Төрехан Майбас: Бізді осы күнге алып келген - қазақшылығымыз!
Тәңіріміз сыйлаған құтымыздың Иесі болуымыз керек!
Белгілі жазушы, этнограф, өлкетанушы Төрехан Майбастың есімі бізге қазақ дүниетанымына, көрнекті тұлғалардың ғұмыры мен шығармашылығына, көшпелі халықтың өмірі мен мәдениетіне, көне сөздердің мәнін ашуға арналған еңбектері арқылы мәлім. Қарымды қаламгер енді дала пәлсапасы, қазақтың көмескіленген этнографиясы секілді арналы тақырыптарға түрен салып жатыр екен. Malim.kz тарихи жадымызды жаңғыртып жүрген сөз зергерімен әңгіме-дүкен құрған еді.
Менің мұрағатым – әкем болды
- Әкеңіз Әкімжанның көп білетін, көкірегі көмбелі жан болғанын жазбаларыңыздан оқығанда таңырқап қалғаным бар. Кейде, шалыс басқанда, қамырықты күй кешкенде, әлдебір тұманды ойдың ішіне енгенде әкеңіздің қандай сөздері еңсеңізді тіктейді?! Жалпы, әкеңіз жайында толғанысыңызды тыңдағымыз келіп еді... Ол кісіден не үйрендіңіз?
- Әкем – Әкімжан Майбасұлы 1928 жылы туып, 70 жас жасап қайтыс болды. Әкеден бес жасында қалып, жетімдік қамытын ерте киеді. Әкесі БалқашЛАГ-та отырғандықтан халық жауының баласы деген түртпекке ілігеді. Осы түртпек кейінге дейін қалмағанын өз көзімізбен көрдік. Өйткені ол кісі дәрі қоймасының (амональный склад) меңгерушісі болды. Жасында шахтаға түсіп, бұзуда (ФЗО) болады.
Шахтада ат айдаушы болып істейді. Менің «Керат» деген хикаятым әкемнің осы өмірінен алынып жазылған. Жиырма жасымда жазған бұл әңгімемнің шуы көп болды. Бірақ ешқайда бастыра алмадым. Тек, отыз жылдан кейін «Қазақ әдебиеті» газеті басып, республикалық конкурста бас бәйгені алып келді.
Бұл әңгімемді Оралхан Бөкей ағам жаратты. Сол кездегі «Жұлдыз» журналының бас редакторының орынбасары Ғафу Қайырбеков ағама менің талағы бар ініңіз деп таныстырып, «Кератымды» қолына ұстатты.
Төртінші күнінде қайтып соққанымызда Ғафаң шалқасынан түсті:
– Қазақ баласына екінші Оралханның керегі жоқ... – деп.
– Осыдан кейін ешнәрсе жазбасаң да болады. Сен қазақ әдебиеті тарихында қалдың...– деді Орағам. Мен таза есімнен танып қалған едім.
Ғафаңның «Екінші Оралхан» дегенін өз құлағыммен естідім ғой. Оның үстіне Орағамның «қазақ әдебиеті тарихында қалдың» деп тұрғаны анау...
Күні бүгінге дейін көз алдымда тұр! Осы хикаятымды оқып әкем көзіне жас алды. Осыдан кейін мен өзімнің прозашы болатыныма сендім.
Оған дейін мен ақын болып жүрген едім. Біраз орталық басылымдарға шықтым, оның ішінде «Жалын» альманағына шығармын ба?!
Ахаңның (Ақселеу) «Бес өлеңімен» дәуірлеп тұрғанында мен де бес өлең жіберген едім. Ұзатпай жауабы да келді. «Бес әңгімеңді жіберші» деген.
Менің прозашы болатынымды қалайша білді екен деп әлі күнге ойға кетемін. Осыдан кейін Ахаңды қалайша әулие демейсің?!
Бірінші болып менің жазушы болатынымды әкем таныды. Өзінің білген-түйгенін шамасы жеткенше санама құйып бақты. Басқа басқа, мен он-он бір жасымда жиырма бес атамды мүдірмей таратушы едім. Одан кейін елдің сөз білетін барша ақсақал-қарасақалын үйге жинады. Мен үшін, әрине.Оның үстіне мен ата-әжемнің тәрбиесін алғанмын ғой.
Атам Әбжан Тикен сөз білетін адам еді. Бір басына тақуалығы да жететін. Кейінге дейін атамның өгей екендігін білмедім. Кейінде ол кісі жөнінде «Өгей ата болмайды» деген эссе де жаздым.
Атамның әкесі қажылыққа жүрген адам, Тикен қажы десеңіз жұрт біле қалады. Соған орай Әбжан атам көптеген діни әңгімелерді білді.
Мұрын тазалауды, дәрет сындыруды, үлкен дәрет алуды осы атам үйретті.
Нәмияш әжем бірадар адам болатын. Үлкендердің әжеме келіп қол тапсырғандарын талай рет көрдім.
2004 жылдан бастап кітап шығара бастадым. Айына бір кітаптан беріп отырған кезім болды. «ҚазАқпарат» баспасының директоры болып жүргенімде кітап шығаруды үдеттім. Соның көбісі фольклорлық шығармалар еді. Өлкетану бойынша да бірнеше жинақ шығардым. Арқада Дияқажы деген атақты ақын өткен. Сол кісінің толық шығармалар жинағын үш жылда оқырман қолына тигіздім. Маған дейін жұрт ол кісінің оншақты өлеңін ғана білуші еді.
Осыған орай ел маған күмәнмен қарады. Бір дайын қолжазбаға тап болмады ма екен деп?! Менің мұрағатым – әкем болды...
- Ақселеу Сейдімбек, Оралхан Бөкей сол сияқты басқа да игі жақсылардың қасында жүрдіңіз. Қазір олар да бір-бір тауға айналып, қырда дамылдап жатыр. Оңашада ойға берілгенде сол жандардың дидары, дидар-ғайып әңгімелері санаңызда оянатыны анық қой. Сол уақыттарда жүрекке жиып, көңілге түйіп қалған естеліктерді біз де тыңдасақ дейміз...
- Мені іздеген жұрт әкемді де іздеуші еді. Кейінде әкемді іздеп Кәмел Жүністегі, Свет Оразай, Өмір Кәріп, Рымқұл Сүлейменов ағаларым барды. Ал Оралхан ағам тікелей Ақадырдағы үйіме алдырды. Өкініштісі Ақселеу ағам дүкендесіп үлгермеді...
Соғымға бес-алты қой сойып алдық деушілерді көрдік...
- Сол асылдарымыздың әсер-ықпалы болар, ұлттық дүниелеріміз жайында қалам тербеп тұрасыз. Әсіресе, қасқыр туралы. «Абадан, әуек, жал» деген мақалаңыздан өзіміз дұрыс деп ойлап келген кейбір ұғым-түсініктердің мән-мағынасы мүлде басқа екенін бағамдадық. Мәселен, қазақ «Жал» деп қасқырды айтқанын дәлелмен келтіресіз. Бөрінің қай уақытта күшіктеп, қанша уақыт көтеретінін де түсіндіріп бердіңіз. Қасқырға қатысты біз білмейтін тағы қандай деректер бар?
- Тоқсаныншы жылдардың басында-ақ жұрт менімен санасатын болды.
Менің көп араласқан адамдарым – Өмір Кәріп бен Ахаң еді. Ахаңның сөзімен айтсам мен үнемі осы кісілермен дүкендестім. Өйтетінім екеуі де этнограф, білмейтіндері жоқ еді.
Ел Ахаң мен Өмкеңнің емшектес екендіктерін білмейді-ау деймін. Ахаң Ақадырға жиі соғушы еді. Өмір ағаны қатты сыйлады, жеткенінше бағалады. Орталарына мені алар еді.Менің сөзіме де құлақ асушы еді.Солардың барлығы кейінде менің жазбаларымнан өз орындарын алды.Менің қазақы дүниетанымым атымен басқа еді. Құлатқанда да бәрін түйеден құлаттым.
Мен қазақ баласының түсіне де кіре бермейтін қазақы болмысын, қазақы дүниетанымын қайтардым. Қазақ баласының бұған дейінгі дүниетанымын өзгерттім десем де болады. Сол тоқсаныншы жылдары бізде Сусаниндер көбейді. Өздері адасып қоймай оқырмандарын да адастырды.Сол кезде қаймана, жамағайын, ағайын туралы көлемді мақала бердім. Ол мақаланы баспаған газет-журналдар қалмады-ау деймін. Аудандық газеттер де тоқтаусыз басып жатты.Осыдан кейін мен бетімді қазақ дүниетанымына қарай бұрдым десем де болады. Сол бір тұста Моңғолиядан, Қытайдан келген бауырларымыз атажұртында отырған бауырларымызды орыстанып кеткен, мәңгүрттікке ұшыраған деп танымдық мақалаларды өкіртті. Соның көбісі татымсыз дүниелер еді. Бізді қалай орыстанып кетті десе – өздері де солай моңғолданып, қытайланып кеткен екен.Олар да қазақы ойланудан ажырап қалғанын көрсетті.
Бір-ақ мысал келтірейін. Қарапайым ғана соғымның не екендігін білмейтін болып шықты. Біздікілер де таза мақұрым еді.Соғымға түгенбай түйе, сүгенбей сиыр, қоралап қой соямыз дейді ағайындар шімірікпестен. Және олардың видеолары үздіксіз беріліп жатты. Біздікілердің де оңдырып жатқандары шамалы еді. Соғымға бес-алты қой сойып алдық деушілерді көрдік...Тиын-тебеніміз жиналғанда сойып аламыз деушілерді де естідік...
Осыдан барып мен соғымның не екендігін, оған не соятынын, қай уақытта соятынын, қалай тәрбиелейтінін жіліктеп берейін. Бір адам қарсы сөз айта алмады. Бұл сұмдық еді! Ту сойып қоян жеп отырдық... Өйткені біздер етті тәрбиелеуден мақұрым қалған екенбіз...
- Қасқыр тотемін төбесіне тұтқан елімізде кейінгі кездері абаданды ескінің сарқыншағы деп қарайтындар бар. Тіпті бөріге табынатын тәңіршіл деп ағаш атқа мінгізетіндер де табылады. Бағзыда бабаларымыз бөрілі байрақ қолға алып, дұспанының мысын басып, сан мәрте табанға салғанын тарихтан білеміз. «Қасқыр – біздің кодымыз» дейсіз бір жазбаңызда. Шын мәнінде, біз бөрітекті болмысымыздан айрылып бара жатқан жоқпыз ба?
-2013 жылдан бері таза қазақ дүниетанымымен айналасып келемін.
Қазақ баласының дүниетанымын төңкеріп тастаған менің қасқыр туралы танымдық жазбаларым еді. Кейін таза шегелеп тастадым. «Тәңірқұт» деп алпыс беттік жазба қалдырдым. Сусаниндердің де, оларға ергендердің де ауыздарына құм құйылды.
Осы қасқыр тақырыбын зерттеуіме тура үш жылым кетті. Тағы үш жылым итті танытуыма кетті. Үш жыл бойы әлеуметтік желі арқылы сұрау салайын. Иттің еркегін не дейді, иттің ұрғашысын не дейді, иттің күшігін не дейді деп.
Бұл сұрапыл сауал еді.Ешкім де жауап бере алмады.Тағы да алпыс беттік танымдық жазба қалдырдым.Ең қызығы осы сауалыма байланысты қазақ жазушыларының барлық шығармаларын ақтарыстырып шықтым.Жауабын біреуінен де таба алмадым.Соған қарамастан аға буынның сол шығармалары классикалық туындылар еді...Неткен шеберлік!Керемет емес пе?!
- Сіздің «Барақ – бақташы, тазы - аңшы» атты мақалаңызда жеті қазынамыздың бірі – итке қатысты тың деректер көп кездеседі. Бұл өзі бұрынырақта басталған тірлік секілді ме, қалай өзі?!
-Тағы да ит жөнінде айтатын жайт бар...Қарағандыдан Алматыға қызметке барысымен Алматыны мойындатуым керек еді. Салған беттен «Жұлдыздан» бастадым.Ол тұста прозаның құлағын Қалихан ағамыз ұстап тұрған-ды.
Ағамызды бұрыннан танушы едім. Дидахмет ағам таныстырған болатын.
– Әңгіме әкелдің бе? Иә деп жатырмын...
– Ит жөнінде деймісің, тастап кет... – деді.Екі-үш айдан соң жарық көрсін.
Келер жылында тағы да бардым.– Ит жөнінде, – деп өзім айттым.Тастап кеттім. Ұзамай ол дүнием де жарық көрді.Үшінші жылының қоңыр күзінде тағы бардым.– Ит жөнінде ме? – деді ағамыз.Содан шешей ауырып ауылға оралдым.Содан әлгі әңгімем есіме түспей ме?Қалағаңа қоңырау шалайын...
– Былтыр шығып кеткен...– деді ағамыз.Кірерге тесік таппадым-ау...
Ешкі – қазақ баласының виаграсы!
- Шопан ата түлігі қой малы, одан соң ешкі жөнінде де біз біле бермейтін талай жайт бар екен...
- Одан кейін де соқталы дүниелер бердім есептеймін. Қой малын қазақтың аптекасы деп шегелеп, «Ағарған» деген алпыс беттік материал жаздым.
Көп ұзатпай «Шекшек» деген тағы бір көлемді мақаламды бердім. Бұл енді қазақтың төртінші түлігі болатын. Соны дәлелдеп бердім. Төрт түліктің санатынан сиырды шығарып тастадым. Сенесіздер ме – ел соған көніп отыр.
Бүгінде ешкінің сүті, еті, ірімшігі үлкен сұранысқа ие болып отыр. Өйткені біздің мақаламыз арқылы ел ешкі жарықтықты танығандай болды. Ол – қазақтың күздігі! Қазақ баласы күздікке төрт жасар серкелерді жұмсаған!
Арқа жұрты сиыр етін тұтына қоймайды. Мынау Көкшетау жағы дастарқандарына сиыр етін сасық деп жолата қоймайды. Не соғымға, не күздікке жарамаған сиыр жарықтық осыдан кейін қалайынша төрт түлік қатарына енеді?! Ешкіге де үш жылым кетті. Елді иландыра алмай-ақ қояйын. Содан Өмір ағама шығайын. Өйткені ол кісінің күздікке серке шығаратынын білемін ғой.
Қарағанды, Астана қалаларынан іштей күліп жүрген бауырларды төрт көлікпен Өмір ағаның үйіне түсірейін. Кім жоқ дейсіз, олардың ішінде. Кемі үш академик,жеті-сегіз жазушы, бес-алты жорналшы болдық. Сол барған топ бір табақ етті орталай алмай қайтты дегеніме сеніңіздер! Өмір ағаның бүйрек майын асатқанын көзбен көру бір ғанибет еді! Енді жасыратын ештеңесі жоқ, оны да айталық...Ешкі – қазақ баласының виаграсы!.. Сенбесеңіздер биылдықта күздікке серке жаратыңыздар!
Бабаларымыз бізден гөрі ақылдырақ болған...
- Таяуда академик Әбдуәли Қайдардың «Қазақ қандай халық?» деген кітабын оқып шықтым. Бұл еңбекте осы сауалға жауап ретінде мыңға жуық пікір топтастырылыпты. Мәселен, Манаш Қозыбаев «Қазақ – «Азияның кілті мен құлпы саналған сахарасының шетінен 16 ғасырдың аяғында бірақ шыққан ел» десе, Әлкей Марғұлан «Қазақ – бір жерде тізе қосып, қалың отырған халық» дейді. Ал Сіз «Қазақ қандай халық?» деген сауалымызға қалай жауап берер едіңіз?
- Мен әлеуметтік желіні жиі пайдаланам. Жұрт бірдеңе алып қалсыншы деп.
«Қазақ болғым келеді» деген айдарым да бар...Ол қазақ әзірге менің миымда жүр. Сондай тақырыппен кітап та бастап қойдым! Әркімнің өз қазағы бар!
Менің қазағым ол менің қазағым! Бізді осы күнге алып келген біздің қазақшылығымыз! Біздер ұлттық ұстанымымыздан айнымай келеміз! Біздің рухани тірегіміз қара жер мен көк аспанның ортасында! Ол діңгегіміз – Аруақ! Құдай, болмаса Тәңірі, болмаса ешкім де орнынан қозғалмайды! Аруақ шақырыңызшы ақсақ қазақ ат үстінде кетіп бара жатады! Дінде ұлт жоқ дейміз. Сол діннен қазақ баласы өзіне керегін ғана алды. Қалғанын тәрк етті. Басқаша жағдайда қарындасымызды қатын қылып жүрер едік...Біздің бабаларымыз бізден гөрі ақылдырақ болған. Дін реформасын баяғыда-ақ жасап тастаған. Бізге қалғаны сол жолмен жүру!
Бізде бәрі бар деп арқаны кеңге саламыз. Мемлекеттік атрибуттарымыз ұрып тұр деп кеудемсоқтыққа барамыз. Оның ішінде біздің мемлекеттік рәміздеріміз ешкімдікінен сорлы емес деп есеміз.
Қазақ баласының ең қастерлі сөзінің бірі – жарықтық сөзі.
Жақынына қаратып айтатын сөзі, жақын тартып айтатын сөзі. Сол сөзін алпыс алты мың мақұлықат ішінде тек жылқы малына қаратып айтқан. Неге?
Қай елдің болсын елтаңбасына қарасаңыз айтқызбай ұғынатын бейне кескіндерді көресіз.
Елтаңбасында түйеқұс бейнеленген елдер бар. Ол, әрине, ең алдымен Австралия елі. Елтаңбасында тағы бір түйеқұс бейнеленген елді білеміз. Түйеқұс болғанда – ему деп аталатын еңкіші. Ол, әрине, Жаңа Зеландия елі!
Елтаңбаларында жылқы жарықтық бейнеленген елдер де баршылық.
Солардың бірі – Қазақелі, Қазақия...
Мына алмағайып заманнан қайтсек аман қаламыз деп сабылған жұрт аз емес.
Мұндай жағдайда не айтуға болады? Әкемнің бір батасы болушы еді:
– Асанқайғының қайғысынан сақтасын, –деген. Бұған қосарым:
– Қорқыт бабамыздың бебеуінен сақтасын, – дер едім. Мысалы, мына түрік жұрты:– Әрбір түрік дүниеге сарбаз болып келеді! – дейді. Өзағамдар:– Әрбір өзбек кетпенімен туады, – дейді. Мен:– Әрбір қазақ өмірден қазақ болып өтеді! – деймін. Қазақ болайық!
Ұлттық неке институтымыздағы кемпірдің рөлі
- Аға, қазір немен шұғылданып жатырсыз? Қандай тақырыптың төңірегінде ізденіс жасап жүрсіз?
- Немен шұғылданайын – қазақ дүниетанымымен шұғылданып жатырмын. Оның ішінде «Қазақ пәлсапасы» тың тақырыптың бороздасын тартып қойдым. Кітапта дала пәлсапасына бойлап көрдім. Мәселен, адам өзін жоғалтқанда бәрі де бітеді!Сондықтан адам баласы қашанда өзін өзііздейді. Ол адамның өмір сүру қағидаты болып қала бермек. Сонда ғана ол өзін танитын болады. Өзін табады. Әлемде өздерін қолтырауыннан тарататын зәңгі жұрттары бар. Өзіміздің қырғыз бауырлар түп бабаларымыз деп бұғыны біледі. Қазақ баласы өзін қасқырдың ұрпағымыз деп түсінеді! Соған сай әрекет етеді... Өмір сүру ұстанымын қалыптастырады... Содан да жоғалып кетпей бар болып келеміз!
Біз қазақпыз! Ендеше біз дүниеге қазақты ғана әкелуіміз керек!
Басқаша болса қазақтықтан кеткеніміз! Басқаша болса тәңіршілдігімізден кеткендігіміз! Ол үшін Тәңіріміз сыйлаған құтымыздың Иесі болуымыз керек!
Ол құт көк пен жердің жанасуынан болады! Кейінгі қорым қазбаларында қабірден жалғызілікті әйел мүрделерінің шығуы қалай?
Ер адамдар мүрделерінің қайда болғаны? Бабаларымыз түсінігінде ер адамдарымыз – көк те, әйел нәсілдері – жер!
Жер – Ана – Ұмай! Сондықтан да әйел балаларын қара жерге берген де, ер балаларын (ерлер) көкке ұшырған!Ұшпай қалса қара жерге аманаттаған!
Олардың көрін белден ғана қазған. Көкке ұшуы жеңілдікпен өтсін деп...
Ал Ұмай баласының мәңгілік мекенін кеудеден қазған! Көкке ұшқан Ері өзімен бірге алып кетпесін деп!Біреуі – жерде, екіншісі – көкте!Ең бастысы қара жер үстінде, көк аспан астында – ұрпақтары! Содан сөз бісімәлласын қара жер, көк аспаннан бастап жүрміз! Жаратушылық пен жасампаздықтың қанық сипаты аңнан – қасқырда, құстан – тырнада, адамнан – біздерде қалған!Бұлар құтыларына ие болып жүрген жаратылыстар! Бұлар ондай сипат алу үшін міндетті түрде жұптасады. Ол жұптасулары мәңгілік – өмірлерінің соңына дейін болады!Қасқырлар бір-ақ рет жұптасады!Тырналар да! Қазақтар да!
Өйткені олардың некелері көктен кесілген!Жалы жазым болғанда бөртесі болмысынан бас тартады!Құрай жазым болғанда шырай болмысынан бас тартады!Ері жазым болғанда әйелі болмысынан бас тартады!Бұл бас тартудан кейін ешуақытта жесір атанбайды!Енді ол – кемпір атанады!
Бүгінде әйел баласының жасамысын кемпір деп айтушылық белең алған. Тіпті, екінің бірі – кемпір! Шынтуайтында екінің бірі кемпір бола алмаған. Керек десеңіз екі мүшелінен енді ғана шыққан кемпірлер болған! Бұрындары кемпірге деген елдің құрметі де ерен еді. Кемпірлердің орыны төр еді. Өйткені олар ер азаматтардың орнына жүретін. Ерлері жорықта шейіт болған, болмаса барымта-қарымтада опат болған. Болмаса жаратушының ажалы от болып, су болып жеткен.Тәңірлік түсінігімізде ердің пірі – жаратушысы!
Әйел баласының пірі – ері! Ері дүниеден озғанда әйелдің пірі кемиді.
Бірақ оны, әрине, толтыруға болады. Әмеңгерлік жолымен...Қазақ әйелінің жесірлігі уақытша ғана. Ерінің орнын жыл күткен соң оған әмеңгерлік жолмен пірлі болуына әбден болады.Осыдан барып кем пірлі аталады. Осылайша ол бір жыл жүреді. Ол пірін бір жыл жоқтайды. Бір жыл пірінің орнында отырады.
Бір жылдан соң ол өз таңдауын жасайды!Не жаратушылық таңдауын жасайды.
Не жасампаздық таңдауын жасайды.Осы бір жыл – қаралы жылында пірін өз бойына сіңіре алса ол жаратушылық таңдауын жасай алады.Пірінің жылын берген соң ол әмеңгерлерінен басына азаттық сұрайды. Мұнан былай ол әйелдік болмысынан бас тартады!Бұл, әрине, нонсенс!Ол енді пірінің (ерінің) атымен сұрайды!Аруақ араласқан соң-ақ – болды!Әдетте тірілердің ісіне аруақтар араласпайды!Олай болса бұл тірілердің ғана емес, аруақтардың да ісі!
Енді ел жесір шешіміне қарсы тұра алмайды!Сөйтіп ол жаратушы да, жасампаз да болады!Кемпір болады! Пірдің орнында отырғандықтан оған барынша құрмет көрсетілетін болған.Тіпті, сүйекке түсе алады...Бата қайыра алады.
Бата қайырғанда баланың қолын өз қолының ішіне алып қайырады. Қазірде осы үрдіс ел ішінде көрініп қалып жүр. Алайда әжеміздің (апамыздың) кемпір еместігі ескерілмей жатады...Бабаларымыз бөртеге барынша құрмет көрсеткен. Әуек ішіндегі жасампаздық қасиетке ие бірден бір шулан осы – бөрте!
Ол бір-ақ рет жұптасқан бөрісімен ақырына дейін барады. Ол бөрісінің құтына ғана кеңшілік жасаған. Қалған уақытта оның құт құтысы қашанда жабық болған. Мәжбүрлеген жағдайда өзінің күйген жерін жұлып (алып) тастауға дейін барады.Сондықтан да бөрте (құртқа) тұрақтылықтың, адалдықтың нышаны!
Сөз жоқ, мұндай түйсік Тәңіріден ғана беріледі!Ондай түйсік аңда – бөртеге, құста – шырайға, адамда (қазақта) – кемпірге берілген!Қазіргі сөз қолданысымызда кемпір сөзі алдымен аталады.
Шал-кемпір емес!Кемпір-шал!..Ұлттық неке институтымыздағы кемпірдің рөлі осындай биікшілікте.Кемпір және шал сөздерінің қосарланып айтылуынан оларды ерлі-зайыптылар деп ойлап қалуға болады. Қазіргі уақытта осы қосарлы сөзді сол мағынасында қолданып та жүрміз.Бұл, әрине, біздің білместігімізден болып тұр. Жалпы, шалдың кемпірге қатысы шамалы. Оны төменде айтатын боламыз.Кемпір жөнінде әңгіме қозғалған жерде міндетті түрде есімізде сампыр сөзі тұрады. Қазіргі түсінігімізде бұл өзі төменшік сөз. Бұл сөздің жеке тұлғасындағы мәні барынша көмескіленген. Оның мәні лингвистикалық тұрғыдан зерделегенде анықталады. Сампыр – бұл сам және пыр түбірлерінен жасалған біріккен сөз. Пыр сөзінің проқалпы пір екеніне ешкімнің дауы бола қоймас. Ал сам сөзі сан сөзінің бұрмаланған түрі.Демек сампыр деген сөз – санпір деген сөз болып шығады.Енді осы сампыр сөзінің табиғатын да аша кетелік.Түрлі себептермен кемпірлердің өз мәртебесінен ажырап қалған кездері болған. Қайталап айталық, бұл жайт өте сирек кездескен.Сондай себептермен әйелдік болмысын қайтып алған.Қайтадан ерлі (пірлі) болған!
Сампырларға пір таңдау құқығы берілген.Ондай таңдауды ағайын ішінен ғана емес, жамағайын ішінен де таңдай алған. Мұндай қадамға кемпірлер мәжбүрліктен барған. Асыраушысы мүгедектікке түсіп қалғанда...
Асыраушысынан айырылғанда...Сондықтан сампырдың да мәртебесі жоғары болған.Бір сөзбен айтқанда сампыр «ерден кеткенімен, елден кетпеген» кемпіріміз!
Бабаларымыздың түсінігінде құт тек ер адамның еншісі. Ол жаратушылықтың қайнары. Оларын барынша құпияда ұстауға тырысқан, сипай қамшылап өлік деген.Оның барар жері – тірік!Әйелдің құрсағы!Өлік тірікке түскенде жаратушылық сипатын алады. Оның қызметін енді жасампаздық жалғайды. Араға тоғыз ай, тоғыз күн түскенде өзін өзі қайталап, өзітектесті дүниеге әкеледі.Өмір осылайша үзілмейді!
Бұл өзі ешкім қозғамаған тақырып. Мұндай тақырыпқа бару үшін көл-көсір білім керек...Сол құрғыры жетіп жатса бір жақсы дүние шығады деп ойлаймын.
Қазақ баласы қызын алысқа ұзатуға, келінді алыстан алуға мүдделі болған. Онсыз ұрпағын ұсақтап алуы, тіпті түп-тұқиянын құртып алуы әбден мүмкін-тін. Одан сырт болу үшін ұрпақ қанын дүрсін-дүрсін айырбастап отыру керек еді. Ондай мүмкіндікті тек ат бере алады. Сондықтан да дала баласының қаны таза! Сондықтан да дала баласының рухы асқақ! Сондықтан да ат бабаларымыздан бізге қалған мұра. Сондықтан ат қазақ баласының коды!
Сол кодымызды қалай құрметтесек те жарасады. Сол кодымызды қалай дәріптесек те сияды. Олай болса бұл мәселеміз мемлекеттік мәселе болып шығады. Мына түркімен жұртының қызын алсаң да текежәуміті мен алабайын алып шыға алмайсың. Өйткені олар түркімен баласының ұлттық коды болып есептеледі. Исланд жылқысы жөнінде де осыны айтар едік. Тұрқы кішірек келетін, кеудесі кере қарыс, жалы жер сызатын бұл жылқыны шекарадан алып шығу мүмкін емес. Ал шықты ма – қайтып кіргізілмейді. Ендеше біздер де ұлттық кодымызға мемлекет тұрғысынан келейік.
Ұлттық кодымыз ең алдымен мемлекеттігімізді білдіретін нышандарда өз көрінісін тапсын.
Мен қазақ сөз өнеріне мыңдаған демей-ақ қояйыншы біраз сөз әкеліп қостым. Бұл сөздер ешқандай да архаизм, болмаса диалект емес еді.
Қазақ баласының өзінің төл сөзі. Тек көмескіленген.Соған орай «Мың бір сөз» деген кітап та жазып тастадым. Оның да мына жарық жалғанға сығалар сағаты туар... Биыл отыз баспатабақ «Қазақ халқының көмескіленген этнографиясы» деген еңбегімді баспаға тапсырдым.Бұл қазына кітап.
Ең бастысы онда бостекі сөз, әңгіме жоқ! Ондағы деректердің ешқайсы да айналымға түспеген дүниелер!
Менің танымдық дүниелерімді барша басылым басатын болған. Сұратып алушылар да аз емес. Тапсырыс та беріп қояды. Жазу керек, әрине. Алайда уақыт құрғыры жете бермейді. Қоңырау шалушылар көп. Ол не, бұл кім деп?
Мұның бәрі кәдімгідей миға салмақ салады.Қуаныштысы көпшілігі жастар...Бұл мені қуантады!
- Сұхбатыңызға рақмет!
Фото: inkaraganda.kz