Бір ғасыр биігіндегі қаламгер
Павлодар облысында зиялы қауымның қатысуымен әдеби кеш ұйымдастырылды
Биыл балалар әдебиетінің классигі, көрнекті ақын, публицист Мұзафар Әлімбаевтың туғанына 100 жыл толып отыр. Ақын текті әулеттен шыққаны мәлім. Мұзафардың әкесі Айтмағамбет ескіше оқыған, Уфадағы «Ғалия» медіресесін бітірген, мектепте жәдитше дәріс берген. Көп сөйлемейтін, аз айтса да саз айтатын ол айналасына әділетсүйгіш-ақиқатшыл мінезімен жағыпты. Анасы Зейнеп те хат таныған, жанынан өлең шығаратын қасиеті болған. Жетелі бала алғаш рет Бұқар жырау, Абай, Сұлтанмахмұт есімдерін анасының аузынан естіген. Әліппемен де мектепке бармай жатып танысады. Жазушы Толымбек Әбдірайымның айтуынша, бес жасында әріп таныған. Ауыл кітапханасынан бір қыста 150 кітапты түгесіпті. Батырлар жырынан бастап, Пушкинге дейін. Әдебиетке деген құштарлығы содан басталса керек. Үйде сауатын ерте ашқан бүлдіршін мұғалімдердің ұйғаруымен бірден екінші сыныпқа қабылданды. Мектепті үздік оқып, қабырға газеттерін шығарады. Көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, қойылымдарда ойнады. Алайда, әке тәлімі мен ана мейірімі оқыстан ерте үзілді. Мұзафар 9 жасында арқасүйер әкесінен айырылса, 13 жасында шешесі өмірден озды. Қамқоршыларынан айырылған жеткіншек жетімдіктің зіл мен мұңын терең сезінді.
Ол 1932 жылғы ақсирақ аштықты да бастан өткереді. Тағдырдың ащы дәмін татқан бозбала бұдан кейін мектепті интернатта жалғастырды. Болашақ ақын тырнақалды өлеңін де жүрегі жетімсіреген сәтінде көз жасымен бірге ақ қағазға төгеді. Ауыл мектебін бітірген Мұзафар Павлодардағы орыс-қазақ педучелищесіне түседі. Оқу орнының қабырғасында ол қаламгер Төлеутай Ақшолақов, Зейтін Ақышев, әдебиетші Тұрсынбай Ерғалиевтерден тәлім алды. Осындай ұстаздарының қолдауымен училищедегі әдебиет үйірмесіне қатысып, облыстық газет қасындағы әдеби бірлестікке мүше болды. Қазақ тілі сабағында Абайдың, Сәбит Дөнентаев, Сұлтанмахмұттардың асыл жырларын зердесіне тоқыған. 1939 жылдың 18 маусымы училище шәкіртінің өміріндегі елеулі күн болып сақталды. Сол күні ақын студенттің өлеңі алғаш рет Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінде жарық көрді.
Арада көп ұзамай екінші дүниежүзілік соғыс басталды. 1941 жылы күзде Қазақстанның жер-жерлерінде ұлттық әскери құрамалар жасақталды. Майдан даласына өз еркімен аттанғандар қатарында Мұзафар Әлімбаев та болды.
Әскерде әуелі үш жарым айдай қатардағы жауынгер, одан соң саяси жетекшінің орынбасары, миномет батареясы командирінің саяси жұмыс жөніндегі орынбасары, ауыр танктер ротасының командирі, штаб офицері болып қызмет атқарды. Кейін Ржев, Калинин майдандарындағы қанқұйлы соғыстарға қатысады. Ол әскерде қарумен қатар қаламмен де жауға қарсы шайқасты. «Отан үшін», «Социалистік қазақстан», «Алға – жауға қарсы» газеттерінде жауынгерлерге рух беретін жырларын жариялады. Шайқас аяқталған соң Әлімбаев шығыс германия жерінде әскери қызмет атқарған. Осы тұста айта кетейік, соғыс ардагерінің әскери шені – капитан. 18 жасында соғысқа аттанған жауынгер жігіт араға жеті жарым жыл салып аман-есен елге оралды.
Мұзафар Әлімбаев елге келген соң тұныққа бас қойған еліктей, әдеби өмірге құлшына кірісті. Ойға алған шығармаларын жазып, өзінен бұрынғы, кейінгі қаламгерлердің туындыларымен жете танысты. 1948 жылы маусым айында «Пионер» газетінеқызметке орналасады. Алғашында әр аймақтан жолданған хаттарды қорытып, өлең-мақалаларды редакциялайды. Басылым басшылығының оң бағасын алған жас қаламгер поэзия бөлімін басқарады. Журналда Мұзафар Әлімбаев көрнекті жазушы Мұқан Иманжановтың қамқорлығын сезініп, өмірлік бағыт-бағдар алған. Әйгілі Мұхтар Әуезовпен де осы жерде еңбек етіп жүргенде танысқан. 1949 жылдың аяқ кезі. Мұзафар Әлімбаев іссапармен кеншілер қаласы Қарағандыға табан тірейді. Сапар аясында шахталарды бір айдай емін-еркін аралап көреді. Сол уақыттағы қайталанбас әсер, жылға татитын жолсапар жөнінде автор «Көңіл күнделігінен» мемуарлық туындысында өлеңге сұранып тұрған талай тың ойға кезіккенін, ғұмырында тұңғыш рет араласқан кеншілер өмірі мен еңбегі өзіне «ашылмаған Америкадай» әсер еткенін тебірене жазады.
1950 жылы ақынның сол сапардан жазылған көлемді цикл өлеңдері «Әдебиет және искусство» журналында жарияланды. Қаламгердің алғашқы өлеңдер жинағы да «Қарағанды жырлары» деген атпен баспа бетін көреді. Бұл шақта ақын 29 жаста болатын. 1956 жылыМұзафар Әлімбаев «Қазақ әдебиеті» газетіне ауысып, бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарды. Қаламгер басылым жұмысын атқара жүріп, кітаптарын шығаруды да назардан тыс қалдырған жоқ. Сол жылдары оның «Құрбыма», «Биіктен биікке», «Жұмбақтар», «Лирика» жинақтары іркес-тіркес жарыққа шықты.
Мұзафар Айтмағамбетұлы – бүлдіршіндердің сүйікті жазушысы. Қазақ балалар әдебиетінің негізін қалаған қаламгер. Әдеби орта оны «бала жанының бағбаны» деп ардақтайды. Сөз зергері балдырғандарға арнап небір қызықты, танымдық шығармалар жазды. Оның бұл салаға ойысуына мына бір жағдай ерекше әсер етсе керек. Ақын Баянғали Әлімжановтың пікірінше, Әлімбаевтың балалар әдебиетінде жазбауға мүмкіндігі болмаған. «Ағайындарының үйіне барса, сол үйдің балалары ақын өлеңдерін жатқа айтып жүр. Осылайша, қиын жанрды игеруге кіріскен.
1958 жылы ашылған республикалық «Балдырған»балалар журналын Мұзафар Әлімбаев 1986 жылға дейін 28 жыл бой басқарды. Ол өзі уығын қадап, шаңырағын тіктеген «Балдырған» журналын сапа мен мазмұн жағынан жоғары деңгейге жеткізді. Көзін көргендер оныңбаспасөзге шын жанашырболғанын айтады. Басылымға Мұзафар Әлімбаевтың басшылық еткен кезде «Балдырғанның» таралымы 400-500 мың данаға жеткен.Алыптар іргетасын нықтаған балалар журналы бүгінге дейін алыптар салған сара жолдан танбай келеді. «Балдырғанның» бас редакторы талантты ақындардың көпшілігін балалар әдебиетін дамытуға шақырды. Осылайша кенже қалып жатқан бағытты түрлендіруді ойлады. Дабысы алысқа жеткен Мұқағали Мақатаев, Тоқаш Бердияров, Қадыр Мырза Әлі,Әнуарбек Дүйсенбиев, Жақан Смақовтарғаарнайы тапсырмамен шығарма жаздырды. Соның нәтижесінде балалар ауызынан тастамайтын, «Ұзын құлақ, сұр қоян», «Мектебің мынау, класың», «Не деу керек?» секілді өміршең өлеңдер туды.
Ақынның қоластында жұмыс істеген Баянғали Әлімжанов «Мұзағаң қарапайым, аңқылдаған адам. «Балдырғанға» қалам тартып тұр, әңгіме жаз деп ұсыныс білдірді. Содан шабытымды шақырып «Төгілген қаймақ» деген әңгіме жаздым. Ол шығармам 40 жылға жуық оқулықтарда басылып келе жатыр»,-дейді. Мұзафар Әлімбаев жиған-тергенін оқырманға да үйретіп, өзі де халықтан ғибрат-тәлім алды. Қазақ фольклорын кеңінен дәріптеген ағартушы. Өрнекті, ойлы сөздерді жігіттік шағынан жинақтай бастаған. Жұмбақтар, нақыл сөздер, жаңылтпаш, әзіл-оспақтары әдебиетке құнды қазына болып қосылды. Бұл тараптағы еңбектері «666 мақал-мәтелден» басталып, «Нақылнама», «Маржансөзге» дейін созылды.
Автордың «Менің ойыншақтарым», «Орақ - олақ», «Шынықсаң шымыр боласың», «Балдаурен, шіркін, балалық», «Ақсерек те көксерек», «Аспандағы әпке» сынды жинақтары бүгінде кішкентай оқырмандардың сүйікті кітаптары. Аталмыш жинақтарбүгінге дейін ұстаздар мен тәрбиешілердің айнымас көмекші құралы. Мемлекет әйгілі жазушының ұзақ жылғы еңбегін жоғары бағалады. 1984 жылы балалар жазушылары арасында бірінші болып Мұзафар Әлімбаев Абай атындағы мемлекеттік сыйлық иегері атанды.
Қарымды қаламгердің мерейтойына орай биыл Алматыдағы Ұлттық кітапханада ұлттық балалар әдебиетінің өткені мен бүгінгі дамуына арналған ғылыми-теориялық мәжіліс өткізілді. Сондай-ақ, қаламгердің туған жері – Павлодар облысында зиялы қауымның қатысуымен әдеби кеш ұйымдастырылды. Шаралар легі жыл аяғына дейін жалғасады.
Бүгінде сөз зергері бас болып шығарған «Балдырған» журналы балалардың жан серігіне айналып келеді. Ақын түлеп ұшқан топырақ Павлодар облысында және Ақтөбе қаласында Мұзафар Әлімбаев атындағы мектеп бар. Павлодар шаһарындағы Бұқар жырау атындағы Әдебиет пен өнер музейінде сөз саңлағының кітаптары мен қолданған заттары сақтаулы тұр. Тұғырлы тұлғаның өнегелі сөзі, өресі биік туындылары уақытпен қанаттасып, заманмен үндесіп жасай бермек.