Мағжан поэмасындағы мифологиялық сарын

Мағжан бұл тақырыпқа романтикалық дастан жазуы тегін емес

Malim Админ

  • 18.07.2023

 Биыл  Алаштың айтулы қайраткері, біртуар ақын,  Тұран топырағын жырларымен түлеткен Мағжан Жұмабаевтың дүниеге келгеніне 130 жыл.  Рухты өлеңдерімен қараңғылықтың қамсауындағы ұлтты оятқан тұлғаның шығармашылық әлемі сан қырлы.  Ғалым-қаламгерлер Мағжан еңбектерінің жанрлық ерекшеліктеріне  үңіліп,  соны ойлар, тың пікір-байламдар айтып жүр. Осы ретте белгілі жазушы, эссеист, киносценарист Айгүл Кемелбаеваның ақын дастанындағы мифологиялық сарындар жайындағы көлемді мақаласын назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.                        


 

Ислам дініне дейінгі араб әдебиетінің жауһары – «Мың бір түн». Оның негізінде парсы аңыздары жатыр деген қисын бар. Арабтанушы ғалым Клаудиа Отт бұл кітаптың Европадағы ең алғашқы аудармашылары түпнұсқадан алшақ кетіп, өңдеген, өзгеткен, фальсификациясы көп деп айыптайды. X ғасырда туып,  XV ғасырдан дүниежүзілік классикалық әдебиеттің мызғымас алтын қазығына айналған туындының жанры – ертегі. Оның үстіне стилі «әңгіме ішіндегі әңгіме» болғандықтан, циклдік прозамолыға түсуі,  өзге зергердің қолына түскен гауһар тастай қырлана құбылуы, сюжеттік, стилистикалық жағынан құнары байи түсуі заңды құбылыс. «Мың бір түн» хикаялары руханияттың таусылмас қазынасына айналды. Бөтелкеден шыққан жын осы ертегінің басты көзірлерінің болса, қазақ бақсылары жындарын атша ерттеп мінгенін Мағжан шабыттана суреттейді.

                            Қойлыбай жын жүгендеп, пері мінген,

Алдында жорғалаған шашты шайтан.

Құранның 46-Ахқаф сүресінің 29-32 аятында жындар бар. «(Мұхаммед Ғ.С.) Сол уақытта саған жындардан Құран тыңдайтын бір топты келтірген едік». Жын – араб мифологиясындағы рух.  Исламға дейін дәуірлерде арабтарда жындар құдайлар ретінде құрметтелген. Олар оттан жаралған. Адамзатпен параллельді әлемде өмір сүреді. Жындар шайтанның көмекшісі саналады. Меккеліктер жындарға табынған, оларға арнап құрбандықтар шалған. Құранда «Жындардың кейбір ерлеріне сиынатын еді де сонда олар,  жындардың менменсуін арттыратын еді» (72: 6).  37-Саффат сүресінің 158-ші аятында; 15-Хыжыр сүресінде: «Жындарды да (адамнан бұрын) түтінсіз оттан жаратқан едік» (26 аят) ; 51-Зәрят сүресінде: «Жын мен адамзатты өзіме құлшылық қылулары үшін ғана жараттым» (56 аят); 72-Жын сүресінде.

Мұсылмандін ілімінің  ғұламалары жындарға көп мән бере қоймаса да, мұсылман көркем әдебиетінде жындар туралы әңгімелер мол, былайша айтса жын атады. Римдік мифологияда жынның баламасы гений, демон. Әдебиет пен өнерде адамзаттың әлсіздігі мен жауыздығының бәрі жындар мен Ібіліске апарып телінеді. Кейде мұның өзі шектен тыс жала жабу ма деп ойлап қалуға болар.

                            Қырдағы коңыр түнде жыр көшкендей.

Ілияс Жансүгіров атамекеннің жалт еткен әсем көрінісін өлең көреді. Ежелгі қазақ дүниетанымында жаз жайлау, қыс қыстауға ел көшеді, іңірде пері көшеді, жыр көшеді.Қазақтың санасы бақсының қобызы жылқыдай шабарына еш күдіктенбейді, балаша сенеді. Мұндай тұнып тұрған ертегілік сананы Пушкин мен Гоголь орыс әдебиетіне керемет енгізді.

Пушкинде бораны ұлыған қысқы табиғаттың тіл жетпес стихиясы мен сұлулығы елсіз түнгі далада жындар жетектеп алып адастырғандай алай-түлей керемет көріністің сырын ашады. Бұл сәт ақын жүрегін кемірген дауасыз дерт – күйзелістің қоса тұлғалануы:«Мчатся тучи, вьются тучи; / Невидимкою луна / Освещает снег летучий; / мутно небо, ночь мутна. / Еду, еду в чистом поле; /...Сбились мы. Что делать нам! / В поле бес нас водит, видно, / Да кружит по сторонам. / ...Вижу: духи собралися / Средь белеющих равнин. /...Мчатся бесы рой за роем / В беспредельной вышине, / Визгом жалобным и воем / Надрывая сердце мне...» («Бесы»). Пушкиннің өлеңімен аттас Достоевскийдің «Бесы» («Албастылар») атты романы адамдардың азғындығы, арсыздығы жыннан асып түсерін танытпай ма!

«Сайтан азғырды» деп адам баласы істеген қылмысын албастыға таңып, сүттен ақ, судан таза мүләйімсуі күлкілі. Ислам діні бойынша, адамның рухы азып,  азғырушы шайтанға, жынға еруіне басты себеп – жүректің кірлеуі, иманның әлсіреуі екен. Сонымен, адамзаттың күллі өткені мен тарихына қарасақ, жын-шайтан аса үлкен рөл атқарады екен. Былайша, барша теріс харекетін күйреткіш қара күштерге, кесір рухтарға жапсыруға адамзат шебер.

 

Батыс әдебиетін айтпағанда, орыс классиктері Пушкин, Гоголь, Лермонтов,  Достоевский, Толстой, Федор Соллогуб көркем туындыларының атауын да жындармен байланыстыруы көп нәрсені аңғартпай ма! Мағжан жын-шайтансыз күні жоқ әлемдік әдебиетке қазақы мақамдағы тамаша дастан қосты.Орыс романтикалық поэмасы романтикалық қаһарман бейнесін биіктетуден өсіп шықты. Байронның әсері орыс әдебиетіне күшті болатын. В.А.Жуковский, А.С.Пушкин, К.Ф.Рылеев, И.И.Козлов, Е.А.Баратынский, Г.С.Батеньков, А.А.Шишков, Ф.Н.Глинка, А.И.Одоевский, А.И.Подолинский, М.Ю.Лермонтов бұл жанрда таңдаулы туындылар тудырды.

Поэтикалық шабытты жынға теңеу, шалық шалды деп қабылдау біраз халықта бар. Бұрынғы қазақта баласы ақын болса қайғырады екен. Мәжнүндік ақындыққа жат ұғым емес. «Пусть с дороги / Стихомаранья лютый бес / Кидал меня то в ров, то в лес...» (Вяземский);«Так память, демон-властелин, / Все будит старину» (Лермонтов).

                                        Қойлыбай қобыз алса-ақ қалбалаңдап,

                                        Қақаман жалғыз көзді жынның ері.

                                        Ерегессе тау-тасқа салған ойран.

                                        Дарқанның Нәдір пері – аға жыны,

                                        Ардақтап оған Шолақ деп ат қойған.

                                        Қойлыекеңнің үшінші жан жолдасы –

                                        Шайтанның шу асауы батыр Шайлан.

Мағжан оларды қазақы мақаммен, тап бір қасында жүрген кісілер сияқты жылы, достық көңілмен санамалайды. Мына күйінде бұлар үрей шақырмайды, себебі ескі қазақтың өзінің қалыпты, өз пантеонынан шыққан жындар. Шоқаннан алынған мәліметтерді Мағжан дастанға бұзбай салды.

                                        Қойлыбай бақсы болған қазақ асқан,

                                        Жынменен жолдас болған бала жастан.

Бақсылықты қазақ кие тұтқан. «Бақсының айтқанын істе, істегенін істеме» деген кейіннен, бақсылық қуғанға түскенде бұл мақал молдаға өзгеріп шыға келген. Табиғаттың тылсым күштерін тұлғаландыру барша халықтарда бар. Өйткені «Мінген атың – жер ортақ, жанған отың  – күн ортақ», бұл түркілік сана. Космогониялық жады күшті халықтың бірі қазақ. Күннен ғөрі Ай жадына тәуелді халық. Себебі табиғаттың барша құбылуы Күннен емес, Айдан екенін ерте түсінгені ата-бабаларымыздың оқу-білім, ілімсіз-ақ зейінімен ғылыми құбылыстарға баға бере алғанын білдіреді. Жылдың төрт маусымы қайталанып отыратын евразиялық ұлы кеңістікте өмір сүретін тайпаларға бұл табиғи қажеттілік.

Поэманың соңын Мағжан жүрек сыздатар ностальгиямен аяқтайды:  

Ертеде ел бар екен қалың Найман,

Қазақта бақсы асқан жоқ Қойлыбайдан…

Жарасқан бай мен биі, батыр, бақсы,

Алыста елестейсің заман қайран!..

Құдай-ау, албастының ойнағындай,

Мынау сұм заманға кез қылдың қайдан?

 Шіркін-ай, кер заманды күл қылар ем,

 Бата алсам Бағаналы Қойлыбайдан.

Мағжанның өткенді аңсауы елдік теңдік, рухы азаттық пен көркемдікті, қазақтың күштілігін аңсау болатын. Ол репрессияның ызғарын түйсік арқылы алдын-ала сезген сияқты. Әттегене-ай, «Жазушы» баспасы 2013 жылы шығарған жинақтың I томында бұл жолдар түсіп қалыпты. Мағжанның өксік атқан отты жүрегін тексттен түсіп қалған мына сегіз жол өлең ерекше танытып тұрғаны айдан анық.

 

Байланысты жаналықтар

Ақынның мерейтойы кең көлемде аталып өтіледі

17.06.2023

Астанада Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына арналған жыр додасы өтті

28.04.2023
MalimBlocks
Ақынның мерейтойы кең көлемде аталып өтіледі

Астанада Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына арналған жыр додасы өтті

Еліміздің әр аймағынан келген 18-29 жас аралығындағы ақындар ат қосты