Ескерткішке көзқарас: Әбдіғалиұлы елден, аруақтан кешірім сұрай ма?

Әбдіғалиұлының өзі қатысқан, өз қолымен ақ матасын сыпырған

Malim Админ

  • 15.09.2022

Кейінгі кездері елімізде қойылып жатқан ескерткіштердің сұрқы адам шошырлықтай. Нарынқолда тұрғызылған ақын Мұқағалидың, Тараздағы Айша бибінің, Бақанас ауылында бой көтерген Қонаевтың мүсіндерінің сынның астында қалуы біздегі рухани-мәдени дағдарысты көрсетіп берді.


Жақында 80 жылдығы атап өтілген Ақселеу Сейдімбектің Ұлытау облысында ашылған монументалды мүсіні де жұрттың наразылығын туғызды. Ақыры, мүгедек мүсін бұзылып, орнына жаңасы орнатылатыны хабарланды.  Осыған байланысты түсінік берген Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Құсманғали «Ақселеу ақсақалдың туған-туыстары ескерткіш жасауға тапсырыс берген. Облыс әкімдігі бұған араласқан жоқ», - деп ақталған-ды. Жаңарқа ауданының әкімі Ю.Бекқожин ескерткішті жазушының інісі Асылхан Сейдімбек өз қаржысы есебінен жасатқанын айтты. «Ескерткіштің эскизі де бізбен келісілмеді» деді.  

Семейлік скульптор Нұрбол Қалиев Ақселеу Сейдімбектің қызы Салтанаттың өзімен сөйлескенін айтады. «Келіскендей болған едік, бірақ артынша хабарсыз кетті»,- дейді ол.

 

Нұрбол Қалиев жасаған А.Сейдімбек мүсінінің алғашқы эскизі 

«Қаламгердің қызы менімен сөйлескен. Ескерткіштің бірнеше шағын эскизін де  жасап қойғанмын. Біз жобалаған мүсін Қарағанды қаласына орнатылатын болған. Жұмыстың басталмай жатып тоқтағанының себебін білмедім. Қаражат мәселесі ме, басқа факторлар болды ма, беймәлім».        

Мүсінші көркемдіктен жұрдай ескерткішті жасаған адамның кәсіби шеберлігіне күмәнмен қарайды.

«Бір салада жүрген соң скульпторлардың көбін танимыз. Ал мұны кейіптеген адам бізге белгісіз. Ақселеу өте өңді адам болған. Оны мен ақсүйек ретінде көремін. Кейбір  адамдардың образын аша алмай жатсақ, бұл тұлғаның болмысын ашу оңайырақ болатын еді. Кескін-келбеті де көркем мүсін жасауға сұранып тұрған. Жаның ашиды. Сондай саңлақ тұлғаларды соншалықты сүреңсіз күйге түсіргендеріне», - дейді ол. 

Әлеуметтік желіде жасаған мүсіндері мақталып, «ғалымның ескерткішін осы жігіт жасауы керек еді», деп ел іздеген Болатбек Салаевпен де хабарласып көрдік.

Ол естелік туындының олқы шығуын қаражатпен байланыстырады. 

«Қаражаттың аздығы қордың аз жиналғанынан болады. Қор аз жиналған соң мүсінді арзанға жасайтын скульпторларды жинап алады. Соларға хабарласады. Сосын, скульпторлар мен тапсырыс берушілердің арасында делдал жүреді. Таныстырып, келісімге келтіргені үшін ақша алады. Бір сөзбен айтқанда, сондай адамдар кедергі жасайды. Олар екі баға ұсынады. Жақсы сома бөлінсе де, қаржының тең жартысы делдалдың қалтасына түседі.

Ал Нұрбол Қалиевтің айтуынша, ескерткіш жасайтын адамды дұрыс таба білу маңызды.

«Тауық сойса да қасапшы сойсын» дейміз. Мүсінмен айналысатындар нағыз кәсіби адам болуға тиіс. Олай болмаған жағдайда жоғарыда айтқан сұрықсыз ескерткіштер көбеймесе азаймайды. Мүсін өнердің ішіндегі ең қиыны. Ол станоктық жұмыс немесе сурет емес. Ескерткішті  қанша есе үлкейтсеңіз, соншалықты қателігі шыға береді. Мүсінші жасаған ескерткішіне баға бере алмайды. Ал қасындағы адамдар қолдай кетеді. «Қолынан келгені осы шығар» деп қамқорлық танытып жатады», - деп түсіндіреді.

Нұрболдың пікірін архитектор Асхат Бәкіров те қуаттап отыр. Оның сөзінше, мүсінші сәулетшімен қоян-қолтық жұмыс істеуі керек. Ескерткіш  қойылатын жердің жағдайы, ыңғайлылығы, көрнекті орыннан болуы, мұның бәрін де архитектор нақтылап беруге тиіс.    

Орын алып жатқан бассыздықтарды жою үшін Болатбек Салаев қатаң бақылау қоятын уақыт жеткенін айтады.

«Мүсін жасайтын мамандардың дипломдарын тексеру керек. Арнайы заң шыққан жөн. Мүсін құюмен скульптор ғана айналасқаны дұрыс. Өкінішке қарай, қазір сұңғат өнерімен қатысы жоқ адамдар айналысып жатыр. Солар тапсырыс алады. Пысықайлардың дәурені жүріп тұр. Ескерткіш мейлі ауыл, аудан, тіпті қалаға қойылса да мәдениет министрлігінің сараптауынан өтуге тиіс. Жалпы, соңғы жылдары бей-берекетсіз салынған мұндай мүсіндер  жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен. Қысқасы, еліміздегі барлық ескерткішке жүйелі түрде сүзгі жасалуы қажет».

Айтпақшы, осы мақаланы әзірлеуге түрткі болған Ақселеу Сейбімбекұлының сынға ұшыраған ескерткішінің ашылуына Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлының өзі қатысқан, өз қолымен ақ матасын сыпырған. Артынша, елдің наразы пікірі қаптап кеткенде, аудан әкімін алға салып, біз түк білмей қалдық, заңсыз деген әңгіме қоздатты. Бұл да біздің шенеуніктердің ескерткішке қатысты, қазақтың ірі тұлғаларына қатысты жүрдім-бардым қарым-қатынасын көрсетеді. Берік Әбдіғалиұлын жалпы жұрт ұлттық құндылықтарға ерекше мән беретін адам ретінде таниды. Демек, басқа – басқа, Әбдіғалиұлы өзі ашқан ескерткіштің жағдайына байланысты арнайы мәлімдеме жасап, ақталуға, көре тұра соның тұғырға қонуына, салтанатты түрде ашылуына жол бергені үшін көпшіліктен және Ақселеудің аруағынан кешірім сұрауға тиіс еді...

О.Әбілұлы 

Фото ашық дереккөзден. 

Байланысты жаналықтар

Балаларды құлдықта ұстаған әйел қамауға алынды

19.02.2024

Сенат Төрағасы Ұлытау облысының жұртшылығымен кездесті

03.07.2023

«Жауабыңыз қабылданбайды» – Әбдіғалиұлының сөзі Смайыловқа ұнамай қалды

17.01.2023

Берік Әбдіғали - Ұлытау облысының әкімі

11.06.2022
MalimBlocks
Балаларды құлдықта ұстаған әйел қамауға алынды

Ол қазір уақытша ұстау изоляторында

Сенат Төрағасы Ұлытау облысының жұртшылығымен кездесті

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Ұлытау облысының мәслихат депутаттары, ақсақалдары және жастарымен кездесті.

«Жауабыңыз қабылданбайды» – Әбдіғалиұлының сөзі Смайыловқа ұнамай қалды

Бюджеттен ақшаның кешігіп түсу себебін отырыста баяндама жасаған Қуантыровтан да бір сұрай салуы керек пе еді...

Берік Әбдіғали - Ұлытау облысының әкімі