Жылқымен сөйлесіп, қасқырмен жорыққа шығатын адам
Бабаларымыз шекараны қасқырларға қарап бөлген
Жақында Астанадағы Ұлттық кітапханада жазушы, романист, ақын Мұнайдар Балмолданың «Қазақ пен қасқыр» атты оқырмандармен шығармашылық кездесуі өткен еді. Сол әдеби мәжілісте қаламгердің қасқыр туралы 7 роман жазғанынан хабардар болып, бөрі жөнінде пікір алмасып, сонымен қатар жылқы хақында жазылған «Баянқара» атты кітаптарымен таныстық. Сонау Оралда жатып алып қисапсыз оқырман жинаған сөз зергерімен әңгіме-дүкен құрудың сәті түскен еді.
- Мұнайдар аға, қазақ әдебиетінде қасқыр тақырыбына қалам тербеген жазушылар аз емес. Әуезовтің «Көксерегі», Мағауиннің «Қасқыр-Бөрісі» бар, кейінгі буыннан Думан Рамазанның «Көкжал» атты әңгімелерін білеміз. Өзіңіз де «Абадан», «Көкбөрі», «Азу», «Дала көкжалы», «Құм» сияқты бөрілер жайында бірнеше кітап жаздыңыз. Сіздің бір ерекшелігіңіз - қасқырлардың табиғатын, тыныс тіршілігін ұңғыл-шұңғылына үңіліп, тәптіштеп жазасыз. Бұл тақырыпқа келуіңізге қандай жайттар әсер етті?
- Иә, халық тәрбиесінде атын атамай: итқұс, ұлыма, жаманауыз, сұр, көксұр дегендей алуан атаумен атайтын қасқырды қазақ бөрі, көкбөрі деген ең қасиетті атымен жақсы біледі. Мен бұны білмей тұрып тірі көкжалды бірер қадам қашықтан көргенім бар. Алты жасымда. Әкеммен бірге қыр аралап жүргенде жолдың жиегінде тұр екен. Біз көліктеміз. Көкжал қасқыр мен отырған жақтан кез болды. Қорыққаным жоқ. Әрі әкем де қасқыр даламыздың киесі, рухы екенін әңгімелеп жатты. Сол сәттен дала бөрісімен көзге көрінбейтін жіпсіз байланыс орнап, екеуміз бір-бірімізден көз айырмадық. Көлік ұзап кеткенше мен арланкөкке қараумен болдым. Терезеге жабысып қалдым десем де болар. Міне, содан бастап қасқырға көңіл ауды, әкем тіпті осы сәтті айшықтай түскісі келді ме, маған маңдайында «Герой» деген алтын түстес жазуы бар матрос кепкісі мен костюмін әкеп берді. Мен сол киіммен мектеп табалдырығын аттадым.
Балалар қызыға қарайтын. Қанша күн кигенім есімде жоқ, бірақ сол матрос киімін бастауышта үстімнен тастамағаным есімде.
Кейін әдеби кітаптарды оқу арқылы, жаңа айтқан Мұхтар Әуезовтің, Мұхтар Мағауиннің және өзге де жазушылардың шығармаларынан қасқыр қақындағы білігім ұлғая түсті. Біреу қасқырлар жайында әңгіме айтса, соны аяғына шейін тыңдағанша тынышым кететін. Әкемнен және әдебиеттен біздің жауырынымыздағы тәңір таңбасы жайлы білгелі бері, Көкбөрі тотемі маған тіпті етене жақын болып кетті. Мен ойша және түсімде қасқырлардан қорықпайтын болдым! Ал қасқырлар қақында поэзия мен прозада қалам тербеуім бертінде бастаған дүние. Алты жасымда көрген көкжал есімнен кетпей қойды және өзімнің Алладан соң күш-қайратты көкбөріден, сондай қайтпас қайсар рухтан, киеден алатынымды сезіне бастадым. Осы рухтың қазаққа керек екенін, тап соның қазір жетпейтінін сезіп-білген сайын осыны жалпақ елге, қазағыма жеткізуге асықтым. Алла деп қолыма қалам алдым. Қасқыр қақында жаза бастадым. Отыз жылдық журналистік жұмысымның да зор көмегі бар, аңшылармен, жылқышылармен әңгімелесуім бөрілер туралы толғануыма жағдай туғызды. Қасқыр қақындағы жеті романым осылай туды.
Қасқыр туралы арлан терісін жамылып отырып жазатын жазушы
-Оралхан Бөкейдің «Қасқыр ұлыған түнде» повесінде бөріге жем болған Арайдың өлімін оқып құлазып қалғаным бар. Мекемтас Мырзахметовтің қарындасын қасқыр жеп қойған оқиғаны да жақсы білеміз. Сіздің де әулетте осындай бір қайғылы жағдай болғанын айтып қалған едіңіз...
- Бұл сонау қазақ даласын аштық жайлаған жылдары болған оқиға. Кеңес үкіметінің қазаққа қылған көп қысастығының ішіндегі ең сорақысы да, сұмдығы да осы қолдан жасалған аштық болатын. Менің әкем Мұхамбетжан Әлімұлы үш жасында әкеден жетім қалды және көп кешікпей шешесі Зәру әжемізді төркінінен кісілер келіп, күйеуің енді оралмайды, бағың байланып жесір қаласың ба деп алып кетеді. Менің естуімше, бұл оқиға соған дейін біздің Жаңақала даласында болыпты. Балмолданың кемпірі, яки менің үлкен әжем Түбіт, оның қызы Бәтия апам және Зәру анамыз аштықта жолға шығады. Ел босып жатқан уақыт. Сонда Зәру шешеміз иығына асқан қоржынның бір басында сәби Мұхамбетжан болса, екінші қалтасында Нұрсұлу есімді қыз бала болыпты. Бұған дейін Балмолда қайтқан, балалары Әлім мен Махмудты ОГПУ әскері ұстап әкеткен екен. 1930-31 жылдары біздің өңірде елдің толқуы болып, Жаңақалада халық қолына қару алып, қызыл үкіметтің режиміне қарсы шыққаны бар. Сол көтерілісте менің екі атам болыпты. Оларды ұстап, соттап, итжеккен сияқты табиғаты қатал аймаққа айдапты. Міне, сол тұста Түбіт кейуана бастаған бес жан жолға шығып, соңдарынан аш қасқырлар ілеседі. Ауылға жақын қалса керек, Әлімнің жалғыз тұяғын, менің әкемді аман сақтау үшін онсыз да аштықтан бұратылып келе жатқан қызды қалдырып, өздері сытылып кетеді. Қалталарын ақтарып, түбінде нанның, тарының қиқымы болса да бәрін Мұхамбетжанның ауызына тосып, ал қарындасының былқ-сылқ күйіне қарап, бәрібір адам болмас деп ұйғарған үш анамыз жаналқым сәтте сондай шешімге барыпты, өз қолдарымен бір апамызды аш қасқырлардың жемтігі қылып, тастапты... Бұл тағдыр ғой. Біз тірі қалған әкеден өрбідік. Қасқырлар әкемді тірі қалдырған. Егер тарпа бас салса... бұл тағдырдың талқысы.
Жылқы түсіме кіріп романның желісін айтып отырды
- Сіз жылқы тақырыбын да жетік білетініңізді «Баянқара» романыңызда айқын көрсеткенсіз. Бір сөзіңізде Баянқараға түсімде тіл бітіп, романдағы оқиғаларды айтып беріп отырды дейсіз... Енді осы Қамбар ата түлігіне қатысты қызықты деректер, жалпы романның жазылу барысы туралы тоқталсаңыз...
- Он сегіз мың ғаламның біз білмейтін құпиясы шаш етектен, білгенім тоғыз, білмегенім тоқсан тоғыз деп, өзіміздің бағамызды әу бастан білетін ұлттың ұрпағымыз. Сондықтан менің жылқы жайындағы білігім аса көп емес еді. Ылғи қасқырлар қақында жазып, солар туралы толғанып жүрген күндердің бірінде ғайыптан тайып бір ғажап түс көрдім. Түсімде боз жусанды далада жатыр екенмін деймін, түстің түс екенін кейін, оянғанда барып білеміз ғой, ал оған дейін ол біз үшін шындық. Сол өз шындығымның ішінде маған сонадайдан құйындатып бір қара айғыр төпеп жетіп келді де әлгі эпостағы Тайбуырылдай астыңғы ерні қыбырлап, үстіңгі ерні жыбырлап әңгіме айтты. Сондағысы «сен қашанға көкжалдар туралы жаза бересің, мен жайында жазбайсың ба, сен Баянқара қақында толған» деді де құйрық-жалымен бетімнен жеңіл сабап, осқырынып жер тарпып тұрды да келген жағына шауып ала жөнелді. Мен басымды көтеріп қараймын дегенімше оянып кеттім. Содан мең-зең отырдым, ойландым. Баянқараның атын бұрын естігенім бар, бірақ шала-шарпы ғана. Содан бұл бір аян түс шығар деп жылқы жайлы білмекке Жымпитыдағы ақын інім Бауыржан Ширмединұлына шықтым, ол мені қарсылар алып аңшы, ардагер журналист Махмет Қажиахметов ағаныкіне апарды. «Абадан» атты романымның прототипі сол кісі еді. Содан әңгіме аужайы Баянқара болып, ағадан біраз жайға қанықтым. Өзімше бір шағын әңгіме жазам деп ойладым. Осы оймен Оралға оралдым. Бастай алмай ойланып жүргенімде Баянқара тағы түсіме енді. Келіп, сөйлеп берді. О, керемет! Жүз бетке жетерлік хикаят ой санамда жаңғырып тұр! Махмет ағадан естігенім мен Баянқараның өз ауызынан тыңдағанымды қабыстырып, бір тың дүниеге түрден салдым! Жүз бет біте бергенде қыл құйрығым ағындап келіп, ақтарылып кетеді! Содан төрт жүз беттік тұтас роман туды! Баянқараның тағдырын осылай хатқа түсірдік. Баянқара романымыздың ең басты кейіпкеріне айналды. Сөйтіп жылқы ғаламына сүңгіп, ғажап бір күйді кештім. Бұл еңбек те жылқы мен қасқыр қақында. Жалпы оқырман жылқы жайлы оқып отырып, қазағымыздың қилы тағдырын басынан өткереді. Отаршылдықтан азаттыққа ұмтылған тартысқа толы тағдырын бір Баянқара өзінің жылқы болмысымен баяндап береді. Мен бір өзім романның авторымен дей алмаймын, Баянқара бар, қасиетті тұлпар тұяғын қара қалам қылып, дүбірлетіп не бары 58 күн жұмсап, бірге жазып шықтық.
- Енді «Жалқара» романы туралы білсек... Шығарма қалай туды?
- О, «Жалқара» кітабы да жатқан бір тәтті азаппен жазылған еңбек. Басты кейіпкерім Жалқара бөрінің тағдыры тап Баянқарадай менің өң мен түсімде өріліп жатты. Жазбасыма қоймады. Егер жазбасам, онда ауырып қалам. Және Жалқараның жараланатын тұстары бар ғой, жон арқасына оқ қылқанша қадалып!.. Міне, соны суреттеу барысында менің де арқам құрысып-тырысып, терім тыртық болып күйіп қалды! Арқамды жылу пешіне беріп отырып телефонмен жазам ғой көбіне. Сонда пештің қызуын сезбеппін, жейдемнен өткен қызу арқамды бырыстырып тастапты. Дәрігерлер сұраған соң себебін айтсам, күледі келіп. Әдебиет деген ардың ісі ғой. Жан-тәніңді беріп жазбасаң, ештеңе шықпайды. Кейіпкерлеріммен бірге болам. Олар жақсы болсын, жаман болсын, біргемін. Мысалға, «Абаданда» мен бөрілердің сыртқы сипатын және жалпы ел білетін қасиетін суреттесем, «Құм», «Кие», «Қасқырдың махаббаты» және осы «Жалқарадан» қасқырдың жан дүниесіне, яғни ішіне кіремін. Аллаға ниетіңді білдір дейді. Мен өзіме 45 жасымда ақын Ақұштап Бақтыгереева апам сыйлаған арлан терісін шілдеде жамылып алатынмын, сонымен ұйықтап... Сондағы ой-ниетім қасқырлар әлеміне ену, оларды өте жақыннан сезіп-білу болды. Және мен саған бір сырымды ашайын. Бала кезімде ата-анамен діни қиссаларды көп тыңдағанның салдары шығар, Алладан маған аң-құс, жәндіктердің тілін түсінген, оларға өзінің әмірін жүргізген Сүлеймен пайғамбардың бір күнін берші деп көп тілеуші едім. Соным құр кетпесе керек. Түн ұйқымды көкжалдармен қатар, мәселен Жалқарамен бірге бір үйірде жорыққа шығатын күйге жеттім. Бұл сөзіме сен, сенбе, оны өзіңе қалдырдым, расы осы. Менің білуімше жазушы Жаратқанмен байланыста болуы керек. Адам баласының, әсіресе ақын-жазушылардың ойдан шығардым дегенінің бәрі өмірден алынған құбылыстар. Адам он сегіз мың ғаламнан тыс нәрсені ойлап таба алмайды. Оған ондай құқық, мүмкіндік берілмеген. Алла-Тағаланың өлшеп-пішіп қойған өлшем шеңберінде ойлап, осы орбитадан сынық сүйем шықпай өмір сүреді һәм өнер табады, соны жазады. Қиял ғажайып дегеннің өзі түптеп келгенде ақиқат. Мен екі тарихи роман жаздым. «Он төрт» және «Дала көкжалы». Өте ауыр болды. Әлгі «уақыт машинасы» деп қиялдап кинофильм түсіріп жатады ғой, тап сол рас нәрсе. Жазушы ақыл-ойының уақыт көлігімен өткен шаққа сапар шегеді, қаласа болашаққа барады. Адамның ойы жарықтан да жылдам ғой! Міне, осылай «Жалқара» кітабын жазуда елден естіген әңгімелерімді образдап жинастыра келіп, өзім де қасқырлармен бірге жорыққа шықтым. Өмір шындығы, жазушының дүние танымы, көркем ойлай білуі, өзі жазып жатқан дүниесіне сенімі болу керек. Осы төрт тағаннан дүние бүтінделеді. Және Абай хәкім адамға ілім-білімнің тек кітап пен қоршаған ортадан емес, сонымен қатар ғарыштан үт болып, жарық сәуле болып көкірегіне құйылатын нақтылап жазып кеткен ғой.
Іштегі кірді қашырса,
Хаһтың түсер сәулесі.
Жүректің көзі ашылса,
Адамның хикмет кеудесі, - дейді Абай. Демек, хәкім өсиеттеген, бәріміз мектепте жаттаған бес нәрседен қашық, бес нәрсеге асық болсақ, ол өлеңді әр қазақ жақсы біледі, сонда іштегі кір тазарып, жан азат болады, Алланың қалауымен жүрекке білім, хикмет құйылып, нұрланады. Сөйтіп жазушы да жазар нысанасының мән-жай дерегін ғарыштық дәргейден ала алады. Қасқыр 2 млн-нан астам иісті ажыратады, яғни білігі күшті. Ал адамның ақылы азат, ойы ұшқыр. Иіс білуі қасқырдан әлдеқайда төмен болса да ес білігі жоғары тұр. Ендеше біз қаласақ, қасқыр бола аламыз, яки оның образына енеміз, оның ойын оқимыз және одан көркем әдебиет тудырамыз.
Қасқырлар да адамдар сияқты жер бөліседі
- Шығармаларыңызда қасқырлардың жер бөлісуі жөнінде қызғылықты баяндалады. Бұл ерекшелігі де түз тағысының басқа аңдардан гөрі ақылды екенін аңғартса керек...
- Түз тағысы көкбөрілердің жер бөлісуі өте әділ. Маған адамдар жеке басына үй салудан бастап, мемлекет құруда көп нәрсені осы қасқырлардан үйренгендей көрінеді де тұрады. Басқа-басқа қазақ халқы қасқырдың қасиетін о бастан танып, оны өзіне Тәңірлік үлгі еткенін сезем, білем. Бұны бойымдағы қаным мен жаным, ой-санам мойындап, мақұлдап, қолдап тұрады. Сонымен көкбөрілер жерді қалай бөліседі? Бұрын мен аңшылармен, малшылармен болған әңгімеден соң бір көкжал мен екінші көкжалдың үйіріне бұйырған жердің шекарасы бір-бірімен тістесіп, іргелесіп жататын болар деп ойлайтынмын. Бірақ көкейімде күмән тұрды. Қасқырлардың тірлігін ұзақ жыл зерттеп, тіпті олардың ортасына кірген ұлты гүржі ғалымы, биология ғылымдарының докторы, этолог Ясон Бадридзе де осылай ойлапты. Егер үйірбасы жал бір ағаштың қабығын тырнап, не оған сарып өз белгісін қалдырса, ал ол ағаштың екінші жағынан басқа бөрінің шекарасы басталса, онда екінше бетінде оның салған таңбасы болмай ма? Бадридзе тап осылай ойлап, ұзақ уақыт зерттеудің арқасында бұлай еместігіне, өзінің қателескеніне көз жеткізеді. Ал мен Ясон Бадридзе секілді қасқырлардың ортасында болмасам да әлдебір түйсігіммен олардың жер бөлісуі, шекара белгілеуі адамдардікіндей деп білдім. Бірақ менің қолымда нақты дәлел болмады. Ясон Бадридзенің зерттеуінен түйсігімдегі ойыма дәлел таптым! Ғалым қасқырлар мен қасқырлардың шекарасының ортасында бос жер, яғни белара болатынын біледі. Шекарадағы белара ұзына бой созылып жатады және оның ені 3-4 шақырым болады екен! Бір ел мен екінші елдің шекарасы да тап осылай емес пе? Арада екі жаққа да тиесілі емес бос жер болады. Міне, қасқырлардың жер бөлісінде осы заңдылық қатаң түрде іске асады.
Шекарадағы беларалықта бұғы, киік, қабан, қоян секілді аңдар тірлік етеді екен. Оларға қасқырлар ұрынбайды. Ол беларалықтағы аңдар өсіп-өніп, емін-еркін жүре алады. Алайда ені үш шақырым, ұзына бойға созылған жер қай аңға жетеді? Ол араның шөбі мен суы мол болғанмен таусылмай ма екен? Таусылмаса да кеудесінде жаны бар мақұлықтың бәрінде нәпсі деген ашкөз бар. Ол өзгенің жеріне тартып тұрады. Қарапайым ғана мысал. Жолда көлік жүргізушілер өзіне тиесілі жолдан шығып, қарсы бетпен жүреді. Оған біртүрлі қарсы беттегі жол тегіс сияқты көрінеді. Негізі екеуі бірдей. Аса көп айырма жоқ қой. Сол сияқты беларалықтағы аңдар қасқырлардың иелігіндегі жерге шығып, сол арадан шөп жегенді ұнатады.
Бабаларымыз шекараны қасқырларға қарап бөлген
Иә, бұл арада қорек басты орында. Біздің келтірген мысалымыз жай түсінік үшін ғой, бәлкім сәтсіз мысал да болар. Қасқырлардың жерінде шұрайлы шөп пен мөлдір су бастаулары жануарлардың көзін қызықтырады. Себебі олар беларалыққа сыймайды, ал жанында не шұрайлы шөп өсіп тұр. Содан ол бейбақтар бөрілердің жеріне кіреді, шекараны бұзады. Қасқырларға да керегі осы! Шекара бұзушылардың ішінен ақсақ-тоқсағын, әлсізін ұстап, жемтік етеді. Қалғанында шатағы жоқ. Салығын төледі. Ендеше жайыла берсін. Кейде үйір қасқыр киіктерді бағып, қарындары ашқанда керек қорегін алып, қамқорлық жасайды. Киік сияқты аңдардың таңдауы бар. Олар қасқырдан құтылғысы келсе, беларалыққа сытылып шықса болды. Оларға аш қасқырың да тиіспейді. Нағыз қорқау қасқыр болмаса, тектілері шекара мен шекараның арасында жүрген аңдарға жоламайды. Бұл - заң! Мемлекетаралық шекаралардың түзілуінде дала көкбөрілерінің еңбегі бар! Мұны біздің аруақты ата-бабаларымыз бек жақсы білген және қолданған. Міне, қасқырлардың жер бөлісі осындай заңға сүйенеді екен. Аңшылардан көп естідім. Көріністерін де көп көрдім. Егер бір қасқырдың соңына аңшылар түссе, ол қашып келе жатып, өзіне тиесілі жермен шекараға тап келсе, жалт бұрылып, қуғыншыларға қарсы ұмтылады. Оның себебі ол қасқыр беларалыққа келді, аздан соң басқа бөрінің жері басталады. Ол соңына түскен аңшыларды көршісінің жеріне апарғысы жоқ. "Қасқыр да қас қылмайды жолдасына!" Қандай тектілік?! Бөрі де, бөрте де осылай жасайды! Қуғыншыларды қандасымның жеріне кіргізгенше өлгенім артық деп шешім қабылдайды! Міне, керемет ерлік! Жанкештілік! Жанқиярлық! Қаймана қасқырға жанбауырлық! Бұл баяғы қазақтың қанында бар қайсарлық! Бар мінез! Мәрт мінез! Тектілік! Осы мінез қасқырларда бар. Олар бұдан айырылмай келеді. Ал біз ше? Қасқырлар қазақтың даласында бекерден-бекер жортып жүрген жоқ, олар бізге аруақты ата-бабамыздың бойында болған қайтпас қайсарлықты, өр мінез бен асқақ рухты қайтарып бермек үшін жүр! Біздің жігіттер "Боранға" бұт артып, немесе тікұшақпен атып алсын деп жүрген жоқ! Өкінішке қарай мұны түсінетін жігіттер қайда? Адамға бір-бірімен көрші тұруды, яки шекара салуды, ол шекараның беларалығы болатынын да үйреткен көкбөрілердің қадір-қасиетін түсінбесек, онда айбынды, текті ел, мінсіз мемлекет бола алмайсыз.
«Қасқырлар неге ұлиды?» деген мақаламда да біраз жайтты баян еткен едім. Сонда айтқанымыздай көкбөрілер өзінің шекарасын тек таңба басумен қорғамайды, олар сонымен қатар ауық-ауық ұлиды, дыбыс шығарады, дұрысы дабылдатады. Ол бөрінің рухы! Өр рухын төңірекке паш ету! Бөрілердің ұлуы бір-бірінен хабар-ошар алу және өзгелерге бұл жерде біз бармыз, біз тұрғанда аяқтарыңды жинап жүріңдер деген ескерту! Тап осыны да біз үлгі етсек керек! Мемлекеттік тілімізде сөйлеп, ән-күйімізді төгіп, ыңылдасақ та қазақша ыңылдап әндетсек, онда әлемде жер көлемі жағынан тоғызыншы орын алатын Қазақстан қазақы рухқа толады! Кеңістіктегі көзге көрінбейтін тіл мен дыбыс майданында біздің мемлекеттік тіліміз, қазақы әуезіміз жеңіске жетеді! Ауа мен су - қазақ рухымен нәрленеді! Жер мен Көк, бар табиғат қазақыланады! Сөйтіп Қазақ даласына кие, қасиет, рух оралады! Бұл деген сөз жаттың табаны қазақ шекарасына кірген сәттен-ақ байқап басып, тізесі дірілдеп, көкбөрілердің, яки ер қазақтың, абадан алаштың, қасқыр қазақтың рухын сезіп, шаңыраққа қарайды, біздің кім, өзінің кім екенін есіне алады деген сөз! Бұл - ақиқат! Мысалға, сіз Ресейдің жеріне енгенде, басқа елдерге барғанда, адамы мен тілінен бұрын, ол жердің тау-тасы, орманы сенің бұл араға бөтен екеніңді сездіреді. Сондықтан Бір Аллаға мойынсұнған алаш баласы аруақты аталарындай абадандарын танысын, көкжалдарынан үйренсін! Біздің даламызда көкбөрілердің бар болғаны - бізде рухтың бар екендігінен және оның әлсіреп кеткендігінен бір белгі. Рухымызды көтеруде қазаққа қасқыр керек!
- Қасқырлардың өзге аңдардан басты бір ерекшелігі қандай?
- Қасқырлар басқа аңдар құсап өлексе жемейді. Не болса да өзінің үйірімен аулап жүріп ұстаған аңды азық қылады. Бұл арада қасқыр өлімтікке мүлдем жоламайды деп ұқпау керек. Өзі ауламаған олжаға бас салмайды дегенді айтқымыз келді. Алайда кей шетелде қасқырлар аюмен өлексеге таласып жатады. Онысы ол аумақта жемтіктің тапшылығынан болса керек.
Қасқырлардың өзге аңдардан басты бір ерекшелігі өзінің үйірлесімен ешқашан жұп құрмайды. Жақын-жуық, рулас демекші олар да қазағымыз сынды ет жақындарымен өмірі жақындаспайды, бірлесіп бір апаннан бөлтірік өрбітпейді. Өйткені ол текшіл һәм кекшіл. Екі басқа аталықтан тараған қасқырдың бөрісі мен бөртесі бір-бірімен табысып, үйір құрса, онда өле-өлгенше бірге болады. Жұп өмірге өте адал. Бір-бірін сатпайды. Екеуі де бөлтіріктерінің тәрбиесіне асқан жауапкершілікпен қарайды.
Жал мен құртқа бір-бірінсіз өмір сүре алмайды
Егер бөрі оққа ұшса немесе ажалы келіп ерте өлсе, бөрте үйірді ұстап қалады. Оның басқа бөрімен жұп құруы екіталай дүние. Ілеу де біреуі бөгде бөрімен сыңарласуы мүмкін. Бірақ неғайбыл. Сирек кездеседі. Ал егер бөртесі өліп, бөрісі тірі қалған жағдайда да ол қалған өмірін жұпсыз өткізеді. Қалған өмірі демекші, құртқасынан айырылған жал көп әріге бармайды, өз ажалын іздеп жүріп оққа ұшады. Осылай деуге болар. Өйткені ол құртқасын жоқтайды, онсыз қасқырлық өмірдің мәні жоғалғанын мойындап, жалғызсырайды, құсалықпен күнін өткізеді. Жал мен құртқа бір-бірінсіз жер басып жүруді қаламайды. Екеуінің бірі өлсе, екіншісі үш ай, алты ай, арғысы жыл асырып аза тұтады. Ақыры сөйтіп жүріп құсадан көз жұмады.
- Броконьерлердің қасқырларды аяусыз қырып жатқанын желіден жиі көретін болдық. Қасқыр азайса табиғаттың тепе-теңдігі бұзылады дегенді естуші едік. Бөрі сиресе қоршаған орта қалай өзгереді?
- Біраз жылдар бұрын Американың Йеллоустоун ұлттық паркі табиғи апатқа ұшырайды. Көктерек, терек сияқты өсімдіктер құрып, қурап кетеді. Құндыздың көптеген түрі қоныс ауыстырады. Сондай-ақ құстар күрт азаяды. Бұғылар өсімдіктерге қауіп төндірді. Жайқалған жасыл желек аз уақытта құмды далаға ауысады. Ғалымдар зерттей келе, 1930 жылы парктен қасқырдың соңғы түрі жойылғанын, соның әсерінен экожүйе бұзылғанын анықтаған. Осылайша, арада 67 жыл өткеннен кейін бөрілердің бір үйірін аталған паркке әкеліп, қоныстандырады. Сөйтіп, 30 жыл ішінде қасқырлар Йеллоустоун Ұлттық саябағының аумағында экожүйені қалпына келтіріп қана қоймай, оның физикалық географиясын да өзгертті. Қасқырлардан қай жануар, аң болмасын секем алып тұрады. Қоректенетін аумақтарын жиі ауыстырып отырады. Ал бөрілер жоқ болса, бұғы, елік, құлан секілді жануарлар бір жерде тұрақтап алып, өсімдіктердің өсіміне кері әсер етеді. Қасқыр жоқ жерлерді бархан құм басады. Құмды алапта ағаштар мен өсімдіктер өспейтіні белгілі. Мұның соңы экологиялық катострофаға ұласатынын ұмытпауымыз керек.
- Романға екінің бірі тәуекел етіп бара алмайды. Осы қиын жанрға қалай келдіңіз? Қалай игердіңіз?
- Барлығы балалық шақтан белгіленіп қоятын болса керек. Тіпті одан да ерте. Өзімнің анық білетінім мен арманшыл, қиялшыл бала болдым. Әлі күнге солаймын. Сол бала кезімде ақын, суретші, жазушы, не керек бір сөзбен айтқанда бәрі болғым келді. Есейе келе өмірдің суреткері болуды армандадым. Ал әдебиеттегі ең қиын жанр романға келуім сол балалығымның жемісі дер едім. Мен Махамбеттей ақын, әрі батыр һәм Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхтар Әуезов, Шыңғыс Айтматов, Оралхан Бөкей сынды жазушы болуды армандадым. Мені жазушы деп елім тани ма, танымай ма, ол маған маңызды емес. Мен үшін маңыздысы мен еліме не берем, не беріп кетем деген ой! Иә, жасырмаймын, қазағымның үнімен әлем әдебиетінде айқайлағым келді! Құдайға шүкір, қазір кейінгі бес-алты жылдан бері Димаш болып қазақ үні «Махаббат бер маған, тағдыр» деп жер-жаһанда жаңғырып тұр. Мен осыны Алладан тіледім. Енді прозада көкбөрілеріммен әлемдік деңгейде жер мен көкке ұлтымды танытқым бар. Өзім маңызды емеспін.
- Қазір қаламгерлердің көпшілігі кітабын өз қаржысына шығарып жүр. Кітапты өткізу, шығару жұмыстары қалай жүріп жатыр? Оған аз ақша кетпейді дегендей...
- Иә, бізге дейінгі ақын-жазушылардың еңбегіне ақы төлеп, кітаптары пәленбай тиражбен шығып тұрған кезең болды. Ол кешегі кеңестік кезең. Қазір біз өз алдына дербес мемлекетпіз. Тек осы дербестік әдебиет саласына келгенде ақын-жазушының адымын аштырмай тастайды. Жазуына емес, жазған еңбегін кітап қылып шығаруға, таратуға қиындық туғызады. Мәселен, өзім бірнеше кітабымды шығардым. Өз қаражатыма. Тиражы өте аз. Бірі 500 болса, бірі 100 не 50 дана. Одан да кем. Себебі менің еңбекақым 190 мың теңге, оның несиесі бар, күнделікті күн көруге, тб жұмсап келіп кеткенде кітап шығаруға 100-200 мың теңгені жамап-жасқап әрең табам. Біразын несиеге шығартқаным бар. Еселеп банкке қайтарасың. Жалпы қазір біз секілді жазушыға кітаптан пайда жоқ, тек қана қып-қызыл шығын бар. Бірақ мен о бастан «Пайда ойлама, ар ойла» деген хәкім атамның жолымен жүруге ниетті едім, сонымнан танбай келем. Бір жақсысы кітаптарына сұраныс жаман емес. Жан-жақтан сұрайды. Пошта арқылы жөнелтіп жүрмін. Тек нобай ақша қолға түспейді, үзік-созық. Ал баспахана сенен нақты қаражат талап етеді. Меценат жоқ. Жағдай осы. Менің міндетім жазу, мол тиражбен кітап шығарту арман ғана!
- «Дала көкжалы» кітабыңыз Алаш ардақтысы Жаһанша Досмұхамедұлы турасында. Осы еңбегіңізде біртуар тұлғаның қай қырына көбірек үңілдіңіз...
- Роман 600 бетке сәл жетпейді. Иә, бұл еңбекті жазу үшін өте көп іздендім. Өзімнің телехабарларым арқылы біраз зерттеу жасап алдым десем болады. Көптеген тарихшылардың әңгімесін тыңдадым, қайта-қайта тыңдадым. Тарихи еңбектер мен деректі һәм көркем фильмдер мен зерттеу мақалаларды оқып, зерделедім. Ақыры жазуға ниет қойдым. Жаздым. Ең ұзақ жазған романым осы болды. Жыл жарым уақытым кетіпті. Алашорда үкіметінің күнбатыс бөлімінің тағдыр жолы іспетті.
Мен Жаһаншаһтың балалық шағына сәл тоқталып, оның Оралда және Ресейде оқуы, еңбек етуі және жалпы қазақ халқын ақтар мен қызылдар шарпысында аман сақтап қалу жолындағы күресіне, жанкешті өмірін суреттеуге талпыныс жасадым. Оның түрмеге қамалады да ақ жағасына бірде-бір орыстың қолын тигізбейдім. Жаншаның өзі сөйткізді. Ақыл-парасаты, өр мінезімен биік болған алаштың айбоз ұлы орыстың патшалық және кеңестік үкіметі алдында тізерлемей өтті. Атуға алып барған сәтте де жау оның көзінен отты көреді, именеді. Соны суреттедім. Романда оның жанындағы достары һәм дұшпандары сөз болады. Бұл еңбекті оқыған жас қазақтың өн бойында азатшыл рух өсе түседі, лаулап, жанартауға айналады деп сенем! Сондай махаббатпен жазылды, жыл жарым тәнім бұл жақта, жаным ол жақта болды. Оқыңыз.
- Сонымен қатар, «Адамның хикмет кеудесі» атты жинағыңыз да бар. Нақылдарды жинау ісімен қай уақыттан бері айналысасыз?
- Өмір бойы. Бала жастан естіген-білгенімді көкейімде түйіп жүрдім де екі томға төгіп салдым. Иә, көп тәмсіл, хикмет дүниелер жылда оралатын ораза айында жазылды. Бұл да жоғарыда айтқан Абай хәкімнің іштегі кірді қашырып, оның орнына Алладан тілеп, хикмет қондыру ілімі, ар ілімімен байланысты деп түсіндіргенім жөн болар. Басқалай түсіндіру қиын. Мен күз бен қыс айларында орман шарлап жаяу өте көп жүрем. Сондай кездерде көкейіме әз табиғат әсер етеді, көп нәрсе еске түседі, тіпті Сүлеймен пайғамбардың бір күнін тіледім демеп едім, күн шуақтап шыққан ормандағы жыланмен, шымшықпен, бұлбұлмен тағы басқасымен «сөйлесетінім» бар. Бұл өтірік емес. Олардың, яғни табиғат тіршілігінің тілін жүрек құлағыммен ұғам, сөйтемін де одан тәмсіл тудырам. Сөйтсем, ол кейде көз алдымда бұл өмірде болып та жатады. Ондайда мен үнсіз қалам да, шүкір етем.
-Сіздің том-том роман жазудағы энергияңыз, жанкештілігіңізге сүйінеміз. Өзіңізді қалай баптайсыз? Шығармашылық шеберханаңыз туралы аз-кем баяндасаңыз... Тайм менеджментті қатаң ұстанасыз ба?
- Менде жасырын ештеңе жоқ. Бәрі өте қарапайым. Ой мен дене еңбегі бірін-бірі алмастырып тұрады. Жаяу көп жүрем. Күнге жоқ дегенде 12-17 шақырым жолды жаяу жүріп өтем. "Жүргенге жөргем ілігеді", "Қасқыр мен журналисті аяғы асырайды" деген ел ішінде сөз бар емес пе, сол рас. Бұл тән азығына ғана қатысты айтылмапты, жан азығына да аса қатысы бар болып шықты. Менің өлеңдерім мен әңгімелерім көбіне жаяу жүргенде туады, ойша жазылады. Кейін соны қағазға түсіре қоямын. Жазушылық зертханамды жоғарыда сәл баяндады білем. Ақын-жазушы үнемі ойы мен бойы таза болуы керек және Әл-Хаһ Алласын ешкез есінен шығармаса асыл! Темекі, ішімдік тағы сондай арам нәрселермен жан-тән дүниесін былғамай үнемі таза ой, нұрлы ақыл, ыстық қайратпен жүру - сенің басты бабың! Жазушы шаршау дегеннің не екенін есінен шығарса жақсы. Мен шаршадым деген сөзді ешқашан айтқан емеспін. Оның орнына аяқ суытып, сәл демалып адам деген сияқты әдеби тіркестерді қолданам. Жазу үшін белгілі бір мезгілді не мерзімді, уақытты таңдамаймын. Тойдың үстінде де жұрт даңғаза музыкаға билеп жатқанда мен бір бұрышта, өз орнымда екі-үш сөйлем жазсам да әңгіме әлемім, повесть-романыммен болам. Оны артынан пәлен қайтара қарап, көз салам ғой, бірақ бос уақыттың рәсуә еткім жоқ. Сосын Алланың 99 көркем есімін кезегімен күнде қайталап айтып жүрем. Одан ауызым ашылып, тілім құрғамауын қалап, барымша тырысам. Әйтпесе адамның ойына небір нәрселер кіріп-шығады. Соларды аластамайынша, тазарып отырмайынша бір ауыз шын сөз жазу қиынның қиыны. Мен жазушылықты Құдаймен байланыста болу, ақ сөйлеп, адал жүру деп түсінем. Маған орден-медал, марапат басы артық дүние. Еңбегім шықса, еленсе болды, яки оқылса.
- Телевизия саласы шығармашылығыңызға кедергі келтіріп жатқан жоқ па?
- Жоқ, керісінше! Эрнест Хемингуэйдің сөзі бар. Журналистен жазушы шықпайды деген. Соны оқыған Қадыр Мырза Әли ағаларымыз газет-журналдан өз ықтиярымен кетіп, біржола жазушылыққа, яғни ақындық жолға түспеді ме? Көптеген қаламгер солай істеді. Алайда солардың барлығы журналистіктен бастады. Мен бірде Оралға Әбіш Кекілбаев ағамыз келгенде сұрақ салдым. Аға, сіздер болар іс болып, бояуы сіңіп кеткен соң жазасыздар, ал қазіргі болып жатқан өмірді кім жазады дедім. Аға менің албырттықпен бірақ батыл қойған сауалымды аз-кем салмақтап тұрды да, рас айттың, біз асықпаймыз, таудың көлеңкесінің ұзарғанын күтеміз, өмір құбылысына аса байыппен қарап, оның тарихын түгендейміз, ал бүгінгіні мына сен жазасың, сен сияқты журналистер жазады, біз екі майданның жауынгері емеспіз, әр майданның өз қару ұстары бар дегендей жауап қатқаны әлі есімде. Сол кезде Әбіш ағамыз Әбілқайыр хан қақында ізденіп жүр екен, біздің Жайықты жағалап, Електі бойлап Бопай ханым туралы да дерек қарап, бөзі өңіп кеткен өңірден өткеннің ізін іздей келіпті. Мен сонда жазушының жауабын құлағыма құйып алсам да ұқпадым, оны енді-енді түйсініп, түсініп, байыптап жатқан жайдамын. Осыдан өзім үшін шығарған қортындым - маған бір майдан аз, екеуі де аздық қылады, үш майданның сарбазы болайын деп шештім. Оным - журналист болып бүгінді жазам, жазушы қақымен өткенді қопарам және адам баласы болып «Адамды сүйіп, Алланың хикметін сезіп» арғы дүниеге азық жинаймын, жақсы амалымды көбейтем! Маған ақын Ақұштап апам да айтатын, мына тележурналистік қызметің сенің алтын уақытыңды жеп жатыр деп, солай да шығар, алайда Әлихан атама ұқсап айтсам, мен де шыбыным кеудемде тұрғанда қазағыма қызмет қылмай қоймаймын!
-Сұхбатыңызға рахмет!