Ақынның мерейтойы кең көлемде аталып өтіледі

Мерейтой ақынның туған жерінде бастау алды. Сөз зергерінің дүниеге келген Сарытомар ауылында өткен басқосу жиынын Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов ашып, Президенттің құттықтау сөзін жұртшылыққа жеткізген-ді. Тілінен шырасы тамған таңдаулы ақындар «Тұранның тұғырлы тұлғасы» халықаралық айтысында кездесіп, сөз сайыстырды. Қызылжардағы Сәбит Мұқанов атындағы драма театрында өткен аламан айтыста біздің ақындардан бөлек, Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай, Моңғолия мемлекеттерінен де қатысушылар ат қосып, дода көрігін қыздырды. Ақындар Мағжанның көркемдік әлеміне бойлап, шығармашылық мұрасын жырға қосты.
Сонымен қатар, Солтүстік Қазақстан облысында ақынның 130 жылдық мерейтойына байланысты халықаралық ғылыми конференция өткізілді. Мазмұнды шараға Әзербайжан, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен келген қонақтармен қатар, қазақстандық белгілі ғалымдар, зиялы қауым өкілдері қатысты. Осы конференцияда Қазақстан Жазушылар одағы төрағасы М.Құлкенов Мағжан шығармаларының толық академиялық жинағын кітап етіп шығару керектігін айтты. Келелі жиынға қатысқан ғалымдар ақынның шығармашылығы, қоғамдық-саяси өмірі, қызметі туралы құнды деректер ұсынды.
Петропавлда басталған Алаш алыбының тойы басқа аймақтарда да сәтті жалғасын тауып жатыр. Жазушы Алмас Нүсіптің қаламынан туған «Мағжан» қойылымы Түркістан музыкалық драма театрында сахналанған болатын. Спектакль премьерасы қарашаның 12-13-і күндері көрермен назарына ұсынылды. Драмалық шығармада Мағжан Бекенұлының ғибратты өмірі, тұнық махаббаты, ұлт алдындағы жанқиярлық еңбегі, қазақ жерін құрсаған ақсирақ аштық уақыты көрініс табады. Қайраткер сұрапыл зұлматтан Көкшетау, Қызылжар, Семейде тұратын халықты құтқарумен айналысады. Ақынның бұл қыры осы уақытқа дейін көп айтылмай келген болатын.
Кеңес өкіметінің бұйрығымен Қазақстандағы алғашқы аштық 1921-1922 жылдары орын алғаны мәлім. Тарихшы Бүркітбай Аяғанның пікірінше, сол кездерде Ақмола губерниясында бір млн жиырма бір мыңдай тұрғын болған. Соның 471 000-нан астамы нәубеттің кесірінен көз жұмған. Губернияға бағынатын Көкшетау мен Петропавл уездерінде алпыс екі мың қазақ және отыз мың орыс аштыққа ұшыраған. Халық азығын таба алмай, амалсыз қалаларға ағылған».
Сол жылдарда Қызылжар қаласында жүрген Мағжан 1919 жылы «Бостандық туы» басылымында қызмет еткені белгілі. 1922 жылдың 5 мамырында жергілікті билік аштық қаупін жою жөнінде төтенше комиссия құрады. Аштыққа ұшырағандардың дені қазақтар болып, ақын комиссия төрағасының орынбасары болып тағайындалғаны мәлім. Комиссия атқарған айтулы істерге Мағжан Жұмабаев жетекшілік еткені оның қол қойған қағаздарынан аңғарылады. Кейде Алаш арысы өзін Комиссия төрағасының міндетін атқарушы, тіпті төрағасы деп те көрсетеді.
Театрдың көркемдік жетекшісі Айнұр Көпбасарованың пікірінше, халық пьесада жас Мағжанның, өмірге ынтық қаламгердің, елінің басына түскен азаптан мұң шеккен, басын өлімге тіккен Мағжанның және қазақ халқының тақсіретті тағдырына куәгер болады.
Сонымен қатар, еліміздің мектептері мен университеттерінде «Мағжан оқулары» өткізіліп жатыр. Ақын өлеңдерін жатқа оқудан республикалық челлендж өтуде. Аймақтарда ауқымды көрмелер ұйымдастырылып, қатысушылар біртуар тұлғаға қатысты жәдігерлерді тамашалап, Алаш ардақтысының өмірі және шығармашылығымен кеңінен танысты. Айта кетейік, мұндай мәдени шаралар легі алдағы уақытта өзге өңірлерде де жалғасын табады деп жоспарлануда.