Қадиша Ағымбаева: «Наз» би театрының ширек ғасырда алған асуы көп

Malim Админ

  • 26.02.2024

Ұлттық мәдениетіміздің деңгейін көтеруге, оның ішінде  би өнерін дамытуға зор үлес қосып жүрген ұжымдар аз емес. Солардың бірі  - елордамыздағы «Наз» мемлекеттік би театры. Осы өнер ошағына биыл 25 жыл толғалы отыр.   Кәсіби ұжымның көркемдік жетекшісі, бас балетмейстер Қадиша Ермекбайқызымен мерейлі мезет алдында сұхбаттасқан едік.

- Қадиша Ермекбайқызы, «Наз» мемелекеттік би театрының қазақ мәдениетінің тарихында алар орны айтарлықтай. Өнер ұжымын республикалық деңгейде ғана емес, әлем танитындай дәрежеге көтердіңіз. Алдымен осы мерейтойларыңызбен  құттықтаймыз, деніңізге саулық, шығармашылығыңызға толағай табыс тілейміз!

- Нағыз баға, халықтың көрерменнің ізгі лебізі. Біз үшін үлкен құрмет! Бұл менің ғана емес, елорданың, би театрының мерейтойы десек болады. Баршаңызға алғысымды білдіремін! 

- Биыл театрдың уығы қадалып, дербес шаңырақ көтергеніне 25 жыл толмақ. Құпия болмаса, мерейтойлық жоспарларларыңызды білуге бола ма?

-Иә, Астананың құрдасы «Наз» мемлекеттік би театрының құрылғанына  көзді ашып-жұмғанша 25 жыл толыпты. Яғни театрымыз барлық жағынан толысып, кемелденіп, жігіт жасына жетіп отыр. Жоспарымыз құпия емес. Биыл үлкен концерттік бағдарлама, спектакль, ғылыми-тәжірибелік конференция, көрме жасау күн тәртібіне қойылды. Сондай-ақ, театрдың 25 жылдық тарихынан сыр шертетін кітап шығару жоспарланып отыр.

- Әр жылдың есте қалар бір жаңалығы, сәулелі сәттері болады ғой. Өткен жыл несімен есте қалды?

- Көңілімізді өсірген ақжолтай жаңалық -  шетелге гастрольдік сапармен шығып жатқандығымыз дер едім. Былтырғы қыркүйек айында театр ұжымы Испанияның Дения қаласында өткен ХХХ халықаралық фольклорлық би фестиваліне қатысып келді. «Хуан Наварро» фольклорлық ассоциа­циясы ұйымдастырған фестивальде 75 минут өнер көрсеткен «Наз» би театрына ­испандықтардың ықыласы ерекше болды. Театр ұжымы Испаияның Дения қаласынан басқа Каласпара, Лорка, Урретчу шаһарларында өнер көрсетті. Барлық концерттік нөмірді Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының «Қорқыт» этно-ансамблі сүйемелдеді. Ұлттық аспаптар үні мен ұлттық би үндесіп, испан халқын тәнті етті. 20 минут көрерменнің орнынан тұрып  үзбей қолшапалақтауы, артистерді сахнадан жібермей «Бис!» деп шақыруы өнер адамдарына шабыт дарытып, ерекше қанат бітірді.

            Сондай-ақ, театр ұжымы Қазақстандағы Үндістан елшілігінің Свами Вивекананда атындағы мәдени орталығымен тығыз байланыстамыз. Театрымыз 2023 жылдың 23-24 қарашасында өткен Нью Дели қаласындағы Үнді байланыстары кеңесі демеушілік ететін «Халықаралық би және музыка фестиваліне» шақырту алып барды. Фестивальде әлемнің түкпір-түкпірінен келген топтар өздерінің өнер мәдениетін көрсетті. Бұл фестиваль Үндістанда өте танымал және жергілікті тұрғындарды ғана емес, сонымен қатар сол елде  тұратын шетелдіктердің де назарын аударады. Сондықтан да бұл фестивальде өнер көрсету кез-келген ел үшін өз мәдениетін дәріптейтін алаң деуге болады.

            Жалпы, гастрольге шығу артисті ширатады. Ой еркіндігін сезінеді. Өзгенің мәдениетіне қарай отырып, өзінікін саралайды. Театрды гастрольге шығармай, торда ұстап отыруға болмайды. Өнер адамына әрдайым  серпіліс  керек.

- Театрда кадр мәселесінде қиындық бар ма?

-Әрине, мәселе бар. Біріншіден, біздің театрдың ғимараты қаланың шетіндегі Көктал-1 шағын ауданында орналасқан. Орталықта емес. Ол жерге баруды көрермендер ғана емес артистер де қиынсынады. Әсіресе жастар жағы. Жас мамандарды біздің жалақымыз қызықтырмайды. Қазіргі жастар көп ақша тапқысы келеді. Аз жалақыға кім жұмыс істесін? Екінші мәселе, Қазақстанның барлық аймағында хореография мамандарын дайындайтын оқу орындары бар. Алматы мен Астанадағы үлкен оқу орындарын өздеріңіз де білесіздер. Біздегі мәселе – би саласында ер жігіттер аз. Ол да репертуарға кері әсерін тигізуі мүмкін. Жылына Қазақ Ұлттық хореорафия академиясы, А.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесін қаншама түлектер бітіреді. Олардың дені опера және балет театрларына кетеді. Біздің талаптарға жастар келісе бермейді. Жағдайы жоқ жерге кім барсын? Одан бөлек той-думандар мен мерекелік іс-шараларды өткізіп те жастар ақша таба алады ғой.

- Би өнерінің майталманы ретінде сізді не толғандырады?

-Маған ұнамайтын бір тіркес бар. «Ұлттық би өнері дамымай, кенжелеп  қалған» деген. Оны көбіне журналистер қауымы жиі айтады. Бұл білімсіздіктен шыққан сөз.  Би өнері дамымай бір орында тұрған жоқ. Ол да өнердің басқа түрлері сияқты дамып, өркен жайып келеді. Би өнерін түсінгісі келсе де түсінбейтіндер, хореография саласына кеңес заманындағы түсінікпен жеңіл-желпі қарайтындар өте көп.  Басшылық үнемі ауысып  жатады. Би деген әншілер сияқты фонограммамен айтып кете беретін дүние емес. Биші бір би үшін қаншама энергиясымен физикалық күш-қуат, жігерін жұмсайды. Қазақтың халықтық биінен керемет «Бренд» жасау үшін бишіге де жағдай жасау керек. Бұрын біздің жас кезімізде Мәскеудегі Үлкен театрға апаратын. Жастарға өнердегі айтуды тұлғалардың өнер жолы, шығармашылығы үлгі болсын деген мақсатпен атақты би өнерінің майталмандары В.Васильевтің, И.Моисеевтің, Г.Уланованың өмірінен 15-20 минуттық деректі фильмдер көрсететін еді. Жас өнерпаздардың шабытына шабыт қосылып, танымал өнер жұлдыздарына еліктейтін. Ал бізде осындай дүниелер өте аз. Мысалы, қазақтың би өнерінің падишасы Шара Жиенқұлова жайлы, Дәурен Әбіров жайлы толыққанды ақпарат алатын деректі фильмдер, хабарлар жоқтың қасы. Жұмыс барысында керекті ақпараттарды ала алмайсың. Қазір ғаламторда көзге көрініп тұрмаған соң, журналистер «іздедім, жоқ екен» дейді.

Ал енді театрдың тұрмыс-тіршілігіне тоқталып өтейін. «Наз» мемлекеттік би театрын қай қалаға барса да танып, көрермен көкке көтеріп қарсы алады. Құрметтейді. Ол сырт көзге жақсы. Ал театрдың жағдайымен санасып жатқан ешкім жоқ. Театрда қаншама артист бар. Бір концертке барғанда қаншама шабадандармен көшіп жүреміз. Автобусымыз баяғы кішкентай  ПАЗ-32054. Зат салсақ өзіміз сыймай қаламыз. Қаланың ішіндегі концерттерге бірнеше бөлініп, таксилетіп жүреміз. Сахнамызды да көрермен біледі. Өте тар. Жарық, дыбыс дегендеріңіз кәсіби театрға лайық емес. Қашанғы бәрі жақсы деп жүруіміз керек? Біздің үлкен қойылымдар, ойымыздағы дүниелерді қою үшін осының бәрі артқа тартып, кедергі келтіріп отыр. Ғимаратымыз «Театр» деген стандартқа сәйкес келмегендіктен, толыққанды дұрыс жабдықталмағаннан кейін жәй елес қуып тек патриоттыққа салынып жүгіре бергеннен пайда жоқ. «Жігіттің қолын жоқ байлайды» деген ғой. Біздің де шығармашылығымызды тұсап отырғаны – осы жайт.  Костюм тігу мәселесі де қиын. Орда бұзар жасқа келгенде әлі де аяғымыздан нық тұрып, өзге театрларымен иық тіресіп тұруға шама келмей жатқаны жүректі ауыртады. Шығармашылық, репертуар жағынан ешкімнен кем емеспіз. Ал осы техникалық, әлеуметтік жағымыз ақсап тұр.

Ал төгілген тердің де қайтарымы, маңдай ақысы болмай ма? Біздің ұжымда менде ғана мемлекеттіке марапат бар. Бишілердің алды 50-ден асып барады. Жас кезінде өнер көрсетіп, жарқырап жүргенде алмаған атақтың кейін не қажеті бар?! Осы театрды басынан бастап құрған Еркебұлан Мүлікұлында да мемлекетік награда жоқ. Менің ойымша еңбек дер кезінде еленуі тиіс. Қазақ би өнерін дәріптеген, сол жолда өз өмірлерін сарп еткен әріптестерімнің еңбегі жанғанын қалаймын.

Рахмет! Келе жатқан 25 жылдық мерейтойларыңыз сәтті өтсін!

Сұхбаттасқан: Толқын Сұлтан

Байланысты жаналықтар

Euronews қазақ балеті туралы арнайы репортаж жасады

20.02.2025

Димаш халықаралық беделді сыйлықты қалай алды?

18.02.2025

"Боран" қандай фильм?

18.02.2025

"Есімдер": "Астана Балет" театры бірегей жоба өткізді

18.02.2025

Анам айтқан жалған сөздер

14.02.2025

Ғазиза Құдайбергенқызы - Алматыдағы ҚР Ұлттық академиялық кітапхананың директоры

14.02.2025
MalimBlocks
Euronews қазақ балеті туралы арнайы репортаж жасады

Димаш халықаралық беделді сыйлықты қалай алды?

Әйгілі Rolling Stone журналы мақала жариялады

"Боран" қандай фильм?

"Есімдер": "Астана Балет" театры бірегей жоба өткізді

Анам айтқан жалған сөздер

Құлыным жей ғой, менің қарным ашқан жоқ» дейтін. Бұл оның үнемі айтатын жалған сөзі еді.

Ғазиза Құдайбергенқызы - Алматыдағы ҚР Ұлттық академиялық кітапхананың директоры