Салалық журналистика деген кәсіби журналистка деген сөз!

Жұлдыз ТОЙБЕК – республикалық «Сақшы» газетінің шеф-редакторы. Ішкі істер саласының тыныс-тіршілігін көрсетіп, сақшылардың серігіне айналған газетте еселі еңбек етіп келе жатқан әріптесімізбен «Сақшының» тоқсан жылдық мерейтойында тілдесудің сәті түсті.

  • 27.10.2023

– Жұлдыз Райымбекқызы, журналистикада өз қолтаңбасы қалыптасқан, тәжірибелі маманның бірісіз. Ал салалық басалымда қызмет етудің ерекшелігі неде?

– «Сақшы» – салалық басылымдардың көш басында тұрған, тоқсан жылдық терең тарихы бар, ел білетін басылымның бірі. Ішкі істер саласының тыныс-тіршілігін көрсетіп, полиция қызметкерлерінің оң имиджін қалыптастыруды мақсат еткен «Сақшы» тоқсан жылда түрленді, жаңғырды, жаңа талаптарға сай жарық көрді. Осы жылдар ішінде полиция қызмткерлерінің өз пікірін айтуына, өз ұсыныстарын жеткізуіне мүмкіндік беретін биік мінберге айналды. Мұндағы басты оқырман да, негізгі автор да полиция қызметкерлері болғандықтан, газеттің таралымы да жоғары. Бүгінде «Сақшының»  15 мыңнан астам жазылушысы бар. Редакцияның хат қоржыны үнемі тоқ. Өйткені, бізге өз пікірін жолдайтын, өз өлеңдері мен шығармаларын көпшілікке жеткізуді өтінетін сақшылар қатары қалың. Осы тұрғыдан алғанда салалық басылым ішкі істер құрылымындағы жақсы істерді ғана жазып қоймай, сақшылардың шығармашылық жақтан шыңдалуына да ықпал еткен даусыз.

– Саладағы өзекті тақырыптарды кімнің сараптағаны мазмұнды, сапалы шығады?

– Зерттеу материалдары өз саласының мамандарын сөйлеткенде ғана толыққанды мақала болатыны талас тудырмайды. Салалық басылымдағы журналистердің шеберлігі де осыдан көрінеді. Мәселен «Сақшының» тілшілері ішкі істер саласында қабылданған заң, қаулы, жарлықтар мен бастамалардан хабардар болуы керек. Саламен бірге дамып, бірге ілгерілеп отырмасаң, қолға алынған жобаның, талқыға салынған тақырыптың тиімді, тиімсіз жақтарын сараптай алмайсың. Бүгінде жаңалықты екінің бірі айтады. Жазуға қабілеті бардың бәрі әлеуметтік желіде ақпарат таратушыға айналған. Ал журналистің ерекшелігі сол, ақпараттың бары мен жоғын, пайдасы мен зиянын екшеп, елге таратуында. Бұл жерде саланың түйткілдерін сол ортада жұмыс істейтін, осы саланың бел ортасында жүрген адамнан артық ешкім айтып бере алмайтынын ескеруіміз керек. Мықты журналист сөзі сенімді, уәжі талассыз болуы үшін сала мамандарын сөйлете білуі, ойындағысын айтқыза алуы керек. Полиция қызметкері қаруды қапысыз қолдануы, заңды бес саусағындай білуі, азаматтар құқығын қорғауда өзіне жүктелген міндеттерді мінсіз орындауы мүмкін. Бірақ, полиция қызметкері сол жасаған жұмысы туралы, көзбен көрген, қолмен ұстаған деректері жайында жақсылап әңгімелеп бере алмай жатады. Қылмыстың бел ортасында жүрген жедел уәкілдер мен тергеуші, анықтаушылардан кейде қажетті мәліметті ала алмай, майдан қыл суырғандай сыздықтатып, өзімізге қажетті деректерге қолымыз жететін кездер көп. Бұл қалыпты жағдай. Өйткені, полицияның міндеті – елдің тыныштығын сақтау, халықтың қауіпсіздігін сақтау. Көргенін мөлдіретіп қағазға түсіріп, көркемдеп айтып беруге ол міндетті емес. Маманды сөйлете білу – журналистің негізгі жұмысы. Тілшінің шеберлігі де осында. Сондықтан, әр саланың өз маманын сөйлете отырып, тақырыпты терең зерттеген, мәселені жан-жақты зерделеген, жинақталған деректерді көркем жеткізе білген журналистің материалы оқырман көңілінен шығады деп ойлаймын.

– Жалпы салалық басылымды шығару қиын ба? Кадрлармен қамтамасыз ету жағы қалай шешілген?

– Салалық басылымда жұмыс істеген журналистер бірте-бірте сол құрылымның бір мүшесіне айналады. Әрине, тақырып қызықтырмаған журналистердің салалық басылымдарда тұрақтауы қиын. Ал полицияның ішкі «кухниясын» түсініп, сақшылар жұмысының қызығы мен қиындығын жан-тәнімен сезінгендер бірте-бірте полицейлерді «әріптес» тұтып, өзі де солардың сапына қосылып кетеді. Жазғаның сала мамандарының көңілінен шығуы үшін бұл  керек сияқты.

Әрине, салалық журналистикада еңбек етудің жақсы жағы да, кемшін тұсы да бар. Жақсы жағы – бір ортадан өзіңе жанашыр, тілеулес табасың. Бір саланы тереңдеп жазуға дағдыланасың. Ішкі істер саласына қатысты мәселе туындағанда, пікір айту керек болғанда, мамандар іздегенде журналист-әріптестердің бірінші сені іздейтіні сондықтан. Кемшін тұсы – белгілі бір саланың тар аудиториясымен шектеліп қалғандай боласың. Содан шығар, отандық журналистикаға қатысты мәселелер сарапқа салынғанда әріптестер бізге полиция өкілі деп қарап жатады.

Ал енді кадр мәселесіне келер болсақ, бізде сала бойынша журналистер дайындау жағы әлі шешімін таппай келе жатқан шетін мәселе. Сондықтан, «Сақшыға» келген жас мамандарға ішкі істер саласына қатысты мақала жазудың әліппесін өзіміз үйретіп, бейімделіп кетуіне қолдан келгенше көмектесеміз. Бір қуанарлығы ақпарат саласына жауапты Мәдениет және ақпарат министрлігі соңғы жылдары осы мәселені өздері көтеріп, барынша қолдау білдіріп, бастама көтеріп жүр.

– Салалық басылымның дамуына басшылық тарапынан қолдау көрсетіле ме?

– «Сақшының» бүгінгідей белеске жетуіне, тоқсан жылдық тарихы бар аға басылымға айналуына Ішкі істер министрлігінің көмегі көп.  «Сақшы», «На страже» газеттері 1933 жылы жарық көрген. Өлкелік милиция басқармасының органы ретінде жұмысын бастаған басылым бастапқы жылдары екі тілде шыққаны белгілі. «На страже» газетінің бір беттік қосымшасы ретінде жарақ көрген «Сақшыны» жеке басылым ретінде дамыту көпшіліктің көкейінде жүрген жай еді. Әсіресе, жазушы, ақын Базарбай Исаев идеяның іске асуына айтарлықтай үлес қосты. 1992 жылдың 11 маусымында жазған мақаласында Базабай Исаев «Сақшы» енді өз алдына дербес, бөлек басылым» болады деген сүйінші жаңалығын жеткізді. Бұл ұсынысты қолдап, қазақша газеттің өз алдына дербес жарыққа шығуына қолдау көрсеткен сол кездегі Ішкі істер министрі Қайырбек Сүлейменов еді. Міне, содан бері басылым – министрліктің қолдауында.

– Салалық басылымды мазмұнды ету, полиция қызметкерлерін қызықтыратын тақырыптарды таңдау қиын емес пе?

– Мамандығы полиция қызметкері болғанымен, олардың да өзі қызмет ететін қоғамдағы барлық мәселелерге жаны ауырады. Полицейлердің де өздері үлгі ететін, өнеге тұтатын кумирлері бар. Және ол тек полиция генералы деп ойласаңыз қателесесіз. Осыны ескере отырып біз сақшылар қауымын қызықтыратын спорт, өнер, қолөнер, руханият, ғылым, жаанды интеллект тақырыбын да назарымыздан тыс қалдырмаймыз. Әрине, салалық басылым болған соң бұл тақырыптарды жазудың ерекшелігі бар. Біз алдымен жазып отырған мәселенің құқықтық қырына үңілеміз. Өнер адамы туралы сөз еткенде де оның заңдарға, полиция жұмысына қатысты пікірін білуге тырысамыз.

Әрине, басымдық саладағы оң өзгерістерді насихаттауға, түйткілдерді көрсетуге, мәселелерді шешуге бағытталады. Осы тұрғыдан алғанда журналистердің жан-жақты ізденіп, полицейлерді қызықтыратын айдарлар табуға, көпшілік үлгі ететін кейіпкерлермен сұхбаттасуға тырысатыны түсінікті. «Сақшы» осындай ізденістің арқасында оқырманын жалықтырмайтын басылымға айналып отыр.

– Салалық басылымдар қоғамға не берді?

– Бір салаға маманданған кәсіби журналистің берер жемісі мол. Еуразия ұлттық университетінде оқытушы болғанда менің облыстық, халықаралық газеттерде ширек ғасыр жасаған тәжірибемнің көп пайдасы тиді. Студенттерді бірден жазуға машықтандырдым. Жазған дүниелерін тексеріп шығып, сабақ үстінде талдап, шәкірттерімнің қарым-қабілетін тексеріп отырдым. Төтенше жағдай тақырыбынан дәріс бердім. Төтенше жағдай кезіндегі қауіпсіздік ережелері, төтенше жағдайдың түрлері, осы саланы насихаттайтын БАҚ,  төтенше жағдай кезінде журналист өзін қалай ұстау керек деген сияқты мәселелерді лекцияма арқау еттім. Бір құптарлығы осы тақырыпты болашақ журналистер қызыға тыңдады. Келешекте осы саладағы басылымға барғанда, олар біраз дүниеден хабардар болады.

Мысалы қазір экономика тақырыбын шағып жазатын журналистер аз. Мен экономика тақырыбында силлабус дайындадым. Онда субсидия дегеніміз, бірінші, банктер жүйесі, екі деңгейлі банк, ипотеканы қалай алуға болады деген сияқты мәселелерді арқау еттім. Өкінішке орай басқа жұмысқа ауысуыма байланысты аяқсыз қалды.

Кейбір балалардың қоғамдағы белгілі бір салаға деген қызығушылығы болады. Мәселен спортты сүйетін және спорттағы әрбір жаңалықты қалт жібермейтін кейбір талапкер осы тақырыпта қалам тербегенді ұнатады. Егерде осындай жастарға осы спорт тақырыбын тереңдетіп оқытып, жазуға машықтандырса, спорт тақырыбындағы жаңалықтар мен оқиғаларды бір сарынды баяндап ғана қоймай, қаламынан қаншама жан-жақты қамтылған сапалы дүниелер туар еді. Спорт додасындағы жеңімпаздардың ащы терімен келген жеңістерін жүрекке жеткізетіндей болмаса осы саладағы көкейкесті мәселелерді және т.б. көтеретіндей сүйекті дүниелер жазылатын еді.

Ал «Сақшы» газетінде шеф-редакторы ретінде салалық журналистикадағы біліктілігім тереңдей түсті. Бұл ішкі істер органының жаршысы. Полиция қызметкерінің атқаратын қызметін бір ауыз сөзбен жеткізе алмайсың. ІІМ-де комитеттер, департаменттер, басқармалар, бөлімшелер бар. Олардың мүддесі бір болғанымен, әрқайсысының атқаратын қызметі әртүрлі. Журналист олардың жұмысы жөнінде қалам тербегенде өзі барып тұрған мекеменің атқаратын қызметінен хабардар болуы керек. Мысалы, «Кинология орталығы» жөнінде жазбас бұрын алдымен «бұл қандай орталық, немен айналысады, қоғамдық тәртіпті сақтауға қандай қатысы бар?» деген сияқты сауалдарға алдымен журналистің өзі дайын болуы керек. Егер өзі бұл орталықтың жұмысынан мақрұм болса, тақырыбын аша алмай, мардымсыз дүние жазылады.

Республикамызда Ішкі істер органынының ұйымдастыруымен «Погонды журналист» атты жоба өтеді. Осы жобаға қатысқан БАҚ қызметкерлері бір күнін ішкі істер органы қызметкерлеріне арнайды. Нақтырақ айтқанда, полиция қызметкерлерімен бірігіп жұмыс жасайды. Аталмыш жобаға қатысқан тілшілер полиция қызметінің күрделі екеніне көз жеткізіп, олардың жұмысында журналистер біле қоймайтын қыры-сыры көп екенін мойындайды.  Сондықтан болашақ журналисті оқу орнында осындай салалық басылымдарға бейімдеп, оқытса деген ой келеді. Оқытып қана қоймай, тәжірибеден өткізіп, келешекте салааралық БАҚ-та істейтін маман ретінде дайындаса, нұр үстіне нұр. Егер де оқу орны белгілі бір саланың басшысымен келісімге келсе, болашақ журналист оқуын бітірген соң әр есікті қақпай, бірден қайда баратынын білетін еді. Қалай десе де, құқық, медицина, ауыл-шаруашылық, технология және тағы басқа саланы кең ауқымда терең жазу керек болса салалық журналистиканы дамыту керек.

– Уақыт тауып, ой бөліскеніңізге рақмет!

Байланысты жаналықтар

Ясауи кесенесін полиция күзететін болды

08.11.2024

Есірткімен алысқан боп, айналысқан сақшы

17.07.2020
MalimBlocks
Ясауи кесенесін полиция күзететін болды

2023 жылы күзет қызметіне республикалық бюджеттен 8 434 000 теңге қаржы қаралған

Есірткімен алысқан боп, айналысқан сақшы