Алтай симфониясын қарасөзбен жазған суреткер

Айманына деген сағыныш, «перзент сүю» сылтауымен оны ренжіткені, оның соңы қайғылы қаза...

Malim Админ

  • 28.09.2023

Алтай! Сенің қасиетің ерекше! Тарту күшің де ерекше! Сенің ұрпақтарың дүниенің қай қиырында жүрсе де, ол жердің табиғаты, сәулеті мен дәулеті асып тұрса да, көңілдің төрінде өзің тұрасың, киелі Алтай. Жеріне қасиет дарытқан Жаратушы, сол қасиетті жерді жырласын деп жазушысын да, ақынын да, суретшісін де береді екен. Алтай, сенің сондай ғажап перзентің, өзіңе тартқан асқақ та, сұлу перзентіңнің  бірі – Оралхан Бөкей.     

         Аһ ұрып күрсіндің бе  асқақ Алтай, сенің адал перзентің, сенің жыршың, сенің суретшің, Бөкейдің ұлы Оралхан сонау алыс үнді елінде, Агра қаласында, әлемнің  жеті кереметінің бірі  «Тәжмхалда» 17- мамыр күні (1993жылы)  бақиға түнделетіп көшіп кетті. Ол енді саған келмейді. Бірақ ол өз жүрегінде сені өзімен бірге алып кетті. Себебі, ол о дүниеде де сенімен бірге болады. Оралханға Алтай екі дүниеде де қастерлі. Себебі ол сен болып кеткен. Оның даусы да, түр-тұрпаты да, күлгені де, ашуланғаны да бәрі де саған ұқсайды, Алтай. 

Тәжмахал – махаббат кесенесі. Жаһан шахтың сүйген жары Мұмтазға арнап салынған ақ сарайы. Мұмтаз он төртінші перзентін өмірге алып келгенде қайтыс болады. Жаһан шах Мұмтазды арулап жерлеп,  басына аппақ мрамордан, небір асыл тастардан, әлемнің ғажап сәулетшілерін, құрылысшыларын алдыртып, алыстан тас тасытып, ғажап  сарай тұрғызады. Жаһан шах өзіне арналған сарайды қара мрамордан, өзеннің арғы бетінде салғызбақ болады. Бірақ жасы келіп қартайған шағында өзінің туған баласы Орынғазы хандықты қолына алып, әкесіне: «сен дүниені босқа шаштың» деген айыппен зынданға тастайды. Әкесі қайтыс болғанда  Жаһан шахтың қызы күш салып жүріп, әкесін сүйген жары Мұмтаздың қасына жерлейді.

Қаншама ғасырлардан бері махаббаттың ақ сарай күмбезіне келген саяхатшыларға ой түсіріп, өмірдің мәнін ұқтыратын құбылыс  жүрегінде мұңы бар, асыл жар сүйгені болған Айманына деген сағыныш, «перзент сүю» сылтауымен оны ренжіткені, оның соңы қайғылы қаза... Мәңгілік «Айман-мұң»  «Айман-сағыныш», «Айман-өкініш» Оралханның көзі жұмылғанша бірге болғаны анық.  Дәл сол күні, сол сәтте де Айман рухы Орашымен бірге болды...

Тәжімахал. Жаһан шах пен Мұмтаздың махаббаты. Өлмеген не? Тек махаббат қана. Махаббат қана мәңгілік. Адал махаббатқа, шын сүюге тең келер ешнәрсе жоқ. Бірақ пендеміз ғой. Кеш түсінеміз. Болмаса дүние кітаптарын, әдебиетін оқыған Оралхан Бөкей соны білмеді дейсіз бе? Үлкен өнерді берген Жаратушы өнерді тұңғиық шыңыраудан шығару үшін жан азабын да береді емес пе? Оралханға берілген сынақ оның перзент сүймеуі  шығар. Бірақ...

Ол сөз жоқ, перзент туралы ойлады. «Өмірдің мәні перзент пе? Перзент деген мынау Жаһан шахтың ұлы Орынғазы  ма? Менің балаларым Оралханның ұлы деген жақсы атақ әпере ме? Жоқ әлде Орынғазыдай  біреу бола ма? Кім білсін?... Мен сүйген, асыл анам сүйген, достарым, туыстарым, туған жерім Алтайым жақсы көрген Айманым-ау, кешірші. Жоқ, кешірме, бұл қылмысты кешіруге болмайды» деп жатып, сүйгеніне қолын созғанда қолын бұл да созып, бақи дүниеде бірге болуға бел байлаған шығар?..

Иә, Оралхан аға, өзіңді қимағандықтан, қара жердің бетіне симағандығыңа жүрегіміз ауырады. Сонан соң әртүрлі, негізі, өзіңе ғана, Жаратушыға ғана ақиқат шындықтың жорамалдарын айтамыз. Болмаса, бәрі өзіңмен бірге кеткен ұлы сезім, ұлы муза.

                                          Ойға шомған Оралхан 

                                 Мұзтаудан мұң құлаған жыл еді ол...

1993 жыл. Жаз айы. Бұқтырма өзені арнасына сыймай тасыды-ау дейсің. Долылығы сондай жолындағының бәрін жайпады. Кейде ебіл-дебілі шығып, баласын жоқтаған анадай аңыраса, кейде қабағын қарс түйген әкедей түнерді. Себебі Мұзтаудан мұз құлады, мұң құлады, табиғат бірге жылады.

Егер Алтайдың Кербұғысы атанған Бөкейдің ұлы Оралхан тірі болса сол жылы Қатонқарағай жұрты шабылып той қамымен жүрер еді. Ер жасы елуге келген Оралханға ел-елден, жер-жерден  ағылып достары, талантына табынушы оқырмандары келер еді. Ат мінгізіп, жібек шапан жабар еді. Амал не?..Таланттың тағдыры солай... Оралхансыз  елу, алпыс, жетпіс, міне сексен жасы да тойланып жатыр. Қарасөзбен Оралхан жазып кеткен Алтай симфониясы мәңгілікке сапар шекті. Оралханның Кербұғысы, Мұзтауы, Сұлушоқысы, Шабанбайы, Қар қызы, бәрі-бәрі сөз-сурет, мұңлы муза, ғажап симфония...

Ал біз болсақ, Оралхан аға, өзіңнің:  «Айналайын, Алтайым, осы құдіретіңнен, осы келбетінен, осы гүліңнен, жұпарыңнан айырылып қала көрме, өйткені мен сені сүйемін, өйткені мен сенің перзентіңмін! Өйткені жаһанда саған жетер салтанатты жер жоқ!» деген сөзіңді қайталап айта беру қалды. Алтайыңмен, Қатонқарағайыңмен бірге тұтасып кеткен өзіңді сағынғанда елге барамыз.

Қазақ Елі, Оралханыңның 80 жас, мерей тойы құтты болсын!

Гүлтас Сайынқызы 

Байланысты жаналықтар

Том-том жарысты кім тияр?

21.10.2024

Халық қаһарманы Қасым Қайсенов

24.09.2024

Мұхтар Мағауин көп әйел алуға қатысты ойын айтты

17.09.2024

Жыр құлагері – Ілияс Жансүгіров

09.09.2024

Әбу Сәрсенбаев өлеңдері

24.08.2024

Бердібек Соқпақбаев – 100 жыл

27.07.2024
MalimBlocks
Том-том жарысты кім тияр?

Ептілер жазушы еңбегін әділ бағалаудан гөрі ебін тауып екі асағаннан аса алмай келеді

Халық қаһарманы Қасым Қайсенов

Мұхтар Мағауин көп әйел алуға қатысты ойын айтты

Еуропада әйелге әйел, еркеке еркек үйленіп жатыр

Жыр құлагері – Ілияс Жансүгіров

Ілияс Жансүгіров (1894-1838) – ақын, драмашы, прозашы. Қазақ жазба поэзиясын қалыптастырушылардың бірі. 1894 жылы Алматы облысының Ақсу ауданында дүниеге келген. Биыл ақынның туғанына 130 жыл толды.

Әбу Сәрсенбаев өлеңдері

Әбу Сәрсенбаев 1905 жылы 15 қазанда Атырау облысы Құрманғазы ауданы Ботақан ауылында дүниеге келген. 1995 жылы 25 қарашада Алматы қаласында қайтыс болды. Ақын, жазушы, драматург. Қазақстанның Халық жазушысы, «Парасат» орденінің иегері. Ұлы отан соғысының ардагері. Көптеген жыр жинақтарының авторы.

Бердібек Соқпақбаев – 100 жыл

Биыл ақын, жазушы, журналист Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығы