Маржан Жұбаныш. Қазақ мультфильмін әлемге танытқым келеді
2022 жылы жарық көрген мультфильм сол жылы Жапонияда өткен анимациялық фильмдер фестивалінде 1-орын алды. Мультипликация өндірісінің отаны саналатын елде мұндай жоғары сыйлыққа ие болу өте қиын екені түсінікті. Tokyo Film Award фестиваліне әлемнің көптеген елінен жүздеген мультфильм қатысқан.
Қазақ мультипликациясында бұрын-соңды болмаған жетістіктерге жеткен қысқаметражды «Шаңырақтың иесін іздеп жүрмін» мультфильмі жуырда YouTube-та жарияланды. 2022 жылы жарық көрген мультфильм сол жылы Жапонияда өткен анимациялық фильмдер фестивалінде 1-орын алды. Мультипликация өндірісінің отаны саналатын елде мұндай жоғары сыйлыққа ие болу өте қиын екені түсінікті. Tokyo Film Award фестиваліне әлемнің көптеген елінен жүздеген мультфильм қатысқан. Содан бері «Шаңырақтың иесін іздеп жүрмін» отандық Baiqonur фестивалінде «Ең үздік сценарий» дипломымен және көптеген сыйлықпен марапатталды. Біз «Тынжы» студиясының негізін қалаушы, аниматор режиссері, сценарий авторларының бірі Маржан Жұбанышпен әңгімелескен едік.
– Маржан, 2022 жылы жарық көрген «Шаңырақтың иесін іздеп жүрмін» мультфильмі жуырда YouTube-қа шығыпты. Көрерменнің ықыласы ерекше көрінді. Осыған дейін біраз халықаралық фестивальде бақ сынап, жүлдегер атаныпсыздар. Сол туралы қысқаша әңгімелесеңіз.
– Токиода өткен Tokyo Film Award фестивалінде «үздік мультфильм» атанып, 1-орын иелендік. Содан бері көптеген фестивальде бақ сынадық. Бастыларын айтар болсақ, бізді 2022 жылы TYRKTAV қоры Түркияға шақырып, Анкара қаласында жергілікті тұрғындарға көрсетілім ұйымдастырды. Түрік бауырлар өте жылы қабылдады. Кейін сол елдің телеарналарынан көрсетілді. 2023 жылы наурызда Жапонияның Токио қаласындағы TAAF (Tokyo Anime Award Festival) фестиваліне шеберлік сабағын өткізу үшін арнайы бас қонақ шақырды. Оған «Дисней» компаниясынан тартып, әлемнің анимация жасайтын алпауыт компаниялары келді. 2023 жылы қыркүйекте Алматы Анимация фестивалі «Ұлттық анимацияға қосқан үлесі үшін» сыйлығымен марапаттады. 2023 жылғы қыркүйекте Қытай үкіметі ұйымдастырған The Golden Panda Award Festival фестивалінде әлем бойынша 5 үздік анимациялық фильмнің қатарына ендік. Біз Dream Works Pictures компаниясының «Трансильвания монстрлар қонақ үйі» фильмінің қатарында болдық. Бұл – үлкен жетістік деп ойлаймын. 2024 жылғы мамыр айында Түркияның Памуккале қаласында «Шаңырақтың иесін іздеп жүрмін» мультфильмін TYRKTAV қорының ұйымдастыруымен елге таныстырдық. Биыл қыркүйекте Қазан қаласында (Татарстан) өткен фестивальде «Үздік анимациялық фильм» номинациясы бойынша 5 үздік фильмнің қатарына ендік. Бұл фестивальде біз «Балалы үй базар!» мультфильмін апарған болатынбыз. Ал қазан айында Ресейдің Түмен қаласында өткен «Үлкен Мультфильмдер фестиваліне» қатысып, «Шаңырақтың иесін іздеп жүрмін» мультфильмінің көрсетілімі болды. Шығыстық және ұлттық бояуларға бай мультфильмді көрермен өте жылы қабылдап, түрлі сұрақтар қойды. «Қазақ мультфильмінің жаңа өрісі ашылыпты» деп бағалағандар көп болды.
– Естуімше, студияларыңыздың аты «Тынжы» екен. Неге бұл атты таңдадыңыздар?
– «Тынжы» – адам санасына маза бермейтін күш, рух бейнесі. Мифтік мағынаға ие. Мамам Үміт Жұбанышеваның айтуынша, әкесі қызы сәл тынымсыздық танытса, қасындағыларға: «Бұл қызыма тиісуші болмаңдар! Ішінде Тынжы бар. Сол маза бермейді. Түбінде менің атымды осы қызым шығарады» дейтін көрінеді. Анамның санасында сол сөз мөрленіп қалыпты. Сол үшін бас кейіпкердің атын да Тынжы деп алдық.
– «Шаңырақтың иесін іздеп жүрмінге» қанша жыл еңбектендіңіздер?
– Менің анам Үміт Жұбанышева кәсіби суретші. Ұзақ жыл бойы «Қазақфильм» киностудиясында аниматор-суретші болып қызмет етті. Миниатюра салғанды ұнатады. Анамның қауаққа (асқабаққа) салған суреттері кезінде өнертанушыларды тәнті еткенін көп адам білмеуі мүмкін. Ол кісінің арманы төл өнімімізді – өзіміздің ойымыздағы дүниені жасау болатын. Бала кезімнен анама еріп, оның сурет салғанын көріп өстім. Мектеп жасынан бастап мені сурет әлемінің сиқыры өзіне тарта бастады. Анам: «Қызым, мультфильм жасау өте күрделі, ұзақ уақыт алады. Бірақ оның ұрпаққа, көрерменге берер ләззаты, салар ойы бөлек» дейтін. Ақыры, анамның жолын қууға, оның әлемімен терең танысуға бел буып, Т.Жүргенов атындағы Ұлттық Өнер академиясының анимация бөліміне оқуға түстім.
Ал «Шаңырақтың иесін іздеп жүрмін» мультфильміне 4 жылдан артық уақытымыз кетті. Анам екеуміз мыңдаған суретті салып, сценарийін жазып, ұзақ уақыт дайындалдық. Сценарийін жазуға 17 жыл кетті. Мультфильм бірер адамның қолымен жасалмайды, оған тұтас команда керек. Суретші Арыстан Хасенов ағамызды да көмекке шақырдық.
– «Шаңырақтың иесін іздеп жүрмін» анаңыздың автографиялық өміріне негізделіп түсіріліпті. Оқиға желісін көріп отырып, «шаңырақтың иесі», яғни қазақ отбасында ұл баланың орны ерекше екенін, ұлға айрықша басымдық беретінін аңдамау мүмкін емес. Анаңыз басынан өткерген істерді мультфильмге айналдыруды өзі ойластырды ма?
– Иә, бұл мультфильмге анамның бала кезде басынан өткен оқиға негіз болды. Нағашы атам Жұбаныштың ұлы жоқ екен. Мультфильмді көрсеңіз, үнемі әкесінің «Шаңырағымыздың иесі жоқ… Оны қайтеміз? Шаңырақтың иесі болғанда жан-жағым жарыққа толып, өмірім ұзарар еді», – деген реніш сөзі көп қайталанады. Бұл кішкентай қызды уайымға салады. Ол шаңырақтың иесін іздеп, әкесін қуантқысы келеді. Ауылдағы бәйгеде Тынжы шабандоз болып, атқа шабады. Атының есімі – Ою. Ал қошақанның аты – Өрнек (досы). Екеуінің де атын кішкене қыз қойған. Сонда көпшілік «Бәйгеге о заманда бұ заман қыз шаба ма екен?» деп кекетеді. Тіпті, «Атыңа менің бұзығым мінсін» деп, әкесінің қаяу көңілін одан бетер түсіреді. Тіпті, атқа міне алмай қалған әкесінің атын алып кетеді. Осы оқиғалар анамның санасында қалып қойған.
Біз мультфильмде ұлттық мінез бен түсінікті, шаңырақтың қадірін, адамдар арасындағы нәзік байланысты көрсетуге тырыстық. Шетелдіктер біздің шығыстық миниатюраға жақын ұлттық нақышымызды көргенде, таңырқап әрі қызығып қабылдады.
Анам әкесіне осы анимациясы арқылы өшпес ескерткіш қойды десем де болады. Сценарийін ұзақ жыл жазды. Бала кезімнен осы оқиғаны санама құйып өсіргендіктен, мен де мультфильмнің әр деталін жаныммен сездім. Режиссер ретінде көп іздендім. Біздің мультипликация ұлттық нақыштан айырылмауы керек. Өзіндік қолтаңбамыз болмаса, әлемді таңғалдыра алмаймыз.
– Әлемді шарлаған мультфильмнен кейін мемлекет тарапынан қолдау болды ма? Толықметражды мультфильм түсіруге тапсырыс беру туралы ұсыныс айтқандар бар ма?
– «Шаңырақтың иесін іздеп жүрмінді» өз еңбегімізбен, өз қаражатымызға жасадық. Төрт жарым жыл үйде отырып жұмыс істедік. 30 минутқа соншалық уақыт кетті. Осыдан кейін мемлекеттен «Сауға», «Балалы үй базар», «Жұмақ дегеніміз...» атты 5-10 минуттан аспайтын бірнеше қысқаметражды мультфильмдерге тапсырыс алып, жасадық. Ал толықметражды мультфильм түсіруге ұсыныс алған жоқпыз. Шынымды айтсам, мәдениетке жауапты мекемелер анимацияның қандай қиын еңбекпен жасалатынын түсінбейді. Олар үнемі биыл ақша бөледі де: «Екі айдың ішінде бітіріңдер, биылдан қалдырмаңдар» деп шарт қояды. Құжатының жұмысы тіптен көп. Ал анимациялық өндіріс ондай асығыстықты көтермейді. Министрліктегілер соны ескеріп, ұзақ уақыттық жоспар құрып, жас аниматорлардың энергиясын, шығармашылық потенциалын дұрыс пайдаланса жақсы болар еді. Бізде талантты аниматорлар өте көп. Соны бағалай білсек, ұлттық мәдениетіміздің бір жыртығы жамалар еді.
Қазірше толықметражды мультфильмді өз күшімізбен жасау жоспарымызда бар. Алдағы уақытта іске кірісеміз деп ойлаймын. Қазақтың бай руханиятын мультфильм арқылы әлемге танытқым келеді.
– Дәл қазір қандай жұмыспен айналысып жатырсыздар?
– Біздің балалардың тілі қазақша шықса, өз тілінде сөйлесе, соған өз үлесімізді қоссақ деген мақсатымыз бар. Киностудия сол бағытта өз әлінше еңбектеніп жатыр. Сол үшін YouTube платформасында кішкентай бүлдіршіндерге арнаған қазақша контентті көбейту үшін ұмытылып бара жатқан өлеңдерімізді жаңартып, анимациялық клиптер жасауды қолға алдық. Балалар сапалы контент көрсе дейміз. Тартымды, сүйкімді персонаждарға бай мультфильмдерді көріп өссе ғой деп армандаймыз. Сонда балада талғам болады. Өз тіліне, өз мәдениетіне қызығушылығы оянады.
Маман пікірі:
Зира НАУРЫЗБАЕВА, мәдениеттанушы, мифолог:
– Мен Үміт Жұбанышеваны суретші-мультипликатор ретінде 20 жылдан бері танимын. Алтай республикасының мәдениет қайраткері, суретші-аниматор, Әмен Қайдаровтың шәкірті Тамара Мұқанова таныстырып еді. Ол суретші Үміт Жұбанышеваның асқабаққа (қауақ) салған суреттерін көріп, таңырқап, «стилі де, мәнері де қандай керемет» деген соң, оның миниатюраларын «Рух-Мирас» журналына бергенбіз. Суретшілер мен өнертанушыларды оның миниатюралары қатты тәнті еткен. Осыдан біраз жыл бұрын Тамара апай хабарласып: «Қазақ мультфильмінің мектебі енді қалыптасты. «Шаңырақтың иесін іздеп жүрмін» деген мультфильм шықты дегенде, бұл қандай ерекше дүние болды екен деп таңғалғаным рас. Қазақстанда, тіпті түркі дүниесінде анимацияның қалыптасуына ықпал еткен, ерекше талантымен көптеген елді тамсандырған Әмен Қайдаров ағамыз болатын. Ол кісі түркі топырағына анимацияның дәнін екті. Ал «Шаңырақтың иесін іздеп жүрмін» сол дәннен қауашақ жайған, ұлттық мектептің ерекшелігін айрықша белгілермен паш еткен мультфильм деп ойлаймын. Осыны көру үшін Алматыға бардым. Мұндағы шығыстық таным, белгі, сюжет кім-кімді болса да таңырқатады. Өйткені Үміт бұл анимациялық еңбегіне ұзақ жыл бойы дайындалған. Суретші ретінде көптеген тәсіл мен стильді меңгерген. Миниатюрист ретінде нәзік те қайталанбас өрнектердің мәнін аша білген. Мультфильмнен көпті көргендігі анық аңғарылып тұр.
Мұндағы Тынжы – Үміттің өзі. Бас кейіпкер – автор. Үміттің отбасында ұл болмаған. Бірнеше қызы бар әке «Шаңырағыма кім ие болады?» деп қамығыпты. Мультфильмнен бұл анық байқалады. Бұл батыстық феминистерге де, қазақы түсініктегі адамдарға да ұнайды. Өйткені әке ұлы болуын аңсағанымен, қызын ұлындай көреді. Кейін ұл асырып алып, ол бәріне қамқорлық жасайды. Сценарийдегі бұл шешім көпті тәнті етпей қоймайды.
Мұндағы әр өрнек, әр образ ерекше. Шығыс ертегілерін көріп отырғандай боласыз. Оңтүстіктің өмір сүру салты, көшпелі мен отырықшы мәдениеті мультфильмде қатар көрініс табады. Мультфильмді жас та, кәрі де қызыға көрері даусыз. Әмен Қайдаров ағамыз ұлттық топыраққа еккен дәнегінің күндердің күнінде осылай жайқалып өсерін сезген де шығар. Міне, сол мектептен өрімі мен өрнегі бөлек гүл өсіп шықты.
Бұл мультфильмді телефоннан немесе телевизордан көрмеу керек. Оны үлкен экраннан көрген дұрыс. Өйткені 30 минуттық мультфильмде қозғалыс көп, символдық мәндер қат-қабат. Қазақ мультфильмі енді өркен жайып келеді. Бір топ талантты жас шоғыр қалыптасты. Оларға мемлекет қолдау көрсетуі керек. Онсыз анимация өндірісі дамымайды.
Әзірлеген Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ
"Түркістан" газеті.