Қосшы қаласы мектептерінде үш ауысым жойылады

Астананың іргесіндегі Қосшы қаласының тұрғыны Айгүл Бақытжанның қуанышында шек жоқ. Өйткені ол енді 6-сыныптағы баласы Ерасылды Астананың мектебіне тасымайды.
-Қосшыда мектеп жоқ емес, бар. Бірақ, сыныпта бала саны көп. Үш аусымда оқиды. Бала көп болған соң, сабақ оқып та қарық қылмайды. Сол себепті, Астанаға тасимын. Бала жолда қатты шаршайды. Бала ғана емес, ата-ана да қажып кетті. Жолға уақыт кетеді. Жұмысқа үлгермейсің. Жүйкең тозады. Биыл осы азаптан құтылған сияқтымыз. Жаңа мектеп ашылып жатыр,- дейді Айгүл Бақытжан.
Елордаға жақын орналасқан Қосшы осыдан 6-7 жыл бұрын қарапайым ауыл еді. Қазір қалаға айналды. Жаппай қоныс аударып келіп жатқан халық көп. Бүгінгі таңда тұрғылықты адам саны 55 мыңға жақындаған. Елді мекен Астанаға тиіп тұрғандықтан, тұрғындар молая түскендіктен, мектептердің тапшылығы да соңғы уақытта айқын сезіле бастаған еді. Осыны ескерген шаһар басшылығы білім мекемелерінің санын арттыруға білек сыбана кіріскен. Нәтиже жоқ емес. Дәл қазір Қосшыда жеті бірдей мектеп жаңа өспірім, көкөрім өрендерге есігін айқара ашып отыр. Оқу ошағының төртеуі аралас тілде оқытатынын айта кетуіміз керек. Тағы екеуі мемлекеттік статусқа ие, біреуі жекеменшік «Дара» мектебі. Барлығын жалпы есепке алғанда 3336 орынды қамтып отыр.
Жаңадан ірге көтеріп жатқан қала болса да, көшіп келгендер күрт өскендіктен бе, мектептер үш ауысымнан құтыла алмай-ақ қойған-ды. Бұл проблема келе-келе бүлдіршіндердің емін-еркін білім алуына тосқауыл болып, уақыт қолайсыздығын тудырғаны жасырын емес. Айгүл Бақытжан секілді ата-аналар балаларын Астана мектептеріне тасып әуреге түскені тағы бар. Яғни, астаналық мектептерге салмақ түсіріп келген-ді.
Бұл мәселе тіпті, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың деңгейінде де қарастырылған еді. Президент Қосшыдағы осы үрдісті толықтай жойып, білім саласын барынша оңтайландыруға екпін түсіргені мәлім. Қаланың және оның төңірегіндегі Тайтөбе ауылы, «Нұрай» ықшам аудандарындағы балалар жақын жердегі мектепте оқи алмай, Қосшы және іргелес Лесная поляна тұрғын үй кешеніне қарай ағылып келетін. Бұл жағдаяттар еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдарында бірнеше мәрте жазылып, ұсыныс пен пікірлер көптеп туындағаны белгілі.
Ақмола облысының әкімі Ермек Боранбаиұлы: «Қаламызда қазір халық жедел түрде көбейе түсуде. Соған сай әрекет етіп, қамдануға тиістіміз. Осы мақсатта тез арада мектептердің құрылысына қарқын қостық. Нәтижесі көңіл қуантарлықтай»,-деді.
Биылғы білім маусымында Қосшының өзіндегі, Орманды алқаптағы, Тайтөбедегі бұрынырақта салынған мектептердің қатары одан сайын толыға түспек. Жергілікті жұрт ақжолтай хабардан құлағдар болып, игі жаңалықты қуанышпен, жылы қабылдады. Қолданысқа берілуге дайын тұрған мектеп гимназияның бірі – 1 жарым мың баланың жеткілікті білім алуына жол ашатын болады. Елімізде кәсіпкерлерді білім мекемелерін салуға бағыттау, сол үшін инвестиция тарту ісі жолға қойылып келе жатыр. Бұл шынтуайтын айтқанда, өзін өзі ақтайтын игілікті жұмыстың бірі.
Қосшының елордаға шыға берісінде бой көтерген білім ұясы да инвесторлық әрекеттің жарқын жемісі. Мектептің қадасы былтыр ғана қағылып, құрылыс жұмыстары жедел қарқынмен жүргізілген еді. Бір жыл ішінде, яғни оқу жылы басталмай, тамыз айында оқушылардың алтын ұясы сақадай сай болды. Өте қомақты, дәлірек айтқанда 7,6 миллиард қаражат құйылған мектептің жалпы аумағы атшаптырым. Президент қолданысқа енгізуге тиіс деп айтқан «жайлы мектеп» санатына осы білім ошағы жатады. Заманауи, тың технологиямен жарақтандырылған, оқуға өте ыңғайлы, зәулім де кең. Мектеп директоры Дидар Асқарқызының пікірінше, «Оқуға шақталған кабинеттердің бәрі соңғы шыққан компьютер, ноутбуктармен қамтамасыз етілген. Мәдени, рухани, мәні терең іс-шараларға 280 орындық акт залы әзір тұр. Оқушылар 360 орынға арналған асханадан тамақтанады. Салауатты өмір салтын жанына серік ететін білімпаз шәкірттер бір емес, екі бірдей спорт залында асыр салып, дене шынықтырумен қалауынша айналыса алады. IT саласына мойын бұрып, ден қоятын шәкірттер информатика пәні өтілетін төрт сыныпта тәжірибесін молықтырады. Сонымен қатар, керекті әдебиетке толы кітапханаға еніп, сан алуан саз аспаптар кабинетінде біліктілікті шыңдауға мүмкіндік мол».
Одан бөлек, ұл-қыздардың қол маторикасын дамытатын қыш шеберханасының есігі әрдайым ашық. Сурет түсіруге әуес шәкірттер арнайы фото студиясында тәжірибе толықтырып, қазіргі жаңа кезеңнің сұраныстағы саласы роботтехникамен қиялын шарықтатады. Өрелі өрендер үш бірдей кітап қоймасынан қажетін лезде табады. Дербес буфет де қарастырылып қойған. Ол аз десеңіз, биология, химия, технология һәм физика пәндері кабинеттері оқушының интеллектуалдық қабілетіне серпін береді. Тиісті жабдық-жарақтар еркін жетерліктей дәрежеде. Атылмыш нысандар түгелдей санитарлық ереже-талаптарға толықтай жауап береді, жиһаздардан кенде емес, мұнтаздай таза. Білім ордасының іргесінде баскетбол ойнауға, доп тебуге арналған алаң түзіліп қойылған. Үш этажды гимназияда лифт ерсілі-қарсылы жүйткіп тұр. Осы оқу кезеңінде 1129 жас талап иесі 1 және 4 сыныптарда тәлім алады. Рухани мекемеде 100-ден асатын жиынтық-сыныптар бар. Биыл сапалы мектепте білім алуға ниет білдіргендер саны 2657 бала. Білім ошағы үшін деректер базасы аса қажеттігі мәлім. Мұғалімдер мен оқушылар деректері бір жерде жиналып жатыр. Ағарту ордасына кіретін жерде турникеттер орнатылыпты. Табалдырықты аттаған оқушылар FaseID жүйесі арқылы өтеді. Бұл балалар мен қызметкерлердің қауіпсіз ортада жүруіне оң әсер ететін іргелі іс.
Шағын шаһардың дәл орта тұсындағы «Нұрaй» мөлтек ауданында тағы бір мектеп білім маусымын сүйіншілі жаңалықпен бастағалы отыр. 1200 шәкіртті кең құшағына ендіретін мектеп қосшылықтардың игілігіне қызмет етеді. Жаңа ауданда орын тепкен су жаңа білім ордасы үш жылдың ішінде толық салынып бітті. Көлемі 20 мыңнан астам квадрат метрді құрайтын нысан үш қабатты. Аталмыш мектептің басқа оқу ашақтарынан бір айырмасы – мемлекеттік тілде дәріс беріледі. Оқушы керегін табатын елу кабинет, сәні келіскен, сапасында мін жоқ технология, физика, химия кабинеттері енді білімпаз жас буынға толады. 400 адамға маңайлайтын салтанатты асхана, 600 оқушыны өнер-мәдениетке баулитын мәжіліс залы, іші кең, келісті спорт зал жас толқынға барынша пайдалы. Қазақша мектепте ұлттық қолөнерге де мән беріліп, айрықша назарға алынған. Шеберханаларда пүліш, барқыт, манат сияқты мата түрлерін өңдеуге машықтанады. Ағаштың түр-түрін, металдарды иіп, түрлі мүсін әзірлеймін десең ешкім де қолыңнан қақпайды. Мектептегі ер балалар әскери өмірге де дайын болғаны дұрыс. Әскери дайындық сыныбы осы бағытта құрылғанын атап өтуге тиістіміз. Білім беру орны қасынан футбол ойнауға, баскетболдың қызығына берілуге мүмкіндік бар.
«Нұрайдағы» оқу мекемесіне қабылданып жатқан жас талап иелерінің саны 600-ге жақын. Алдағы уақытта оқушылар толыға түседі. Бастауыш сыныптарға 317, 200-ден астам бала 5 пен 9 сыныпқа, 25 ұл-қыз жоғары сыныпқа баруды құп көрген.
Қала әкімдігінің таратқан ақпаратына сүйенер болсақ, әзірге жаңа ірге көтерген мектепте оқушы жеткіліксіздігі мен ұстаздардың ат төбеліндей аздығы аңғарылады. Министрдің бұйрығы аясында жаңа мектеп пайдаланылуға берілген кезде мұғалімдер конкурсқа қатынаспай-ақ алмастыру әдісімен орналаса береді. Сондықтан, бой көтерген білім ошағына шаһарда ертеректе салынған №2 мектептің білікті мамандары қызметке барды.
Қала бойынша биылғы білім маусымында 11 мыңға тарта оқушы мектеп есігін айқара ашады. Тұңғыш рет тарыдай болып,таудай талап арқалап білім айдынына құлаш сермейтін бірінші сынып шәкірттерінің саны 1300-ді құрайды. Былтыр осы аймақта 10 030 шәкірт оқып шыққан. Қосшы мектептерінің рейтингі жоғары. Биыл білім ордасынан түлеп ұшқан 268 жас дарынның 250-і ҰБТ сынағында білім-білігінбезбендепті. Қосшылықтар «Алтын белгіден» де құралақан емес, әсте. 12 бала осы жоғары марапатты иеленгені мәлім. Атап айтқанда, олардың 99-ы грант иегер, озық біліммен атттестатқа қол жеткізушілер 16 болып отыр. Үш оқушы мұхит асып, әлемнің жетекші университеттерінде оқу мүмкіндігіне ие болды.
Шағын қалада мемлекет басшысының тікелей бастамасымен қолға алынған «жайлы мектептер» де еңсе тіктей бастайды. Осындай іргелі үш мектеп Қосшы қаласында, Тайтөбе елді мекенінде салынуда. Келер жылы 1200 балаға шақталған білім орны пайдалануға берілмек. 2025 жылы осы жайлы білім мекемелері халықтың игілігіне көшеді.
Мектептерден бөлек, шаһарда түрлі балабақшалар бөбектерді тәрбие жолына бағыттап келеді. Дәл қазіргі таңда 31 балабақша жұмыс істеуде. Оларда 3700-ге жуық ұл-қыз тәлім алып жатыр. Мемлекеттік статустағы балабақшалар саны 2. 29-ы жеке меншік саналады. Десек те, әлі күнге дейін балабақшаны күтіп кезекте тұрғандар жетіп артылады. 1457 бөбек осы қатарда.
2023 жылы мемлекетіміздің айрықша қолдауы аясында ел көлемінде 154 білім ордасы шаңырақ көтеріп, уығын тіктемек. Ол нысандар 130 000 жас өренді оқытуға қауқарлы. 39-ы күні ертең қолданысқа беріліп, балаларға шаттық, кемел білім сыйламақ. Соның нәтижесінде 55 мың ұл-қыз жайлы да зәулім, ыңғайлы мектептерге енеді.