Студенттер телеарна мен театр саласын меңгеріп жатыр

2007 жылы СәрсенАманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Журналистика» мамандығында оқитын студенттер үшін телерадио зертхана ашылды. Онда студенттер түрлі радиохабарларын эфирге шығарып, телехабарлар түсіреді. Зертханадағы радиодан студенттердің қалауы бойынша аптасына бір рет «Жаңалықтар топтамасы», «Поэзия әлемі», «Ақ тілек» құттықтау-сазды бағдарламасы, «Жас дарын», «Ұлылар ұлағаты» сияқты авторлық бағдарламалар шығарылды.
Сондай-ақ «Жас журналист» үйірмесінің теледидар бағытында «Сіз білесіз бе?» теле ток-думанын шығару жоспарланған. Бұл ток-думан болашақ мамандардың практик журналистердің тәжірибелерінен сабақ алуына себепші болып отыр. Бұған қоса студенттер факультет өміріндегі түрлі мәдени іс-шараларды түсіріп, монтаждау үрдісін меңгеруде.
Одан бөлек ғылыми-танымдық, ағартушылық бағыттағы «Селт еткізер» атты авторлық бағдарламасы шығарылды. Бағдарламаға елімізге белгілі, айтары, көрген, білгені бар, берер тәрбиесі мол аға буын өкілдері, мамандар, әр түрлі сала қызметкерлері мен жастар келіп қатысып жатады.
Профессор-оқытушылық құрамның еңбегінің бағасын республикалық пән сайысының нәтижелерінен көруге болады. Мәселен, мамандық студенттері республикалық пән олимпиадасында әр жылдары жүлделі 1, 2, 3 орын, Үздік жазба, Үздік теориялық білімнің иегері, Үздік сюжет, Үздік газет дизайны номинацияларын иеленіп келеді.
- Университетте «Журналистика» мамандығының қазақ бөлімі ашылғаннан кейін екінші түлектерден бастап сабақ беріп келемін. Осы жылдар аралығында бірқатар шәкірттерімізге жолдама беріп үлгердік. Соның ішінде республикалық деңгейде танымал болып жүрген Айнұр Омарова, Ержан Жаубай, Азат Смагулов, Назерке Ахметова, Серік Әбілханов сияқты журналистерді ерекше атап өткім келеді. Біз төртінші рет ұйымдастырылғаннан бастап республикалық пәндік олимпиадаға қатысып жүрміз. Осы олимпиадаларда біз Ұлттық университеттерден кейін жүлделі орындарды алдық, түрлі номиацияларға ие болдық. Соның ішінде теориялық білім жағынан ең жоғарғы нәтижені көрсеткен студенттеріміз болды, - дейді оқытушы Әсел Берікболова.
Студенттерге сапалы бiлiм берумен қоса, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысу да қарастырылған. Ғылыми жұмыстар факультет және университет, республикалық деңгейде орындалады. Ізденушілер ғылыми-практикалық конференциялардың өтуiне белсендi араласып отырады. Үздік жұмыстар конференция жинақтарында басылып, республикалық сайыстарға жолдама алып жүр.
«Жас журналист» үйірмесінің жоспарына сай, театрландырылған сахна қойылымдары қойылуда. Студенттер сан алуан образдарды шеберлікпен сомдап, театр қойылымын даярлаудағы сценарий, режиссура, декорация, актерлік шеберліктің негізін меңгеруге қол жеткізуде. Мамандық студенттері ең алғаш 2008 жылы Жамбыл театрында марқұм Рүстем Есдәулеттің қолдауымен «Алаш» қозғалысының 90 жылдығына орай, С. Торайғыровтың «Қамар сұлу» трагедиясын қоюдан бастаған болатын. Бұл дәстүр бүгінгі күнге дейін жалғасын тауып келеді.
- Осы бағыттың тағы бір жетістігі - танымал публицистердің әдеби-сазды шығармашылық кештерін облыс көлемінде өткізу. Мәселен, 2013 ж бастап Фариза Оңғарсынова, Қалиқан Ысқақов, Әлібек Қаңтарбаев, Дидахмет Әшімханов, Айтұхамбет Қасымов сынды публицистердің шығармашылық кештері үйірме мүшелерінің күшімен жоғары деңгейде өтті. Сондай-ақ, жас ақындардың таңдалған туындыларына бейне баяндар түсіру қолға алынып отыр. С. Аманжоловтың шығармашылығынан сыр шертетін «Сегіз қырлы, бір сырлы» атты бейнеролик те үйірме мүшелерінің ізденісінен туған, - дейді студенттердің шығармашылық бастамаларына қолдау көрсетіп жүрген Әсел Беріболова.
Поэзия бағыты бойынша түрлі тақырыптағы қалалық және Шабыт республикалық ақындардың жыр мүшәйрасына, түрлі деңгейдегі жыр додаларына қатысады жыр жинақтарында үйірме мүшелерінің өлеңдері басылып шықты. Талантты жас дарындар Республика жұртшылығына танылып, түрлі деңгейдегі марапттарға ие болды.
- Ғаламтор мүмкіндігі тұтынушыға бір сайттан мәтін оқып, видео көріп, аудиосын тыңдап, суреттері арқылы ақпарат алумен қатар, оны әрі қарай дамытуға да мүмкіндік беріп отыр. Бұл жаңа медиа технологияның мүмкіндігінен біз де құр алақан емеспіз. 2011 жылдың мамыр айында Zhaszhurnalist.wordpress.com патформасында үйірменің ұжымдық блогы құрылды. Осылайша болашақ журналистер азаматтық журналистиканың дамуына өз үлестерін қосуда. Түрлі тақырыпта фотосессия ұйымдастыру да фотожурналистиканы меңгеруге негіз болып отыр. Бұл фотоаппаратпен жұмыс, бақылау әдісін, фотомонтаж бағдарламасын меңгеруге септігін тигізеді. «Киелі Алтай» фотоблогтурына мамандық студенттері де ат салысты, - дейді Гүлмира Бекбосынова.
2018 жылы университет ректоры Төлеген Мұхтар Әділбекұлының қолдауымен «Алтай жастары» атты оқыту телерадио кешені ашылды. Студия заманауи үлгідегі техникалық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Аталған студияда қала, облыс, республика көлемінде танымал тұлғалар, қоғам, мәдениет қайраткерлері, журналистер, ғалымдармен «Ашық сұқбат», «арнайы репортаж» хабарлары жүргізіледі. Мамандықтың ютуб каналында бұл сұхбаттар шартарапқа таралып жатыр.
- Профессор-оқытушылық құрам өз шәкірттерін мәтін жазу, дыбыс жазу, экран тілінің элементтерімен жұмыс жүргізуге, әр затты қолмен ұстап, көзбен көре отырып жұмыс жүргізуге тәрбиелеп қана қоймай, облыстық «Дидар» газеті, «Алтай» телеарнасы, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің, Евний Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің «Журналистика» факультетімен, Алматы қаласындағы «MediaNet» халықаралық журналистика орталығы, журналистердің сөз бостандығын қорғаудағы «Әділ сөз» қоғамдық қорымен, «Minber» журналистерді қолдау қорымен, Фотоөнер қоғамының Шығыстағы филиалы «Шығыс фотоөнерімен» шығармашылық байланысты ұстанады. Алыс, жақын шетелдерден келген Эрик Фридман, Киприс Можейко сынды профессорлардың тағылымды дәрістерін алуда, - дейді Әсел Беріболова.
Фото: университет архивінен