Шәмші Қалдаяқовтың әндері қалай шыққан?
Бүгін көрнекті композитор Шәмші Қалдаяқовтың туған күні. Ал өнер саңлағының туғанына 94 жыл.
Бүгін көрнекті композитор Шәмші Қалдаяқовтың туған күні. Ал өнер саңлағының туғанына 94 жыл.
Қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқов 1930 жылы 15 тамызда Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданында дүниеге келген. Шалқыған Шәуілдірінен шабыт алып, талайлар тамсана тыңдаған туындыларды жазған Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығы ауылындағы сыған жігітінен 8 ішекті мандолина аспабын сатып алуынан басталған деседі. Қай жерге бармасын, сол бір ерекше аспаптан ән әуелетіп, айналасын ұйытыпты. Музыкалық дипломы болмай, әуесқой композиторлардың қатарында жүрсе де Шәмші асқан импровизаторлығының арқасында сол кезде сирек кездесетін «вальс» ырғағындағы әндерді жазуға ден қояды. Шабытының тап шалқыған шақтарында шыққан шығармалары халқының жүрегінде.
«Сыған серенадасы» кімге арналған?
Бірде Шәмші ақын Төлеген Айбергеновтің үйінде қонақта болып, Сыған серенадасын орындап береді. Орындап отырып, бұл әннің орындаушысы әлі дүниеге келген жоқ деген екен. Кейін ақынның қызы өз құлағымен естіген осы әңгімесін Тоқтар Серіковке жеткізеді. Расында да, араға 30 жыл салып, эстрада жанрында халыққа кең тараған Сыған серенадасын, саз әлемінің саңлақтары Тоқтар құтты орнына қондырды деп бағалайды. Шоқтығы биік туындының тарихы жайлы да ел арасында екі пікір қалыптасқан. Сыған серенадасын театр сахнасына әкелген драматург Исраил Сапарбай, Шәмші шынында да Изольдаға ғашық болған, кейін ол тобырымен Тәжікстанға көшіп кеткенде, қимастықтан осы ән дүниеге келген деседі. Ал, вальс королінің жан-жары бұл пікірді жоққа шығарған. Шәмші тек сыған халқының музыкасына қызыққан көрінеді.
«Дүнген қызы» әні қалай шыққан?
Дүнген қызы жайлы да осындай алып қашпа әңгіме көп. Алайда, ол ешқандай дүнген қызына ғашық болмаған. Тек олармен көрші тұрып, сол ұлттың тұрмыс-тіршілігі, болмыс-бітімін жақсы таныған. Көпшілік, Шәмшінің өмірінің соңғы жылдарың Жамбыл өңірінде өткізгенін жақсы біледі. Жалпы, Шәмшінің Әулиеата жеріне деген махаббаты ерекше болған. Осы елдің жаймашуақ халқына арнап, қаншама әндер шығарған. Бір ғана «Дүнген қызы» емес, «Сағынышым менің», «Фосфорлы Жамбыл», «Әсемсің әніңдей», тіпті, «Отырардағы той» мен «Теріскейді» де осы елде жүріп жазған.
Оқи отырыңыз: Фаризаға жол ашып, Шәмші мен Төлегенге шабыт сыйлаған кім?
«Ақ бантик» әнінің шығу тарихы
Сырлы лирикаға толы бұл әннің тарихы, ондағы әрбір сөзбен тікелей байланысты. Тіпті композитор мен ақынның ортақ шешімімен туындаған дүние десек болады. Бірде Шәмші мен Мұхтар Шахановты өнердегі ортақ достары Қаражан Әбіләзимов өз үйлену тойына шақырады. «Тойға әннен артық сый бола ма?! – деп қос автор «Ақ бантик» әнін жазып, тарту етеді. Әнді «Ақ бантик» деп атағандары, әлгі достарының жары мектепті енді бітірген, үлбіреп тұраған балауса қыз екен. Сөйтіп, бір қызға арналған ән, өміршең мұраға айналды.
40 жылдан астам шығармашылық қызметінде сазгер 300-ге жуық музыкалық туынды жазды. Композитор 1965 жылы Қазақстан Комсомол сыйлығын алды. Ал 1991 жылы оған «Қазақстан Республикасының Халық әртісі» құрметті атағы берілді.
Фото: Ашық дереккөзден