Орта білім: “Жайлы мектептен” “Келешек мектептеріне” дейін
IMAGE: ©www.gov.kz / Маңғыстау облысының әкімдігі
Орта білім алдыңғы толқын үшін әлдебір классикалық ұғым болған. Мысалы, мектепте география пәні бойынша алған мағлұматтар 10, тіпті 20 жылдан кейін де жарай беретін. Бірақ ғасыр басындағы ғаламат компьютеризация мен интернет байланыс білім берудің, жалпы, “білімді адам” деген ұғымның мазмұнын өзгертіп жіберді. Мысалы, кез келген айти компанияда сіздің білетініңізден гөрі – интернеттен тез біліп алу қабілетіңіз маңызды.
Бұл жерде “Қасым ханның қасқа жолы ма, Есім ханның ескі жолы ма?” деп, таңдайтын жөні жоқ. Қазақстан Республикасында - өз азаматтарына орта білім беріп, Конституциялық құқығын қамтамасыз етудің барлық нормативтік құжаттары бекітіліп қойған. Оқу бағдарламалары мен мамандандыру мәселелері де жолға қойылған.
Тек, соңғы жылдары міндетті орта білім берудегі ушығып тұрған мәселе – мектептерде орын жетпеуі болатын. Үш ауысымдық оқу, “1 я” сыныбы” сияқты келеңсіздіктер жүйелік проблемаға айналған еді. Қазір, бұл орайда қалыптасқан ахуалды мемлекет өзгерте алды деп қорытындылауға болады.
Біріншіден, “Жайлы мектеп” бағдарламасының жалғасы іспеттес “Келешек мектептері” концепциялық тұрғыдан бөлек бағдарлама. Ол ескі стандарттағы мектептерді заман талабына сай жабдықталған сыныптар мен басқа да техникалық бөлмелер үшін өзгертуден гөрі, жаңа мектептер салуға бағытталған. Егер, “Жайлы мектеп” бағдарламасы – бар мектептерді кеңейту, қайта жарақтауға көбірек басымдық берсе, “Келешек” мектептері – о бастан заман талабына сай жоспарланған жаңа мектептер салуды көздейді.
Екіншіден, “Жайлы мектеп” ұлттық пилоттық бағдарламасы қабылданған 2022 жылдан бері өткен небәрі 3 жылда әлемнің кейпі өзгерді. Өнеркәсіп пен тұрмыстың мейлінше роботизациясы, жасанды интеллект, бизнестің білім ошақтарына кадр шеберханасы ретінде қарауы – осының бәрі бұрынғы қосымша, көмекші сабақ ретінде қаралып келген тақырыптық пәндерді алдыңғы орынға шығарып отыр. Мысалы, робототехника – физика пәнінің бір көрінісі, салдары ретіндегі саладан, қазір - маман үшін өмірлік маңызы бар салаға айналып отыр. Ал мұндай пәндер бір ғана кабинетті жабдықтау арқылы шешілмейді, мектептің бүкіл инфрақұрылымына әсер етеді.
Бұған қоса, шартты түрде “зумер” (2000-2011 жылдар аралығында туған) деп аталып кеткен толқынның образдары басқа. Олар ұдайы әлемдік стандарттарға ұмтылады: себебі, фильмдерден бастап, күнделікті өмірге дейін смарт-шешімдерді уағыздап жатыр. Ондай ұрпаққа күткеніндей сәйкесінше жағдай жасамау тек қиянат емес, мемлекеттің болашақ әлеуетін аяғынан шалатын әрекет болар еді.
Былтыр, мемлекет басшысының осы бастамасы бойынша 460 мың оқушы орны пайдалануға берілді. Биыл жыл аяғына дейін 206 мың оқушы орны тапсырылады деп күтіледі. Айтылғандай, бұл мектептерде хореография залдары, STEM-зертханалар, робототехника кабинеттері, коворкинг аймақтары мен бірнеше спорт залдары бар. Бұларға қоса, жаңа мектептердің көлемі бұрынғы үлгідегі мектептерден 15-20 пайызға үлкен.