Қаңтар құрбанының жесірі: «Тергеуші Ерғалидың ісін қысқартып тастады»

Ерғалиды атқан адамды таба алмай жатыр

Олжас Қасым

  • 12.08.2022

Қаңтар оқиғасында оққа ұшқан алматылық Ерғали Бекмұратовтың ісі қанша уақыттан бері ащы ішектей созылып келген еді. Ол аз болғандай, тергеушілер істі қысқартып тастаған. Себебі - бұлдыр, беймәлім.  Марқұмның жесірі Айгүл Балқыбекова Malim.kz тілшісіне хабарласып, шарасыздықтан шақшадай басы шарадай болып отырғанын айтты. 


Айта кетейік, 41 жастағы  Ерғали Бекмұратов 5-қаңтарда қапыда қаза тапқан. Құрылыс саласында кран жүргізетін ол сол күні жұмысқа кетіп, оралмаған. Жұмысын бітіріп,   жүргізуші куәлігін  алуға мамандандырылған ХҚКО-ға барған азаматқа белгісіз біреулер оқ жаудырған.  Қаралы қаңтардан бері 7 ай өтсе де қылмыстық істің беті ашылмай келеді.  Бұған дейін сұхбаттасқанымызда Айгүл Балқыбекова «Күйеуім 5-қаңтар күні жазым болды. Марқұм 7-қаңтарда  туған жері Сарыағашқа жерленді. Алайда кеш қимылдайтын тергеу органдары 20-қаңтар күні мәйітті қайта қазып алды. Бой бермей бізді осындай әрекетке мәжбүрледі. Сараптама анықтағандай, Ерғалиды көздеп тұрып, снайперлер атқан болып шықты. Екі жерінен, алдымен санынан, сосын бауырынан атқан», - деген болатын.  Артынша, Ерғали Бекмұратов «Қаңтар оқиғасының құрбаны» деп танылды. Өз кезегінде тергеушілер марқұмның әйелін  жәбірленуші ретінде тіркеген.

Жәбірленуші «7 айдан бері түк нәтиже шықпады. Қорғаушымыз бас прокуратураға менің атымнан хат жазған. Оған «біз базаға жібердік» деген. Істері шала. Тергеуші «20-тамыз күні Ерғалидың құжаттарымен танысасыздар» деді.  Ал істің ашылу, ашылмауы неғайбыл.   Ерғалиды атқан адамды таба алмай жатыр. Кім екенін де білмейтінін айтыпты. 20-сы күні адвокатыммен құқық қорғаушыға барайын деп тұрмын. Тапсын, не қылып отыр», - деп күйінеді. 

Ал Айгүл Балқыбекованың қорғаушысы Қайырбек Омаров  тергеушілердің істі қысқартып тастағанын айтады. «Себеп – қылмыстың құрамы болмағандықтан деп түсіндірді. Кінә оқты атқан жақтан болмады ма, итермелеген жақтан болмады ма, білмедік. Құпиялы іс болған соң рұқсат керек. Ал рұқсат 20 – нан кейін беріледі деген жауап алдым. Сол уақытта қысқартылған  іспен танысатын болдық.  Қысқартылған істі сот немесе прокурор қайта қарамаса ол сол жабулы күйінде  қалып қояды. Танысып барып анығын айтамын», дейді.   

Адвокаттың пікірінше, Қаңтар оқиғасының құрбандары Ерғали Бекмұратов пен досы Василий Двенадцатов екеуіне бөлек іс ашылған.  «Тергеушінің айтуы бойынша екеуі де бір қарудан атылған оқтан өлген. Василий көліктің тізгінінде, Ерғали қасында отырған. Олар көлікпен ғимарат қақпасын соқпақшы болды дейді. Біреудің куәлік етуімен екеуін кінәлі қылып отыр ма деп ойлаймын. Бірде бізді сот сараптамасымен таныстырды. Сонда дәл солай жазылған. Мен іспен танысу үшін мүмкіндік беруін сұрадым. Куәгердің жауабы қалай алынғанын білуім керек. Тергеуші куәгердің шындықты айтқанын, оған ешқандай қысастық жасалмағанын, жағдайды көзімен көргенін мәлімдеп отыр дейді. Мүмкін ол жалған куә шығар, әдейі ұйымдастырылған жоспар болар. Үйретіп қойған шығарсыңдар дедім. Куә туралы, басқа да ақпараттар  берілмейді деген соң маусым айында Бас Прокуратураға арыз жаздым. Олар қылмыстық іс жергілікті жерде шешіледі деген жауап берді», деп отыр.   

Адвокат пен жәбірленуші тергеу ісінде тиянақ жоқтығына күйінеді.  «Бұл шаруамен Ілияс деген адам айналысып жатыр еді,  ол ауысып кетіп орнына Саят есімді тергеуші келді.  Хабарласқан сайын телефонын көтермейді. Іс жүргізіп жатқанын, қашан аяқталары белгісіз екенін мәлімдеді. Қылмыс  не ашылмауы мүмкін, не ашқысы келмейді.  Құрбандарға өтемақы төленуі керек. Ал компенсация қарастырылмаған. Егер әскерилер өлтірсе төленуі қажет. Бірақ оқ қорғану мақсатында атылған деп ақтап шығуы мүмкін», дейді Қ.Омаров.      

 Айта кету керек, марқұмның соңында бір ұл, бір қызы қалды. Қызы 8-де, ұлының жасы 11-де.

«Қызым мүгедек, басы ауырады. Толық жазылып кетуі үшін кешенді ем қажет. Ал оған қаражаттың реті болмай жатыр. Қаңтарда операция жасаған. Әзірше құжатымыз дұрыс болмай жатыр. Қызыма ешқандай да көмек берілмеді. Кеше невропатологқа апардым. Қаншама дәрі-дәрмек жазып берді. Жалғыз дәрінің өзі 42 800 теңге болды. Бір өзіме оңай емес», деп шағынады А.Балқыбекова.   

Күйеуі  қайтыс болғалы Айгүл Балқыбекова жұмысынан шығып кеткен. 8 айдан бері мүгедек баланы бағып отыр.  Бір үйдің арқасүйері отбасын асырап отырған жалғыз адам еді. Оның үстіне олар 60 мыңға пәтер жалдап тұрып жатыр.   Арызданушының айтуынша, Ерғалидың зейнетақысына  53 мың теңге беріледі. Ол ақша пәтерақы төлеуге де жетпейді.

Алайда мемлекеттен ешқандай да әлеуметтік көмек берілмепті. «Қазақстан халқына» қорынан бір тиын да төленбеген.  Ол үшін қылмыс ашылып, себептері белгілі болып, кінәлі жазасын алуы тиіс.

Жәбірленуші қаңтарда көз жұмғандардың отбасына 7 млн теңге аударамыз деп есеп бергіш «Қазақстан халқына» қоры снайперлердің оғынан опат болған Ерғалидың отбасына қарайласса деп өтінеді. Айгүл Балқыбекова азаматтардан баласының еміне қаржылай көмек сұрауға мәжбүр. Бір жағынан асыраушысынан айырылып, бір жағынан мүгедек қызының халі жүдеткен кейіпкеріміз жындануға шақ қалдым деп ашынысын білдірді.

Байланысты жаналықтар

Заңсыз иемденген активтерді қайтару жұмыстары жалғасуда

18.04.2024

Назарбевтың бұрынғы құдасы 6 жылға сотталды

15.09.2023

Бесеудің соты.  Әртістер тілсіз, Жазушылар одағы үнсіз!  

14.07.2023

Қазақстанда қанша адамның түрмеден қашқаны анықталды 

05.05.2023

Бас прокуратура минингіге шыққандар жазаланатынын ескертті

08.04.2023

Түркістан облысының прокуроры кабинетінде көз жұмды

09.03.2023
MalimBlocks
Заңсыз иемденген активтерді қайтару жұмыстары жалғасуда

Активтерді қайтару жөніндегі комитет Арнайы мемлекеттік қорды 2,2 млрд теңгеге толықтырды

Назарбевтың бұрынғы құдасы 6 жылға сотталды

Мемлекетке өз еркімен 90 миллиард теңгенің мүлкін қайтарғанын хабарлады

Бесеудің соты.  Әртістер тілсіз, Жазушылар одағы үнсіз!  

Халықтың  қаны төгіліп, ел іші бүлінгенде қит етпегендер енді бас көтерер деймісіз?! 

Қазақстанда қанша адамның түрмеден қашқаны анықталды 

2017 жылдан 2023 жылдың наурызына дейінгі аралықтағы деректер

Бас прокуратура минингіге шыққандар жазаланатынын ескертті

9 сәуірде  «рұқсат етілмеген митинг» өтетіні жайлы хабар тараған

Түркістан облысының прокуроры кабинетінде көз жұмды

Ақпаратты Бас прокуратураның баспасөз қызметі растады