Қоғамды арам ниеттілерден арылту қажет

Осының бәрі ұлы ақынның сөзін ұға алмай жүрген  қансыз пенделердің таяздықтары мен парықсыздықтарынан туған дүние

Malim Админ

  • 12.02.2024

(Іштен шыққан жау жаман)

 Осы біз – Абайлықпыз, Абайдың ұрпағымыз, Абай туған елде тудық

 деп марқаямыз.  Шыңғыстау – қасиетті өлке, қастерлі мекен, киелі топырақ деп мақтанамыз. Ол да шындық!

 Қаншама жылдар қызметте жүргенде алыс-жақын шетелдерден, еліміздің түкпір-түкпірінен келіп жататын қонақтардың көңіл ауа нынан қашанда елдік қалпы мен ерлік салтына берік, ешқашанда жығасы жығылып көрмеген мерейлі өңірде қазақтың біртуар ұлы перзенттері – Абай, Шәкәрім, Мұхтар сынды алыптар бір жерде қалай туа салған деген таңданыс пен қызғаныштың табын үнемі сезіп, танып жүруші едік. Сөйтсек ол да заңдылық екен. Қараңыз. Ғарышты зерттеуші ғалымдар Еуропа мен Азияның кіндігі – Жидебай екенін анықтап, арнайы белгі қойды ғой. Ендеше, Жаратқанның жер кіндігінде ұлылар тумағанда қайтеді.

 Иә, еліңе жеріңе сүйсініп осындай шаттықтың құшағында отырған сәтіңді быт-шыт қып пәс күйге түсіріп жіберетін пенделер де болады екен. “Іштен шыққан жау жаман”,- деген осы. Соңғы кездері аты, жөні қазақ Зәуре Батаева деген қалам ұстағыш біреудің Ұлы Абайдың шаужайына жармасып, сенсация ашқысы келіп жүргенін қайтерсің.

 Сонда ол пенде не дейді? Оның айтқанын естігенде естен танып қала жаздайсың. Не күлеріңді, не ашуланарыңды, не жыларыңды білмей дал боласың:

 Қазақтың ұлы ақыны деп жүрген Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы өмірде болмаған. Ол Кеңестік идеологияның ойдан шығарылған бейнесі. Оның өлеңдері, қара сөздері деп жүргеннің бәрі де Әлихан Бөкейханов, Мұхтар Әуезовтер бастаған белгілі бір топтың Абай деген ақынға теліп жазып шыққандары. Бұл шындықты мен ашып отырмын дейді!?

Мына далбаса зерделі ғалым, білікті маманның сөзіне ұқсай ма? Күмәнім бар. Ол мұнымен де тоқталмайды. Абайдың баласы Ақылбай, Мағауия дегендер де болмаған деп, Көкбай ақын жөнінде ғылыми деректер жоқ деп көкиді.

 Сондай-ақ, Абайдың туған күні белгісіз, яғни өмірде болмаған дегенге мегзейтін ой айтқысы келеді.

 Ұлы дала кемеңгері, аға сұлтан Құнанбайдың данышпандығына, мемлекетшілдігіне күдік келтіреді. Құнекең туралы сол кездері замана шындығын еш қоспасыз, қаз-қалпында жазып, күнделіктеріне түсірген поляк саяхатшысы Адольф Янушкеевичтің ұлы дала Сарыарқада болғанын жоққа шығарады!?

 Не дейін енді!..

 Ұлы Абай саналы түрде өмірде болмаған, Абайдікі деген шығармалардың бәрі басқанікі деп қасақана жала жауып, қастандық жасағысы келген З. Батаеваға қарсы пікірлер аз болса да айтылып жүр. Солардың ішіндегі ең көлемдісі де, деректер мен дәйектерге сүйене отырып ғылыми тұрғыда З. Батаеваға қарсы соққы берген жерлесіміз, филология ғылымдарының докторы, профессор, Абайтанушы, әуезовтанушы, алаштанушы ғалым, жазушы, ақын Тұрсын Жұртбайдың 2023 жылғы маусым айында “Жас алаш” газетінің №48-50 сандарында жарық көрген “Сандырақ!” немесе “шіркінде ес болсайшы сезед деген...” сын материалын оқыған соң өз қал-қадарымызша қолымызға қалам алып, жан ашуынан туған ой пікірлерімізді айтпасқа болмас дедік.

Иә, ұлы ақын, хакім Абай 1845 жылы 10 тамызда Сырт Қасқабұлақта Құнанбай мен Ұлжанның шаңырағында дүниеге келіп, 23 маусым 1904 жылы Балашақпақта қайтыс болып, Жидебайға жерленді емес пе? Оған басқа қандай дәлел керек? Абайдың 100, 125, 150, 175 жылдық ұлы тойлары ел көлемінде, кешегі Кеңес елдері шеңберінде, ЮНЭСКО дәрежесінде аталып өткенін З. Батаева білмей ме? Осының өзі ақ Абайдың ақындық қуатының қандай дәрежеде екендігін айғақтап тұрған жоқ па?

 Оның үстіне 10 тамыз мерекелер күнтізбесінде “Абай күні” деп белгіленді.

Алаш арыстары Ахмет Байтұрсынов: “Абай қазақтың бас ақыны” деп алғаш анықтама берсе, Мағжан Жұмабаев: “Алтын Хакім – Абай” деген бағаны ХХ ғасырдың басында-ақ айтқан жоқ па? Міржақып Дулатов: “Абай қазақтың темірқазығы. Абайдың сөзі – ол қазаққа айтылған аманат”,- деді.

Ал Әлихан Бөкейханов Тұрағұл мен Кәкітай Құнанбаевтарды қаражатын тауып беріп, жөн сілтеп Абайдың алғаш жинағын Петербордағы Ілияс Бораганскийдің баспаханасынан шығуына көмегін жасағанын қайда қоясыз. Содан бері ақынның жинақтары қаншама рет басылып шығып, әр ұрпақтың рухани азығына айналды. Үш ғасыр бойы мәнін жоғалтқан жоқ. Жоғалтпақ та емес!

Ел басшылары, лауазымды адамдардың пікірі керек болса, оны да айтайық: Қазақстанның тұңғыш Президенті Н.Назарбаев “Қазақ халқының киесі, ары мен намысы,ақылы мен жүрегі ұлы Абайдың аруағына басымды идім ”десе,  қазіргі Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев: “Абайдың сөзі – қазақтың бойтұмары. Абай – әлемдік мәдениеттің тұлғасы. Әрбір қазақ Абаймен мақтануы тиіс!”,-деді.

Ал діні де, тілі де бөлек Рим Папасы елімізге келгенде: “Қазақстан халқы бақытты. Өйткені, Абайдай кемеңгер адамы бар”,-демеп пе еді.

Ал, заманымыздың заңғар жазушысы кемел ойдың кемеңгері, ұлы халықтың аңызға айналған перзенті Мұхтар Әуезов “Абай жолы” роман-эпопеясы арқылы Ұлы Хакім Абайға ешқашан ескірмейтін ескерткіш орнатып, бүкіл әлемге танытты.

Бұл шығарма 1949 жылы Сталиндік сыйлық алса, 1959 жылы Лениндік сыйлыққа ие болды.

Аузымен құс тістеген әлем әдебиетінің алыптары жүрекжарды лебіздерін білдірді:

Луи Арагон: “Эпикалық роман “Абай”, менің ойымша, ХХ ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірі”.

Альфред Курелла: “Сіз әлі “Абайды” оқыған жоқпысыз? Онда сіз мүлдем ештеңе оқымағансыз. Бұл – таңғажайып, бұл – керемет. Шекспир суреттеген бейнелердің өзі!”.

Шыңғыс Айтматов:

“Өз халқына тән парасаттық ғұрып пен рухтың кескін – кейпі ретінде Абай, сөз жоқ – дүние жүзілік дәрежедегі ұлттық жетістік!”.

Леонид Соболев:

“Абай мен Мұхтардың арасында ортақ ұқсастық бар: біріншіден – ол әдеби кемел талант, екіншіден өз халқының жарқын болашағы туралы арман”.

Николай Погодин:

“Қазақстан үшін Әуезов – екінші Абай, біз үшін – шығыстың Шолоховы”.

Міне осы сияқты көркем ойдың алыптарының әркезде Абай жарықтық туралы айтқан асыл сөздерін З.Батаева оқыды ма екен? Оқыса түсінді ме екен? Әй, қайдам... Бейхабар шығар.

Ұлы хакім қара сөздерінде: “Егер де есті кісілердің қатарында болғың келсе, күніне бір мәрте, болмаса айына бір өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?” (15-қара сөзінен).

“Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрселермен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық” (18-қара сөзінен) деп ізгі істерге жол сілтеп, нұсқау жасайды. Әрине, елдің бәрі оны орындап жатыр дей алмаймыз. Оның ішінде Зәуренің де бар екені айдан анық... Егер ол Абайдың өсиетін орындаған болса мұндай бейбастақтыққа бармас еді.

Тарихта Абайдың өлеңге әуес талантты ұлдары Ақылбай мен Мағауияның болғанына күдік келтірген З.Батаеваға айтар сөзің де таусылып қалғандай болады екен. Әкесі мен осы екі баласы бірінің қырқын бергенде бірі қайтыс болатыны шындық емес деп қалай айтады екен, шіркінің...

Бұлар жөнінде М.Әуезовтің, Қ.Мұхаметхановтың монографиясында, басқа да Абайтанушылардың ғылыми еңбектерінде жеткілікті жазылды да.

Сол сияқты Көкбай Жанатайұлы туралы да ауызекі әңгімеден басқа ғылыми дерек жоқ деп, көпекөрнеу атақты ақынға шүбә келтіреді. Көкеңнің медресе ашып, халықты сауаттандыруы, “Сабалақ” поэмасы бастатқан бүкіл поэзиясы, кемеңгер М.Әуезовке Абай туралы аса құнды мәліметтерді бергені, қазақ халқының еркіндігі жолында Алаш көсемдерінің санатында болған күрескерлігі, тағы да толып жатқан қайраткерлігінің бәрін жоққа шығарғысы келеді.

З.Батаева Абайды, оның айналасындағыларды жоққа шығару арқылы бүкіл қазақ ұлтына кір келтіргенін, зиянкестік жасағанын ұға ма екен? Абайға топырақ шашып, өзінің туған ата-анасына, бабаларына көлеңке түсіріп, жер қылып отырғанын мысқалдай болса да сезіне ме екен? Білмеймін.

Тұрсын аға налығандай: “Өзінің не үшін, кімге не айтып отырғанын, оның келіп-кетер залал-зиянын парықтамайтын, көзіне не елестесе соны жүйесіз айта беретін, өзара байланысы жоқ, бейберекет сөйлеуді “сандырақ” десек дұрыс айтқандық” болатыны анық-ау.

Ең қауіптісі деуге де болатын шығар, бұл сабазың осы айтып жүрген табансыз тақырыбын ашық түрде шетелдердің аудиторияларында лекция оқып сенсация түрінде шәкірттерге жеткізіп, насихаттайтынын қайтерсің!

Көптеген шетелдерде қазақ халқын Абай арқылы танитын жұрт оның мына сандырағына сеніп те қалады-ау деп ойлағанда қаның басыңа теуіп, зығырданың қайнайды екен. Әттең...

Абай – ұлылық. Ол – ұлт ұстазы. Оның өсиетін көкірек – көзіңді ашып, жүрегіңнен өткізіп, санаңа сіңірсең сенің толық адам болғаның. Ол – өлмес тұлға. Міне үш ғасыр бойы адамзатқа адал қызмет етіп келеді. “Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп!”. Бұл сөзді Абайдан басқа бірде-бір ғұламаның айтқанын естіген емеспіз. Хакім айта алған.

Ұлы Мұхаң, М.Әуезов: “Абай мұхит қой. Мен сол мұхиттың бетін шөмішпен ғана қалқып алдым”,- деген ғой.

Ал қазақтың аса талантты ойшыл жазушысы Асқар Сүлейменовке: “Абай қашан ескіреді? – деген астарлы сұрақ қойылғанда: Қазаққа ес кіргенде Абай ескіреді”,- деп астарлы жауап берген ғой. Осы сөзде терең мағына жатқанын ұғу қиын емес.

Ұлы адамның атында республикада қаншама мектептер, өнер, білім орталықтары, көшелер мен даңғылдар, ауылдар мен аудандар бар.

Өткен жылы ғана бұрынғы Семей облысы қайта құрылып, Абай атамыздың атын иеленді.

Өнер мен әдебиет саласындағы сыйлықтар мен шәкіртақылар ақын атымен аталады.

Ақынның еңселі ескерткіштері жалғыз Қазақстанның түкпір-түкпірінде ғана емес, алыс, жақын шетелдерде де қойылған.

Абай ұлы болмаса, оның асыл сөзін бүкіл адамзат мойындамаса, осыншама құрмет пен ілтипат жасалар ма еді?

Соны да ұқпайтын  пенделердің арамызда кездесіп қалатынына қалай қынжылмайсың!

Қағынан жеріген, жатырынан безінген шіріген жұмыртқалар көбеймес үшін оларды көп болып талқыға түсіріп, тезге салу, қоғамды арам ниеттілерден арылту қажет екенін уақыт көрсетіп отыр. Керауыздарды тоқтатпасақ елдігіміз бен еркіндігімізге сын болады. Қимылдамасақ болмайды.

Менің ойым айтады: Ұлы Абайды әдейі, қасақана өмірде болмаған деп, аузы-мұрны қисаймай дүние жүзіне жария жасап жүрген Зәуре Батаеваны қолданыстағы заңдарға сәйкес жауапқа тарту керек. Екіншіден, таяуда ғана Парламент қабылдаған заңға сәйкес әлеуметтік желіде жалған ақпарат жариялағандарға қолданылатын көлемді айыппұл салыну қажет.

«Алтынды тот баспайды»,-дейді дана халқымыз. Ұлы ақынға бір емес, мың қарсылас  шықса да мысқалдай  көлеңке түсіре алмайды.  Осының бәрі ұлы ақынның сөзін ұға алмай жүрген  қансыз пенделердің таяздықтары мен парықсыздықтарынан туған дүние, әрекет деп білемін.

Сондықтан да, Абай мұрасын, өнегеге толы өсиет сөзін өскелең ұрпаққа сіңіруде бүкіл ата-ана, тәрбие беру ұжымдары, бұқара болып жұмыла жұмыс істемесек, аталған әрекет – дерт өрши беруі бек мүмкін... “Жауды аяған жаралы”, “Ауруын жасырған өледі”,-дегенді ұмытпайық!

Төлеубек Аманғазыұлы

Қазақстан Республикасы мәслихаттарының Құрметті депутаты, Әлеуметтік – Еңбек саласының үздігі.

Байланысты жаналықтар

Президент Лаки Кесоглуді І дәрежелі «Барыс» орденімен наградтады

22.07.2024

«Хиджаб кигізіп, намаз оқытам». Ұланғасыр Қами болашақ әйеліне талаптарын айтты

21.07.2024

Қайрат Нұртас қамаудан шықты (ВИДЕО)

20.07.2024

Өнер иелері тойдан бөлек табысты қайдан табады?

18.07.2024

Ақмола облысында тасқа қашалған көне артефакт табылды

17.07.2024

«Қарызға баттық!». Жылға жуық жалақы алмаған «Қазақфильм» қызметкерлері бас көтерді (ВИДЕО)

17.07.2024
MalimBlocks
Президент Лаки Кесоглуді І дәрежелі «Барыс» орденімен наградтады

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

«Хиджаб кигізіп, намаз оқытам». Ұланғасыр Қами болашақ әйеліне талаптарын айтты

Ол «Хиждаб» арабтікі» деген сөзге пікірін білдірді

Қайрат Нұртас қамаудан шықты (ВИДЕО)

Ол ұшақтағы бұзақылығы үшін 15 тәулік жатып шықты

Өнер иелері тойдан бөлек табысты қайдан табады?

Қазақстандағы өнер иелерінің қосымша кәсіптері туралы дерек жария болды.

Ақмола облысында тасқа қашалған көне артефакт табылды

Ғалымдардың пікірінше, әзірге тасқа қашалған адам бейнесіндегі ежелгі мүсіннің қай дәуірге жататынын айту мүмкін емес.

«Қарызға баттық!». Жылға жуық жалақы алмаған «Қазақфильм» қызметкерлері бас көтерді (ВИДЕО)

Олар Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» акционерлік қоғамының президенті Азамат Сатыбалдыны кінәлайды.