Facebook желісінің Айгүл Елшібаева деген қолданушысы қазақ фольклорында жиі айтылатын "ғайып ерен, қырық шілтеннің" кім екені туралы қызықты мәлімет келтіріпті. Ғылыми тұрғыдан баға бере алмайтынымызды ескерте отырып, мәтінін қаз қалпында, өзгеріссіз беріп отырмыз.
Шілтендер - адамдар арасында көзге көрінбейтін өмір сүретін және табиғаттан тыс күштерге ие болған қырық жаратылыс.
С.Қондыбай «Қазақ мифологиясында:
"Шілтендер — әлемді билеген қырық құдіретті әулие.
Шілтендер -адамдарға көрінбейтін болуы мүмкін немесе адамдар арасында адам кейпінде өмір сүре алады көбінесе басқалар менсінбейтін кедей адамның бейнесін алады.
Шілтендердің бірі өлсе, қалған (тірі) шілтендер халық арасынан лайықты мұрагер сайлайды.
Шілтеннің әдеттегі эпитеті ғайып ерен - «көрінбейтін әулиелер, жауынгерлер".Кейде олар теңіздің ортасындағы аралда өмір сүреді, оған адамдар кіре алмайды немесе елсіз жерлерде жиналады.
Сопылық исламның таралу кезеңінде көне түркі аруақтары-ерендерінің бейнесі парсы-тәжік чилтан (қырық) арабша «ғайб» - көрінбейтін сөздермен толықтырылды”.
"Ерендер антропоморфтық делдал рухтар, жауынгер рухтар ретінде қабылдана бастады” -
дейді ғалым Едіге Тұрсынов.
Ерен - ежелден көк түріктің сөзі. Қазақта ерен ұл сөзі, нағыз қайрат, күш, ақылдың арқасында іс нәтиже беретін адамға - ерен сөзі қолданылады. Ғайып - арабша көрінбейтін деген сөз. Чил парсыша-қырық, тән-жан деп аударылады.
"Ғайып ерен-қырық шілтен" - деген сөзінің мағынасы - "Ғайыппен байланысқан ерекше қырық жан" дегенді білдіреді.
Құдай оңдасын,
Бақ қарасын
Ғайып ерен.
Қырық шілтен
Қолтығыңнан демесін, -деген қазақтың батасындағы Ғайып ерен, қырық шілтеннің жауабы осы.