Қазақ әдебиетіндегі террор. Әукебаев, Момышұлы, Есенберлин... 

Әбділдә Тәжібаев еңкілдеп жылайды

Malim Админ

  • 29.06.2022

 Әдебиет, асылында ізгілік мұратын көксейтін, ұлтты өрістетіп, түлететін қастерлі сала. Оған жәдігөйлік, арамзалық, тоғышарлық, қызғаншақтық    секілді теріс әрекеттер жат. Солай десек те осы бір арналы саланы іштей ірітіп, өзінің бұрыс көзқарасымен, қиянатты қолымен от көсейтіндер қай кезде де болған, болып та келеді.  Өткен кезеңдердің сарғайған парақтарына көз салсақ, әдебиетте соцреализмнің сойылын соғып, қасақана террор жасап, айналасындағы қаламгерлерге кесе көлденең кесірін тигізген жандар аз емес.  Солардың бірі ретінде қаншама ақын-жазушының шығармашылығына, тіпті өміріне қиянат жасаған Есет Әукебаевтың есімі жиі аталады.


Көзкөргендер оны КГБ-ның жендеті деп жазады. Шекара отрядтарында қызмет атқарған, саяси жетекші болғаны бар.   Ақын, журналист Әукебаев 1970 - 1985 жылдар аралығында  15 жыл «Жазушы» баспасында бас редактор болды. Осы жылдары ол талайдың обалына қалып, бірқатар шығарманы күзеді, цензура қайшысына түсірді. Көрнекті қаламгерлер Ілияс Есенберлин, Өтебай Қанахин, Әбділда Тәжібаев,  Әзілхан Нұршайықов, Мұхтар Мағауин сынды жазушылардың соңына шам алып түсіп, шығармаларына ашықтан-ашық цензура жасап, жолдарына бөгет болған.  Көзін көргендер оны «ақын-жазушыларының сорына келген адам болатын» дейді. 

«Жанталас» үшін жанталас 

Жазушы Мұхтар Мағауин «Ілияс аға Есенберлин»  атты эссесінде сөз зергерінің жолын Әукебаевтың қиғанын айтады.  Әңгіме Есенберлиннің қазақ тарихын қотара жазған, толымды еңбегі «Жанталас» туралы. 

«Қазақ хандығының төрт ғасырлық толымды тарихындағы ең ауыр, шынында да жанталас кезең туралы романды өткізу – Ілекеңнің өзінің қаламгерлік ғұмырында шын мәнісіндегі жанталас жылдардың басы болды», деп еске алады Мұхтар Мағауин естелігінде.   «Бұрын қалай қысаса да, қиын өткелектерден өтіп жарыққа шыққан, халқына жеткен шығармалардың кәдімгі, оңды-солды талқысы болатын. Жүйкеге салмақ түсер, бірақ бар дүниені жоққа айналдыра алмайды. Енді дайын романды баспадан өткізу тарабындағы қиян-кескі күрес. «Жанталас» романының қолжазбасы – ортасынан озып көтерілген Ілияс Есенберлинге ғана емес, бүткіл қазақ тарихына қарсы әшшады, жәдігөй, әккі және дүлей күштердің аяусыз қақпақылына түскен еді» дейді Мұхтар Мұқанұлы.  

Мағауиннің айтуынша, бұл іске Есет Әукебаев пен Әбілмәжін Жұмабаев бел шеше кіріскен. Тексерістен өтіп, баспаға жіберуге қол қойылған роман аяқ астынан бөгеледі. Арам ниетті жандардың бұл жымысқы әрекеті Есенберлинді  мейлінше қажытады. 1990 жылғы  «Жұлдыз» журналында шыққан     «Жанталас. Тарихи романның жарыққа шығу тарихы» деген жазбасында  «Жанталас» романынның  тар жол, тайғақ кешуі баяндалған.   

1972 жылы «Жазушы Ілияс Есенберлиннің «Жанталас» романы өндіріске ұсынылсын», – деген қаулы шығады. Редактор Қ.Жұмаділов,  редакция меңгерушісі М.Сүндетов,  «Жазушы» баспасы редакторының орынбасары А.Байтанаевтың қолынан өткен қолжазбаны  орта жолдан бас редактор Әукебаев бөгеп қалады. Жөндеу, қысқарту  және шығарманың идеялық тұрғысын айқындай түсетін жаңа қосымшалар енгізіледі.   Одан соң тағы да жаппай жұлмалау.  Бас редактор Есет Әукебаев бастаған,    Госкомиздат қостаған үкімдерде  «Жанталас» романында қазақ хандары түгелдей дерлік орынсыз мадақталады, Абылай хан тіпті көтеріңкі бейнеленген,  «бақытты ғұмыр кешіп отырған қалмақ, қырғыз, өзбек, қарақалпақ, башқұрт халықтарының арасында бір заманда орын алған келіспеушілік пен ұрыс-соғыстар жайын қазбалай беріп керегі қанша»  «Россия Сібір мен Қиыр Шығысты жаулап алды» деуі қалай? Сібір мен Қиыр Шығыс Ресейдің ежелгі жері емес пе!»   сынды айыптаулар айтылып,  романның бірінші бөлімі түгелімен қысқартылып, қаншама өткелектен соң ғана  араға екі жыл салып 1974 жылы ғана баспа бетін көріпті.

«Ақиқат пен аңыз»  қалай айыпталды?      
 

Әукебаевтың әңгіртаяғы Есенберлиннің ғана төбесінде ойнамаған. Оның қысастығы  Әзілхан Нұршайықовқа, жазушының әйгілі романы «Ақиқат пен аңызға» да тиіпті.  Кітап  редакторлары ұнатып оқыған шығарма Есетке «ұнамайды». Ол уақытта батыр Баукеңнің, Бауыржан Момышұлының  көзі тірі кезі. Цензорлар алдына үш түрлі мақсат қойып, сүріндіруді көздеген.  Қабдеш Жұмаділовтың айтуынша, «Біріншіден, Бәукеңнің өмірін дәріптейтін шығарманы, екіншіден, Әзілханның басты шығармасын тоқтатады, үшіншіден, редактор мені аяқтан шалады, жығады, қызметтен қуғызады» дейді.  Олар осылай іске  кіріседі.

Қолына цензураның өткір қайшысын алғандар шығарманы қолжазба кезінде ұстап, тиісті жерін  нақты  түзеттірсе жақсы. Алайда олар шу шығару үшін әуелі кітапты өндіріске жібереді. Бірақ, қысқартар жерін  белгілеп қояды. Кітап теріліп келген соң верстқа кезінде бір оқылады, ен соңында подписной деп аталатын, яғни, жарық көруге болады деген кезінде тағы оқылады. Міне, сондай кезде алдын ала белгіленіп қойған беттер жыртылады. Сосын ол парақтар қайта теріледі. Оның шығынын әлбетте  редактор мен кінәлі адамдар төлейді. Мұны ұстаған кім деген мәселе көтеріледі. Кім қырағы, қауіпті дүниені көзі шалған кім деп сұрайды? Әрине, ол - Есет Әукебаев.

Осылайша Әукебаев «Ақиқат пен аңыздың» жолын бөгейді. Себеп мынадай. Бауыржан Момышұлы көзі тірісінде   Кеңес Одағының Батыры атағын ала алмай кеткен адам.  Баукеңе бұл атақ өмірден өткеннен  кейін, Тәуелсіздік кезеңінде берілді. Батыр аталмыш марапатқа үш мәрте ұсынылған.  Біреуі Панфиловтың кезінде, Панфилов өлген соң Серебряковтың қолымен, кейін полк командирі болып жүрген кезінде генерал Щестаковтың нұсқауымен ұсынылған. Үшеуінде де бұйырмаған.   Нұршайықов  осы батыр атағына ұсынған қағаздардың түпнұсқасын әскери архивтен тапқан. Шу кітапқа енгізілген осы құжаттан  шығады. Әукебаевтар «мұны еңбекке жіберуге болмайды,    Кеңес өкіметіне Баукеңді қарсы қоясыңдар» деп  осы жерлерін күзеп тастайды.   Сонымен қатар, батырдың Нұртас Оңдасыновпен болатын әңгімесі де кітапқа енген болатын.  Момышұлы Оңдасыновқа «Арабша-қазақша сөздік» шығарғанша   қазақтың тарихын, Қазақ хандығынан бастап бүгінге дейінгі қазақтың мемлекетшілдігінің тарихын неге жазбадың? Мына кітабыңа қарным ашып тұр» дейтін жері бар. Осы тұста қолында цензура семсерін жалаңдатқандар  «Сендер Қазақстанның мемлекет қайраткерін қорлап, қайдағы бір капиталистке жығып беріп отырсыңдар» деп сынықтан сылтау табады. Капиталист дегені – Джавахарал Неру. Осылайша бүкіл редакция кітаптың әлгі бетін түгелдей  жыртады.  Ол кездегі  кітаптың таралымы 30-40 мың данамен шыққандықтан, бұл дегеніңіз   қаншалықты машақат екенін аңдай беріңіз.   Осының салдарынан Әзіхан Нұршайықовтың жүйкесіне салмақ түседі. Әзағаң  соның алдында ғана инфаркт алған екен.  Дәрігерлер жазушыға  ренжімеуге, ашуланбауға  тиіссіз деген кеңес берген екен.  Десек те бұл қиянат қаламгердің өміріне ауыр соққы болып тигені анық.   

Әбділда Тәжібаевтың көз жасы

 Әукебаев Әбділда Тәжібаевтың да шығармасының күзеліп шығуына «үлес» қосқан. Әңгіме Тәжібаевтың «Есімдегілер» атты естелік кітабына қатысты. Бұл қаламгердің өзінің басынан кешірген жағдаяттары жазылған еңбек. Кітапта Тәжібаевтың 1941 – 1944 жылдары Жазушылар одағын  басқарып тұрған кезіндегі замандастарына жасаған қамқорлығы баян етілген. Бұл Қасым Аманжолов, сырбай Мәуленовтер майданға кеткен уақыт. Сол мезгілде Жазушылар одағында тағы 20 адам қалған екен. Жазушылардың саны сиреген, бар-жоғы 40-50 адам ғана қалған қысылтаяң уақыт.

 Сол сиреп қалған 20 адамға, айталық  Ғабит Мүсірепов, Тайыр Жароковтарға майданға шақыру келіп,   Әбділда Тәжібаев  Қазақстан Компартиясы ОК бірінші хатшысы Скворцовка арыз жазып кірген.  Кітап редакторы  Қабдеш Жұмаділовтің жазуынша, «Мына кісілерге брон беріңіз, егер бұл кісілер майданға кетсе, Жазушылар одағы жабылады. Бүкіл қазақ әдебиетінің тынысы тоқтайды» дейді. Ол кезде теміржолшыларға, басқа да өте қажетті салаға брон береді. Әбекең Скворцовқа осы мәселені түсіндіріп, 20 жазушыға брон алып шығады. Кітапта осы еңбегі айтылған. Мен бұған сүйсініп, Әбекеңе деген құрметпен кітабына қол қойғанмын. Сол тұсы тағы да теріліп келгеннен кейін «ұсталды». Әлгі жерін алып тастау керек. Өйткені, компартия қазақ әдебиетінің жағдайын ойламай, Тәжібаев қана ойлаған болып шығады. Мұндайда партияның өзі қамқорлық ету керек, жеке адам емес десті».   

Осыдан соң Тәжібаевты  шақырады. Қазақ әдебиетінің абызы қанша  қаһарланғанымен,    айғайды салғанымен   түк шығара алмайды. Баспадағылар міз бақпай,  айтқанын орындамаса   кітабының  шықпайтынын тіке айтады. «Сол жерде мен Әбділдә Тәжібаевтың еңкілдеп тұрып «Алла-ау, кісінің өз қолымен істеген ісін айтқызбайсыңдар ма?» деп жылағанын көрдім. Сөйтіп, Әбекеңнің кітабы қысқар тылып шықты», деп жазады.   

20 мың данамен шыққан  «Қарт сарбаз хикаясы» қалай қидаланды?    

Әукебаевтың қысастыққа толы он бес жылы талай жақсының басына қайғының қара бұлтын үйірді.  Жоғарыда атап өткен қаламгерлердің кітаптары күзеліп, олардың жанын күйзелтіп барып шыққанының өзі – олжа еді. Ал жазушы Өтебай Қанахиннің өмірден өтуіне себепкер болған мына жайт –тіпті жаныңды ауыртады.  Қаламгердің   саналы ғұмырын жұмсап жазған «Қарт сарбаз» хикаясы Әукебаевтың пәрменімен жарияға шықпай қалды. Бұл жөнінде көрнекті сөз зергері Мұхтар Мағауин «Өтебай Қанахин» атты естелігінде жазады. 

Мағауиннің естелігіне сүйенсек, 1982 жылдың соңында редакциялық тексерістен өткен кітап өндіріске жіберіледі.  Сол жылы 20-қыркүйекте бас редактор Есет Әукебаевтың мақұлдауымен шығарманың негізгі теріміне қол қойылады. Бірақ, онымен іс бітпепті. Нағыз әуре енді басталады. Мағауиннің жазуынша,  алайда мемлекеттік  цензурадан да күшті Әукебаевтық цензурасы басталады.

«Шамасы екі-үш айдан соң, «Қарт сарбаз хикаясы» жиырма мың тиражбен басылып, түптеліп, біржола дайын болған кезінде іске қосылмақ. Кеше ғана өзі қол қойды, енді ештеңесі өзгермеген дәп сол кітаптан қаншама идеялық қате табады да, бұдан әрі таралуына тыйым салады. Баспадан көтеріліп, Госкомиздаттан өтіп, КГБ-ға мағлұм болып, одан әрі ЦеКа-ға жеткен ойбай-аттан. Қазақ ұлтшылдығын насихаттаған, советтік идеологияға қайшы, орыс халқына қарсы кітап екен. Бұл не сұмдық! Жарыққа шықпасын! Жойылсын! Енді осыншама кісәпір кітапқа кім ара түспек. Жарым дүние дүрлігіп жатады. Жоғарғы жақтың ауызша, немесе үнсіз бас изеген мақұлынан соң,«Жазушы» баспасының директоры Әбілмәжін Жұмабаев қатал қаулы шығарады. «Қарт сарбаз хикаясының» бар тиражы жойылуға тиіс, сол типографияда тұрған қалпында тұтасымен пышаққа түсіп, макулатураға айналуы керек. Ал осыншама зиянды кітапқа жол берген проза редакторына сөгіс, осыған керісінше, мұндай ғаламат қатені айқындап, «Жазушы» баспасын, Госкомиздатты, қала берді бүткіл Қазақстанды жат сарынды, идеялық қатеден арашалап қалған Есет Әукебаевқа кезекті алғыс. Енді бүткіл Госкомиздат жүйесі, төраға Шериаздан Елеукенов, бас редактор Нұрғазы Шәкеев, үлкенді-кішілі тағы қаншама бақылаушы: «Апыр-ай, Есет Әукебаев сияқты қырағы көз болмағанда қайтер едік...» – деп, тәубасына түсіп, уһ деп дем алады.Әукебаев «Жазушыға» бас редактор болып бекігеннен бергі нешеме жылдағы әлдеелуінші, әлде жетпіс, сексенінші игілік!».   

Осы бір жөнсіз әрекеттен кейін Қанахиннің «Қарт сарбаз хикаясы» кітабы 20 мың данамен шығып тұрған жерінен туралып кетеді. Бірде бір данасы таралымға жіберілмей, қидаланған. Бірер жыл бұрын жазушының жары Сағира ханыммен сұхбаттасқанымызда «Сары орыстың бәрі орыс» деген тіркес бар еді дейді кітапта. Осы бір мәтелдің де кесірі өзіне тиіп кетті-ау деп өкініш білдіргені бар. Өтебай Қанахиннің ұлы Саябектің мына бір сөзі жазушының өміріндегі қамырықты сәттерді көз алдыңа әкеледі.  «Қарт сарбаз хикаясы» кітабы 1983 жылы жарыққа шыға салысымен біржола жойылған. Мен онда небәрі 11 жастағы баламын. Көп нәрсені түсіне бермеймін. Бірақ әкемнің сол кезде қатты күйзелгені, жүрегінің ауырғаны есімде қалды. Әкем біраз уақыт әскери өмір көрген, тәртіпке берік, өзінің денсаулығын күтетін адам еді. Ертеңгілік үнемі жаттығу жасайтын. Ұзақ жасауы керек еді. Өмірден қанша қиындық көрсе де, ешқашан мойымай, еңсесін тік ұстап келген әкем осы оқиғадан кейін іштей мүжіле берсе керек, 1990 жылы 67 жасында өмірден өтті, - дейді ол.   

Бұл  роман 1916 жылы қазақ даласын шарпыған ұлт-азаттық көтерілісті, қазақтың қайғы-қасіретін көрсететін  шығарма.   Осылайша қызыл империя жендеттері құртқан кітаптың бір данасын Мұхтар Мағауин сақтап қалды. Кейін бұл шағырма жарияға жетіп, көрермен қолына тиді.

Әукебаев дәл осы Мағауиннің де «Қобыз сарыны» кітабының орысша басылымына,  қазақ поэзиясының антологиясы «Алдаспанды»  басуға бөгет болған. Мұхтар Мұқанұлы  бірбеткей мінезінің арқасында бірнеше өткелектен өтіп, бұл кітаптарды көпшілікке ұсынды. Қызыл империяның сойылын соққан сойқан Әукебаев қанша жерден айғай-сүрен жасаса да, ұлт руханиятына керек кітап оқырманның қолына жетті.


Тұп-тура 15 жыл. Осы аралықта Әукебаевтың әңгітаяғы қай жазушының басында ойнамағын бір құдай білсін?  Бізге жеткен естеліктерде осы қаламгерлер қасақана жасалған қысастықтың құрбаны болды. Бізге белгісіз болып қалған талай жағдаяттар бар. Күншілдіктің, іштарлықтың итіне таланған мұндай жандар қазақ әдебиетінде аз ба? Бүгін қолымызға алып отырған «Ақиқат пен аңыз», «Жанталас», «Қабыз сарыны», «Қарт сарбаз хикаясы» кітаптары осындай кескілескен майданның, жан беріп, жан алысқан әрекеттердің арқасында бізге жетті. Ал қазақ әдебиетінің болашағына балта шабуға ұмтылған «батыраштардың» күні келмеске кетті. Қазіргі өскелей толқын  Әукебаевтың кім болғанын, қандай шығармасы барын да білмейді. Біреуге ор қазғанның орыны қайда болатыны сізге мәлім.  Әукебаевтарды тудырған кесір кезең, зобалаң заман ендігі буынның бас ауруына айналмасын дейміз.  

 

О.Әбіл           

Байланысты жаналықтар

ОРАЛХАНДЫ ДА, ҚҰДАЙЫҢДЫ ДА ҰМЫТҚАН ЕКЕНСІҢ... яғни, Д.Исабековты тәубаға түсіру рәсімі

02.12.2022

М.Мағауиннің «Көк мұнар» романы туралы бірер сөз

12.08.2021

Мұхтар Мағауин. ТОҚАЙ-ТЕМІР

08.07.2021

МҰҚАҒАЛИ МАҚАТАЕВ

09.02.2020

Мұхтар Мағауиннің жастарға хаты

03.02.2020
MalimBlocks
ОРАЛХАНДЫ ДА, ҚҰДАЙЫҢДЫ ДА ҰМЫТҚАН ЕКЕНСІҢ... яғни, Д.Исабековты тәубаға түсіру рәсімі

Республика президентінің қолынан биік марапат алып, желі көтеріліп тұрған Д.Исабеков, мына біз сияқты пендесіне көңіл бөліп, «Мұхтар Мағауиннің бүкіл позициясы маған ұнамайды» деген түйінді тақырыппен сұхбат беріпті – Nege.kz, 10.ХІ.2022. Бір заманда таныған, білген, енді көзден таса, көңілден өшкен жазарманның, тәрізі, қырық-елу жыл бойы іште булыққан жүрекжарды толғамы. Жарыққа шыққан кезде біз тарихи-танымдық «Алтын Орда» кітабын дендеп, қажетті тынысқа Эрнест Хемингуэйдің ескі жұрты – жылы теңізге бет түзеген едік. Енді міне, екі аптадан асқанда қайрылып соғуға мүмкіндік таптық. Артықша қажеттіліктен емес, әлдебір әуесқой ағайындар дүддәмалда қалмасын деп.

М.Мағауиннің «Көк мұнар» романы туралы бірер сөз

Мұхтар Мағауин. ТОҚАЙ-ТЕМІР

Тарихи дәйектеме

МҰҚАҒАЛИ МАҚАТАЕВ

Мұхтар Мағауиннің жастарға хаты