"Энергетик іштім": Қатерлі ісікке шалдыққан Мұрат Бисембин бар сырын ақтарды
Киножұлдыз Мұрат Бисембин тележурналист Динара Сәтжанға сұхбат берді, деп хабарлайды Malim.kz.
Жыл сайын бір рет чекаптан өтіп тұру керек. Қазір түрлі жарнамалары шығып жатыр, мен соған кеңес берер едім. Қолыңызда ақшаңыз болса бірден чекап жасатып алыңыз. Сол кезде бір сырқатыңыз дер кезінде анықталады. Ол тек қатерлі ісікке қатысты емес. Мүмкін терапиялық ем қолданып, енді ғана білініп келе жатқан сырқаттың алдын алуыңыз мүмкін. Мен чекаптан өтпедім. Сол баяғы қазақшылыққа салынып, “Ой маған не үшін, еш жерім ауырмайды” дедім. Кейін денсаулығыма салғырт қарағаным үшін, қатты өкіндім, – дейді Мұрат Бисембин.
Оның айтуынша, ол 6 жылдан бері ашығу режимін ұстанған.
Спортпен шұғылданамын. Бірақ салмағым сол күйі тұрды. Әйелім байқап, дабыл қақты. Егер асқазаныңызда ешқандай мәселе болмаса жиі ашығып тұрған дұрыс. Одан қорқудың қажеті жоқ. Одан кейін 6 жыл бойы ашқарынға энергетик сусын іштім. Сосын қантсыз коланы таңертеңнен кешке дейін ішіп жүрдім. Осылар менің тәбетімді тежейді деп ойладым. Өйткені қанша тамақ ішіп, спортпен айналыссам да, салмақ қоспадым. Менің диагнозымның ең бірінші белгісі – салмақ жинай алмай қалу екен. Бірақ сусындар менің денсаулығыма зиянын тигізді. Қатерлі ісікке шалдығуымның бірден бір себебі де осы зиянды сусындар болуы мүмкін, – деді актер.