«Қазақтың бұлбұл үні». 95 жастағы Бибігүл Төлегенова туған жеріне барды
Бибігүл Ахметқызы жерлестеріне аналық батасын берді
Абай облысында Қазақстанның халық әртісі, КСРО халық әртісі, Абай облысының Құрметті азаматы, әнші Бибігүл Төлегенованың 95 жылдығына арналған «Қазақтың Бибігүлі – халықтың бұлбұл үні» атты концерт өтті, деп хабарлайды Malim.kz.
Ән кешінде отандық және шетелдік композиторлардың операларынан ариялар, халық әндері, романстар, оркестрлік шығармалар орындалды.
Сондай-ақ, кеш қонақтарының қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Майра Ильясова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Толқын Забирова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Азамат Жылтыркөзов, Жұпар Ғабдуллина, Бибігүл Төлегенованың Халықаралық вокалистер байқауының жеңімпазы Нұржан Бажекенов сынды өнер саңлақтары болды.
«Бүгін руханияттың ордасы Семей қаласында ерекше күн. Қазақтың шоқ жұлдызы, әлемге әйгілі сопрано дауысының иесі Бибігүл Ахметқызы Төлегенованың мерейтойына арналған мерекелік концертке жиналып отырмыз. Аса қадірлі Бибігүл Ахметқызы Ғажайып даусыңызбен қазақ ән өнерін биікке көтеріп, ұлттық мәдениетіміздің асыл мұрасын әлемге танытуда қосқан үлесіңіз елден ерен. Сізге мықты денсаулық, баянды ғұмыр тілейміз. Алдағы уақытта да өнеріңізден нәр алып, жастарымыз сіздің еңбек жолыңызды үлгі етеді деп сенеміз», — деді өз құттықтауында облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев.
Кеш барысында мерейтой иесі жайлы естеліктер айтылды. Туған жерінің шексіз махаббаты мен ыстық ықыласына бөленген Бибігүл Ахметқызы жүрекжарды алғысын білдіріп, аналық батасын берді.