freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Ақтөбеде сарбаз өліміне қатысты іс бойынша үкім шықты

Қоғам
Ақтөбеде сарбаз өліміне қатысты іс бойынша үкім шықты
Фото: © istockphoto.com

Ақтөбеде мерзімді әскери қызметтегі сарбаздың қаза болуына қатысты іс қаралып, шекара бөлімшесінің бастығына үкім шықты. Сот оны салғырттық танытқаны үшін кінәлі деп танып, 2 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Malim.kz «Диапазонға» сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға өткен жылдың қазан айында Маңғыстау облысындағы «Үстірт» шекара бекетінде болған. Сот дерегінше, бөлімше бастығы дизельді агрегаттың ақаулы екенін біле тұра, екі әскери қызметшіге жабдықты тазалау жұмыстарын ауызша тапсырған.

Сарбаздардың бірі – Еркебұлан Сағындық жанар-жағармай қоймасына барып, бензин алмақ болған. Ол цистернаға көтеріліп, қақпағын ашып, канистрге жанармай құя бастаған. Сол сәтте улы буға уланып, есінен танып қалған. Жас сарбаз 20 минуттан астам уақыт көмексіз жатқан. Оны аман алып қалу мүмкін болмады – ол есін жимастан көз жұмды.

Тергеу барысында жұмыстардың түнгі уақытта, жарықсыз және қажетті құрал-жабдықтарсыз жүргізілгені анықталды. Сонымен қатар, әскери қызметшілерге қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқаулық өткізілмеген.

Айыпталушы сотта кінәсін толық мойындап, болған жағдайға жауапкершілікті сезінетінін айтты. Оның сөзінше, ол зардап шеккен сарбазға көмектесуге тырысқан және санитарлық авиация шақырған, алайда бұл шаралар нәтиже бермеген.

Сот отырысында қаза тапқан сарбаздың анасы сөз сөйлеп, ұлының өмірі мен армандары туралы айтып берді. Оның айтуынша, Еркебұлан медициналық колледжді фельдшер мамандығы бойынша тәмамдап, спортпен айналысқан, белсенді жас болған. Ол 2025 жылдың наурызында әскерге шақырылып, оқу курсынан кейін Маңғыстау облысындағы шекара бекетіне жіберілген.

Анасы ұлын жоғалтқанына қарамастан, соттан айыпталушыға қатаң жаза тағайындамауды сұрады. Ол айыпталушының отбасы көңіл айтып, көмек көрсеткенін атап өтті.

Сот 26 жастағы шекара бөлімшесінің бастығын кінәлі деп танып, 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Жаза ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде өтеледі. Сонымен қатар, ол марқұмның анасына моральдық шығын ретінде 10 миллион теңге төлеуге міндеттелді.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу