Семей филармониясының экс-басшысы: «Кәкімұлы маған жала жауып отыр»
Гастроль мен концерттерден бос кезінде ішімдікке жиі бой ұратын
08.08.2022 күні Malim.kz сайтында «Өнертанушы: Мәдениет Ешекеевтің өліміне жұмыстан шығарылуы себеп болды» атты өнертанушы Қадірбек Кәкімұлымен сұхбат жарияланған болатын. Осы жазба қоғамдық пікір тудырып, редакциямызға хабарласқан адамдар көп болды. Ал Семей облыстық филармониясының сол кездегі директоры Аймұханбет Бейсембеков әнші Мәдениет Ешекеевтің өліміне жұмыстан шығарылуы себеп болған жоқ дейді. Төменде өнер ошағының экс-басшысының пікірін жариялап отырмыз.
«Өнертанушы: Мәдениет Ешекеевтің өліміне жұмыстан шығарылуы себеп болды» деген сұхбатты оқып қолға қалам алуыма тура келді. Сұхбаттың ішінде «ӘНШІНІҢ ӨЛІМІНЕ ФИЛАРМОНИЯ БАСШЫЛЫҒЫ СЕБЕПКЕР БОЛДЫ» деген бөлімін оқып тіпті, қайран қалдым. Ақиқат бәрінен де қымбат. Бұл сол кездегі Семей филармониясының директоры болған маған жабылған жала деп білемін! Оның дәлелі ретінде мынаны айтамын!
1997 жылдың басында Семей облысы басшысы мәдениет пен өнер саласында оптимизация жасап, Абай атындағы қазақ театры мен Достоевский орыс театрын қосып, «ТЕАТР-СЕРВИЗ» деген мекеме жасақтады. Облыстың 3 газеті мен 2 телеарнасын және Семей облыстық Ә.Қашаубаев атындағы филармонияны жауып, біріктіріп, жаңадан «Семей облыстық концерттік-гастрольдік және бұқаралық ақпарат құралдары дирекциясы» деген мекеме құрды. Мені сол мекеменің бас директоры етіп тағайындады. Соған байланысты Семей облыстық Мәдениет басқармасы Семей филармониясын жабу туралы 01.21.1997 жылы -10 бұйрық шығарды.
Сол бұйрықтың негізінде Филармония ұжымына толық құрамда екі айдан кейін жұмыстан шығатындары туралы 21.01.1997 жылы №-6 ескерту бұйрық шығарды. Бұл бұйрықта Ешекеев М. №-23 болып тіркелген. Қолы қойылған.
Содан екі айдан кейін Семей филармониясының жабылуына байланысты ұжымның қызметкерлерін толық құрамда жұмыстан шығару туралы (21.03.1997 жыл №-17) бұйрығы шықты. Бұл бұйрықта Ешекеев М. №-15 болып тіркелген. Қолы қойылған.
Жаңадан «Семей облыстық концерттік-гастрольдік және бұқаралық ақпарат құралдары дирекциясының» құрылуына байлансты Дирекцияның штатын бекіту туралы 24.03.1997 жылғы №-1 бұйрығы шықты(26 единица).
Дирекцияның штаттық единицасы бекітілуіне байланысты, ұжымдағы қызметтік жүктемелерді бекіту туралы 25.03.1997 жылы №-2 бұйрығы шықты. Бұл бұйрықта М.Ешекеевтің көркемдік құрам әншісі ретінде №-1 болып тіркелген.
Дирекцияның концерттік-гастрольдік жұмсын жүргізу мақсатында концерттік бригадалар құрамын бекіту туралы 01.04.1997 жылы №-4 бұйрығы шыққан. Бұл бұйрықта М.Ешекеев ҚР еңбек сіңірген артисі Бақыт Үдербаеваның басқаруындағы бригаданың құрамына кіргізілген.
Дирекция құрамына бос ваканциялық орынға жас таланттарды қабылдау мақсатында құрылған конкурстық комиссиясын құру туралы 05.04.1997 жылы бұйрық шықты.
Сол бұйрықта М.Ешекеев №-2 болып қазылар алқасына кірген.
Міне, осы М.Ешекеевтің жұмыстан шығарылмағаны туралы құжаттар филармония архивінде сақталған.
1997 жылғы 1-шілдеден бастап Дирекция ұжымы жылдық еңбек демалысқа шықты.
Ал Мәдениет Ешекеевтің өмірден өтуіне себепші болған жайттар Қадірбек айтқандай емес. Соңғы жылдары Мәдениет аға анасы қайтыс болғаннан кейін өзі бір үйде жалғыз қалды. Гастроль мен концерттерден бос кезінде ішімдікке жиі бой ұратын. Оның үйіне тіпті көшедегі алқаштар жиналып, шу шығарып, көршілердің мазасын алып, сан рет олар милиция шақыртып, олар филармонияға хабар түсіретін. 1996-1997 жылдары екі рет қатты ауырып жедел жәрдеммен ауруханаға ұзақ жатып, емделген. Дәрігерлер маған да, ол кісіге де енді арақ ішсе, айықпас бауыр дертіне ұласатынын қатты ескеркен де еді. Бірақ ол ішімдікті қоя алмады. Сол 1997 жылғы жазғы еңбек демалысы кезінде бауырдан қайтыс болды. Ол анасы қайтыс болғаннан кейін жалғыз қалған. Жалғыз жатып үйінде қайтыс болды. Оған барып ән үйреніп жүретін филармонияның жас әншісі Құжыманов екі күн есігін ашпаған соң милицияға хабар беріп, олар есікті бұзып кірген. Мәдениет аға төсегінде жатып қайтыс болыпты. Алматыға іс сапарға кетерден 4-5 күн бұрын ағаға кіріп шыққанмын. Мен барғанда үйінде бір орта жастағы туысы келіп отыр екен. Үшеуміз әңгімелесіп шай іштік. Өңі жақсы болатын.
Мені 31.07-05.08 күндеріне облыс басшылары Алматыға Мұхтар Әуезовтың 100 жылдығына байланысты Семейде өтетін іс-шараның «Гала-концертін» ұйымдастыру мәселесімен командировкаға жіберді. 02.08 күні облыстың Мәдениет басқармасының басшысы маған Мәдениет ағаның қайтыс болғанын хабарлап, «жерлеуге келмей-ақ қой, облыс басшыларының тапсырмасын орындап бір-ақ қайт», – деп тапсырма берді. Келгеннен кейін жетісін өткіздік.
Мәдениет ағаның бейітін Семей қаласындағы «РОЗА» деген құрылыс коперативінің басшысынан көмек сұрап, қара гранит тастан әсемдеп тұрғыздым. Ағайын туыстарының біреуі көмек берген жоқ.
Қадырбек Кәкімұлының «Ешекеевке басшылар көңіл бөлмеді» дегені негізсіз. Ешекеевтің алмаған атағы жоқ. Барлық құрметті көрді. Баспанасын, атақтарын, Облыс басшысы К.Бозтаевтан сұраған «Москвич» автокөлігін де (інісіне берді) алды. Тіпті, филармония есебінен түгел тісін алтынан салдырып бердім.
Оқи отырыңыз: Өнертанушы: Мәдениет Ешекеевтің өліміне жұмыстан шығарылуы себеп болды
Мәдениет қайтыс болғаннан кейін үйіне немере інісі кірген. Солар тұрғанда ол өртеніп, өртті сөндірген. Қадырбек айтқандай, «шаңырағы ортасына түскен» жоқ. Ол үй 5 этажды орталықтағы кірпіш үй.
Қадырбектің 1996 жылы ақпан айында Ешекеевті кезіктіріп, оның жұмыстан шыққанын жылап тұрып айтқаны да өтірік. Мәдениет аға 1996 жылдың 12 декабрінде 60 жасқа толып, зейнетке шықты. Алпыс жылдығы республика деңгейінде өткізіліп, туған күні 12 - декабрьде Абай театрында облыс басшысы Ғалымжан Жақияновтың басқаруымен өтті.
Қадырбектің Ешекеевтің сотталуы туралы да айтқаны өтірік. Ол әкесінің жұмысындағы тексеруден емес, ағаларының 2 қап бидай ұрлағынын мойнына алып сотталған. Мәдениет Ешекеевтің аузынан естіген әңгімені баяндайын.
«Бұл уақиға 1953 – жылы күзде болды. Сен менің үлкен ағаларым Қабылаш пен Қапез туаралы білесің. Сол екеуі Колхоздың қырманынан бидай ұрлапты. Соғыстан кейінгі кезең, астық ұрлағандарды қатты жазалайды екен. Бір шелек бидайды рұқсатсыз алған бір әйелді екі жылға соттапты деп естігеміз. Ал, екі ағамның ұрлаған бидайы бір неше қап көрінеді. Қапезді апарып жауып тастапты. Содан әкем Сейітжан таныстарын салып жүріп, үлкен екі ұлын ұзақ мерзімдік түрмеден құтқару үшін, менің жасымды екі жасқа кішірейтіп 1936 жылы туған деп жалған куәлік жасатып, бидайды ұрлаған кіші ұлым Мәдениет деп түсініктеме береді. Екі ағасы бауырын аяп ұрлықты біз жасадық деп отыр. Ұрлық жасаған кәмелетке толмаған кіші ұл Мәдениет жасады деп, бәрін маған аударады. Әкемнің ондағы ойы, кәмлетке толмаған балаға аса қатаң жаза қолданбайды, көп болса бір-екі жыл береді деген үміт екен. Олай болмаса Қабылаш пен Қапез 6-7 жылға кетеді екен. Осы жағдайды әкем маған оңашада жақсылап түсіндіріп:
- Бәрін сен мойныңа ал. Қорықпа! Екі ағаңды ұзақ жылғы түрмеден құтқарасың. Сені көп болса бір-екі жылға соттайды. Себебі сенің жасың 16-ға толмаған етіп, екі жасқа кішірейтіп жаңа куәлік жасаттым. Сенің туған жылың енді 1934 емес, 1936 жыл! Ұмытпа! Қайда барсаң да есіңде болсын! – деді жағдайды түсіндіріп.
Оқи отырыңыз: Тері-былғары зауытының экс-басшысы: «Тоқаевтан көмек сұраймын!»
Сонымен әкемнің айтуымен, мен ұрлықты мойныма алып бір жыл жеті айға сотталып жасөспірімдер түрмесіне түстім. Мені бір айдан кейін Семей түрмесінен, Хабаровск маңындағы қиыр шығыстағы қалың орман ішіндегі жасөспірімдер түрмесіне жеткізді. Маған түрмеде менің баянда, гармонда, домбырада ойнап, ән салатын өнерім керемет көмек болды. Оның үстіне мен суретті де жақсы салушы едім. Соның арқасында мен түрмеде аса қиындық көрмей, балалар түрмесінің клубында музыкант және плакаттар жазатын, суреттер салатын оформитель болып жүрдім. Басқа балалар сияқты ауыр қара жұмыс істеген жоқпын. Сонымен мені бір жарым жыл өткенде түрмеден босатып, Семейге қайтарды. Міне, менің туған жылымның тарихы осылай», - деп Мәдениет аға әңгімесін түйіндеген еді.
Қадырбек Мәдениеттің өмір бойы үйленбеуінің себебін де ертегі етіп жіберген. Оның себебі, мүлде басқа. «Әншілік өнердің ақберені» атты мақаламда ол жайында жазылған. Содан үзінді келтірейін.
«1990 жылы Алматыда өтетін жыл сайынғы Семей филармониясының есеп концертін өткізуге пойызбен аттандық. Мәкең екеуміз бір купеде болдық. Талай әңгіме айтылып, қаншама әндер шырқалды! Сол сапарда Мәкең маған өзінің бір сырын айтты. Ол сыр неге үйленбей жүруінің себебі.
– Кейбіреулер менің үйленбеуімді «ойбай, Мәдениет әйелге қарамайтын ауру екен» - десе, енді біреулер «Мәдениет ақшасын аяп қатын-бала асыраудан қашып үйленбейді» - дейді екен. Оттайды олар! Менің «ауру» емес екенімді көріп жүрсің ғой... Талай қыз – келіншек артымнан қалмай жүргенін. Солардың ешқайсысын «өкпелі» жасаған жоқпын... - деп, Мәкең маған жымыңдай қарап, жоғары тональностегі әндетіп күлетін күлкісімен біраз үзіліс жасап алып, әңгімесін жалғастырды.
– Мен жиырмадан асқанда үйленгемін. Өзіміздің ауылдың қызы. Өте ұяң, биязы мінезді еді. Бірімізді біріміз өте жақсы көрдік, нағыз ыстық махаббат болды. Бірақ біздің үйленуімізге оның әке-шешесі мен ағалары қарсы болды. Біз жасырын кездесіп жүрдік. Содан оның аяғы ауыр болып қалды. Мен қызды Семейге алып қашып келдім. Екеуміз пәтер жалдап тұрдық. Келіншегімнің іші білініп, аяғы ауыр болғанына бес айдай болған. Бірде мен жұмыс бабымен жарты айдай үйде болмадым. Содан қайтып келсем келіншегім үйде жоқ. Пәтердің иесінен сұрасам, «әйеліңді ауылдан бір ағасы келіп алып кетті», деді. Бір пәленің болғанын ішім сезді. Сол күні ауылға Зұбайырға бардым. Барсам келіншегім төсек тартып ауырып қалыпты. Үндемей жылай береді. Анасы да мені көріп солқылдап жылады. Сөйлескен жоқ. Сол кезде қыздың үлкен ағасы келді.
– Әй, ақымақ! Сен кімді басынып жүрсің? Неге қарындасымды алып қашасың? Сені соттатамын! Көзіңді түрмеде шірітемін! – деді айғайлап.
Мен оған біздің келісім бойынша Семейге кеткенімізді, көп ұзамай нәрестелі болатынымызды айтып, кешірім сұрадым. Ол мені далада сөйлесейік деп, ауладағы қораның артына алып барды. Мен ойладым, ол менімен төбелеседі екен деп. Ол төбелескен жоқ, келе сала бір жалпақ қаңылтырдың астынан оралған бір теріні суырып алды. Мен түкке түсінбей:
– Бұл не? - дедім.
– Бұл сенің балаң! - деп, ораулы теріні ашты. Мен шошып кеттім. Теріде оралған кішкентай нәресте екен.
– Міне сенің балаң, алып кет! Қарындасым қатты ауырып түсік тастады. Енді оны ұмыт, біздің үйдің маңайын баспа! Енді келсең өлесің! - деді, жағама жармасып. Мен оның қолын жұлқып тастап:
– Жауыздар! Сендер ғой түсік тастатқан. Адам емес екенсіңдер! Нәрестенің киесі атсын! – деп, көзіме жас толған күйі, еңкілдеп жылап, ауыл шетіне кеттім. Оңаша кетіп, өксігімді баса алмай көз жасыма ерік бердім. Өмірімде осылай егіліп жыламаппын. Кейін білдім, келіншегімнің ағалары орыстың балгер кемпірін алдырып оған бес айлық баланы түсік жасатқан екен. Мен осы уақиғадан кейін өзіме өзім әрең келдім. Тіпті араққа салынып кете жаздадым. Содан бері бір әйелге деген нағыз сүйіспеншілік жоқ. Өмірдегі бар қуанышым ән ғана. Менің жарым да, балам да, барым да осы ән, осы өнер!
Ал енді Алмаханның мақаласына келсек. Abai.kz сайтына 2015 жылдың 8-қаңтары күні Алмахан Мұхаметқалиқызының «Мәдениет жалғыз...» деген мақаласы шығыпты. Ол жазбада да Мәдениеттің өмірден озуына зейнетке шығуы себеп болды деп жазыпты. «Мәдениетті ұстаз тұтып, соңынан еріп жүрген шәкірті Толғанбай Сембаев «Мәдениет ағаны зейнет жасқа шығуына байланысты қызметінен босатты» деп қынжыла айтқанын естігенбіз. Атақты әнші Ж.Елебековтың шәкірті, арқа өңірінің Біржан сал бастаған әншілік мектебінің жалғастырушы ірі тұлғасының табиғат берген дауысын сол қалпында сақтаған даралығын ескермей, жергілікті басшылардың аяқ асты осылай шешуі – әншіні күрт құлатты. Бүкіл ғұмырын сахнада өткізіп, басынан өткен қилы тағдырын сахнамен бөліскен, сахнамен болмысы бір қайран аға бұл жайды естіп қатты күйзеліпті», дейді.
Мен Толғанбай Сембаевтың өзімен сөйлестім. Ол Алмаханға «Ешекеев жұмыстан шықты деп айтқан жоқпын!», – деді. Әншілердің ішіндегі өзінің ұлындай көретін Толуды – Толғанбайды Мәдениет ерекше жақсы көріп, қасынан тастамайтын. Толуды Алматыдан студия бітіріп келген соң, филармонияға жұмысқа кіруі үшін маған даусын тыңдатты. Даусы бірден ұнады. Жұмысқа алып, Мәдениет ағаны шақырып алып: «Осы баланы сізге тапсырамын. Қасыңызға алып, әндеріңізді үйретіп, тәрбиелеңіз», – дедім. Солай, Мәкең қайтыс болғанша Толу оның сүйікті шәкірті болды. Толудың өзі Алмаханның өтірігіне таң қалып отыр. Қазір ұлылардың атын жамылып, өтірік естелік жазып, аттарын шығаратын суайттар көбейіп кетті. Сондықтан, ақиқатқа тура қарап, шындықты біліп жүруге шақырамын.
Аймұханбет БЕЙСЕМБЕКОВ,
ҚР Еңбек сіңірген қызметкері, әнші-композитор