«Қорғансыздың күнінде» қызды зорлаған болыс өмірде кім болған?
Аса қатал, қатыгез, менмен болыс болған
М.Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясындағы «Жұтта» тарауында Құнанбай әулетінің оқыған баласы Жәлел туралы былай дейді: «Абай Дәрменнің әңгімесін күліп тыңдады да, жаңағы өз сұрауына өзі шешу жауап айтқандай болды.
– Кім білсін, оқу адамды қайта тудырады. Жақсылыққа қарай өзгертіп жіберсе ғажап емес. Ал енді жаман шықса, тап осы Жәлеліңнен "күндердің күнінде аса бір жауыз, жаман адам шықпаса болар еді" деп қауіп қылам. Бұлар Құнанбайдың тұқымы. Қырдағы жуан, содыр, сотқар ауылдардың асқақ мырзасы болып, бұзылып өсуге де мүмкін ғой! Сонда барып, сорға барып жүрмесе не қылсын! – деп тоқтады.
Жәлелді тәкаппар, зор көкірек, тентек тіл, боқтампаз мінезі үшін жек көретін Дәрмен мен Баймағамбет Абайдың сөздеріне қатарынан ден қоя күлісті».
М.Әуезов романында Кәкітайды Абай тәрбиесін алған адал жастың бірі деп танытып, Абай балалары Ақылбай, Әбдірахман, Мағауия қатарында бейнелейді де, Кәкітай бойында ақындық барлығын үшінші кітаптың «Абай аға» атты тарауында ұлы ақын маңындағы жас төлдің елеулісінің бірі деп суреттейді.
Үш Ақшоқы төрт Құнанбайдың Ұлжаннан туған ұлдарын «төрт Ұлжан» деп атаған. Үлкен Ақшоқы Ысқаққа тиесілі болған. Кәкітай бәйбішесі үлкен Ақшоқыға Салиханы отырғызады да, өзі кіші әйелі Бибімен қыстау салдырып, өмірінің көбін соңда өткізеді. Оны бұрын «Бибі қорасы» деп те, кейін бойдақ қойды осында қыстатқандықтан «Бойдақ қой» деп те аталған. Әлі күнге дейін кіші Ақшоқыға баратын жол үстінде, қалың ши ортасындағы құлаған қора орны – «Бибі қорасы» деп аталады.
Сол төрт Ұлжанның бірі - ЬІсқақ өзге Ұлжандарға қарағанда ұрпақты болған. Ысқақтың өзінен Кәкітай (Әбдіхакім), Ахметбек, Ырысқұл ғана болғанымен, Кәкітай мен Ахметбектен тараған Әрхам бастаған Біләл, Даниялдар білікті де, білімді адамдар болды. Абай тәрбиесінде болған әдебиетке бейім, ақын жанды Кәкітай ел есінде турашыл, адал азамат боп сақталған. Абай өлгеннен соң Шыңғыс еліндегі билігі бұзылмайтын екі адамның бірі — осы Кәкітай. Небір аразды, жаулық, кісі құны, мал барымтасы, жесір, жер даулары
Шәкәрім Құдайбердіұлымен қатар Көкітай алдынан бітім тауып отырған. Бұл екеуі дау иелерінен:
- Кәкітай- қажы, алдына бардың ба? - деп сұрап алады екен. Егер дау иелері екеуінің біріне барған болса, екіншісі билік айтпаған.
«Абай жолы» романда Оспан қаза болған соң, Әзімбай тудырған дауда «уақытша тыныштық үшін Кәкітай Оспан үйіне әрі бас-көз, әрі киімшең бала боп кіретін болды» дейді.
Ысқақтың ерке, би әйелі Мәнікеден қыз туып, жастай қаза болған. Алғаш айттырылған бәйбішесі Тектіден Кәкітай (Әбдіхакім), Ахметбек, Ырысқұл, Рахила деген балалары болған. Кәкітай да - екі әйелді. Бәйбішесі - Салихадан: Архам, Біләл, Даниял; кіші әйелі - Бибіден: Уалит, Самат, Бәзила туған.
Біләл оқыған адам болғанымен, аса қатал, қатыгез, менмен болыс болған. Ат басын тіреген үйден
- Үйде төре бар ма екен? - деп сұратып, баласы бар үйге түспейді екен. Ауылда «ауру кісі бар екен» десе, маңына жоламаған.
Осы болыс Біләл қаталдығымен, қатыгездігімен, дөрекілігімен де аты шыққан. Тізесін орысша сауатты, Абай аса құрмет тұтқан Мүрсейіт сияқты зиялыларына да батырған.
Ғайса Сармурзин өзінің естелігінде: «Егер сіз сол Біләл болыстың зорлығы мен зомбылығын білгіңіз келсе, Мұхаңның 1921 жылы басылып шыққан «Қорғансыздың күнін» оқысаңыз да үстінен түсер едіңіз. Өйткені, сол әңгімедегі Күшікбай кезеңінде сорлы соқыр кемпірдің басынан кешірген қайғы-қасіретін одан бірнеше жыл бұрын естіген едім. Көп жылдан соң мен Мұхаңа: «Сіздің Қорғансыздың күнінде» жазған болысыңыз Біләл емес пе? – дегенімде, ол кісі: «Иә, ол соның прототипі болатын» – деген еді», дейді. Біләл менмендігін өз ағайын-жұртына, тіпті әкесі Кәкітайға көрсетуге де іркілмеген. Кәкітай 1915 жылдың қысында кіші әйелі Бибі үйінде ауырып жатқанда, көңілін сұрай келіп:
- «Кәкем қалай?» - депті де, дағдысынша, аттан түспей, кайтып кетіпті. Есі кіресілі-шығысылы боп жатқан Кәкітай:
- Осы Біләл келді ме?- дейді екен.
Біләл ісінен түңіліп отырған туыстың бірі Кәкітайға жасырмай, бәрін айтса керек. Сонда Кәкітай:
— Әй, Біләл-ай, жынданып өлерсің-ау, сен жынданып өлерсің-ау, — деп кейіген екен. Айтқаны дәл келіп Біләл жынданып өлген екен.
«Қорғансыздың күніндегі» мына үзіндіден де сондай емеурін танылады. «Кемпір, қонағы – бір елдің болысы болған соң, оның үстіне сөзінің салмағы бар жуан ауылдың баласы болған соң, екінші, әрлі-берлі өткенде бірде болмаса бірде сөзім, ісім түсер деп, өзінің баласы өлгеннен бергі жайын білдіріп қоюды ойлады», дейді.
Әңгіменің тарихилық негізі де шығарманың өмірден алынған шындық екендігін жазушы Тұрсын Жұртбаев Мұхтар Әуезовтің осы әңгімесіндегі Ақан болыстың протатипі Кәкітайұлы Біләл деп көрсетеді.
Алмахан Мұхаметқалиқызы