Мұсылмандардың қасиетті мерекесі Құрбан айт уақыты биылғы 27-29 мамыр аралығына сөйкес келеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Діни басқарма өкілдері хижри айлардың басталуы халықаралық астрономиялық зерттеу орталықтары деректеріне сүйене отырып есептелгенін мәлімдеді. Сонымен қатар, жаңа айдың көріну уақытына байланысты кейбір мерекелердің нақты күні бір күн ілгері не кейін жылжуы мүмкін екенін ескертеді.
Құрбан айт – халықтың ынтымағын нығайтып, елдің ауызбіршілігін күшейте түсетін айтулы мереке. Бұл – Алла Тағаланың бізге тарту еткен мерекесі. Мұсылман баласының құлшылық амалдары жамағатпен және ауызбіршілікпен атқарылады. Құрбан айт – соның үлкен айғағы. Бұл мереке исі мұсылманның бірлігі мен берекесін тағы да паш ете түседі.
Құрбан айт мерекесінде мүмкіндігі бар әрбір мұсылман баласы Алла Тағаланың ризашылығы үшін құрбандық шалуы тиіс. Айта кетейін, құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Сондай-ақ, пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады.
Əрбір жағдайы бар əрі жолаушы емес мұсылманға құрбандық шалу – уəжіп (мұсылмандық міндет). Құран Кəрімде: «Раббың үшін намаз оқы жəне құрбандық шал», – деген əмір бар.