Атыраулық 14 жастағы дзюдошы "Балқадиша" әнін айтып, Казнетті тәнті етті

Атыраудан шыққан 14 жастағы дзюдошы Иса Бекболат әйгілі қазақ әні "Балқадишаны" жаттығу кезінде орындап, Казнет жұлдызына айналды. Жаттығу залында түсірілген бейнежазба бір күнде миллионға жуық қаралым жинап, әлеуметтік желілерде кең тарап кетті, - деп хабарлайды Malim.kz тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап.
Көпшілікті жасөспірімнің дауыс ерекшелігі ғана емес, оның ерік-жігері де тәнті етті. Жаттығу барысында қарсыласынан жеңіліп қалған Иса, бапкері әзілдеп қойған шартты орындады: "Жеңілсең – ән айтасың". Жас спортшы саспай, татамиде отырып қазақтың халық әні "Балқадишаны" орындап берді.
"Спортты да, өнерді де қатар алып жүргім келеді. Болашақта мамандығым басқа салада болса да, өнерден де, спорттан да бас тартқым келмейді. Сабақты жақсы оқимын, бәріне үлгеруге тырысамын. Әкем үнемі: йжан-жақты болу керек, сонда ғана табысқа жетесің" дейді", - деді Атырау қаласының тұрғыны Иса Бекболат.
Тренерлері мен әріптес спортшылар Исаның өнеріне қанық. Жарыстарға барған сайын одан ән сұрайтын көрінеді. Иса көпбалалы отбасында өсіп келеді. Музыкаға деген сүйіспеншілігі бала күнінен байқалған – әкесімен бірге үйде жиі ән салады. Бейнежазба кең тарап кеткенде, ата-анасы әуелі уайымдаған екен.
"Әуелі қуандық, бірақ ата-ана ретінде аздап қорықтық – мұндай назарға үйренбегенбіз. Кейін сабырға келдік, әрине, қуаныштымыз. Ол кім болса да – спортшы не әртіс – шешімді өзі қабылдайды. Біз әрдайым қолдаймыз", - деді Атырау қаласының тұрғыны Ілияс Бекболатұлы.
Исаның өнерін алғаш байқап, қанат қақтырған – музыка пәнінің мұғалімі Эльмира Қайрошева.
"Ол - өте талантты бала. Музыкаға шынайы ғашық екені бірден байқалады. Иса кейде сабақтан кейін үйге келіп, бірге ән жаттайық деп өтінеді", - деді музыка пәнінің мұғалімі Эльмира Қайрошева.
Кенеттен келген танымалдылыққа қарамастан, Иса спортты тастаған жоқ. Дзюдомен ол алты жылдан бері айналысып келеді.
"Жаттығудан кейін бізге жиі ән айтып береді. Сол видеоны бапкеріміз жариялады. Осындай досым бар екенін мақтан тұтамын. Ол өте мықты спортшы да", - деді Атырау тұрғыны Дархан Кенжетай.
Жақында бапкерлері Исаға домбыра сыйлады. Енді жас өнерпаз халық әндерін орындап, әлеуметтік желілерге бейнежазбалар жүктемек.
Фото. Видео кадры