Қатонқарағайда орманшылар мен кәсіпкерлер ағылшын тілін үйреніп жатыр
Қатонқарағай ауданында жергілікті тұрғындар, орманшылар мен кәсіпкерлер шетелдік туристермен еркін тілдесу үшін ағылшын тілін үйрене бастады. Бұл жоба Ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту қоры мен Kazakh Tourism компаниясының серіктестігі негізінде дайындалған Қатонқарағай ауданындағы туризмді тұрақты дамыту жөніндегі Мастер-жоспардың бір бөлігі ретінде жүзеге асып жатыр.
Курстарға ұлттық парк инспекторлары, қонақүй иелері мен жас гидтер қатысады. Оларды екі шетелдік маман – филиппиндік Майкл Секарро Напал және ганалық Ебенезер Йебоа Овусу оқытып жатыр. Сабақтардың мақсаты – туризм саласында қызмет көрсететін тұрғындарға базалық сөйлеу дағдыларын үйрету және өңірдің экожүйесі мен мәдени ерекшеліктерін ағылшын тілінде таныстыру мүмкіндігін арттыру.
Қатонқарағай соңғы жылдары Қазақстандағы танымал экотуристік бағыттардың біріне айналды. Аудан аумағында туристерге арналған инфрақұрылым дамып келеді, жаңа әуежай құрылысы жүріп жатыр.
Ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту қорының атқарушы директоры Олжас Шарипбековтыңайтуынша, ағылшын тілін оқыту бағдарламасы – өңірде тұрақты туризмді дамыту стратегиясының бір бөлігі.
«Инспекторларға ағылшын тілін үйрету мен мектептермен жұмыс істеу – бұл біз тұрғындар мен серіктестермен бірге жүзеге асырып жатқан кешенді жобамыздың жалғасы», – деді ол.
Шетелдік ұстаздар Қатонқарағайға «Ауыл балаларына арналған ағылшын тілі» жобасы аясында келді. Жоба Сейітқамзы Ластаев атындағы мектепте Серік Толықпаевтың бастамасымен және Білімді тұрақты дамыту қорының қолдауымен жүзеге асып жатыр. Мұғалімдер халықаралық CLIL әдістемесін меңгеріп, CEFR стандартына сай оқыту жүйесін енгізуде.
Болашақта мектеп базасында тілдік орта қалыптастыру үшін дебат клубтары, театр үйірмелері, ғылыми жобалар мен жазғы лагерьлер ұйымдастыру жоспарланған.
Жоба нәтижесінде аудан тұрғындары шетелдік қонақтармен еркін сөйлесіп, қызмет сапасын арттырып, туризм арқылы жергілікті экономиканы дамытуға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, бастама өңірдің табиғи және мәдени мұрасын сақтау ісіне де үлес қоспақ.
Фото: Kazakh Tourism