Актер Қалибек Қуанышбаевтың ешқайда жарияланбаған суреті табылды
Естелік сурет Қарқаралы жерінде, шамамен 1957 жылы түсірілген
Сүйінші жаңалық! Қазақ ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін қалаушы Қалибек Қуанышбаевтың бізге белгісіз, бұрын ешқайда жарияланбаған фотосуреті табылды. Ақжолтай хабар өнер тарланының 130 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр.
Бұл суретте даңқты актер Қаллеки театр өнерінің іргетасын қалаған режиссер, актер, драматург Жұмат Шаниннің немересі Болат Шанинмен бірге түскен. Баланы қолына көтеріп алған. Болат Шаниннің айтуынша, естелік сурет Қарқаралы жерінде, шамамен 1957 жылы түсірілген. Ол кезде Болат екі жаста болғанын айтады. Демек, Қалибек Қуанышбаев 64 жасында таспаға түскен. Естелік бейненің киелі Қарқаралы аймағында түсірілуінің өзіндік мәні бар. Қалибектің дүние есігін ашқан жері – осы топырақ. Оның өндірдей жас шағы, жігіттік кезеңі сол өңірде өтті.
Бозбала шағында Қуанышбайдың қағілез қара баласы дәл осы Қарқаралыда «Пері Қалибек» атанып, әзіл-оспаққа құрылған әрекеттері мен жебедей ащы мысқылға толы өлеңдерімен жебір байлар мен атқамінерлердің мінез-құлықтарын аяусыз түйрейді. Қалибектің тума таланты, өзгеше өнері қанат жайған жер осы атыраптағы -Қоянды жәрмеңкесі. Ойын-сауық отауында Иса Байзақов, Майра Уәлиқызы, Қажымұқан, Әміре, Жынды Омар, Жындықара Ахмет, Зәрубай Құлсейітовтермен бірге өнер көрсеткен актер Жұмат Шанинмен танысқан.
Қаллекидің Жұмат Шаниннің немересін көтеріп суретке түсуі де кездейсоқтық емес. Қуанышбаев пен Шанин мұраттас, сырлас, айнымас дос болған. Екеуі 1925 жылы Ақмешітте тұңғыш кәсіби қазақ театры құрылғанда Семейден бірге барды. Бірлесіп «Торсықбай қу», «Шернияз», «Малқамбай» сынды пьесаларды сахнаға шығарғаны мәлім. 1926 жылдан бастап Жұмат Шанин қазақ театры тізгінін қолға алады.
1927 жылы және 1936 жылы Қазақстанның халық өнерпаздары қатысқан Мәскеу қаласында өткен мәдени онкүндікте өнер көрсетті. Жұмат Шанин бастаған труппада Елубай Өмірзақов, Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов, Серке Қожамқұлов, Қалибек Қуанышбаев сынды теар тарландары болғаны анық. 1938 жылы Сталиннің қанды қасабында атылып кеткен Жұмат Шаниннің ұрпақтарымен Қалибек Қуанышбаев рухани қарым-қатынасын үзбегенге ұқсайды. Шаниннің ұлы Қасымхан де өнер адамы болып, әке жолын жалғастырды. Шымкент шаһарында іргетасын көтерген облыстық драма театрында 1969 жылға дейін еңбек еткен. Бізге беймәлім болып келген тағы бір дерек – Қасымхан Жұматұлы театр тарихында алғаш болып ғалым Шоқан Уәлихановты кейіптеген екен. Қалибек Қуанышбаев тектінің тұяғы, асылдың сынығы Қасымханмен өмірінің соңына дейін араласып тұрды деген ойдамыз. Қарқаралыда түсіріліп, бізге жеткен бұл суреттің сыры осында деп білеміз.
Ал Қарқаралыда Қалибек Қуанышбаев тұрған. Ол тұрған үйге бертінде мемориалдық тақта қойғанын ел біледі. Сахна саңлағы зейнетке шыққан соң да туған жерінен тамырын үзбеген. Аталмыш құнды сурет Шанин ұрпақтарының Қарқаралыға сапарында объективке ілінгені сөзсіз. Дала дарынынан, өнер қайраткерінен бата алған бала Болат бүгінде ұлылар жолын қуып, актер болып, елдің алқауында жүр. Қарқаралыда бүгінде Қалибек Қуанышбаев атындағы музей де жұмыс істеп, келушілерді қабылдап жатыр.
Биыл қазақ ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін қалаушы Қалибек Қуанышбаевтың туғанына 130 жыл. Атаулы датаға орай еліміздің әр түкпірінде өнер қайраткерін еске алуға арналған іс-шаралар легі өтіп жатыр. Мәселен, сәуір айында Қарағанды қаласындағы облыстық Өлкетану музейінде арнайы кеш өткізіліп, актер өміріне арналып көрме ұйымдастырылды. Сонымен қатар, Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы драма театры да біртуар тұлғаны дәріптеуден танған емес. Өнер ошағында баршаға белгілі қалыптасқан ерекше дәстүр бар. Шығармашылық ұжым әрбір маусымын Мұхтар Әуезовтің әйгілі «Абай» қойылымымен ашып, дәл сол қойылыммен түйіндеп келеді. Бұл үрдіс Қаллеки атына деген адалдық пен құрметтің жарқын көрінісіндей. Айтулы театрда қызмет етуге ниетті жастар Қаллекидің шығармашылық мұрасын білуден сынақ тапсырады. Табылып отырған сирек сурет алдағы уақытта Қалибек Қуанышбаев театрының музей қорына тапсырылады. Дарабоз актердің ғибратты ғұмыры жөнінде телеарналар деректі фильмдерін көрермен назарына ұсынды. Табиғаты бөлек талант тудырған дүниелер көрерменнің зердесінде, елдің мәңгі жүрегінде.
Сурет актер Болат Шаниннің жеке мұрағатынан алынды