Фаризаға жол ашып, Шәмші мен Төлегенге шабыт сыйлаған кім? 

Кенет біздің әңгімемізді жанымызға алқына жеткен Шәмші бөліп жіберді

Олжас Қасым

  • 25.07.2023

Көрнекті композитор Шәмші Қалдаяқовтың айтулы әндерінің бірі «Ақ ерке - Ақ Жайық» әнінің туғанына 60 жылға жуық уақыт болыпты.  Қаншама уақыт сырғып өтсе де, Шәмшідей сұңғыла сазгер, Төлегендей арқалы ақын тудырған ғажап ән халықпен бірге жасап келеді.  Алайда, көпшілік бұл туындының шығуына себепкер болған тұлға жайында бейхабар екені анық. Алаштың айтулы ақыны мен композиторын Атырауға алдырту идеясының басы-қасында кезінде сол аймақты басқарған Мұханбетқазы Қауысұлы жүргенін де біреу білсе, біреу білмейді.      


1965 жылы желтоқсан айында көрнекті композитор Шәмші Қалдаяқов пен ақын Төлеген Айбергенов бір айдай Атырауда болып, облысты аралап жастармен кездеседі. Сол сапарда Атырауға арналған «Ақ ерке-Ақ жайық» әні дүниеге келген. Ел жүрегінен орын алған өміршең әннің туу тарихы жөнінде жазушы-драматург Берік Қорқытов тебірене сыр шертеді.  «Сол кезде оларды Жайықтың Махамбет ауданының тұсынан өтетін қалың тоғайдың ақ қыраудан сырға таққан талдары қатты тамсандырды. Жайық шіркін, қыста да әдемі ғой. Ағаш бұтақтарына жабысқан қыраулар бейнебір аппақ қылқанды шыршалар секілді көзді арбайтын. Ал оған күн сәулесі түскенде аспанның сандаған жұлдыздары ұшып кеп, ағаш бұтақтарына қона қалғандай әсерге бөлеуші еді. Аудандарды аралап, қалаға оралған күні ақын мен композиторды «Орал» мейрамханасында күтіп алдық. Біраз отырып, мейрамханадан шыққан соң Жайықты бойлап, қонақ үйге жаяу тарттық. Аяқ астында желтоқсанның аппақ қары сықыр-сықыр етеді. Аязды ауа жан сергітетіндей тап-таза еді. Төлеген Айбергенов және облыстық комсомол комитетінің сол кездегі жауапты қызметкері Қатимолла Ризуанов бастаған бір топ сәл ілгері кетіп, Шәмші артта қалыңқырап қойыпты. Оның үстіне ол әңгімеге онша араласа бермейтін. Бір жағынан сонысын ескеріп, біз оны онша қыстамадық та. Әрнені әңгімелеп келеміз.

Кенет біздің әңгімемізді жанымызға алқына жеткен Шәмші бөліп жіберді: - Тө-тө-Төлеген, деді ол тұтығыңқырап. – Қарашы, ақ Жайық ән салып тұр ғой... – Иә, - деп Төлеген да тоқтай қалды. Сол сәтте бәріміз ақ қар, көк мұз құрсанып жатқан Жайыққа қарадық. Бірақ, Төлеген мен Шәмшіден өзгемізде табиғатпен тілдесетін қабілет шамалы еді. Бар түйгеніміз: «Е, Шәкеңнің жүрегінен ән туып келе жатыр екен ғой» деп қойдық. Осыдан соң бәріміз қонақ үйге жетуге асықтық. Онда пианино тұрған зал бар еді. Шәкең сол жаққа аяңдады. Біздің дәл көз алдымызда осы күнгі «Ақ ерке Ақ Жайықтың» әуені ойналды».

Екі-үш күннен бері Жайықтың кербез көркіне таң-тамаша болып жүрген Төлеген де қамшы салдырмайды. Отыра қалып, «Арманым саған ауған, Самал соқса жағалаудан. Жүректе тербетілген ақ Жайығым, Ақ еркем, аңсаған ән өлкем...» деген  сұлу шумақтарды мөлдірете жазып шығады. 

«Осылай Жайық туралы ән дүниеге келді. Әннің тұсауы Атырауда кесіліп, музыкалық туындыны алғаш рет атыраулық әнші Өтеген Олжабаев орындады. Сол жолы қаладағы «Жилгородок» шағын ауданы клубының концерт залына халық симай, кешті аяқтарынан тік тұрып тамашалады»,-дейді  Берік Қорқытов.     

Мұханбетқазы Қауысұлы аймақ руханиятының түлеп, түрленуі жолында күш-қайратын жұмсап қана қоймай, болашағынан үлкен үміт күттіретін таланттарды алыстан танып, қамқор көңілмен бауырына тарта білген.   Ол жасөспірім, көкөрім жастарды жанындай жақсы көріп, жылт еткен қайнарлардың көзін ашады. Оның ақын  Фариза Оңғарсынованың қаламгерлік жолға түсуіне ықпал еткенін көбі біле бермейді. 

Қайраткер  Атырау жерінде қызмет еткен жылдарда өңір әдебиеті мен мәдениетіне қан жүгіргені үлкен бір тақырыпқа жүк.  Соның бір парасы мынадай. Ақынға сөзден сарай соғып, жырдан күмбез тұрғызу үшін орта керек. Ортасын таппай, саяқ жүру әсіресе жас ақынның жанын жабырқатары анық. Мұндай кеп бойжеткен Фаризаның да басынан өтіпті.

Қаршадайынан өлең жазатын қайсар қыз өлеңдегі бастаулары туралы «Мен қалай журналист болдым?» деген эссесінде тереңірек баяндайды.   

«... Аздап өлең жазатының болмаса, Оңғарсынова деген журналисті ешкім білмейді. Бір бас сұғып алғасын, адамды жұмыстан шығару да бұл заманда қиын», - деп Түсекең ("Коммунистік еңбек" газетінің редакторы Түсіп Бисекенов) ақ жарылып, өз көңіліндегі мен туралы, менің газет жұмысына үйрене кетіп, мақала жазуыма онша сенімі жоқ, яғни күмәнді екенін айтқан. Бірақ, облыстық партия комитетінің сол кездегі идеология хатшысы Мұханбетқазы Қауысұлына кіріп, өзім творчестволық орта іздеп жүргенімді, аздап өлең жазатынымды айтып ем, ол кісі редактормен сөйлесіп:

- Біздің облыста мына Фаризадай өлең жазатын, мәдениет, әдебиетке жанын салатын қыздар көп қой, шамасы?» - деп бірден отырған орындығының салмағын сездірер дауыспен тіл қатты», - деп жазады Фариза. Бұл оның мектепте сабақ беріп жүрген жерінен облыстық газетке орналасу тарихы болатын. Хатшының қамқорлығы болашақ таланттың, кемел ақының тай кезінен-ақ болмыс-тұлғасын тап басқан көрегендігінде жатса керек.

Сол кездесуден кейін-ақ, ол Қауысұлының қолдауымен Оңғарсынованың алдымен Алматыға, одан әрі қазақ поэзиясындағы сара соқпағына, даңқты ғұмырбаянына даңғыл жол ашылады.

Фаризаның айтуынша, ол ақын болмаса қартайғанша ел кезіп, әділет пен шындықты дәлелдеу үшін азып-тозып айшылық жол жүруге бар журналист болар еді. Қалай дегенмен де  Оңғарсынованың асқақ ақын ретінде қалыптасуына журналистік жұмысының оң ықпал еткені рас.  Фариза ақын өлеңде ғана емес, өмірде де өз орнын айқындап, абырой биігіне көтеріле берді. Қара өлеңнің тізгінін ұстаған шайыр:

«Бар болыңдар,

Сендер болсаң, туардай іркіт күнім.

Қашар менің жанымнан сылтып мұңым. 

Мен сендердің шөлдегі бір түп гүлің,

Сендер барда самғайды бүркіт – жырым.

Сендер барда сезбеймін, сездірмеймін,

Иығымның, жанымның жыртықтығын» деген ілтипатқа, құрметке толы өлеңін өзіне қамқорлық жасап, жомарттық танытқан жандарға арнаған.                     

Байланысты жаналықтар

"Шәмші Қалдаяқовтың сығандармен тұрғаны өтірік". Сазгердің балалары елдегі бірнеше театрмен соттаспақ

14.11.2024

Шәмшінің әніне авторлық қоғам 18 мың теңге төлеген. Мәжілісте заң жобасы талқылануда

14.11.2024

Шәмші Қалдаяқовтың әндері қалай шыққан?

15.08.2024

Өзіңді елің сағынды, Фариза апа

25.12.2023
MalimBlocks
"Шәмші Қалдаяқовтың сығандармен тұрғаны өтірік". Сазгердің балалары елдегі бірнеше театрмен соттаспақ

Пьесада Шәмшіні сығандар тепкілеп, қамшымен ұрады

Шәмшінің әніне авторлық қоғам 18 мың теңге төлеген. Мәжілісте заң жобасы талқылануда

Ақшаның 70 пайызын қоғам өзі алып қалады, 30 пайызын ғана авторға береді

Шәмші Қалдаяқовтың әндері қалай шыққан?

Бүгін көрнекті композитор Шәмші Қалдаяқовтың туған күні. Ал өнер саңлағының туғанына 94 жыл.

Өзіңді елің сағынды, Фариза апа

Шындықты сүйген жүрегі қай ортада да қақыратып шын сөйлететін