Тері-былғары  зауытының экс-басшысы:  «Тоқаевтан көмек сұраймын!»  

Шырылдап үйді де, көлікті де банкке бердік

Олжас Қасым

  • 23.08.2022

Президент Тоқаев Жолдауларында бизнесті дамытуға кедергі келтіруді қылмыс санап, мұндай келеңсіздіктерді болдырмауға  шақырғаны мәлім. Шикізаттық деңгейден шығып, отандық жеңіл өнеркәсіпті қолға алу қажеттігін жиі айтады. Алайда, Назарбаев билігі кезінде түрлі жолмен тартып алынып, тоз-тозы шыққан зауыт-фабрикалар елімізде аз емес. Соның бірі - Семей тері-былғары зауыты.  Кезінде аты алысқа кеткен кәсіпорынның соңғы он  бес жылда көрмеген құқайы жоқ.  Malim.kz тілшісі  тері-былғары зауытын басқарған кәсіпкер Жұмағазы Рахымғалиевпен жүздесіп, өндіріс ошағының ахуалымен танысты.    


- Жұмағазы Нұрбазарұлы, Семейдің тарихы 130 жылдан асатын тері-былғары зауытын тұралап тұрған жерінен қайта көтеріп, іске қосқаныңызды білеміз. Талай жыл комбинатты басқардыңыз.  Қазір білуімізше, оны сізден тартып алыпты. Кім және не үшін олай болды? 

- Қазір Қазақстанда тері өңдеумен айналысатын 1-2 зауыт қана қалды. Олардың ішіндегі ең ірісі 140 жылға жуық тарихы бар осы кәсіпорын. Тәуелсіздік жылдары бұл зауытта екі мыңнан астам адам жұмыс істеген. Бастапқы жылдары комбинат тоқырауға ұшырап, жұмыс тоқтап қалған еді. 1998-99 жылы елімізде осы бағытта өнім өндіретін 20 мекеме салынуы керек деген  бұйрық шықты. Ол кезде зауыттың тоқырап тұрғанына 6-7 жыл болған-ды. Өз иелігімізде тон илейтін «Семей тері» деген кішігірім цехымыз бар болатын. Бұл тұста Даниал Ахметов премьер-министр,  Шығыс Қазақстан облысының әкімі Виталий Метте,  Семей қаласын Мәркен Шайжүнісов басқаратын. Метте мені шақырып, «осы зауытты сен қолыңа ал, Президенттің бұйрығы бар,  көмек көрсетеміз», деп қолдау білдірді.  Мен кезінде Павлодардың тері зауытын сатып алғанмын. Қой терісін илейтін цехты өзіме алып, қалған өндіріс орнын сатып жібердім. Сөйтіп, үш зауыттан бір зауыт салдық. Италия, Испания, Португалия, Польша, Қырғызстан, Ресейден жабдықтар әкелдік. Павлодарда салынып жатқан жаңа зауыттың  бүкіл жабдығын  осында әкелдік. Тері-былғары  зауытын 2002 жылы іске қостым.

- Қазақстан даму банкінен займды қалай алдыңыз? Неге орта жодан олар қаржыландыруды тоқтатты? 

- 2008 жылы Үкіметтің арнайы қаулысы шығып, Қазақстан даму банкінен займ алдық.  Даму банкін ол кезде Құсайынов басқарып тұрды. Банк басында керек қаржыны 3,4 пайызбен береміз деген. Ақырында АҚШ долларымен 18 пайыз қылып берді. 3,3 млрд теңге қаржы алдық. Біз шыны керек, Орталық Азияда жоқ зауыт салдық. Италиядан мықты мамандарды шақырттық. Ол кезде біз 1 контейнер былғарыны  экспортқа жіберіп отырған едік. 1200 қызметкер зауытта еңбек етті. Терінің түр-түрі жасалып, 86 түрлі өнім шығарылды. Тері иледік, тон шығардық, сан алуан киім,  бүкіл әскерилерді біз киіндірдік, ат әбзелдеріне қажетті былғарыны әзірлеп отырдық.  Зауыт жақсы жұмыс істеп тұрды.2 жылдың ішінде кәсіпорынды аяққа тұрғызуды жоспарладық. Жұмысымыз ақырындап реттеліп келе жатқан. Осы зауытты жаңғыртайын деп Мәскеуден, Қырғызстаннан  т.б. елдерден 10 мықты технолог алдырттым. Еуропа нарығына  шықтық. Аяқ киім өндірісінде алда тұрған  Италияға  280 контейнер өткіздім. Экспорттан күніне 70 мың евро түсіп отырған зауыт болдық. Жыл сайын балаларға арналған президенттік шырша өтіп тұратын. 200 балаға 3 рет тон  кигіздім. Көліктерге арналған  автожабу жасайтын  цехтарға тері бердік. Аяқ киім тігетін цехтарды да терімен қамтып тұрдық. Ол теріні бізден күніне 2-3 млн теңгеге алатын. Өндіріс дамыды, кішкентай кәдесыйлар, қоржынға дейін қолөнер заттарын шығаратын цехтар көбейді. Қазақстан бойынша аяқ киім өндіретін фабрикаларға біз тері жеткізіп  отырдық. Сөйтіп жүргенде, бір жылдан кейін менен «үлес алғысы» келетіндер шықты. 15-20 жыл еткен адал еңбегім ғой бұл. Кредитімді азайтса бір сәрі, басқаша көмек те болған жоқ, не үшін берем мен? Келісімнен бас тартып едім, даму банкі  қаржыландыруды тоқтатты. Біздің зауыттың үлесі 52 мың доллар болған еді, келіспегеннен соң ақшаны қысқартып тастады. Қаржыландыруды тоқтатқаннан кейін тиісті салықтарды төлей алмай қалдық. Есепшотымызды жауып тастады. Онымен қоймай, тігін фабрикасын, қой терісін өндіретін фабриканы алып алды. Ақыры «кепілге үйіңді, көлігіңді сал» деді. Бәрін салдым, бірақ банк бір тиын ақша бермеді. Бізде бизнесті жүргіздіртіп  алады да, «енді ары қарай жұмыс істемей-ақ қой», -  дейді. Соңғы кезеңінде зауыт өндірісін мүлдем  тоқтатып қойды.

- 2010 жылы Даму банкі зауытты Қазақстан инвестициялық қорына проблемалық кредит ретінде өткізді ғой...   

- Иә, Даму банкі біздің зауытты проблемалық жоба деп танып, инвестициялық қорға өткізді. Шығыс Қазақстан об­­­лыстық сотының кассациялық со­ты комбинат пен менен Банк пайдасына 4 554 130 987 теңге қарызды өндіріп алу туралы шешім қабылдады. Ал 2013 жылы Банк қарызын талап ету құ­қын қор пайдасына берді. Сөйтіп, 2014 жылдың 28 шілдесінде Семей қа­лалық соты комбинаттан қарызды өн­діріп алу құқын банктен Қорға ауыс­тырды. Жалпы, Қазақстандағы бүкіл тексеру мекемелерін бізге жіберді. Қаржы полициясы, қала әкімдігі, облыстық тексеру ұйымдары, прокуратура, барлығынан 16 маман маған келді. «Мен үлесімді бермеймін» дегенде олар тырнақтың астынан кір іздеп, 8 аудит тексерді. Орысша бір ауыз сөз білмейтін кәрістер келгенін де айта кетейін. Есепшотыма  бір тиын ақша түспегендіктен, аман қалдым. Зауытта білікті қаржы директоры бар-ды, сол тексерістен орын-орнымен, тап-таза қылып өткізіп отырды. Қанша тексеріс болғанмен, бір де бір құқық бұзушылық фактісін  таппады.  Ал негізгі  тапсырма мені «түрмеге отырғызылсын» болыпты. Жоғары жақтағы дөкейлер зауытты  алғысы келді ғой. Амал жоқ,  жанымыз шырылдап үйді де, көлікті де банкке бердік. Байқасам, ондай жағдайға түскен жалғыз мен емес екенмін, талай мекеме сондай құйтырқы жағдайларды бастан өткізген. Аңғарғанымыз, ол қалыптасқан «схема» екен. Кез келген мекемені сондай жолмен тартып алатын күші бар. Кәсіпкер бизнесін бастағанда қаржы беріп, іс жүре бастағанда  тартып ала қояды. Құны 52 млн доллар болатын мүлігімді 1,5 млн долларға дейін түсірді. Мен алып келген жабдықтың өзі 18 млн шамасында. Ұтылған жерім - оларға сенгенім болды. Сау басыма сақина тілеп алдым. Ақшамды тоқтатып тастады, тіпті үлесімді кредиттік комитет арқылы сұрады. Бүкіл еңбегімді жоққа шығарды. Се­мей қалалық мемлекеттік кірістер бас­қармасы зауыттың салық қарызын төлемеуіне байланысты сотқа шағым түсірді. Сонымен мен оларды,  олар мені сотқа берді, сот мемлекеттік сараптама  жасады. Ақыры 40 минутта өте шыққан сотта  шағымданушы тарап қанағаттандырылып, комбинатты банкрот деп таныды. Алайда, іс қаралған кезде кәсіпорынның төлем қабілетсіздігіне айғақ болар бірде бір дәлел табылған жоқ.    

 - Банк қар­жыландыруды тоқтатты, қарызды қайтару үшін инвесторлар іздемедіңіз бе? 

- Бұл мәселенің шешімін іздей келе шетелден инвесторлар шақырдым. Бастапқыда Оңтүстік  Корея мен Испаниядан кәсіпкерлер келді. Алайда өзім жақсы танитын түрік инвесторларын таңдадым. Олар бізге келіп, 8 ай жұмыс істеді. Мен оларға «банкте осынша қарызым бар, соны жабу керек, қосымша сіздерге аяқ-киім фабрикасын саламын»,- дедім. Аяқ-киім фабрикасын банкке бермеген едім, оны балаларымның атына ауыстырып тастағанмын. Түріктер өз елдеріндегі  ең үлкен, мықты фабрикадан тәжірибелі мамандар алдыртты. «Қандай сапалы аяқ киім тігеміз?»,- деп ізденіс жасап, жан-жақты зерттеу жүргізді. Химиктер тобы мен  тон жасаумен айналысатын үш ағылшын компаниясы Семейге арнайы ат басын тіреді. Сонымен, банкке бардық, инвесторлар өзімен бірге 6 млн 304 мың доллар  алып келген, менің шотымда да  ақша жатыр.  «Бүгін келісімшартқа қол қоямыз, қарыз ақшаны  қайтарамыз» деді түріктер. Банкке де сол керек қой.

Қол қойған соң кепілді босатасыңдар, ешқандай түсінбеушілік болмасын деп үш жақты келісімшарт жасадық. Ағылшындармен құжаттарды реттеп, 50 пайызы менікі, банк осылайша қарыздарымнан босатады дедім. Тиісті міндеттерімізді де өзара нақтылап қойдық.  Олар технологиямен  жұмыс істейтін болды, мен қызметті жүргізу жағын мойныма алдым. Артынша  3-4 инвесторыммен бірге банкке барып, қол қойдық. Банк тарабы  құжатты  заңгерлер қарайтынын айтып, уақыт беруді өтінді.  3 күннен кейін 2,3 млрд теңге қарызымды төлеуім керек, қалғанын 2 айдан соң қайтарамын деп келістік. Осымен шаруамыз бітеді деп ойладық.

- Одан кейін не болды?   

- Келесі күні инвесторлардың аэропортқа кетіп бара жатқанын естідім. Барып, сөйлессем, Даму банкі түрлі желеумен, қисынсыз үкімдер шығарып,  елдеріне қайтуға мәжбүрлепті. Сөйтіп, келіп тұрған  инвесторларды қуып жіберді. Ал олар зауыт үшін  500 мың АҚШ долларын салды. Ағылшын тіліндегі  құжат менде сақталған. Басқа мемлекеттер  мұндай кәсіпке инвесторларды іздеп таппайды. Біздікілер дайын тұрған  кәсіпкерерді қашырып жіберді. Бұл 2015-2018 жылдар аралығында болған жағдай. Сосын мен тоқтап қалмай,  Үндістаннан  инвестор алып келдім. Олардың атақты «Чика» деген компаниясы біздің теріден өздерінің  балаларына арналған  киім дайындады. Үндістандық таныс кәсіпкер  Қазақстанның терісі  сапалы деп, таңдай қағып жүретін. Ол аз болса, атақты KARI компаниясының басшылығы әріптестік орнатуға мүдделі екенін жеткізді. Банкке барса болды, жолатпай, қуып жібереді. Ақыры Қазақстан инвестициялық қоры болмашы 50 доллар үшін зауытты банкрот жасады. Комбинатқа тиесілі дүние-мүлік қордың иелігіне өтті.   7 жыл бойы  соттасып, орташа есеппен 47 мәрте  сотқа  қатысыппын. Құжаттарды оқыған былай тұрсын, қол қойып шаршайсың. Мен құжаттарды нотариусқа растату үшін 3 млн теңге беріппін.  Қысқасы, кәсіпорынды көздегендер «Аман қалғыларың келсе, тоқтаңдар» деп қорқытуға дейін барды. Тері-былғары комбинатынан  кейін Семейде 10-15 мекеме түгел жабылды. Ел бойынша 30-40 кәсіпорын жұмысын тоқтатты. Республика ауқымында  барлық өндіріс ошағы теріні  бізден алып отырған. Өркендетудің орнына, жолымызға тоқауыл болған бұл Даму банкі емес, құлдырату банкі болды. Осының бәріне Н.Назарбаевты тікелей кінәлаймын. Мен олардың саясатын түсінбедім. Зауытты тартып алсаң, дамытып пайдасын көру керек еді.  Ал, олар жойды. Түк түсінбедім. Елге деп жасаған жақсылығым осылай зая кетті.  Жүрміз қазір жүрегімізді кесіп. Шаршадым. Балаларымды өндіріске жібергем, қазір бәрін басқа салаға бағыттадым. Бұлай қиналғанын қаламаймын. Ешкім қазір өндіріспен шұғылданғысы келмейді, себебі заң дұрыс емес. Жоқ қылуға әзір бәрі.  

- Тоқаевқа хат жазыпсыздар? Қандай да бір нәтиже бар ма?

Бассыздыққа шыдамай 7-8 компания қызметкерлері, барлығы 1459 қызметкер   Президент Тоқаевқа арнайы хат жолдадық. Басты мақсатымыз - банк дамытушы емес, құлдыратушы екенін жеткізгіміз келді. Бұл тәуекелге басымды тіккенім президентке сенгенімнен болды.  Ақыр аяғы әбден құлдырадық. Сол зауытты салу үшін қаншама мүлкімді саттым. Жалпы алғанда 86 рет соттан өткен шығармын.  Қандай мықты мекемені алып, құрттық та жібердік. Қой терісі зауытын жабдықтарымен бірге өртеп жіберді. Даму банкі Семейдегі тігін комбинатын құртты. Бүкіл жабдықтары, техникасы Өзбекстанға кетті. Қазір түгі жоқ, ізім-ғайым жоғалған. Елді асырып отырған  орталықтың аяғына тұсау салынған соң, менің де жүйкем сыр берді.  Ақыры жүрегім ауырып,  операция үстелінен бірақ шықтым. Бір жарым жыл қол-аяғым дірілдеп, зорға жүрдім. Зауыт үшін күресемін деп денсаулығымды құрттым. Бұл маған ғана емес, халыққа жасалған қиянат.

- Қазір зауыт кімдердің қолында?

- Инвестициялық қор зауытты тартып алған соң  2-3 жыл Қытайларға берді. Қытайлар біраз жұмыс істеді. Қазір кәсіпорынды  түріктер ұстап отыр. Ал олар зауыттан шығатын химикатты Ертіс өзеніне төгіп, табиғатты улап жатыр. Өндірісте  хром химиялық элементі  көп қолданылады. Тері хромсыз жасалмайды. Тері илеуге міндетті түрде хром қосады. Одан бөлек, басқа да химикаттар қосылады. Кәсіпорындағылар даладағы аумақты қазып, хромды сонда көміп жатыр. Ертең оның зардабын тартамыз. Дүние жүзі бойынша Еуропа бастап, осындай 2 мың тері зауыты жабылған. Суға кетіп жатқан хромды мал ішетін болса, ол етке жабысады. Ал уланған етті біз тұтынатын болсақ, неше түрлі қатерлі дертке шалдығуымыз мүмкін. Ол - өте улы зат. Кеңес  үкіметі кезінде Семейде  18 микроб түрімен хромды жоятын зауыт болды, одан басқа жерде болмады. Ал қазіргі зауыт басшылары  микробтың бәрін құртты, алдын ала тазарту деген әдіс қолданылмайды. Италиядан өте қымбатқа сатып алынған тазартқыш құрал бар, оны іске қосқан жоқ. Ертістің халі мүшкіл.  Бұл – аса қауіпті үрдіс. Зардабын ел көреді. Ешкімге ештеңе керек жоқ секілді.  Экологиялық жағдайды қолға алу керек. Қазір  экологтармен  ақылдасып жатырмыз.  Зиянды әрекеттерді  дәлелдеу қиынға соқпайды. Жерді құртуға ешкімнің құқы жоқ.   

Зауытты қайтарып алуға қарекет жасап көрмедіңіз бе? Мүмкін, Абай облысының басшылығы жәрдемдесіп қалар...  

- Зауытты тартып алумен бірге, 120 адам жұмыстан босап қалды, қазір бостан-бос жүр. Семей облыс болады дейді, қалай болады? Бұрын шұлық шығарудан  бастап, жеңіл өнеркәсіптің түр-түрі дамыды.  Қазір түк те қалмады. Жақында Даму банкіне байланысты  іс қозғалды, зауытты қайтарып беруі мүмкін. Ал бірақ оны іске қосу тіпті қиын.   Бұл іске өмірімді арнадым. Күнделікті 340 мың доллар табатын тауар шығаратын кәсіпорын әбден тұралады. Түбі ол зауытты аламын, бірақ қандай деңгейде аламын белгісіз. Бұл мәселе  бастысы, Тоқаевқа жету керек. Менің үлесімді сұраған кредиттік комитеттің заңсыз әрекеті әшкереленсін. Осы істің беті ашылып, атымның ақталғанын қалаймын.   

- Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев өндіріс орнының бұрынғы басшысы ретінде Сізбен кездесу өткізбеді ме? 

- Олар мені шақырған жоқ. Ақшам жоқ деп барам ба оларға?! Бірақ,  әйтеуір бір баратынымды білемін. Бұл зауытты түбірімен құртпай тұрғанда, қайта қолға алуымыз керек. Түбі  өндіріс орнын жаңартып  саламыз. Өзіміздің киімімізді киюіміз керек қой.  Елдің экономикасын ойлау керек. Жұмыс жоқ, ер адамдар қазір үйде отыр, тамақ дайындайды, кір жуады. Бәрі базарға бара алмайды, мекемелер жұмысы  тоқтап тұр. Семейге жаны ашып, басшылық қолға алмаса, ертеңіміз не боларын білмеймін. Облыс құру оңай шаруа емес. Елдің жағдайы нашар, Семейде халықтың көбісі  100 мың теңге еңбекақы ала алмай отыр. Базарға барсаң тіпті ет те ала алмайсың. Әріптес болған жігіттер ет көрмегелі жарты жыл болды, тауықтың етін жеп отырмыз  дейді.  Шұғыл түрде ойласу керек. Қарекет жасамаса осы беті кері кетеміз.  

Оқи отырыңыз: Қаңтар құрбанының жесірі: «Тергеуші Ерғалидың ісін қысқартып тастады»

Донор тапшылығы отандық  трансплантацияны  тежеп тұр  

Байланысты жаналықтар

Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясына жұмыс сапарымен барды

03.12.2024

Күн райы. Синоптиктер ескерту жасайды

02.12.2024

Президент Мәдениет және ақпарат министрін қабылдады

29.11.2024

Астанаға Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон келді

28.11.2024

Қызылорда, Тараз және Түркістан қалаларында орыс мектептері ашылады

27.11.2024

Тоқаев мемқызметкерлерді тапсырмаларды орындамаған жағдайда жазалайтын норманы бекітті

27.11.2024
MalimBlocks
Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясына жұмыс сапарымен барды

Қазақстан президенті One Water саммитіне қатысады

Күн райы. Синоптиктер ескерту жасайды

Бірнеше өңірде тұман түседі

Президент Мәдениет және ақпарат министрін қабылдады

Астанаға Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон келді

Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлім етті

Қызылорда, Тараз және Түркістан қалаларында орыс мектептері ашылады

Путин Тоқаевқа орыс тілін қорғап, халықаралық ұйым құрғанына алғыс айтты

Тоқаев мемқызметкерлерді тапсырмаларды орындамаған жағдайда жазалайтын норманы бекітті

Олар міндеттерін бұзғаны, Президенттің немесе президент Әкімшілігінің тапсырмаларын орындамағаны, өкілеттігін асыра пайдаланғаны, тәртіп пен әдепті сақтамағаны үшін жазалануы мүмкін