"Боран" қандай фильм?

Дүниенің төрт бұрышындағы тағдыры бөлек, татқаны басқа болсада, қаны бір қазақ баласының жүрек үнін көрсететін, ҚР Мәдениет және спорт міністрлігінің тапсырысы бойынша «Боран» толықметражды көркем фильмі ұлттық құндылыққа ие, мемлекет мүддесі үшін қызмет ететін, ұлттық жоба.
Бұл жоба «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕАҚ-ның қолдауымен түсіріліпті. Көптеген сценарилердің арасынан іріктеле келе көптің көзі бір нүктеге тоқтап, көңілі осы «Боранға» ауған екен.
Киноның продюсері Ербол Бораншы, қоюшы режиссері Сәбит Құрманбеков, басты ролде Мағжан Тұрыс, Сценари авторы Ербол Бораншы, Сәбит Құрманбеков. Қоюшы оператор Екпін Есен Айтмұқамет, қоюшы суретші Қастер Өмірбек, Жамбыл Құрмаш, музыкалық шығарманың авторы Ұшқын Жамалбек.
Міне, өздеріңіз көріп отырғандай кино өнері көптеген жақтың тоғысқан, бірлескен еңбегінің нәтижесі. Әуелі иланарлық идея керек, сонсоң үйлесімді тартымды сценари болу керек. Осы нәрселер өмірге келген соң оны жүзеге асыратын ақша қажет болады. Ақшаның келу қайнары мемлекеттік және кәсіпкерлердің демеушілік жолымен жүзеге асады. Бұл киноның қолдаушысы мемлекеттік бюджет екенін көріп отырмыз. Осы мәселелер шешілген соң оператор, суретші, композитор сайланады. Бәрі дайын болған соң, енді киноның жүрегі, ең басты көрерменнің көзіне түсетін, анау тасадағы көп жұмысты жарқыратып алып шығатын, айпара ететін актер. Образдарды орынды ойнап шығу, әртістің шеберлігіне байланысты десекте, оған бағыт бағдар беріп, көмескі тасадағы таланттарды аша түсуде тағы да режиссердің фантазиясы, сан қатпарлы қиялы керек болады.
Бұл нәрселерді сөз етіп отырғаным, біз көріп шыққан «Боранның» өмірге келуі осы «төртеудің» түгел болып, төбедегінің келгенін көрсетеді. Боран деген табиғаттың құбылысы болғанымен киноның атына айналғанда ол ақ мылтық аяз, ақ қарлы даланың боранынан заманның, саясаттың, дәуірдің боранына айналып соғып тұрғанын елестетеді. Онан ары тереңге сүңгіп адам жанының ішкі буырқанысынан туған боранын бейнелейді екен.
Біз осы уақытқа дейін Сәбит Құрманбековтің «Оралманын» көріп риза болғанбыз. Ондағы басты ролді Дулыға Ақмолда сәтті ойнап шыққанын жұрт біледі. Оқиға Ауғанстаннан отанға оралған қандасымыздың тағдыры туралы өрбитін. Мынау «Боранда» оқиға кеңестер одағы мен қытай арасындағы шекарада болған бір оқиғаны негізге алып екіге жарылып, екі елде тұрып жатқан бір қазақтың өмірінен сыр шертеді.
Бас кейіпкеріміз алты жасынан сахнада өскен, осы кезге дейін көптеген филмьдерден көрініп, көзге түскен Мағжан Тұрыс (Бегжан Тұрыстың баласы). Реті келіп тұрғанда айта кетейін, Мағжан батыр өзіне жүктелген міндетін бұлжытпай, мүткісіз етіп алып шығыпты. Ол кинода шофер ролін сомдайды. Қыс кезінде алыс ауылға жем-шөп апару үшін жолға шыққан жас жігіт қалың қар мен үдей соққан боранның салдарынан бағытынан тайып, жолынан адасып кетеді. Ол арда екі қонып, жүре-жүре қазақстанның аумағынан асып, қытайдың териториясына өтіп кетеді. Соңында машинасы бұзылып, бензіні таусылып, азынаған желдің өтінде көлігі қарға көміліп қасат қардың астында қалады. Әне сол кезде қытай жағындағы шекарада мал бағып отыратын қазақтың ақсақалы тауып алып үйіне алып келеді. Темір көліктің ішінде үсінген Құрмашты (Мағжанды) тонға орап атпен алып келген соң, алдымен шешіндіріп денесін қармен ысқылайды. Онан соң шипалы маймен жақсылап сылап майлады, артынан семіз қойын сойып суығын тарттыру үшін қойдың терісіне салады. Ұлттық ем-дом жасап сауықтырады.
Малшының үйі шекарада болғандықтан қытайдың шекарашы солдаты сол үйде жатып ас-суын ішіп, күзет қызметін жасап жүреді. Ақсақал әлгі қытай әскерінен жасырып Құрмашьты туысқанымның баласы деп өтірік айтады. Адасқан шоферді жақсылап қарап денсаулығын қалпына келтіреді. Осы тұста кадрдан қытайдағы қазақтардың тұрмыс-тіршілігі, өмірлері көріне бастайды. Киген киімі, жеген тамағы, адамдық болмыс, ұлттық мінезі көрінеді. Қарапайым қазақтың қариясы мен әжесінің шынайы өмірі өріледі. Сонымен паралел ата мен апа, адасушы мен солдат, сырттағы боран мен іштегі дауыл шарпысып отырады. Бір қызығы 1966-1976 жылдардағы қытайдың «мәдениет зор төңкерісі» кезіндегі Пұтқа табынғандай қытайдың коммунист басшысы Мао ге табынғанын өте нанымды етіп көрсетеді. Саясаттан қорыққан ақсақал қытай солдаты шырт ұйқыға кеткенде қой қораға барып қойдың арасында намазын оқиды, парызын өтейді. Әртүрлі айғақтар мен салдарлардың нәтижесінде қытай солдаты Құрмаштың жат жұрттық екенін сезіп қояды. Оқиға тіпті шиеленісіп ширыға түседі… Соңында шекарашы қытайдың қалжырап ұйықтап қалған сәтінен пайдаланып адасқан Құрмашты атқа мінгізіп ауылдан алып шығады. Осы арада Ақиық қыранның аяқ бауын шешіп, томағасын сыпырып еркіндікке, зеңгір көкке жіберуі арқылы Құрмаштыда өз отанына қайтарады. Ел білмейтін тау жолдары мен көзден таса қалтарыс бұқпалар арқылы Құрмашты құтқарып жібереді. Ақсақал жер шегінен асырып солқылдап тұрған аспа көпірден өткізіп жіберген соң, арқасынан ауыр жүгі түсіп артына қайтады. Ол қыстауына жеткенде алдынан мылтық кезеген қытай әскері қарсы алады. Оқталған мылтықтың ұңғысы өзіне кезеліп тұрған қарт аттан түседі, кеудесін керіп «атсаң ат!» дегендей күзетшіге тесіле қарайды. Қытай солдаты ат жетелеген ақсақалды алдына салып айдап кетіп бара жатады.
Мен кинодағы барлық детальдерге тоқталып отырған жоқпын. Оны киноны көруге ұмтылған, тамашалап тамсанған ағайын өзі сезіне жатар. Ең бастысы «Боран» өзінің діттеген жеріне жетіпті. Кеңестер одағы кезінде, онан кейін де қандастар (оралмандар) тағдырын өзек еткен бірнеше кино экранға шықты. Мынау тағы да бір қадам ілгері басып бұл үлкен мәселені көркем филиь арқылы көтеріпті. Басында айтқанымыздай тағдыры бөлек тамыры бір, өмірі басқа өзегі бір қазақтың хал-ахуалы ашылыпты. Мемлекетте, жерде шекара болуы мүмкін, бірақ, жүректе, адамгершілікте шекара болмайды. Әлем сиырдың бүйрегіндей быт-шыт болсада, оның негізгі тұрғыны адамдың арманы ортақ, тілегі бір. Жершарындағы қырықтан аса елде қазақ болғанымен олардың ортақ мақсаты, түпкі тілегі қазақстанның үстінде. Саясат санқилы жолға салғанымен «Қарға қарғаның көзін шұқымайды». Әсіресе, қазақ үшін отан ұғымы тіпті бөлек. Сондықтанда Қазақстан тәуелсіздігін алған 1991-жылдан кейін Қытайдан, Моңғолиядан, Өзбекстаннан, Ауғанстаннан, Түркиядан қандастар алды-артына қарамай атажұртқа лап қойды… Соның нәтижесінде отанымызға бір милионнан астам қазақ қосылды. Кинода үлкен идея, ұлы мақсаттың ұшқындары көрінеді. Міне, біз бүгінгі күнге сондай бодаулар беру арқылы жеттік деп тұр. Қазақтың бір ғана отаны бар, Ол – Қазақстан.
Бір ескерте кететін дүние, «Боран» деректі кино емес. Ол көркем филмь. Оқиғалар, деректер, уақыт жағынан дәл келмей жататын эфизоттар болуы мүмкін, бірақ, астарына, идеясына, мақсатына үңілген адам көп нәрсеге көзі жетеді. Бұл киноның тағы бір жетістігі 2000 жылдарда елге келіп жоғары оқу орындарына түсіп білім алған бір топ талантты жастың қажетке жарап қазақстан қоғамында қомақты күшке айналғанын анықтайды. Сәбит Құрманбековтың командасы сондай жігерлі жігіт, өнерлі шәкірт, талантты топтан құралыпты. Сәкең бір топ ізбасар тәрбиелеп, кең жүректі, ұстаздық пейілін танытып, өнерге жаңалық алып келіп отыр. Әсіресе, соңғы кезде көзге түсіп жүрген Ербол Бораншы үлкен жұмыстар атқара алатынын дәлелдепті. Киноның тағы бір жетістігі осы!.. «Жас келсе іске» деген, «елге ел қосылса, құт болады».
Дәулетбек Байтұрсынұлы, ақын, ҚЖО-ның мүшесі