Аймақтарда наурыз қалай тойланып жатыр?
Әз Наурызды еліміздің әр аймағы дүркіретіп тойлап, алғаусыз көңіл күймен кең ауқымда атап өтуде. Арқа жұрты, қарағандылық халық ұлыстың ұлы күнінің мән-маңызын терең сезініп, мейрамда жас буынның бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп жатыр. Бұл күні Кеншілер сарайын бетке алғандар ұста Жомарт Мәліктің шеберлік сағатына қатысты. Қолөнерге қызыққан ұл-қыздар шебердің айналасына топтасып алған.
«Кеншілер сарайында ұйымдастырылып жатқан шеберлік сабағын екі кезең,екі топ бойынша өткізіп жатырмын. Әрбір кезеңде 30-40 балаға төл өнерімізді кеңірек таныстырамын. Ұлттық қолөнерге деген жастарымыздың қызығушылығы айрықша. Бұл шебрлік сыныбымда қазақтың сазды аспап түрлеріне тоқталғым келді. Соның ішінде домбыра мен қобыздың пішінін қыл арамен ойып шығуды көрсеттім. Оқушылар шараға белсене қатысып әрқайсысы қолынан келгенше үйренуге тырысып бағуда»,-дейді қолөнер шебері, ұста Жомарт Мәлік.
Ал Әзімбековтер әулетіндегі салтанат Кеншілер сарайынан бір мысқал да кем емес. Бұл шаңырақ жылда күн мен түннің теңелген шағын мәре-сәре болып қарсы алады. Шат шадыман Балалар ұлттық ойындар ойнап, жігіттер күш сынасуға кіріскен. Әйелдер жағы болса, аспаздық өнерден сайысқа түсіп жатқандай.
«Өзім осы іргелі әулеттің келінімін. Бұл бізге тәрбиелік тұрғыдан өте пайдалы. Мен осындай ғибратты шаңыраққа келін болып түскенімді өмірімнің маңызды бір белесі санаймын және де осы дәстүрді біз ары қарай өз балаларымызға сабақ, тәрбие ретінде жалғастыруымыз керек. Бұл біздің парызымыз»,- дейді қала тұрғыны Айгүл Әзімбекова.
Бұл күні Қарағанды қаласында республиканың үздік дизайнерлері бас қосты. «Nauryz – fashion» этно-заманауи киімдер фестивалінде танымал топтамалар талғампаз көрерменнің назарына ұсынылды.
Ал Шымкентте тазылар көрмесінің көрігі қызып жатыр. Шараға «Желтабан» атты күшігімен 9 жасар Санжар да келген. Ол мұндағы ең жас қатысушы. Тазы баптауды 50 жылдан бері ит ұстап, тазы жүгіртіп жүрген атасы үйретіпті.
Санжар Дүйсенәлиевтің айтуынша, ол 7 жасынан құмай тазы баптап жүр. Желтабан атты жүйрік итімен талай мәрте қоян, түлкі алған. Алғыр тазы көрмеде ұшқырлығымен дараланып, бірнші орында қанжығасына байлапты.
Оңтүстік өңір халқы құмай тазыны жүгіртіп жатса, шығыста «Наурыз Jastar fest» жастар фестивалі шымылдығын түрді. Әз-Наурызға орай ұлттық өнер дәріптеліп, ойындар ойнатылды. Ән шырқап, би билеген жастар көпке мерекелік көңіл-күй сыйлай білді. Киіз үйлер тігіліп, алтыбақан құрылды. Ақ жарма тілектер айтылып,домбыра үні күмбірледі. Биыл екінші рет ұйымдастырылып отырған шараның ауқымы кеңейе түскен. Ән, би және домбырашылар сайысы, «Үздік образ» байқауы мен асық ату, арқан тартыс, қой көтеру, қол күресі сынды спорт түрлерінен жарыстар өтті. Сондай-ақ фестиваль қонақтары алаңқайда тігілген ақшаңқан киіз үйлерге бас сұғып, ұлттық тағамдардан дәм татты. Жиылған жұрт сонымен қатар көне карталар көрмесіне қатысып, мол мағлұмат алды.
Күнмен түн теңелген шаттыққа толы мейрам Маңғыстау облысында бір апта бұрын басталып кеткен. Аймаққа аты мәлім,өнер жанашыры Әнуар Шайқымов ұлттық ойын ләңгіні насихаттап жүр. Жеке цех ашып, бүгінге дейін 20 мың ләңгі жасап шығарған. Отандық өнімді елімізден бөлек, Ресей, Өзбекстан, қырғызстан мемлекеттеріне экспорттайды.
«Біздің ләңгілеріміз қорғасыннан жасалады, таза қорғасын және тері. Тері болғанда жаңа сойлыған малдыкі емес, өңдеуден өткен. Жағымсыз иісі шықпайды, эстетикалық тұрғыдан қарағанда таза, жүндері үлпілдеп тұратын терілерді қолданамыз. Және бекітуге келгенде өзіміздің арнайы технологиямыз бар. Осының арқасында жүні берік болып тұрады және қисайып қалмайды»,- дейді кәсіпкер Әнуар Шайқымов.
Ал қостанайлықтар көктемнің шуақты мейрамын табиғат аясында ерекше қарсы алып жатыр. Көпқабатты үйлердің тұрғындары аулаға кереге құрып, ұлттық бұйымдармен безендірген. Төрге ілінген домбыра, көне сандық пен ағаш ыдыстар көздің жауын алады. Кеңге жайылған дастархан қонақжай халқымыздың дархан көңілін аңғартатындай. самаурында шай қайнап, келушілерге буы бұрқыраған ыстық бауырсақ пен палау ұсынылды.
Әз Наурызды сән-салтанатпен қарсы алатын Ақтөбе өңірінде мейрам шерумен жалғасты. Камзол, шапан, кәжекей мен бүрмелі көйлек киген 200-ге тарта адам орталық көшемен жүріп өтті. Жастар мерекеде сыйға тақия ғана емес, ата-әжелердің батасын да алды.
Ақтөбеден басталған игі бастаманы Оралдағы мектеп оқушылары жалғады. 200-ден аса бала ұлттық киім киіп, сыныптар шеруіне шықты. Игі бастама БҚО білім беру ұйымдарының көбінде жүзеге асуда.
«Президентіміз айтқандай, мектеп формасына ұлттық нақыштағы элементтерді енгізу арқылы балаларға тәрбие беру керек. Оқушылар ұлттық киімді тек сахнада немесе әртүрлі шараларда емес, күнделікті өмірде киіп жүрсе деген жоспар бар»,-дейді Қалалық Білім бөлімінің басшысы Ақжарқын Темірханова. Тағылымды шарадан шабыт алған шәкірттер домбырадан күмбірлете күй төкті. Еліміздің басқа да өңірлерінде жаппай Наурызнама көпкүндігі кең көлемде тойланып жатыр.