Балалар хирургі Камал Ормантаев қайтыс болды
Ол жиырма төрт мыңға жуық күрделі ота жасаған

Еліміздегі балалар хирургиясының негізін қалаушы, академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Камал Ормантаев 88 жасқа қараған шағында өмірден озды. Қаралы хабарды С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің баспасөз қызметі жеткізді.
Қазақстанның балалар хирургиясы, педиатрия, травматология мен анестезиологиясының негізін қалаушы Камал Ормантаев 1936 жылы 11 қыркүйекте Қызылорда облысының Қармақшы ауданында дүниеге келген.
Жоғары білікті балалар хирургі Камал Ормантаев көкірек қуысы, өкпе, өңеш, құрсақ қуысы, бас сүйек пен бүйрек мүшелеріне жиырма төрт мыңға жуық күрделі ота жасаған.
Камал Ормантаев 1953 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтының педиатрия факультетіне түседі. 1959 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтының балалар хирургиясы кафедрасының клиникалық ординатураға түсіп, 1961 жылы клиникалық ординатураны және 1965 жылы кандидаттық диссертацияны қорғап госпитальдік хирургия кафедрасының аспирантурасын тәмамдайды. Содан соң Камал Сәруарұлы жоғары оқу орнында балалар хирургиясы кафедрасының ассистенті болып еңбек жолын бастайды.
1971 жылы КСРО МҒА Педиатрия Ғылыми-зерттеу институтында докторантураны бітіргеннен соң докторлық диссертацияны қорғап, оған профессор атағы берілді.
1968 жылдан бастап 2012 жылға дейін Камал Сәруарұлы Ормантаев балалар хирургиясы кафедрасын басқарды. Кафедраны басқарған 43 жылдың ішінде білікті ұстаздың қолынан 1500-нан астам дәрігер болашаққа жолдама алып, көбісі облысаралық балалар хирургиясы бойынша ұлттық орталықтардың жетекшілері, кафедра меңгерушілері атанды. Академик Камал Ормантаев жоғары білікті мамандар дайындауда хирургтардың кәсіби жан-жақты дамуын, ғылымның дамуына және оның халықаралық деңгейге көтерілуіне үлкен көңіл бөлді.
Камал Ормантаев 320-дан аса ғылыми жұмыстардың, балалар хирургиясы бойынша кеңестік нұсқаулардағы 9 тараудың және 9 монографиянығ авторы.
Дәрігер II дәрежелі «Достық», III дәрежелі «Барыс» және «Парасат» ордендерімен марапатталған.
Фото: lubimec.kz