Нобель сыйлығы - 2025. Химия саласындағы жеңімпаздар анықталды

2025 жылғы химия саласындағы Нобель сыйлығын металлорганикалық қосылыстар бойынша үш ғалым иеленді, деп хабарлайды Malim.kz DW-ге сілтеме жасап.
Жеңімпаздар — Киото университетінің профессоры, координациялық химия саласының маманы Сусуму Китагава, Мельбурн университетінің профессоры, австралиялық химик Ричард Робсон және Калифорния университетінің (Беркли) профессоры, иорданиялық тегі бар америкалық химик Омар Яги.
Олар «металл-органикалық қаңқалық құрылымдарды жасау» жөніндегі еңбектері үшін марапатталды.
Премия сайтындағы баспасөз хабарламасында:
«2025 жылғы химия саласындағы Нобель сыйлығының лауреаттары газдар мен басқа химиялық заттардың өтуіне мүмкіндік беретін кеңістігі бар молекулалық құрылымдар жасады. Бұл металл-органикалық қаңқалар шөлде ауадан су жинауға, көмірқышқыл газын ұстауға, улы газдарды сақтауға немесе химиялық реакцияларды катализдеуге қолданылады», – делінген.
Айта кетейік, Ричард Робсон бұл бағыттағы зерттеулерін 1989 жылдан бері жүргізіп келеді және ішкі қуыстары бар, реттелген көлемді кристалдарға ұқсайтын алғашқы молекулалық құрылымдарды жасап шығарған. Ал Сусуму Китагава мен Омар Яги бұл құрылымдардың тұрақтылығы мен икемділігін қамтамасыз еткен.
«Металл-органикалық қаңқалар орасан зор әлеуетке ие, жаңа қасиеттері бар жеке материалдар жасауға бұрын болмаған мүмкіндіктер ашады», — деді Нобель комитетінің химия саласы бойынша төрағасы Хайнер Линке.
Фото: Nobel Prize Outreach/dpa/picture alliance