Үкімет жаңа оқу жылына дайындық мәселесін пысықтайды

Бүгін сағат 10:00-де Үкімет үйінде Үкімет отырысы өтеді. Күн тәртібіне жаңа оқу жылының басталуына дайындық мәселесі шығарылып отыр.
Отырыс қорытындысы бойынша өтетін баспасөз конференциясында:
- Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев,
- Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек БАҚ өкілдері тарапынан туындайтын сауалдарға жауап береді.
Айта кетейік, 2025–2026 оқу жылында шамамен 300 мың оқушы орнына арналған 200-ден астам жаңа мектеп ашу жоспарланған. Оның ішінде 206 мың орындық 112 мектеп «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынады. Жобаларды іске асыру нәтижесінде 15 апатты мектеп жойылып, үш ауысымды оқыту тоқтатылады, шамамен 150 мың орын тапшылығы қысқарады, сондай-ақ ауыл мектептеріндегі оқу жағдайы қалалық стандарттарға жақындайды.
Сонымен қатар 245 мектепте ауқымды жаңғырту жұмыстары басталды. Бұл жұмыстарға шатырды ауыстыру, қасбеттер мен терезелерді жаңарту, инженерлік желілерге күрделі жөндеу жүргізу, мектеп ауласын абаттандыру және көгалдандыру кіреді.
Қосымша 1000 ауылдық мектепте жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Кітапханалар, асханалар, қауіпсіздік жүйелері жаңғыртылып, жиһаздар жаңартылуда. Химия, физика, биология, робототехника және STEM бағыттары бойынша 1000 заманауи пән кабинеті сатып алынды.
Жаңа оқу жылының қарсаңында елімізде «Жалпыға бірдей білім беру» қоры аясында оқушыларды мектепке дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл 500 мыңнан астам балаға қолдау көрсетілмек. Қор дәстүрлі түрде жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға, аз қамтылған және атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасы балаларына көмек береді. Сонымен қатар, өмірлік қиын жағдайға тап болған балалар да назардан тыс қалмайды.
Көмек ата-аналардың есепшоттарына аударылады, бұл оларға мектеп формасын, аяқ киім және кеңсе тауарларын өздігінен таңдауға мүмкіндік береді. 2025 жылы бір балаға берілетін ең төменгі сома көлемі — 46 228 теңге.
Естеріңізге сала кетсек, 5 тамызда өткен Үкімет отырысында сауда саласын цифрлық трансформациялау барысы мен даму болашағы және ана мен бала өлімін азайту бағытында қабылданып жатқан шаралар талқыға түскен еді.
Бірінші мәселе бойынша баяндама жасаған Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев отандық тауарлар саудасын ілгерілету мақсатында ұлттық тауарлар каталогі және электрондық тауарлар каталогі құрылатынын айтты.
- «Сауданың цифрлық айна» моделі өндірушіден тұтынушыға дейінгі тауар қозғалысының толық цифрландырды. Бұл модель тауардың код беру мен әкелуден бастап дүкендегі сатылым мен тұтынушыға жеткізілуіне дейінгі барлық кезеңді тіркеп отырады. Осылайша біз тауардың тұтас циклін қамтитын толық цифрлық экожүйені құрамыз, - деді ол.
Сондай-ақ министр пилоттық жоба аясында атаулы әлеуметтік көмек алушыларға азық-түлік ваучері берілетінін, жаңа сату және сауда жасау платформасы іске қосылатынын айтқан болатын.
Көтерілген мәселені қорытындылаған Премьер-министр Олжас Бектенов орталық және жергілікті атқарушы органдарға мынадай тапсырмалар берді:
1. Сауда, Қаржы министрліктері мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы жылдың 1 қазанына қарай тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің жалпы жіктеуіші жүйесінде тауарлық топтарды бөлуді аяқтауы тиіс.
2. Ведомстволық ақпараттық жүйелердің Тауарлардың ұлттық каталогімен сапалы интеграциясын қамтамасыз ету үшін нормативтік құқықтық актілерге талдау жүргізіп, оларды жаңарту қажет. Осыған байланысты Қаржы министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, тиісті жұмыс жүргізуі керек.
3. Әлеуметтік маңызы бар тауарларға белгіленетін сауда үстемелерін бақылауды күшейту мақсатында Сауда министрлігі осы жылдың 1 қазанына дейін Көкшетау және Павлодар қалаларында цифрлық азық-түлік ваучерлерінің пилоттық жобасын іске қосуы қажет.
Ал отырыстың күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша сөз алған Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова елімізде 2030 жылға дейін ана мен бала денсаулығын сақтау қызметін дамыту жоспары бекітілгенін, ана мен бала денсаулығы бойынша Орнықты даму мақсаттарының индикаторларына қол жеткізілгенін айтты.
– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен ЮНИСЕФ-тің перинаталдық көмекті өңірлендіру және ана қауіпсіздігі қағидаттарының тиімді технологиялары бойынша ұсынымдарын енгізу арқылы 2024 жылы ана өлімінің көрсеткіші 12%-ға, нәресте өлімінің көрсеткіші 11%-ға төмендеген. Ал биылғы 6 айда ана өлімінің көрсеткіші 10%-ға, нәресте өлімі көрсеткіші 26%-ға төмендеді, – деді министр.
Осы орайда Үкімет басшысы Олжас Бектенов биылғы 1 қарашаға дейін заманауи перинаталдық орталықтардың құрылысына қатысты барлық қажетті құжаттаманы дайындауды аяқтап, Шымкент пен Қарағандыда осындай орталықтардың құрылысын бастау қажеттігін айтты.
- Әйелдерді жүктілікке дайындауға, ауруларды уақтылы диагностикалау мен сауықтыруға бағытталған «Аналар саулығы» бағдарламасын сапалы әрі барлық өңірде толыққанды іске асыру керек. Елдің орталығынан ең шалғайдағы ауылдарға дейін барлық тұрғындардың сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек алуын қамтамасыз ету қажет. Аталған жұмыстардың барлығында орталық және жергілікті деңгейдегі мемлекеттік органдардың іс-қимылын үйлестірген жөн, - деді Премьер-Министр.
Мұнан бөлек, Олжас Бектенов Денсаулық сақтау министрлігі мен облыс әкімдіктеріне мынадай тапсырмалар берді:
Денсаулық сақтау министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, қолданыстағы және жаңадан іске қосылатын денсаулық сақтау объектілерін медициналық мамандармен жасақтау жөнінде түбегейлі шаралар қабылдауы керек;
- жыл сайын кадр тапшылығын азайту қажет. Бұл көрсеткіш Денсаулық сақтауды дамытудың 2030 жылға дейінгі жаңа тұжырымдамасында көрініс табуы тиіс.
- өңір әкімдіктері босандыру және балалар ұйымдарының инфрақұрылымын жақсарту, сондай-ақ материалдық-техникалық базасын нығайту жөнінде нақты шаралар қабылдауы қажет. Барлық өңірде ауылдық жерлерге жұмыс істеуге келетін жас дәрігерлерге көтерме қаражаттың бөлінуін қамтамасыз ету маңызды.
- Денсаулық сақтау министрлігі, ұлттық ғылыми орталықтар диагностика мен емдеу сапасын жақсарту үшін өңірлік медициналық ұйымдарға жаңа технологиялар трансфертін тұрақты негізде қамтамасыз етуге тиіс.
Үкімет отырысының тікелей таратылымы PrimeMinister.kz сайтында, YouTube ресми арнасында, Facebook әлеуметтік желісінде, сондай-ақ UKIMET Telegram-каналында көрсетіледі. Ал баспасөз конференциясының тікелей таратылымы YouTube ресми арнасында және Facebook әлеуметтік желісінде жүреді.
Фото: Kazinform

Ең көп оқылған
