан немересі Тоқай-Темірдің оныншы ұрпақтары. Шыңғыс ханға дейін он екі ата.

Бұдан соң, әрине, Қасым хан... Есім хан... Салқам Жәңгір... Абылай... Ең ақыры – Кенесары хан. Кенесары қазақтың ең соңғы ханы ғана емес, жеті ғасырдан астам ұзақ заман бойы Еуразия кеңістігінде салтанат құрған Шыңғыс хан әулетінің хандық дәрежеде дүниеден өткен ең соңғы тұяғы.

Қалай айтсаңыз да, біздің Алаш жұртының дербес қалыптасу, өсіп, өркендеу тарихы – Шыңғыс ханнан бастау алып, Тоқай-Темір әулетімен түйінделеді екен.

Осы арада айта кетер бір кілтипан бар. Қазақ хандығының тарихы ғылыми тұрғыдан сараптала бастаған кезден екі дай пікір туған: Керей мен Жәнібек Тоқай-Темір ұрпағы ма, әлде үлкен ұл Ордадан тарай ма деген. Мәселенің түп төркіні – кейінгі замандағы тарихи нұсқаларда Орда есімі қосанжарласып жүреді. Басты себеп – Қыпшақ ұлысының шығыс қанаты Көк Орда жерінің негізгі бөлігі әуелде Орданың билігіне берілген еді. Сондықтан да кейінгі бір тарихшылар қазақ хандарын Ордаға телиді. Алайда, көп ұзамай-ақ, Тоқай-Темір нұсқасы алға шықты. Және біржола қабылданып, бекіген. Бұл тараптағы ең соңғы, дәлелді, дәйекті байлам – қазақстандық демейік, орыс тілді алаш тарихшысы Бениамин Юдиннің түйінді пікірі. Қазақ хандарының Орда нұсқасын ең алдымен көтерген – шартты түрде «Ескендір анонимі» аталған еңбек болатын, дейді. [Хижраның 816 санасы, миләди 1413-14 жылдарда] Дәшті-Қыпшақтан тыс, Иран жерінде жазылған. Содан бергі, Ордаға тірелетін барлық еңбек осы шығармадан ғана бастау алады, қосымша ешқандай тиянағы жоқ, деген. Бұдан басқа тағы қаншама нақты дәйек. Ешқандай күмән, таласқа жол қалдырмаса керек еді.

Алайда, осы соңғы жылдары ешқандай негізсіз, бұра тарту елесі байқалады. Және келтіріліп жатқан айғақтар мүлде қисынсыз. Негізгі бір дәлел – ілкіде айтқанымыздай, Бату хан тұсында қазіргі қазақ қонысының басым бөлігі Орданың иелігінде болуы. Бұдан соң, осы үлкен ұлдың ұрпақтары. Қандай да патшалықта мәңгілік бекіп қалатын әулет жоқ. ХІV-ХV ғасырлар тоғысында біздің тарапта да ел билігі ауысса несі бар. Оның үстіне, қазақ хандарының Тоқай-Темір ұрқына жататыны өзара дербес қаншама әдебиетте нақты айтылады. Оның бәрі ештеңе емес екен. Шығыс Дәштіде билікке талас Шәйбан әулеті Орыс хан ұрпақтарын кеміту үшін, олардың түп атасын Жошының үлкен ұлы Орда емес, көп ұлдың қатарындағы, тіпті кемшін біреуі Тоқай-Темірге теліпті-міс. Бақталасты мұқату үшін атасының атына дейін өзгертіп жіберген. Міне ғажап. Бұрынғы, соңғы халықтар тарихында болмаған жағдай. Оның үстіне, тұңғыш есебіндегі мәртебесі демесек, өз кезінде Орданың ағайын-бауыр арасында, жалпы жұрт ішінде оза шапқан ерекшелігі байқалмаған. Керісінше, талассыз Беркеге жалғас ханзадалар арасында Батыс жорығынан соңғы кезеңде мүлде атаусыз қалатын Шәйбаннан мынау Тоқай-Темірдің бір де кемдігі жоқ, ілкіде атап көрсеткеніміздей, атақты, абыройлы. Хан алдында ғана емес, жалпы, аламан жұрт ішінде зор беделге және әжептәуір билікке жеткен. Кейінде Шәйбан әулеті кеміте айтса бұл – әдепкі бақталастық қана. Қайткенде, Шәйбан ұрпақтары өздерімен тайталас Орыс хан әулетінің Тоқай-Темір тұқымы екенін жақсы білуге тиіс. Біздің тарихшыларымыз айтып отырған жағдай – қисынсызы өз өз алдына, мүлде сорақы мәселе.

Біз бұл ретте В.Юдинді ежіктей қайталап бас ауыртпай-ақ қоялық. Бәрін жинап, түгел ескерусіз қалдырған жағдайдың өзінде, жалғыз Әбілғазы-бахадұр ханның куәлігі жетіп жатыр. Біздің кейінгі бір тарихшылар мұны да теріске шығарады. Әбілғазы шатыса береді, дейді. Ал Хиуа ханының әйгілі «Шежіре-и түріктегі» бар дерегі жаңсақ болған күннің өзінде, дәп осы Тоқай-Темір мәселесінде қателесуі мүмкін емес. Міне, кереметі. Әбілғазы ханзада таққа талас, ағайынды бауырлар өзара қырқысып, туған әкесін өлтіріп жатқан сұмдықтан бас сауғалап Түркстанға өтіп, Есім ханды паналайды. Есім хан көбіне жорық жолында, өз кезегінде Әбілғазыны Ташкент ханы Тұрсынға табыстайды. Енді қуғындағы ханзада біршама уақыт Тұрсын ханның дәргейінде болыпты. Ақыры, 1627 жылы Тұрсын хан қазаға ұшырағаннан соң, Есім ханнан рұқсат алып, Бұхар ханы Имамқұлының ғұзырына кетеді. Енді қараңыз, кейінде хандыққа жеткен Әбілғазы-бахадұр, қысылтаяң заманда пана болған, бес күн, бірер ай емес, екі жылдан астам сарайында құрмет көрген Қазақ хандарының тегін қалай шатыстырмақ?! Қазақ хандары – Тоқай-Темір әулеті деп анықтап жазады. Және Шыңғыс ханға дейінгі аталар жөнін нақты тізбелеп көрсеткен.

Сонымен, Қырым хандарының әулет атасы, Хажы-Тархан, Бұхар хандарының әулет атасы, Қазан хандығын, Қасым хандығын негіздеген елеулі тұлғалардың атасы, ең ақыры – Қазақ Ордасының туын көтерген Керей мен Жәнібектен тартып, Абылай, Кенесарыға дейінгі төрт ғасырлық қазақ хандарының атасы Тоқай-Темір туралы шағын ақпаратымыз тәмам болды.

Енді ең соңғы бір түйін. Осыдан тура алты ай бұрын, Тәңірі жарылқап, және бір немере сүйіп едім. Едігенің бесінші перзенті. Жарық дүниеге асығып, жеті жарым айлығында туды. Әрине, шалабай, азды-көпті қатері бар. Мен сол алғашқы күні есімін Тоқай-Темір қойдым. Кейінгі қазақта атаусыз қалған Тоқай-Темір бабасының аруағы жар болсын, үлкен кеңіске жетелесін, деп. Тәуба, қырық күнде оңалып, қатарға қосылды, қазір үлкен жігіт есепті. Алдыңғы немерелерімнің ізін басып, ер жетіп, ақыр түбінде Алаштың Америкада туып-өскен бір азаматы болып шығуға тиіс. Оған ерекше есімінен бастап, нәсіл тегі де, ата шаңырағы мен өсетін ортасы да – бар жағдайы келісіп тұр. Тағы да тәуба.

Бұл Тоқай-Темір – есім, сой жөнінен жалғыз емес. Біздің әулетте, алды үлкен азамат болып қалған, түп негізі ұлы қаған Шыңғысқа барып тірелетін таңбалы есімді бірнеше немере бар: Бату, Байдар, Тоғым, Бөкей, Барақ, Тоқты... Және Жағанбике, Бөрте мен Жебе. Енді осы қатарға Тоқай-Темір қосылды. Ұлысқа ұйытқы, халқына пана болған Шыңғыс хан әулетіне тән қастерлі есім-тұлғаларды жаңғыртатын тізбек – алдағы жылдарда кейінгі буында, менен соң да жалғаса беруге тиіс. Және бар қазаққа үлгі...

Осы, өз кіндігімнен тараған балаларыма, бүткіл алаштың қазіргі, кейінгі мың сан өспірім ұрпағына Тәңірі жар болғай, ата-баба аруағы дем беріп, желеп-жебеп жүргей!..

 

26-28.ХІ.2020,

Күміс Бұлақ, АҚШ.

Байланысты жаналықтар

ОРАЛХАНДЫ ДА, ҚҰДАЙЫҢДЫ ДА ҰМЫТҚАН ЕКЕНСІҢ... яғни, Д.Исабековты тәубаға түсіру рәсімі

03.12.2022

Қазақ әдебиетіндегі террор. Әукебаев, Момышұлы, Есенберлин... 

29.06.2022

М.Мағауиннің «Көк мұнар» романы туралы бірер сөз

12.08.2021

МҰҚАҒАЛИ МАҚАТАЕВ

09.02.2020

Мұхтар Мағауиннің жастарға хаты

03.02.2020
MalimBlocks
ОРАЛХАНДЫ ДА, ҚҰДАЙЫҢДЫ ДА ҰМЫТҚАН ЕКЕНСІҢ... яғни, Д.Исабековты тәубаға түсіру рәсімі

Республика президентінің қолынан биік марапат алып, желі көтеріліп тұрған Д.Исабеков, мына біз сияқты пендесіне көңіл бөліп, «Мұхтар Мағауиннің бүкіл позициясы маған ұнамайды» деген түйінді тақырыппен сұхбат беріпті – Nege.kz, 10.ХІ.2022. Бір заманда таныған, білген, енді көзден таса, көңілден өшкен жазарманның, тәрізі, қырық-елу жыл бойы іште булыққан жүрекжарды толғамы. Жарыққа шыққан кезде біз тарихи-танымдық «Алтын Орда» кітабын дендеп, қажетті тынысқа Эрнест Хемингуэйдің ескі жұрты – жылы теңізге бет түзеген едік. Енді міне, екі аптадан асқанда қайрылып соғуға мүмкіндік таптық. Артықша қажеттіліктен емес, әлдебір әуесқой ағайындар дүддәмалда қалмасын деп.

Қазақ әдебиетіндегі террор. Әукебаев, Момышұлы, Есенберлин... 

Әбділдә Тәжібаев еңкілдеп жылайды

М.Мағауиннің «Көк мұнар» романы туралы бірер сөз

МҰҚАҒАЛИ МАҚАТАЕВ

Мұхтар Мағауиннің жастарға хаты