Қарағандыдағы қазба байлықты шетел компаниялары анықтамақ
Бүгін үкімет отырысы өтіп жатыр. Онда қаралған мәселенің бірі: 2021-2025 жылдарға арналған геологиялық барлаудың мемлекеттік бағдарламасының тұжырымдамасы. Негізі елімізде жаңа кең орындарын ашу көзделіп отыр. Премьер-министр Асқар Мәмин бұл мәселені жеделдетіп қарап, осы жылда негізгі мемлекеттік бағдарламаны дайындауды тиісті министрлікке тапсырғанын, бұл Қазақстанның бұрынғы президенті Назарбаевтың тапсырмасы екенін де айтып кетті.
Былтыр жаңа кен орындарына байланысты тапсырманы Қ.Тоқаев та Атырау қаласында өткен мұнай-газ саласына байланысты кеңесте айтқан. Үкімет отырысында Мәмин «Назарбаев тапсырмасы» десе, министерлер «Президент тапсырмасы бойынша» деп сөйледі.
Осы уақытқа дейін қоры біткен шикізат базалары бар. Жақын арада тағы бірнеше моноқаланың қазба байлығы толықтай сарқылады екен.
«Моноқалалардағы тау-кен кәсіпорындарының шикізат базасының тұрақсыздығы, пайдалы қазба қорларының азаюы және «байырғы» кен орындарында өндіру көлемінің төмен деңгейге түсуі өзекті болып отыр. Мысалы, Қызылорда облысында жыл сайын мұнай өндірудің көлемі 1 млн тоннаға дейін азайып жатыр. Ақтөбе мен Маңғыстау облыстарында да осы жағдай болуы мүмкін. Соңғы он жылдықта Шығыс Қазақстандағы моноқалаларға жақын орналасқан – Шемонаиха, Юбилейно-Снегирихинское, Зыряновское ірі қорғасын-мырыш кен орындарының қоры түгелдей таусылып, жабылды. 2025-2040 жылдарға таман Орловское, Малеевское, Тишинское, Риддер-Сокольное сияқты кен орындарында да пайдалы қазба қорларының толықтай сарқылады», - деді Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев.
Жиында негізінен осы моноқалалар туралы сөз болды. Жаңа кен орындарын тапсақ, ол моноқала дамиды екен. Ал кені таусылған моноқала қайтпек? Үкіметтегілердің есінде болса, Қазақстан Республикасының үкіметі 2012 жылы «Моноқалаларды дамытудың 2012–2020 жылдарға арналған бағдарламасын» қабылдаған. Бағдарлама бойынша жиырма жеті моноқала болған. Министр Мырзағалиев пен Асқар Мәмин осы жағын да ұмытпаса екен. Өйткені ертеңгі күні сорлайтын - жұмысы жоқ халық.
Ал Жезқазған қаласынының айналасындағы 8 моноқалада зерттеу жүргізіп, жаңа кен таппақ. Барлауды жүргізіп жатқан түрік, неміс компаниялары. Ол туралы Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек айтты.
«Аймақта минералды шикізат базасын толықтыру мақсатында Жезқазған өңірін дамыту кешенді бағдарламасы аясында іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соңғы бірнеше жылдың ішінде 15 миллиард теңге геологияға жұмсалды. Оның 11 миллиарды «Қазақмыс» компаниясынан, 4 миллиарды республика бюджетінін шыққан. 2022 жылға дейін тағы 5 миллиард теңге осы салаға кетеді. Алайда бұл қаржы облыстағы ашылмаған кен орындарын табуға толық мүмкіндік бермейді. Сонымен қатар облыста ағылшын-австралиялық «Риатита» компаниясы, немістің «Омсфан» компаниясы және түріктің «Йылдырым Групп» холдингі барлау жұмыстарын жүргізіп жатыр», - деді облыс әкімі.
Жеңіс Қасымбектен кейін сөз алған Ахметжан Есімов: «Асқар Ұзақбайұлы, негізгі мәселені кеше министрмен талқыладық. Менің бір ұсынысым бар, жалпы коцепцияны қолдаймыз. Бірақ ұлттық операторды ойластыру керек», деді. Бұл барлау жұмыстарын қазақ компаниялары жүргізсе деген сөз болса керек.
Кен орындарын шетел компаниялары анықтағаны қаншалықты дұрыс? Естеріңізде болса, алашордалықтар кен-орындарын өзіміз зерттеп, оны қазақтар игілігіне пайдалану керек деген болатын. Оразалы Жандосов, Мерғали Қалдыбекұлы сияқты инжинерлер осындай ұлттық ұстанымдары үшін атылып кеткен болатын.
Ал қазір неге соншалықты шетелшіл болдық?