Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанның жаңа Конституциясы жобасын халыққа түсіндіру бойынша кеңес өткізді. Жиынға Үкімет мүшелері мен өңір әкімдері қатысты, - деп хабарлайды Malim.kz.
Премьер-министр барлық деңгейдегі министрліктер мен әкімдіктерге жаңа Конституция жобасын халыққа жан-жақты түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Жалған әрі бұрмаланған ақпараттармен күресуге баса назар аударылды. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде шындыққа жанаспайтын арандатушылық сипаттағы жарияланымдар тіркелуде. Ішкі істер министрлігіне "Заң мен тәртіп" қағидатына сәйкес, жалған мәліметтерді таратқаны үшін қатаң құқықтық әрекет және жауапкершілікке тартуды қамтамасыз ету тапсырылды.
Үйлестіру премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға жүктелді.
Жаңа Конституция жобасы
31 қаңтарда Қазақстанның жаңа Конституциясының жобалық мәтіні жарияланды. Бұдан бір күн бұрын жаңа Конституция жобасын Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов таныстырған еді. Нұрмұхановтың айтуынша, жаңа Конституцияның алғашқы жобасы кіріспеден (преамбуладан), 11 бөлімнен және 95 баптан тұрады.