Астанада Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына арналған жыр додасы өтті

Еліміздің әр аймағынан келген 18-29 жас аралығындағы ақындар ат қосты

Malim Админ

  • 28.04.2023

Елордада  мәдени-рухани бағытта атқарылып жатқан игі істер аз емес.  Биыл ел тарихындағы орны елеулі тұлғалардың мерейтойлары республика көлемінде атап өтіліп жатыр. Атаулы шаралар әуелі Астанадан бастау алатыны белгілі.  Биыл түркі жұртына ортақ қаламгер, қазақ әдебиеті алыптарының бірі, Алаш ардақтысы, ақын  Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығы. Айтулы датаға орай, Астана қаласы әкімдігі, Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы  «Маржан жырдың - Мағжаны» мүшәйрасын өткізді. 

Жыр додасына еліміздің әр аймағынан келген 18-29 жас аралығындағы ақындар ат қосты. Жас қаламгерлер Мағжан Жұмабаевтың  ақындық, қайраткерлік тұлғасын ашуға талпынды. Республикалық деңгейде ұйымдастырылған іс шараның мақсаты да сол  – Алаш зиялыларын ұлықтау, олардың жарқын ісін өскелең ұрпаққа үлгі ету. Сондай-ақ, қазақтың қара өлеңін серік етіп, қолына қалам ұстап жыр жазып жүрген, Мағжан сенген жастардың аяқалысын бақылау. Жас ақындардың тілімен Тұранның текті тұлғасы – Мағжан Жұмабаевты ұлықтау.

Жыр бәсекесіне еліміздің әр түкпіріндегі  елуден астам жас ақыннан өтініш келіп түсті. Қазылар алқасы бұдан бұрын байқауға қатыстырылмаған, баспасөз бетінде жарияланбаған шығармаларды сарапқа салып, үздіктерін іріктеп алды.

Туындылары үздік деп танылған 12 ақын арнайы Астана қаласына шақырту алып, сахна төрінде бақтарымен қатар баптарын сынады. Олардың қатарында: Айбар Рамазан, Азамат Серікұлы, Бақжан Махаш, Дәурен Тілеухан, Мұратбек Нұрбол, Ахан Сабыржан, Райхан Нарқұлан, Бекарыс Секен, Бағжан Кәріпбаева, Ақбота Манарбекқызы, Ерзат Қасенбаев, Ақжол Түменбай есімді еліміздің дарындар  бар.

Шиыршық атқан шайырлар Мағжан Жұмабаевтың болмысын ашатын және қазақ тілінің мән-маңызына  арналған өлеңдерін ортаға салды. Талантты ақындар Алаш ардақтысын әр қырынан жырлауға талпыныс жасап баққан. Бірі тұлғаның Тұран тұтастығын нықтағанын жырына арқау етсе, енді бірі ақындық әлемін жырмен бәдіздеген. Сондай-ақ, ақынға арнауын жеткізе отырып еліміздің бүгінгі өткір мәселелерін сөз еткен қатысушылар аз болмады.     

Бәйгеге түскен өлең-жырларды таразылаған қазылар алқасының төрағасы   Серікзат Дүйсенғазының айтуынша, Мағжан батыс пен шығыс әлемін синтездеген, аса күрделі ақын.  «Мағжан қазақ әдебиетінде Абайдан кейін тұрған көрнекті ақын. Ол ұлтты азаттыққа жетелеген күрескер тұлға. Ақынның әлеміне үңілу арқылы сендер де бойларыңдағы ұшқынды жарқырата көрсетесіңдер» деді ол. Ақын қатысушыларға әлі де таланттарын шыңдай түсуге, Алаш ардақтысының ұлтқа сіңірген еңбегін терең бағамдауға шақырды.    

Мүшәйраның бас жүлдесін Алматыдан келген Нұрбол Мұратбек қанжығалады. 1-орынды ақтөбелік Дәурен Тілеухан иеленсе, 2-орын қызылордалық Ақжол Түменбай мен астаналық Ақбота Манарбекқызына бұйырды.   Жеңімпаздар мен  өзге де қатысушылар қаржылай, сондай-ақ бағалы сыйлықтармен марапатталды.

 

 

Байланысты жаналықтар

Мағжан поэмасындағы мифологиялық сарын

18.07.2023

Ақынның мерейтойы кең көлемде аталып өтіледі

17.06.2023
MalimBlocks
Мағжан поэмасындағы мифологиялық сарын

Мағжан бұл тақырыпқа романтикалық дастан жазуы тегін емес

Ақынның мерейтойы кең көлемде аталып өтіледі