Еліміздің бірнеше аймағында мектептерді жөндеу жұмысы баяу жүруде

Мектептердегі үш ауысымды оқыту мәселесі де біртіндеп шешімін тауып келеді. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты.
Балалардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасау мәселесі Мемлекет басшысының ерекше назарында. Отаншыл, білімді әрі жасампаз ұрпақ тәрбиелеу – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы. Оқушылар мен студенттердің жайлы оқуын қамтамасыз ету үшін білім беру мекемелерін салу және жаңғырту жұмыстары қызу жүріп жатыр. Қыркүйек айында 115 мың жаңа оқушы орнына арналған 83 жаңа мектеп ашу жоспарлануда. Оның ішінде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 57 білім ошағы пайдалануға беріледі. Олардың толыққанды жұмысқа дайындығын қамтамасыз ету маңызды міндет саналады. Мектептердегі үш ауысымды оқыту мәселесі де біртіндеп шешімін тауып келеді. Ұлттық жоба аясында еліміздің 9 өңірінде 15 нысанды аяқтау бойынша жұмыстарды жеделдету қажет. «Самұрық-Қазына» қоры әкімдіктермен бірге нысандардың жаңа оқу жылына дейін пайдалануға берілуін қамтамасыз етсін, - деді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысы еліміздің мектептерінде күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын 1 қыркүйекке дейін аяқтау қажеттігін баса айтты.
– Бірқатар өңірде 34 мектеп бойынша жұмыс қарқыны баяу екенін атап өтемін. Бұлар – Алматы қаласы, Абай, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Атырау, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Ұлытау және Алматы облыстары. Аталған өңір әкімдері жөндеу жұмыстарының сапасы мен мерзімінде орындалуын тікелей бақылауға алсын. Сонымен қатар физика, химия, биология, робототехника сияқты арнаулы кабинеттерді дер кезінде сатып алу да өзекті. Қыркүйек айына дейін тағы да кемінде 200 пәндік кабинетті жабдықтау қажет, - деді ол.
Фото: Үкімет

Ең көп оқылған
