Оңғарсынова кеткен соң... Қарин уәдесін қашан орындайды?
Іздеушісі жоқ болған соң да оларға әдебиеттің керегі болмай қалған шығар?!
Астанада ХXV «Шабыт» Халықаралық шығармашылық жастар фестивалі өтіп жатыр. Айтулы сайыстың ұйымдастырылып келе жатқанына ширек ғасыр болыпты. Биылғы конкурс 7 аталымды қамтиды. Атап айтқанда, «Эстрадалық вокал», «Скрипка», «Фортепиано», «АВАК» (альт, виолончель, контрабас), «Эстрадалық-музыкалық аспаптар», «Академиялық вокал» және «Хорды дирижерлеу».
Фестивальге биыл 200-ден астам өнерпаз қатысуда. Оның ішінде Жапония, АҚШ, Ресей, Қырғызстан мен Өзбекстан сынды шет елдерден үміткерлер келді. Сондай-ақ, байқауда қатысушыларға төрелік етуге қазылар алқасын арнайы Латвия, Америка, Италия және Ресей елдерінің композиторлары мен музыканттары алдырылған.
Бір өкініштісі, биыл Астана төріне ақын-жазушылар жиналған жоқ. 2017 жылға дейін фестивальде болған – «Әдебиет» аталымы кейінгі жылдары мүлдем алынып тасталған. Қаламгерлердің «Шабыттан» төбе көрсетпегеніне тұп-тура 5 жыл болыпты.
2016 жылғы «Шабыт» фестивалінің жеңімпазы Айдана Сегізбаева осы байқау арқылы танылып, еліміздің әр түкпіріндегі ақындармен пікірлес, дос болып едік дейді.
«Ақындар «Шабытты» жыл бойы үздіге күтетін. Әдеби мереке болды десек қателеспейміз. Көршілес елдерден де көптеген дос таптық. Фариза Оңғарсынова, Несіпбек Айтұлы, Ұлықбек Есдәулет секілді мықты ақын-жазушылармен жүздестік. Әкімдік қаланың ішіндегі бір жұпыны жатақханадан орын қарастырып қоятын. Сонда да өзара ілтипатымыз болған соң олардың олқылықтарына көз жұма қарайтынбыз. «Әдебиет» аталымының фестивальден тыс қалуы тиісті министрлік пен Астана әкімдігінің руханиятқа деген теріс көзқарасы», - дейді ол.
Ақын, аудармашы Танакөз Толқынқызы да «Шабыттан» шыққанын мақтанышпен айтады. Осы фестивальдің жеңімпазы кейін қазылар алқасында болған. Қаламгердің айтуынша, «Шабыт» – еліміздің әр түкпіріндегі жас ақын-жазушылардың басын қосатын керемет орта болыпты.
«Екі-үш күн Астанада бас қосқан жастар өзара пікір алмасып, бір-бірімен жақын араласып, танысатын. Ол кездері әлеуметтік желі деген жоқ. Дүбірлі додаға 100-ден астам ақын келеді. Мен өзім қазылар алқасында болғанда 100-ден аса шайыр бақ сынады. Конкурста бас-аяғы бес-алты жүлде болады. Олар осы алты орын үшін келмейтін. Орын алсақ алармыз, алмасақ танысамыз, жүздесеміз деп еліміздің шалғай аймақтарынан келетін. «Шабыттың» алатын жүлдеден де берер әсері, ләззаты шексіз-етін. Кітабын оқып жүрген ақынмен бетпе-бет жүздеседі, тілдесіп қалады. Бұл дегеніңіз нағыз әдеби өмір еді ғой», - дейді ол.
Қаламгер «Шабытта» «Әдебиет» аталымының болмауы фестивальдің қызығын да кетірген секілді деген ойда.
Елімізде мұндай дәстүрлі түрде өтетін ірі фестивальдер жоқтың қасы деуге болады. Бұрынырақта Қазақстан халқы Ассамблеясы және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен «Аңсар» деген байқау өткізіліп тұрушы еді. Талай талант сол конкурстың арқасында елге танылды. Соңғы үш-төрт жылда «Аңсардың» да аты өшті. Танакөз Толқынқызы «бұл жерде біз бір нәрсені ескермей жүрміз. Мұндай фестивальдер Қазақстанның атын шығарып, әдеби байланыстарды нығайтады. Бірақ, оны кім ескеріп жатыр?!»,- деп қынжылыс білдіреді.
Оның айтуынша, осындай халықаралық басқосулар әлемдік диалогтарға жол ашқан еді. Айта кету керек, бірақ кейінгі уақытта елдермен әдеби байланыс орнап, аударма кітаптардың жарық көруіне мемлекет қазынасынан бір де бір тиын бөлінген емес. Жекелеген адамдар ғана тырбанып, қазақ тіліндегі шығармаларды тәржімалауға тер төгіп жүр.
«Мен өзім әлемдік деңгейдегі қаншама фестивальге қатыстым. Мысалы, Испанияның атақты ақыны Хусто Хорке Падронмен танысуым – сол әдеби фестивальдің бір жемісі. Осы арқылы екі елдің арасында әдеби байланыс орнайды. Содан үлкен жобалар туындап, іске асады. Әзербайжан ақыны Екбер Гошалымен, қырғыз ақыны Алтынбек Исмаиыловпен сондай халықаралық шараларда таныстық. Қазан фестивалінде де болдық. Мұның барлығы әдеби байланыстарды жақсартады, кітаптар аударылады. Сондай таныстықтардың нәтижесінде Әзербайжан, Саха ақындарының кітаптарын аудардық», - дейді.
«Шабытта » шетте қалғаны - тек «Әдебиет» қана. Мәселен, «Эстрадалық вокал», «Фортепиано», «АВАК» (альт, виолончель, контрабас), «Эстрадалық-музыкалық аспаптар» номинациялары фестиваль аталымдарының тізімінен түскен емес.
Халықаралық «Шабыт» фестивалі биыл Мәдениет және спорт министрлігінің көмегімен ұйымдастырылып жатыр. Астана қаласы әкімдігі де бұл конкурстың тұрақты ұйымдастырушысы. Іздеушісі жоқ болған соң да министр Абаев пен әкім Көлгіновке әдебиеттің керек болмай қалған шығар?!
«Кезінде «Шабыттың» дүркіреген шағы Фариза Оңғарсынова қазылық еткен уақыт еді. Фаризаның көзі кеткен соң «әдебиет» аталымы да құрдымға кетті. Бар болғаны осы жалғыз фестиваль. Оның өзі мынадай күйде. Аталмыш номинацияны қайта қосу керек», - дейді ақын Танакөз Толқынқызы.
Өткенде елордалық қаламгерлер Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринмен кездескенде де «Шабытқа» «Әдебиетті» қайтару жөнінде өтініш айтқан. Ол ұсыныс-тілекті жерде қалдырмай орындауға уәде еткен-ді. Алайда, айтылған өтініш айтылған жерінде қалған секілді. «Ұлттың әдебиетін дамыту керек» деп мінберден сөйлегенде мүдірмейтін шенділер сөзден іске қашан көшер екен?!
Бұл тақырып бойынша, Malim.kz Астана қалалық Мәдениет басқармасына сауал жолдаған, бірақ, шоуға құрылған фестивальды өткізуден қолы тимей жатыр ма екен, әзірге жауап берген жоқ.