Тоқаевтың ұлықталуы. Назарбаевты көрсетпеу

Бүгін Астанада Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан президенті қызметіне ресми кірісу рәсімі мен ұлықтауы шарасы өтті. Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың президент ретінде екінші мәрте ұлықталуы.

Орал Кайрат

  • 26.11.2022
Қ.Тоқаев ант беріп тұр / 2019 жыл.

2019 жылғы және бүгінгі ұлықтаудағы өзгешелік пен айырмашылықтарды қысқаша шолып көрдік. Екі шараға да алыс-жақындағы шет мемлекеттердің президенттері, үкімет басшылары келген жоқ.

Екі ұлықтау да Тәуелсіздік сарайының үлкен залында өтті.  

2019 жылғы ұлықтауда тұңғыш президент Н.Назарбаев пен оның қызы Дариға Назарбаева алдыңғы қатарда отырған. Қ.Тоқаев ұлықтау шарасының соңында арнайы барып Н.Назарбаевтың қолын алған болатын.

2019 жылғы ұлықтау. Бүгінгі ұлықтауда Назарбаевтың Тоқаевты құттықтағанын көре алмадық.

Бүгінгі шарада Н. Назарбаев залда отырды. Алайда, әлеуметтік желіге тараған тікелей эфирді түсірген операторлар мен режиссерлар Назарбаевтың бейнесін толық кадрда көрсетпеді. Ал, Дариға Назарбаеваны мүлдем көре алмадық, соған қарағанда шақырылмаған сияқты.  

2019 жылғы ұлықтауда Қ.Тоқаевқа президент куәлігін Дариға Назарбаеваның құдасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев тапсырған болатын. Бұл жолы Назарбаевтармен туыстығы, құда-жекжаттығы жоқ Нұрлан Әбдіров тапсырды.

2019 жылғы ұлықтау. Бүгінгі ұлықтауда бұл суреттегі көп адам көрінген жоқ.

 

Назарбаев туралы сөз айтпау

Екі  ұлықтауда да Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауды әділ өтті деп бағалап, баршаға өз ризашылығы мен алғысын білдірді. Дегенмен, 2019 жылғы

сайлауда жеңіске жету құпиясын Н.Назарбаевтың стратегиясымен байланыстырған еді:

«Ақиқатын айтуымыз керек, бұл сайлауда біздің азаматтарымыз  Елбасының стратегиялық бағдарын қолдап дауыс берді! Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бүкіл әлем мойындаған даму моделін жасады. Қазақстанның көк туын дүние жүзінің түкпір-түкпірінде желбіретті. Осы күндері менің атыма азаматтарымыздан көптеген өтініш-тілектер келіп түсуде. Олардың бәріне ортақ бір ғана тілек бар: Елбасымыздың жолын, Стратегиясын сақтау және оны одан әрі нығайту. Шын мәнінде, халықтың Дәл осындай өтініш-тілек айтуы – заңды, орынды. Себебі, қазіргі дамыған Қазақстан – бұл, ең алдымен, Елбасының арқасы.

Елбасы – қазақ мемлекетінің негізін қалаушы ұлы тұлға. Ол жаһандық деңгейдегі мемлекет қайраткері. Әлем тарихына дәл осылай жазылды. Елбасының халқымыз үшін және әлем қауымдастығы үшін сіңірген орасан зор еңбегін Әрқашан құрметтеу – бәрімізге ортақ парыз».

Бүгінгі сөзінде Қ.Тоқаев Н.Назарбаев туралы бірде бір сөз айтпады. Есесіне, әл-Фарабидің, Мағжанның (Жұмабаев) сөздері мен халықтық мақалдарды мысалға алды. Ал сайлауда жүрегінің түкпірінен шыққан бағдарлама халыққа ұнағанын айтып өтті.

 «Біз әділетті мемлекет, әділетті экономика және әділетті қоғам құрамыз. Осы қағидаттар менің сайлау алдындағы тұғырнамамда нақты көрініс тапты. Мен оның әр сөзіне, әр сөйлеміне терең мән бердім. Сайлауалды бағдарламам – бұл ұзақ ой-толғау мен ізденістің нәтижесі. Тіпті, жүрегімнен шықты десем, артық айтқандық емес. Халықтың бастамаларға қолдау білдіріп, үлкен үміт күтіп отырғанын білемін. Тұғырнаманың әрбір тармағы толық орындалуға тиіс. Мен ол үшін барлық күш-жігерімді жұмсаймын. Осыған байланысты арнайы Жарлыққа қол қоямын. Бұл Жарлық нақты іс-шаралардың жүзеге асуын қамтамасыз етеді. Бағдарламаның мүлтіксіз орындалуын жеке бақылауыма аламын».

 

Сондай-ақ, өткенге әділдікпен қарап, одан тағылым алуға тоқталды.

«Ұлттың бостандық жолындағы табанды күресінің арқасында Қазақ елі Тәуелсіздігін алды. Егемен мемлекеттің құрылуына, оның іргесін бекіту жолында орасан зор еңбек сіңірген тарихи тұлғаларымызға әділ баға беруіміз керек. Табыстарды және олқылықтарды ажырататын бұл – уақыт және тарих. Уақыт – ең әділ қазы, ал тарих – бәріне таразы. Сондықтан, саяси науқаншылыққа жол бермеуіміз қажет», - деді президент бір сөзінде.

Бұрынғы ұлықтауында президент Қ.Тоқаев халықтың табысын арттыру, сыбайлас жемқорлықты жою, сот және құқық қорғау жүйесін реформалау, жаңа жұмыс орындарын ашу, халықты лайықты жалақымен қамту, тұрғын үй мәселесін шешу, әділетті әлеуметтік саясат, өңірлерді дамытудың жаңа бағдары, «Рухани жаңғыру» құндылықтары арттыру, сыртқы саясат және жастар саясатын яғни, қолға алу керек деген он бағытына айрықша тоқталған болатын.

Бүгінгі сөзінде атқарылуы тиіс жұмыстарды санамалап отырмады, бірақ, ауқымды өзгерістерге қатысты ойын алдағы уақытта жариялайтынын мәлімдеді. Дегенмен, алдағы бес жыл ішінде ауылды дамытуға қатысты жарлыққа қол қойғанын айтып өтті.

 

«Біз әділдікті қалпына келтіріп, елден заңсыз шығарылған барлық активті қайтаруға тиіспіз. Бұл үшін Үкімет заңсыз шығарылған капиталды қайтару үшін қажетті рәсімдерді реттейтін заң жобасын әзірлейді. Сонымен қатар заң жобасы әділетсіз баюға және активтерді заңсыз шығаруға ықпал ететін себептер мен шарттарды жоюға бағытталады. Қайтарылған барлық қаражат азаматтардың игілігіне жұмсалуға тиіс. Бұл қаржыны жоғары технологиялы өндіріс орындарын ашуға, мектептер мен ауруханалар салуға, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға пайдалану керек. Тиісті Жарлыққа бүгін қол қоямын. Жақын арада ауқатты кәсіпкерлер халықтың игілігі үшін өздерінің әлеуметтік жауапкершілігін жандандырады деп ойлаймын.

Мемлекеттік құрылыста біз «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын нақты ұстанамыз. Президент сайлауы биліктің барлық негізгі институтын дәйекті түрде жаңғырту үдерісін бастауға жол ашты.  Сайлау ауқымды электоралды циклдің бастапқы кезеңі болды»,-деді президент. 

 

Өткен ұлықтауындағы сөзіндегідей  бүгін де  Қасым-Жомарт Тоқаев жастар мәселесін назар аударды. 2019 жылы Назарбаев жариялаған Жастар жылына тоқталып, "мемлекет болашағы жастар!" десе, бүгінгі сөзінде ақын Мағжан сияқты өзі де жастарға сенетінін айтты.

«Мен біздің жастарымыздың ұшқыр және озық ойлы екенін мақтан етемін. Сол себепті, Мағжан ақынның «Мен жастарға сенемін» деген сөзін үнемі айтамын. Шын мәнінде, бәріміз жастарымызды қолдауымыз керек. Өйткені, өскелең ұрпақ қана елімізді жарқын болашаққа бастайды. Бірақ, жастар жетістікке жету үшін көп еңбектенуі керек. Жаңа білім алуға, тың тәжірибе жинауға ұмтылған жөн. Сонда жастарымыз өз кәсібінің хас шебері атанады. Әрдайым сұранысқа ие болады, қоғамда сыйлы болады. Міне, осылай өмір сүрген адам ешқашан, ештеңеден ұтылмайды».

Екі ұлықтауда сөйлеген сөздеріндегі ұқсастық әділетті қоғам орнатуға, әділетті экономика жасауға, әділдіктің үстемдігіне қатысты тұстарында үйлеседі. Ал, берген антқа адал болуы мен халық алдындағы парызына қатысты ойларында еш айырмашылық болмады.

 

Екі ұлықтаудың ортасында не өзгерді?

Сөз реті келіп тұрғанда Қасым-Жомарт Тоқаевтың екі мәрте ұлықталу мерзім аралығында елде не өзгеріс болғанын айта кетейік.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың  Қазақстан президенті қызметіне алғашқы рет ресми кірісу рәсімі 2019 жылғы 12 маусымда өтті. Ол сайлау да бұл сайлау секілді кезектен тыс өткен болатын. 2019 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев 70,90 пайыз дауыспен жеңіске жетіп, сайлауды «әділетті өтті» деп бағалады. Алайда, елдегі кейбір саяси белсенділер ол сайлаудың әділеттілігін мойындамады.

Тоқаев 2019 жылы президенттік қызметке кіріскелі елде және әлемде үлкен өзгерістер жүрді.


Мәселен, кезектен тыс сайлау өтпей жатып, Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен Астана қаласының атауы Нұр-Сұлтан, облыстардағы орталық көшелердің атауы Нұрсұлтан Назарбаев болып өзгерді.

2019 жылдың 24 маусымында Арыс қаласында әскери қойма жарылып, төрт адам қаза тауып, мыңдаған тұрғын көшірілді.

2000-жылы әлемде коронавирус пандемиясы басталып, Қазақстанға да зор ауыртпалығын салды.

2000 жылдың ақпанында Жамбыл облысындағы Қордай ауданында қазақтар мен дүнгендер арасында жанжалы шығып, оннан астам қаза тауып, 180-нен аса адам зардап шекті. Билік ұлтаралық деп мойындамаған бұл іс бойынша кейіннен 50-ден астам адам сотталды.

2000 жылдың мамыр айында Өзбекстандағы Сардоба су қоймасы жарылып, шекара шетіндегі Мақтаарал ауданындағы мыңға жуық үйді су басып қалып, төтенше жағдай жарияланды.

2021 жылдың басында парламент сайлауы өтіп, билік партиялары парламенттегі орынды талас-тартыссыз бөліп алды.

Жыл ортасында елдің бірқатар аймақтарында қуаңшылық орын алып, екі сиырға қарап қалған қарапайым тұрғындар қатты қиналды. Ал жыл соңында әр жерде әлеуметтік наразылықтар, еңбек ақының өсуін талап етушілер көбейе бастады.   

2022 жыл Қаңтар қырғынымен басталды. Бейбіт наразылық дүрбелең мен қырғынға ұласып, 232 адам қаза тапты. Қаңтар қырғынынан кейін Назарбаевтың жақындары мен біраз жақтастары қызметтен қуылды. Немере інісі Қайрат Сатыбалды және оның әйелі тергеуге алынды.

2022 жылдың ақпан айында Ресей Украинаға соғыс ашып,  геосаясат ырғағын өзгертіп жіберді.

2022 жылдың ортасында елде Конституцияны өзгерту референдумы өтіп, Нұр-Сұлтан қаласының атауы Астанаға қайтадан ауысты. Тұңғыш президентке қатысты заңдарды өзгерту қолға алынды.


Көп ұзамай, президент кезектен тыс сайлау жариялап, президенттік мерзімді бір реттік 7 жылға өзгертті. Лайықты бәсекелес шықпаған кезектен тыс сайлауда жеңіске жетті.

Бұл сайлау науқанында Н.Назарбаев тып-тыныш жатты. 2019 жылғы сайлаудағыдай Қасым-Жомарт Тоқаевқа дауыс беруге елді үгіттемеді. Қарсы да шықпады. Бірақ, дауыс беруге барды. Сол кезде журналистердің сұрақтарына жауап берген Н. Назарбаев мәңгілік көмекшісі Кәрім Мәсімовтің сатқын болып шығатынын Иса пайғамбардай білмегенін айтып өтті. Немере інісі Қайрат Сатыбалдыға қатысты қойылған сұраққа «Қаңтарды кім ұйымдастырғанын білу маған да қызық. Тергеу нәтижесін күтіп отырмын» деп қысқа қайырды.

Кейбір сарапшылар Қаңтар қырғынынан кейін бұрынғы президент пен қазіргі президенттің қарым-қатынасы алшақтады, бірақ, ол ат құйрығын біржола кесісіп кететіндей қырқыс емес дейді.

 

Байланысты жаналықтар

Қасым-Жомарт Тоқаев Сербия президентімен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді

19.11.2024

Сербия сарайында президент Қасым-Жомарт Тоқаевты ресми қарсы алу рәсімі өтті

19.11.2024

Қарин: Еліміздегі жан-жақты реформалар жалғасын табады

15.11.2024

Тоқаев еміме көп ақша берді - Жүрсін Ерман

13.11.2024

Тоқаев бірнеше елдің президентімен кездесті

12.11.2024

Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік климат саммитіне қатысу үшін Баку олимпиадалық стадионына барды

12.11.2024
MalimBlocks
Қасым-Жомарт Тоқаев Сербия президентімен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді

Сербия сарайында президент Қасым-Жомарт Тоқаевты ресми қарсы алу рәсімі өтті

Қарин: Еліміздегі жан-жақты реформалар жалғасын табады

Тоқаев еміме көп ақша берді - Жүрсін Ерман

Ақынның Швейцарияға баруына мемлекет басшысы көмектескен

Тоқаев бірнеше елдің президентімен кездесті

Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік климат саммитіне қатысу үшін Баку олимпиадалық стадионына барды

Президент СOP29 саммитінің пленарлық сессиясында ең бірінші болып сөз сөйлейді