Шоқан туралы романды неге Әуезов емес, Мұқанов жазған?
Сәбитке келетін болсақ, меніңше, ол он тоғызыншы ғасыр жағдайын жеткілікті білмейтін секілді
Белгілі қоғам қайраткері, атақты ғалым-академик Шапық Шөкиннің «Марғұлан» деген естілік жазбасы бар. Осы еңбекте сол замандағы тұлғалар мен дәуір көріністері жан-жақты баяндалады. Мәселен, осы жазбада «Аққан жұлдыз» романын туралы сөз болады. Романды неге Мұхтар Әуезов емес, Сәбит Мұқанов жазды? Біз ұзақ естеліктің тек осы сұраққа жауап беретін тұсын назарларыңызға ықшамдап ұсынып отырмыз.
Біз Саратовқа жақындай бергенімізде әлі ертеңгілік кез еді. Пойыз теміржолдың екі жағындағы қар басқан картоп егістігі мен қасатталып қалған кір-қожалақ күртік арасымен зулап келеді. Проводник түптігі қарайтылған стакандармен шай әкеліп таратып жүр. Халықаралық вагон дәлізіндегі радиодан бір желдірме ән айтылып жатыр. Терезе алдында Қаныш Имантайұлы Сәтбаев пен Мұхтар Омарханұлы Әуезов тұр. Сәтбаев көзін сәл ғана сығырайтып, жазушыны ықыластана тыңдайды. Ауыр денелі Әуезов үстіне украин кестелі көйлек пен бұтына кең жүн шалбар, аяғына жұмсақ былғары кебіс киіпті...
Түсте менің күпемде ауқаттандық. Бұрынырақ мейманхана буфетінен дәмді тағам алғанмын. Мәскеулік жерлесім жолға деп қоржынға жас қазы, қарта салған Лимонды турап, боржоми мен армян коньягін алып, серіктерімді шақырдым. Мұхаң әзілдеп, менің ұсынақтылығымды бір мақтап қойды. Жаймашуақ отырып ас алды. Іштік, жедік, жарасты әңгіме де өзінен-өзі туды. Асықтырып жатқан жан жоқ ‒ емін-еркін сөйлесіп, сырласуға уақыт жетеді. Пойыз ырғалып барып, Саратов вокзалы перронына тұра қалды. Мен газет алмақшы болып вагоннан шықтым. Қас қағымда құралған шіретке келіп тұра қалдым. Бес минуттай шіретте тұрғасын, вагонге жеткенше асықтым: диктор пойыз жүретінін хабарлады. Күпеде серіктерімнің көңіл күйінің өзгеріп қалғанын байқадым. Қаныш Имантайұлы мен Мұқтар Омарханұлы менің қайтып келгенімді де байқамай қалды. Екеуінің арсында жағымсыз бір әңгіме басталып кеткен сияқты. Сәтбаев Әуезовке бірдеңені қатты айтып отыр, ал Мұқаң оны жақтырмай, тыржия тыңдайды. Әңгіме Мұқаң мен Сәбит Мұқановтың арасындағы араздық туралы екен. Президент, Әуезов сияқты үлкен жазушының жастарға жарамсыз үлгі көрсеткені жараспайды дейді. Сәбит пен Мұхаң қарым-қатынасы көптен шиеленісіп келе жатқан. Оны тек жазушылар ғана біліп қойса ‒ бір сәрі. Екеуінің алауыздығы қазақ әдебиетінің абырой-беделін қасиет тұтатын қатардағы қалың жұртты да қатты мазалайтын. Дарын-қабылеті мен халыққа танымдылығы жағынан да бір-біріне мүлде ұқсамақтын Мұқанов пен Әуезов, өзара кісілік қарым-қатынас жасай алмағаны себепті де көп ретте ұтылып жүрді. Екеуінің қайсысы көбірек кінәлі ‒ оған сын айтатын мен емес. Мәселе тіпті онда да тұрған жоқ. Әдебиеттің мүдде-мақсаты үшін Сәтбаев та Мұхаңды өзімшілдікті жинап қоюға шақырған еді.
‒ Мұха, сенің өсек-өтірікті малданып жүргеніңді елдің бәрі біледі. Саған жақсы көруінуі үшін, өзің келіп Сәбитті жамандау шынында да, сөйтіп жастар алдында үлкен екі жазушыны өзара таластырып қоятын да қаскөй жауыздар. Сен сол жалақорларды маңайлатпай, қууың керек. Сенің жөнің басқа, сол себепті де саған қойылатын талап та өзгеше. Ендеше татуласу үшің Сәбитке әуелі өзің қолыңды ұсынуға тиістісің. Республиканың бүкіл зиялылары саған қарайды, сенімен теңелгісі келеді. Өз жауапкершілігіңді жұрттан бұрын өзіңнің түсінгенің дұрыс…
Мұқаң Қанекеңнің сөзіне құлақ асты, бірақ осы мәселеде Сәбит те оңып тұрған жоқ ‒ дегенді қосты. Сәтбаев осы арада тағы тебіреніп кетті де, уақ-түйекке бара беру саған жараспайды деген сыңай танытты. Осыншадай әңгімеге куә болғаныма мен өзімнен өзім қысылып, күпеден шығып кеттім. Жиырма минуттей уақыт өткен шамада екеуі дәлізге шықты. Мұхаң Қаныш Имантайұлына алғысын айтты. Және маған ол кісі шын көңілден разы болған сияқтанып көрінді Қанекең де өз көңілінің алаңдауын жазушының дұрыс түсінгеніне жаны жадырап, бір жасап қалды. Келесі күні кешке салым мен Мұқаңа кірдім. Ол кісі “Новый мир” жорналын оқып отыр екен. Елеусіз ғана әңгімелесіп кеттік. Сөз әдебиеттегі жаңа есімдер жайына көшті. Жайлап басып, “Абай” романын тілге тиек еттік. Осы арада, қарап отырмай, оқырмандар атынан талап-тілек айтайын келіп.
‒ Мұқа, Сіз “Абайды” жаздыңыз, ал бірақ халық алдында әлі де болса қарыздарсыз.
‒ Қандай қарыз?
‒ Сіз Шоқан Уәлиханов туралы жазуыңыз керек. Әуезов мырс етіп бір күліп, жорналды қоя салды.
‒ Қаныш Имантайұлымен кеше болған әңгімені есіттіңіз бе?
‒ Иә, есіттім.
‒ Оның мән-жайы мынадай. Менің білуімше, Шоқан туралы Сәбит жазып жатыр. Шоқанды сөз ету менің ойымда да болған. Мен Ленинградта оқыдым, Петербургтің тарихи және тұрмыстық ақуалын, Уәлихановтың кезіндегі философиялық ағымды жақсы білемін. Яғни Шоқанның толыққанды бейнесін жасай аламын. Ал Сәбитке келетін болсақ, меніңше, ол он тоғызыншы ғасыр жағдайын жеткілікті білмейтін секілді. Сондықтан да оның болашақ кітабы сәтті шығады деп адасатын жайым жоқ. Бірақ біз Сәбитпен кезінде: ол Уәлиханов жөнінен мен Абай жөнінен жазатын болып келіскенбіз. Егер мен біздің Сәбитпен арадағы қарым-қатынасымызды ескере отырып, Уәлихановты жазуға кірісіп кетсем, онда мен халыққа қай бетіммен қарамақпын? Онда мен кесірлік жасаған болып, Сәбитті аяғынан шалған болып шығамын. Жоқ, мені қинамаңыз… Уәлиханов үшін мен жауап бермеймін. Мұқтар Омарханұлы суып қалған шайынан бір ұрттап, сөзін жалғады:
‒ Жарамсақ тарихшылар кінәсінен, халқымыздың тарихының кем-кетіктері көп-ақ. Жазушылар халық алдында, оның зейін-зердесі алдында қарыздар болып қалған. Халықтың зөйін-зердесін қайтарып беру ‒ ізгілікті міндет. Қазақтың өткен тарихынан Абылайхан айрықша орын алады. Көшпелілердің басын қосуға, қазақтардың ұлттық ой-санасын оятып, қалыптастыруға ол өлшеусіз көп еңбек сіңірген. Ол туралы халықтың естіп білгені әлі де мардымсыз. Қайткен күнде де Абылайхан туралы жазу керек. Көркем шығарма жазу міндетті емес, деректі кітап та жетіп жатыр. Ол заманды қайта тірілтетін нәрсені баспай қоюы да мүмкін. Бірақ жазу керек. Жазып, ұрпақтар үшін сақтап қойған жөн.
‒ Сіздіңше, бұл істі кім жақсы жасай алады? — дедім мен. ‒ Идея мінсіз-түғын.
‒ Мұны жұрттың бәрінен да артық жасайтын кісі ‒ Марғұлан. Сіз Шәке, Академияның Бас ғылми хатшысы ретінде, оған көмек беруге тиістісіз.
Алматыға келгеннен кейін де мен бұл әңгімені естен шығармадым. Марғұлан жазушының ұсынысына жанып түсті. Бірақ, деді академик, оған байланысты ұсақ жұмыс көбейеді. Көмекші керек. Мен тарих институтының директоры Нүсіпбековпен сөйлесіп, Әлкей-ағаға стенографистка бөлу жөнінде нұсқау бердім. Жұмыс бастауын басталса да, ұят та болса айтайын, күнделікті іс ағынымен жүріп, оның орындалуын бақыламадым. Енді бір жылдан соң мен Бас ғылми хатшы міндетінен кеттім, сөйтіп Мұқтар Омарханұлы идеясын жүзеге асыруға менің тілге тиек етер желеуім болмай қалды...
1994 ж.
Редакциядан: Мақала атауы өзгертіліп берілді