Сәкен Сәбит Мұқановты қалай тәрбиеледі?
Жазушы Сәкенге әдейі сәлем беруге келіп тұрса да теріс айналып кетеді
Сәкен Сейфуллиннің жырлары қандай көркем болса, оның келбеті де келісті болғаны мәлім. «... Сәкеннің сәні – бүкіл қазаққа танылған серіліктің, сырбаздықтың, кербездіктің жақсы үлгісі болатын»,-дейді сәкентанушы Тұрсынбек Кәкішұлы. Алаш арысының ішкі әлемі емес, сыртқы сипаты, жалпы әдебі қандай болған?
Басқасын айтпағанда Сейфуллиннің атылар кезінде түскен сурет сақталған. Көйлегінің жағасына тозаң қонбаған, жаңа ғана зауыттан шыққандай. Өлімге бара жатқанын білсе де, мойымағанын аңғарамыз. Өзін ірі ұстап, сол баяғы қалпынан, тазалығынан танбаған.
Сәбит Мұқанов 1922 жылы Сәкенмен таныспақ ниетпен Орынборға келеді. Екеуінің танысуына Абдолла Асылбеков себеп болған көрінеді. Абдолла «Диевская, 5» мекенжайындағы Сәкеннің үйін тауып береді. Мұқанов ерте келіп Сәкенді күтіп тұрады екен. Бір уақытта есік алдына пәуеске келіп тоқтайды. Пәуескеден сәлден соң құндыз бөрікті, үстінде ешбір қылау түспеген құндыз жағалы пальто, аяғында саптама етік, қызыл галстугы бар мырза түсіпті. Мұндай ерекше көрініс қарапайым киінетін, ондай әдемі киімге бойы үйренбеген, тіпті киіп көрмеген Сәбитті таң-тамаша қалдырады. Сәбиттің өз үйіне келіп тұрған адам екенін көрген Сәкен «көзінің қиығымен ғана қарады да, басымнан аяғыма дейін бір шолып өтті»,-дейді Сәбит. Бастан-аяқ түгелдей шолып өткені Сәбиттің мысын басқан сыңайлы. Жазушы сол жолы Сәкенге әдейі сәлем беруге келіп тұрса да теріс айналып кетіпті. Себебі, «біздің пролетарлық, можантопайлық тіршілікке ұқсамайтын, өзі князь сияқты» деп келетін Мұқановтың естелігі бар.
Пәуескені айдап келгеннен Сәбит: «Мынау кім?» деп сұрайды. «Сен білмейсің бе? Бұл – Сәкен Сейфуллин»,- дейді бұған татар ұлтының өкілі «Сен қалай танымайсың?» деген кейіпті. Кейіннен Сәбитті Сәкенмен таныстыру мақсатымен Асылбеков қонақ үйге арнайы шақырады. Олар Сәкенді күтіп отырады. Шамалы уақыттан соң Сәкен келіпті. «Киімі сұлу. Сәкенмен бірге бір иіс кірді»,-деп еске түсіреді.
«Сәкеннің бойындағы ұнамаған екі қасиет болды. Біріншісі – үстінде аппақ көйлек, мойнына қара бант байлап алыпты. Екіншісі – қолына білезік таққан, онысы әйелдердің қылығы сияқтанып көрінді»,-деп еске алады Сәбит Мұқанов. Әуелі Сәкен оған сын көзбен қарағанымен, Сәбиттің өлеңдері ұнаған, осыдан кейін таныстықтары ұзаққа созылған. «Біздің Сәбиттер олпы-солпы киінетін. Былай білінбегенімен, Сәкеннің қасында жүрсе, көзге бадырайып көрініп тұрады»,- дейді Мәриям Мұқанова.
Сәкен мен Сәбит 1928 жылы Ташкентке сапар шегеді. Оған дейін Мұқанов басына қалпақ киіп көрмеген болатын. Ал, шалбарының бірде қыры сынған, бірде можантопайлау болып жүрген кезі болуы керек. Сонда Сәкен замандасына қалпақ алып беріпті. «Менің көзімше түсі жақсы костюм ал» деп көмектескен. Сөйтіп, екеуі барып суретке түскен. Сәкен суретке сүсерге дейін Сәбитке мән беріп, сырбаздығын танытыпты.
Сәкеннің Қазкен Өтекинмен бірге 1931 жылы түскен суреті бар. Бастарына киген кепкалары, мойындарындағы шарфтары, бір жеріне қылау түспеген, тозаң жұқпаған костюм-шалбарлары, қолдарына ұстаған таяқтары – сәндіктің белгісіндей. Сәкеннің түскен суреттерінің қайсысын қарасаңыз да, киімге өзіндей қарағанын байқауға болады. Тіпті Қазкен екеуі Алматының көне көшелерімен келе жатқан кезде оларға тесіліп қарамаған қыз-келіншек жоқ дейді зерттеуші Тұрсынбек Кәкішев.
Әминаның арманы
Кезінде Мұхтар Әуезов, Мағжан Жұмабаевпен араласқан Әмина Қуанышева деген жан болған. Ол алаштықтардың идеясын жақтаған. Тұрсынбек Кәкішев 75 жастағы Әмина Қуанышеваның «Сәкенге керемет қызығушы едім. Ең болмаса көшеден қолтықтап өтсем, бақытым ашылар ма еді?!» деген сұхбатын үнтаспаға жазып алыпты.
Сәкеннің киім киісі түр-келбетін одан әрі ажарландырып тұрады екен. Тіпті, үйіне мейман шақырғанда немесе серуенге шыққанда сыптай болып киініп алады деседі. Бұл – Сәкеннің ғана бойына біткен қасиет болыпты.
1937 жылы 25 наурыз күні Мағжан мен Зылиқа Алматы қаласына сапарлап барғаны мәлім. Сәбит Мұқанов Жазушылар Одағын басқарып тұрғанына қарамастан, 1-Алматыдан жалғыз өзі қарсы алыпты. Себебі, заман өңін айналдыра бастаған, көзге түсудің өзі қиын кез. Жолшыбай азап, бейнет шегіп келе жатқан Мағжан: «Мен Сәкенге сәлем берейін. Оның жолы дұрыс, менің жолым бұрыс болды ғой»,- депті. Сәбит Сәкенге телефон шалса Сәкен алып келуді өтінген. Содан жары Гүлбарамға қазан астырып, ас дайындатады. Ал, өзі тап-таза болып киініп, ауланың ішінде Мағжандарды тосып әрлі-берлі жүріпті де қойыпты. Тұрсынбек Кәкішев: «Біз кейде Мағжан мен Сәкен өмірі кездеспеген және кездеспейтіндей етіп суреттеп жатамыз ғой. Кейбір ауызы жеңілдер қазақтың қастығынан пайда тапқысы келетін жағдайлары бар»,-дейді. Бір жарым сағаттан соң Мағжандар келіп, Сәкен екеуі құшақтап көрісіпті.
Сәкен совнарком председателі боп тұрған кезінде «»Мұнтаздай болып таза жүрулерің керек» деп киімі келіспеген бастықтарға ескертіп отырған деген әңгіме бар.
Сәкенмен көп араласқан адамдар Сәбит Мұқанов пен оның әйелі Мәриям. Олардың айтуынша Сәкен қонаққа барғанда арақ ішпеген, шарап қана ішіп отырған. Тамақ ішкенде де ортақұрсақ болып, аштықты сезбейтіндей деңгейде ғана тамақ ішкен. «Сонша соға бермесейші, тартынып ішсейші» деп айтып отыратын дейді Сәбит Мұқанов және Сәкен шақырмаған жерге қонаққа баруды құптамайтын көрінеді. Өз сөзінде Сәкен: «Шақырусыз бармаймын демеймін, барсам, ол үй шашылып жатса, сосын, екінші рет арнайы шақырып жатқан кезде ол үйге баруым қиын болады» дейді екен. Ақын тек өз тазалығына ғана емес, үйдің де таза болуын басты назарда ұстапты.
1950 жылы Сәкен ақталмаған кезде жоқшылық қысып әйелі Гүлбарам Сәкеннің қоңыр түсті, әдемі тігілген костюмін сатпаққа бекінеді. Қазір ол костюм Астанадағы мұражайда ілулі тұр екен. Гүлбарам болса, әлгі костюмге аса бір қимастықпен қарайды. «Ақшам жетпейтін еді» деп Тұрсекең алмапты, сатпағанына Гүлбарам өкінбепті.
Сәкен сапарлап бірнеше жерге барған. Ялтаға барып демалғанында зайыбына: «Әйел адамдарға керегі не? Қажет болса ала келейін» деген хаттары бар. Оның есесіне теріден жасалынған керемет бір чемодан алып келді» дейді Гүлбарам Сейфуллина. Сол чемодан қазір музейде сақтаулы.
Әйелінің де әдемі болғанын қалаған
Гүлбарам Батырбекқызы өкпе ауруына шалдығып, тауда демалып жатқанда Сәкен пальтолық, көйлектік керемет маталар алып, Карима дейтін тігіншіні тауып, өлшетіп, тіктірген. Тіпті оның фасонына дейін айтқан екен. Алаш ардақтысы жары Гүлбарамның киім киісіне өте зор мән бере қараған.
Сәкен қыдыруға шыққанда сән ретінде қолына не таяғын немесе қолшатырын ұстайды екен. Таза болып киініп, қасына ұлты еврей аяқ киім жөндейтін ергежейлі кісіні ертіп алатын көрінеді. Қараша жұрт Сәкеннің баратын жерін біліп алып артынан еріп отырады. Соңынан еріп келе жатқан адамдарға Сәкен мойнын да бұрып қарамайды екен. Ол кісінің әңгіме айтуы, көшеде жүруі – өзінше бір мәдениет. Сәкен сонымен бірге көңілі түскен адамға көл болыпты. Мәселен, аяқ киім жөндеуші ергежейлі досымен ұзақ сөйлесетін болған.
Мұқановтың жары Мәриям Қожахметқызының естелігіне зер салсақ, «Сәбиттің ақшаны молдау табатын кезі. Көйлек тіктірдім. Матаның түсі қызылдау, соған суреттер салынған. Қонаққа барарда сол көйлекті кигенде Сәбит: «Мына көйлектің түрі жағымсыздау екен» дегені. Содан кейін қонақта отырғанда қатты қысылдым. Міне, сол кезеңдегі ерлердің өз әйелдеріне сын көзбен қарағаны!»,-дейді. Сәбит Мұқанов «Еркек кіндіктіде мұндай сұлу адамды кездестірген жоқпын»,- деп айтқан екен.
Сейфуллиннің соңында «Бандыны қуған Хамит» әңгімесі қалған. Сол шығармадағы Хамит Сәкеннің өзі болуы керек деп топшылаймыз. Өйткені, ол өзі балуан денелі, спортты серік еткен тұлға еді.